Көгершін қанатындағы хат

Алпақ жаһандағы асылым, аяулы Үкем! Аракідік түсіме кіріп, қуантып қоясың, бірақ бір ауыз тіл қатпайсың. Соның өзі көңілге үлкен демеу.
Бала-шаға аман, шүкір. Күнде алатаңнан орнымнан тұрып, пердені ашам, асқақ Алатау өз орнында, сансыз көлік әл-Фараби даңғылының бойымен ағылып жатыр. Мен де, әдеттегідей, өзіңнің кабинетіңе арнайы кіріп, суретіңе бір қарап, кітаптарыңа көз жүгіртіп, содан соң ғана тірлігімді бастаймын.
Иә, Үкем, жыл болыпты өзіңнің қоңыр даусыңды естімегелі. Таңертеңгі дастарқан басында: «Не оқыдың?» – деп сыртқа шығып келсем: «Не көрдің? Не естідің? Қайда бардың?» – деп, есеп сұрап отырушы ең. Мен де соған дағдыланып, айналама бей-жай қарамай, көрген-білгенімді, естіген-түйгенімді, оқығанымды айтып, ой бөлісіп, пікірлесіп отырып шай ішуші едік…

Сенен айырылғанымызға көз үйрен­генмен, көңіл әлі сенбейді. Балалар жыламасын, егілмесін деп, өзімді мықты ұстауға тырысып бағудамын. Мықты болу кейде қолымнан келсе, кейде сол үдеден шыға алмай, жылап қалам. Өткенде қаршадай Мирасың «Атамды сағындым!» деп келіп, кішкентай саусақтарымен қолымның сыртынан сипап, кемсеңдеп жылайды. Бұл баланың кейде көрсетіп, кейде көрсетпей жылап алатынын байқап жүргем, бүгін тура өзіме келіп, егілгенде, не істерімді білмедім…. Бұрынғы Мәриям болсам, оны жұбатар еді, бірақ сол кезде жұбатуға шамам жоқ, қосыла егілдім. Мені мықты деуші едің, менің мықтылығым сенің арқаң екен…
Өзің кеткелі оқтын-оқтын кабинетіңе кіріп жазған-сызғандарыңды ақтарамын, суретіңе қарап, өзіңмен тілдесемін, бірақ сен үндемейсің. Расында, сенің даусың естілмейді, болмаса көздеріңмен маған бәрін айтып тұрасың ғой! Бұрын басқалардан қызғыштай қорыған архи­віңді аударыстырып, жинаған қанша қалың дәптерлеріңді оқу – әлемдегі ең қызық көркем әдебиет оқудан да артық екенін білсең ғой! Көзің көрген әр сәтің, жүрегіңнен өткізген сұлу сезіміңнің бәрі сол қағаздарда қаттаулы тұр. Ой, тоба, қайда барсақ та, келген соң билеттерді сұрап алушы едің, соның бәрін дәптерлеріңе жапсыра беріпсің. Тура күнделік дерсің. Қашан, қайда бардық, қарап отырғанда бәрі есіме түседі. Өзіңнің айтқаның бар, үлкен ғұламалардың айтқан нақылдары бар, адамды ойсыз қалдырмайды.
«Кейде ауызша айтқаннан гөрі хатпен көп нәрсе жеткізуге болады. Хат жыртылып қалмаса, ұмытылмайды. Хат арқылы сөйлесу сөзіңді бөлмейді…»
Бұл өз сөзің. Жазған-сызғандарыңды болашаққа қалдырған хаттарың деп таныдым. Сөзіңді бөлмей, үнсіз тыңдап, үнсіз сырласып келем өзіңмен. Сенің асқан ұқыптылықпен жинақтаған қағаздарың кәдімгідей тіреу, жаныма медеу. Бұрын балалардың жай сызған шимайларын да ұқыптап жинап жүргеніңде: «Қайтесің оны? Басқа қағаздарың аз ба? Екі жасар баланың шимайы неге керек?» десем: «Онда мінез бар, онда сыр бар» деуші едің, қазір сол немерелердің алды балалы-шағалы боп жатыр. Сенің папкаларыңдағы алғашқы қолтаңбалары қазір өзіме де қызық. Оларды лақтыру былай тұрсын, бір шеті мыжылып, бүктеліп қалғанын да қаламаймын!
Атасы, білесің бе, сенің көгершіндеріңе жемді қазір біз беріп жүрміз. Баяғыда балконның терезесіне картон қорап қойып, оны түсіп кетпесіндеп скотчтап жабыстырып, ішіне нан қоқымын, жем шашып қоюшы едің ғой. Сонда біз: «Астындағы көршілерден ұят, олардың балконын құстың саңғырығына толтырдық. Құстарды тамақтандырғанды қояйық», – деуші едік. Астындағы бал­конға түспеудің сан жолын қарасты­рып, көгершіндерді тамақтандыра бердің. «Ана қарашы, бұлар да отбасы десе шығарда жаны бөлек. Аталық құс әуелі аналығын тамақтандырмай, басқаларды жолатпайды», «Бұлар да қуанады», «Қарны