Күй шалқыды Торғай төрінде

Қостанай облысының мәдениет саласының майталмандары мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай игі істерді атқарып жатқаны талғампаз көрермендерге белгілі.
Өңірде осымен екінші рет халықаралық дирижерлер форумы ұйымдастырылды. Әрине, ол облыстық мәдениет басқармасының тікелей қолдауымен өткені айдан анық. Былтырғы жылы мол тәжірибе жинақтаған Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониядағы бұл өнер мерекесі барша қауымның көңілінен шықты.

Аталмыш форумды өткізудегі негізгі мақсат — ұжымдағы қазақ, орыс және камералық оркестрдің шеберлігін шыңдау. Олардың біліктілігін көтеруге тікелей ықпал ету болатын.
Мәселен, құрметті мейман Абзал Мұхитдинов Елордамыз Астанадағы опера және балет театрының музы­калық жетекшісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өзі біздің жерле­сіміз. Өңірдің Наурызым ауданында дүниеге келген. Осы сапар барысында камералық оркестрде шеберлік сыныбын өткізді.
Дирижер Жалғасбек Бегендіковтың есімі де тыңдарман қауымға жақсы таныс. Ол кезінде қазақ өнерінің абызы атанған Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев пен КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиевтан үйренгені мол. Олардың сенімін ақтаған шәкірттерінің бірегейі.Елімізге танымал үлкен оркестрлерде қызмет атқарып, өнерімізді әлемге танытқан тұлға. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі ретінде де ғұмыры көпке өнеге. Ол филармониядағы орыс оркестрімен қысқа мерзімде шеберлік сыныбын өткізсе де өнер ұжымының мүшелерімен барша классикалық туындыларды ұнататын жерлестеріміздің алғысына бөленді.
Тағы бір жерлесіміз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов дирижер ретінде елімізге кеңінен танымал. Ол бұл жолы қазақ оркестрімен тікелей жұмыс істеді.
Сол себептен де әңгімемізге арқау болған оркестрлер форумының Қоста­найда өтуі заңдылық та еді. Сонымен өнер сүйер қауым рухани байлыққа кенеліп, жан дүниелері бір түлеп қалды.
Қостанайда филармонияның 75 жылдық мерейтойы осындай мерекелермен жалғасты деуге толық негіз бар. Соңғы күні оркестрлердің қорытынды концерті жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.
Алматыдан және Астанадан кел­ген танымал режиссерлердің ті­келей қатысуымен оркестрлердің қорытынды концерті сәтті аяқталды. Сөйтіп, облыс жұртшылығына мәде­ниет қайраткерлерінің ізденісін және тәлімгерлігін көрсетуге мүмкіндік туды. Олар сол биікте екендігін әбден дәлелдеді. Жоғарыда аталған үш дирижердің тікелей басшылығымен бірқатар күйлер орындалып, әсем әндер шырқалды. Әншілердің қатарында аймақтың өнер шеберлері — Гүлбану Абдуллина, Гүлмира Үмбетова, Дарья Исащенко, Серік Әбілов болды.
Көпшілік ұлтымыздың мақта­ныштары Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ шағала», «Махамбет» және басқа да тұлғалардың туындыларын ерекше ден қойып тыңдады. Жиналғандар Қазақстанның халық артисі Әсет Бейсеуов пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің шығармаларынан попуррилерді өнерсүйер қауым аса бір қуанышпен қарсы алды.
Үш күнге созылған өнер мерекесінің соңында облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз алып, халықаралық дирижерлер форумының тиісті деңгейде өтуіне өздерінің қомақты үлестерін қосқан қонақтарға және барша қатысушыларға шынайы алғысын білдірді. Оларға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тіледі.
Облыс әкімі атынан филармонияға автобустың кілтін сыйлады. Сондай-ақ қазақтың ежелгі келе жатқан қонақжайлық салтымен дири­жерлерге сый-сияпат жасады. Сөзі­міздің соңында жас дирижер Аслан Өтебаевтың да еңбегін атап өткен жөн. Ол да концерт барысында өзінің болашағы жарқын өнер өрені екендігін айқын көрсетті. Филармония басшысы Назымбек Молдахметов те аталған өнер мейрамының уақыт талабына сай ұйымдастырылуына айтарлықтай көңіл бөлгендігін айтып өткеніміз парыз.

О.Отынбайұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.