Спорт шеберін еске алды

Жамбыл облысындағы Байгелді Кейкиев атындағы орта мектебінің спорт кешенінде самбо күресінен спорт шебері Есжан Беркімбаевты еске алуға арналған қазақ күресі мен волейболдан турнир өтті.

Шарада Ерназар ауылының әкімі Мырзахан Әбдіқұлов осындай турнирлердің ауыл спортын биікке көтеретінін айтып, ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген спорт шебері Есжан Беркімбаев туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде әкім жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ еске алу турниріне марқұмның анасы Шолпан Мақатаева мен туған әпкесі, Б.Кейкиев атындағы орта мектебінің биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі Жеңіскүл Беркімбаева және қарындасы Ержанай Беркімбаева, сыныптас досы Қалжан Көпесов, ұстазы Пернебек Дубаевтар келіп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Қазақ күресі – ұлттық салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі екені рас. Бүгінде спорттың бұл түрі кең етек жайып келеді. Сондықтан еске алу турнирінің бірінші күні, 2006-2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы қазақ күресімен басталды. Оған жеті салмақ дәрежесі бойынша 80 оқушы қатысты. Ауданның әр түкпірінен келген кіл мықтылар жиналған бәйге қызу тартысқа толы болды. Қазақ күресі бойынша турнирді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батырхан Әбдіқұлов өткізді.
Есжан Беркімбаевты еске алуға арналған турнирдің екінші күні волейбол жарысымен жалғасты. Оны Есжан Беркімбаевтың сүйікті шәкірті, ізбасары, мектептің дене шынық­тыру пәнінің жас маманы Руслан­ Байгелді ұйымдастырды. «Біз үшін ұстазымыздың жарқын бейнесі әрдайым жүрегімізде. Ол кісінің үйреткен спорттық шеберлігі бізге көп көмегін тигізді. Шараға ұстазымыздың ұстазын да шақырдық. Барлығы ризашылықтарын білідіріп жатыр. Шәкірттік парызымыз деп білеміз. Сондықтан ұстазға деген құрметті жас жеткіншектер біліп жүрсін деген ізгі ниетпен Есжан Беркімбаевтың атындағы турнирді арнайы ұйымдастырдық. Сондай-ақ мұндай шаралар оқушылардың спортқа деген сергектігін оятып, білімде ширақ болып қалып­тасуына көмектеседі. Осын­дай игі шаралардың әлі де жалғасын табатынына сенімдімін», – дейді Руслан Байгелді.
Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар сегіз топқа бөлініп, жеңіс кубогін сарапқа салды. Жарыс бар жерде, жеңімпаз бар. Соны­мен тартысты өткен волейбол жарысында бірінші орынға Жамбыл ауданының Байгелді Кейкиев­ атындағы орта мектебінің командасы, екінші орынға Тараз қаласындағы №50 мектебі, ал үшінші орынға Ерназар жастары­ командасы ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша, командааралық және жекелей танылған жарыс жеңімпаздарына арнайы жүлделер табысталып, марапатталды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.