тойғаннан кейін рақметін айтуды ұмытпайды» деп, оларды да назарыңнан тыс қалдырмаушы едің. Сол кездегі біздің қарсылығымыз – жай еркелігіміз екен. Сен кеткен соң, қанатты достарың терезені тұмсықтарымен түрткілеп, тамақ сұрап келген кезде, қолыма түскен дәнді алып, терезеге қалай жетіп барғанымды білмеймін. Сенің әр жақсы ісіңді жалғастырғым келеді. Қазір Мирастар «Мен де атам сияқты құстарға жем берем» дегенде, Шынарларың «Шыбын өлтірме, оны ақырын терезеден сыртқа ұшырып жібер» деп, балаларына ақыл айтып отырғанын көргенде тәубе деймін. «Балаға шыбынды да өлтіртпе, адам өлтіру содан бас­талады» деп, адамзатқа ізгілік, мейірім туралы айтқан адамның әуелі ұрпақтары сол үдеден шығып жатса, одан асқан қандай бақыт бар?!
Қатталып, жиналған көп дәптерле­ріңнің біріне Димаш Құдайберген туралы: «АЛЛА ТАҒАЛА қазаққа тағы бір абырой сыйлады. Ол мына кішкентай – Димаш!» деп жазып қойыпсың. Ол кезде Димаш әлі танылмаған еді. Қандай бір талантты көрсең, жүрегің елжірей қуанып отырушы едің, сол таланттарды көргенде, бүгін мен қуанам. Сенің жаның қандай сұлу еді, талантты балаларға қарап қуанып, тілекші болу да тазалықтың белгісі ғой.
Айтпақшы, Үке, сен кеткенде өзіңнің шәкірттерің ерекше қайғырды. «Дүниеден Үмбетбай Уайдин есімді үлкен ұстаз өтті, жүрегі жұмсақ тұлға қайтты, қайран да біздің ұстазымыз!» деп өзектерін өртеген өкініш сезімдері әр түрлі БАҚ-тарда жарық көрді. Көп боп жыладық, көп боп егілдік. Тұтас халық қайғымызды бөлісті. Бәріне алғысым шексіз! «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Сенің кеткенің әуелі бізге батты. Сен кеткен соң, «Әумин, айтқаның келсін», «Жылы сөз. Жылы сөз» деген кітаптарың балалардың, Рахымжан Өтеміс бауырыңның көмегімен жарыққа шықты. Көрнекті жазушы-баспагер Жақау Дәуренбеков замандасың тағы бір кітабыңды шығарып беретінін айтып, қуантты. Күйбең тірліктен қолымыз қалт еткенде өзіңнің мұраларыңды қараудан шаршамаймыз. Жазған-сызғандарың, жиған-тергендерің біреу болмаса, біреудің кәдесіне жарайды деп қыбырлап жүрміз.
Қазірге осы. Біздің жайымыз саған белгілі шығар, жоғарыдан қарап тұрған боларсың… Сені іздеп жабырқаған сәттерде тіліме мынан­дай жоқтау өлең оралады. Ақын емеспін, жү­регімді жарып шыққан өзіңе деген аңсар ғой:
Бісміллах, сөзді бастайын,
Асылық сөзді қоспайын,
Кешегі кеткен Үкемді
Біразырақ жоқтайын!
Басыңнан дәурен көшті, — деп,
Шыбын жаның ұшты, — деп,
Қоңыр үнің өшті, — деп
Жоқтаусыз қалай тастайын?!
Жайсаңым қайтып келмейді.
Екеуміз салған сара жол
Қайырып басып жүрмейді.
Жыламас едім, халқым-ау,
Жаным тыныштық бермейді.
Жыртығын жамап екеуміз
Құрастырған ақорда
Үкең қайтып келмейді.
Қалқаным – ну-орманым,
Айбатым едің, қорғаным!
Адастың ғой жолыңнан
Қаламың түсті қолыңнан.
Кітабың қалды ашылмай,
Машинкаң қалды басылмай,
Қағазың қалды ұсталмай
Қаламың қалды ұшталмай.
Артық сөзді айтпадың,
Тура бір жолдан қайтпадың,
Дәріс беріп жастарға
Шәкірттерді баптадың.
«Инабат», «иман», «әдеп» деп
«Білім» болды ұраның.
«Қазағым», «елім», «тілім» деп
Ел-халқың болды жыр-әнің.
Сабырың болды жолдасың,
Қаламың болды сырласың,
Дертіңе дауа таба алмай
Қиналды-ау сонда бір басың.
Өтпелі уақыт, өтпелі,
Жыл толды ғой кеткелі
Кемесіне келместің
Мінгеннен соң аяулым
Асау дария толқыны
Бермеді ғой өткелін!
Алатау баурын жайлай жат,
Құлынды бие байлай жат.
Артыңда қалған халқыңның
Тыныштығын ойлай жат!
Иманың болсын жолдасың,
Құраның болсын құрдасың
Пейіштен болсын орының,
Хор қызы болсын сырласың!

Мәриям АЛДАНОВА
УАЙДА КЕЛІНІ,
Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.