Мейірім шуағы

Өткен жылы күзде Қазақстан Мұсыл­мандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Оразов облысымызға келген сапарында тараздық 8 қызы бар ардақты анаға қайырымдылық көмек ретінде бір бөлмелі пәтердің кілтін тапсырған болатын. Әрине, облыстық «Хибатулла Тарази» мешітінің де қолдауы болғанын айта кеткен жөн.

8 наурыз – Аналар мен қыздарымыздың мейрамы қарсаңында сегіз қыз баланы өмірге әкелген «Алтын алқа» иегері Айгүл Әмірееваның құтты шаңырағында болған едік.
Бізді мұнда облысқа танымал кәсіпкер Бименде Садуақасов ертіп барды. Ол да бір үйде тәрбиеленіп жатқан шиеттей қыздарға мүмкіндігінше қолдау көрсетіп тұрады екен. Анасын да, қыздарды да үйінен таптық. Қыздардың әкесі Мұрат Шәріпов қана отбасы қамымен сыртта жүрген көрінеді. «Алтын алқа» иегері Айгүл Жақсыбекқызы әңгіменің тиегін ағытты. Оның анасы Оразкүл Иманбаева да он баланы өмірге әкеліпті. Көпбалалы отбасында өскендіктен, Айгүл әпкеміз сәби біткенді жақсы көріп тұрады екен. Қайын атасы Алмаханбет Шәріпов соғыс ардагері болса, енесі Сара Қонарбаева 6 баланы өмірге әкелген «Күміс алқа» иегері. Алмаханбет атамыз Берлинге дейін шайқасып қайтқан кісі.
– Мен жаңадан келін болып түсерде ол кісі өмірден озыпты. Ұзақ жыл қайын апамның қолында тұрып, сол кісіні бағып-қақтым. Алғысын алдым. Өмірден озған сәтінде барлық рәсімді жасап, арулап шығарып салдық. Одан жаман болған жоқпын. Бірнеше перзентті өмірге әкелдім. 2017 жылдың аяғында Тараз қаласына көшіп келдік, әуелі 40 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрдық. Былтыр күзде имандылық жолындағы жақсы ағалардың қолдауымен, кәсіпкерлер Бименде және Эльмира Ыбыраеваның көмегімен Тараз қаласы, Қапал көшесінен бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Бір бөлмелі болғанымен, көлемі үлкен. Әзірше жетеді. Бұған да шүкір, – дейді батыр ана А.Әміреева.
Қыздарының бәрі дарынды. Барлығы оқу, білім, өнерге талпынып тұр. Үлкені Жанар (сабақта болып суретке түсе алмады) кезінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін легопед-дефоктолог мамандығы бойынша грант жеңіп алған, биыл бітіреді. Анар аталған университетте биология мамандығы бойынша ақылы негізде білім алып жүр… Шынар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің баcтауыш білім беру мамандығының студенті. Әсемай, Ұлдана, Әйгерім Тараздағы №23 орта мектептің озат оқушылары. Жадыра – 5, кіш­кентай Көркем – 2 жаста. Жанар мен Анар дом­быраға құштар болса, Әйгерім сурет салады. Әсемай мен Ұлдана да өнерден қара жаяу емес. Ең бастысы барлығының көңілдері аппақ, жүректері таза. «Алтын алқа» иегері Айгүл ана 8 қызының болашағынан үлкен үміт күтеді.
Босағадан шыға бере Төлеген Айбергеновтің әйгілі «Апаларым» атты өлең жолдары жадымда жаңғырып қоя берді:
«Жігерің жетті жылдар қайрап маған,
Сонда да, амалым жоқ, ойлап қалам.
Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында,
Бір кезде алты бұрым ойнақтаған…»

Есет ДОСАЛЫ
Тараз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.