Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланбақ

Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын және Амал мерекесін ұйымдастыру барысы талқыланған брифингте Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Сармурзина Пәния Оңалбайқызы айтып берді.

«Өздеріңізге белгілі Маңғыстаудағы биылғы амалдың басты ерекшелігі халықаралық дәрежеде өтуі. Ал тағы бір ерекшелігі мерекелік шара облыс орталығынан бастау алады. Наурыздың он үшінде қазақы қалыптағы көш Ақтау қаласынан Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпанға бет алатын болады, құрамында ел ақсақалдары мен ел ағаларынан бастап жігерлі жастар болатын бұл көште қазақтың салт-дәстүрі салтанат құрады» деді Пәния Оңалбайқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, «Көш көлікті болсын» деп көшке құрмет көрсететін салтты Ақшұқыр ауылында түпқарағандықтар жасайды. Осылай басталған бірлік пен елдіктің мерекесіне Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей оның ішінде Ноғай елінен делегаттар қатысады деп күтілуде. Наурыздың он үшінде басталған мәдени шаралар бірлік отын жағуға жалғасатын болады. Биылғы тағы бір ерекшелік жастар жылына орай бірлік отын жағу эстафетасы жастарға берілетін болады. Ал он төрті күні жылдағы дәстүр бойынша салтанатты жиын өтеді, 40-тай киіз үй тігіліп, келушілер концерт тамашалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Шетпе ауылындағы атжарыс алаңында бәйге өтпек.
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры, та­рихшы-өлкетанушы Құлбаев Нұрлан Абызұлы халықаралық конферен­цияның Амал мерекесі кезінде өткізудің өзі ұлттық құндылықтарымызды насихаттау екенін атап өтті.
Сонымен қатар Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» Халықаралық ғылыми кешенді экспедициясының қорытындысы бойынша 11-13 нау­рызда Ақтау қаласында өтетін «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерт­теудегі жаңа көзқарастар мен перс­пективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына орай ұйымдастырылып өткізіледі. Конференция Ақтау қаласы, «Достық үйі» ғимаратында өтеді деп жоспарлануда. Конференцияның бағдарламасына сәйкес, Түпқараған ауданына қарасты Шақпақ-ата жерасты мешіті және қорымы ескерткішіне жүрмелі семинар ұйымдастыру, облыстық тарихи-өлкетану музейін және Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының экспозицияларын аралау, Ақтау қаласы бойынша экскурсия өткізу, Амал мерекесіне арналған «Ұлы Дала көші» театрландырылған шарасына қатысуы жоспарланған. Конференцияға алыс-жақын шетелдер мен еліміздің ғалымдары қатысатын болады.
Айта кететіні «Маңғыстау облысы­ның материалдық және материал­дық емес тарихи-мәдени мұралары» Халықаралық ғылыми кешенді экспедиция барысында Маңғыстау облысында орналасқан Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар сакралды орындары, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері, аймақтың шыңырау-құдық­тары, археологиялық ескерт­кіштері зерттелді. Атап айтқанда, 5 жерасты мешіті, 20 құдық-шыңыраулар анықталды, Маңғыстау өңірінің тарихи тұлғалары жайында, салт-дәстүр ерекшеліктері, аңшылық, құдықшы­лық кәсібі, қолөнері, зергерлік, палуандық өнері, т.б. өлке тарихына қа­тысты тың мәліметтер жинақталды, анықталған тарихи нысандар туралы архивтік зерттеу, лабороториялық сараптаулар жүргізілді. Ресей, Өзбекстан, Түркия, Карачаево-Черкесск Республикаларына ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде суреттер мен сұхбаттар, түсініктемелер 235 беттік фотошежіреге жинақталды.
Сондай-ақ кешенді ғылыми экспедиция аясында Маңғыстау ауданы Жыңғылды және Құмыра жерінде апаттан құтқару археологиялық жұ­мыстары жүргізілді. Зерттеу барысында б.э. 3-5 ғғ. белгіленетін катакомбалық жерлеулер аршылып зерттелген.

Жамал СӘРСЕНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.