Бала денсаулығы бәрінен маңызды

Алматыда педиатрия саласының мамандары бас қосты. «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған шараға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. шетелдік мамандар да арнайы шақырылды. Бұған дейін еліміздегі педиатр мамандарын даярлау факультеті жабылып, біраз шу болғаны белгілі. Бұл олқылықтың орны 2017 жылдан бастап түзеліп, педиатрларды оқыту қолға алынған. Осыдан кейін жас педиатрлардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берілуі – еліміз үшін зор мақтаныш.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығы, «Педиатр­лар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға 200-ден астам шетелдік-отандық жас педиатрлар, хирург-дәрігерлер, докторант, магистрант, резиденттер қатысты.
«Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпты қамтыған жиында медицина тілімен айтқанда, баланың бойындағы ауруды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдіс-тәсілдері, медициналық көмек берудің алғы шарттары, сирек ауруы емдеуді жетілдіру, әртүрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, интенсивті терапия мен анестезиология, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу секілді бүгінгі күннің өзекті мәселелері қозғалды.
Жас ғалымдардың зерттеу еңбектері тыңдалып, талқыға салынды. Осы тұста, И.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының студенті Урим Сонгтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Болашақ жас маманның өз ісіне деген қызығушылығы мен жауапкершілігі өзгеге үлгі-өнеге. Мамандығын сүйіп оқитыны өз алдына, мамандығына адалдығы, оған бар көңілімен берілгені қуантты. «Балалар хирургиясы тәжірибесіндегі интервенциялық радиология» атты зерттеу жұмысына аса ден қойып, бірнеше мәрте Корей еліне арнайы барып, білімін жетілдіріп, оны тәжірибемен ұштастырып келген екен. Мұндай ізденімпаз жастың болашақта өз ісінің білгірі болары сөзсіз. Алмағайып заманда тек диплом үшін емес, шын мәнінде ғылым жолына түскен жастар сирек екені жасырын емес. Осы тұста жастардың білім-ғылым жолына бет бұрып, көкжиекке қол созғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұдан бөлек, қазақстандық резидент Ж.Әкімбекованың, докторант С.Сәлиеваның, рязандық Э.Блохованың зерттеу еңбектерінен де татымды дүниені кездестіресіз.
Бізді елең еткізгені, нақты ғылыми дәлелденген деректер. Жас зерттеушілердің келтірген деректеріне қарасаң, педиатрия саласының сан алуан мәселелері алдыңнан шығады. Бір-екі мысал келтіре кетелік. Дүниежүзінде жыл сайын бес жүз мың бруцеллезбен ауыратын науқас тіркелсе, Қазақстан – ТМД елдері арасында Қырғызстаннан кейін екінші орында. Дәл осы аурумен жыл сайын елімізде 1500-2500 науқас тіркелген. Бруцеллезді жою тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Солтүстік Кавказ, Оңтүстік Еділ аймақтарында да өткір мәселе ретінде қойылып отыр. Сондай-ақ тыныс алу органдарының аурулары – бүкіл әлемде денсаулық сақтаудың маңызды проблемаларының бірі. Дамыған елдерде 10% болса, біздің елімізде – 48,4%.
Қоғамдағы күйіп тұрған мәселенің бірі – вакцинация. Жиында бұл тақырып та назардан тыс қалмады. Мәселен, өте қауіпті, вирусты этиологиялы жедел инфекциалы ауру саналатын желшешекпен көбінесе 1-9 жас аралығындағы балалар ауырады екен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары инфекцияның бұл түріне үлкен адамдардың шалдығуы да тіркелген. Ресейлік ғалымдардың зерттеуінше, 100 мың адамға шаққанда 320-800-і осы аурумен ауырса, 60 мыңы өлім-жітімге (1980-2014 жж.) апарған. 100 мыңның жеті мыңы 3-6 жастағы балаларға тән екені анықталған. Вакцинопрофилактика болмағандықтан бұл ауру әлі жоғары деңгейде. Соңғы жылдары қала тұрғындары арасында инфекцияның «өсуі» байқалса, ауылды аймақтарда 3-4 есе төмен.
Нәрестенің денсаулығын қада­ғалау, мән беру – ата-ананың басты міндеті. Көп жағдайда өз бетінше ем жасап, селқостық танытып, «түк ет­пейді» деп қарайтындар аз емес. Ал оның соңы нәресте денсаулығының бұзылуына апарары анық. Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында бақылауда жүрген, муковисцидозбен ауыратын 32 баланың бәрінде де бір жасына дейін басталған созылмалы, не қайталай беретін пневмониялар, қақырық шықпайтын жөтел болғаны анықталған. 32 баланың 28-інде (87,5%) жүрек-қан тамырларындағы өзгеріс байқалған. Зерттеу нәтижелерінде муковисцидозбен ауыратын бала жүрегінің хал-жағдайын ЭКГ, ЭхоКГ-мен анықтауға және соған қарай ем жасауға болатынына тұжырым жасалған.
Нәресте үшін емшек сүтінің орны бөлек. Алматы қалалық №8 емхана (50 нәресте) мен Талғар аудандық емханасы (50 нәресте) бірлесіп, аналардың емшек сүтімен қоректендіру және оның қағидалары туралы білімін анықтау мақсатында сауалнама жүргізген. 10 сұрақты қамтыған сауалнама нәтижесінде «Сізге осы мәліметтер туралы ақпаратты қайдан алған тиімді?» деген тұсына Алматы қаласынан – 86%, Талғар қаласынан – 78% ақпаратты интернет желісінен алатынын айтса, дәрігерден жауап алатындар саны – Алматы қаласы бойынша – 16%, Талғар қаласы – 20%-ды көрсеткен. Бұл – ащы шындық. Бүгінде интернетке тәуелділіктің белең алған тұсында ақпарат көзін тек маман дәрігерден алу қажеттігі қаперде жүрсе дейсің.
Айта берсек мәселе көп. Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева заманауи медициналық ғылым мен тәжірибенің дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін еместігін тілге тиек етті. Осы шараның негізгі мақсаты да жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып, жас ізденушілерді ғылыммен айналысуға шақыру екенін меңзеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын тәжірибемен ұштастырып, ауруды емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелердің жаңа қырынан зерделенуіне мұндай жиынның мүмкіндігі мол екенін, алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы жастарға жаңа серпін беретініне мән беріп, тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктету, денсаулық саласын дамыту жастардың қолында деген сенім білдірді. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің ректоры Жұмағали Исмаилов, «Help today» қоғамдық қорының директоры Эльмира Алиева ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға ізденіс тіледі.
Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша), «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломмен марапатталды.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.