Суреттеме

Суретші табиғат ортасында, колхозда, заводта – қайда жүрсін мейлі көзі көріп, көңілге түйген әсем көріністі қағазға түсіргенше асығады. Көңілге ұнаған сөз бен ой-пікірді қойын дәптеріне жазып алатын жазушы сияқты суретші де назарына іліккен көріністі жеке параққа не альбомға салып алады. Мұндай көріністі көзбе-көз бейнелеуді суреттеме дейді.
Суретші саяхаттан оралғанда біз көрме­ген өлкенің табиғатын, қалаларын, адамдарын бейнелейтін көптеген суреттемелер әкеледі. Бізден тіптен алыста, сонау терістік қиырда Исландия жатыр. Біз ол өлкені біліп жарымаймыз, ал суретші О.Веревскийдің суреттемелеріне үңілсек, оның қатыгез табиғатын, адамдары мен олардың әдет-ғұрпын, сырттағы жел мен сызды өткізбес үшін қатырма темірмен қаптап қойған Рейкьявик үйлерін көзбен көріп тұрғандай әсер аламыз.
Исландияда ешқашан күн ашық тұрмайды, сондықтан да халқы ашық бояуларды айрықша жақсы көреді. Ондағы шуаққа малынып тұрғандай жарқырап тұрған сарғыш үйлерді көргенде, көк жүзін торлап алған сұрғылт бұлттарды тіпті абайламай да қаласың.
Суретші Исландия балаларын ерекше сүйінішпен бейнелеген. Олар тез ер жетіп, оң мен солын ерте таниды. «Болашақ теңізшілерді еркелетуге, мәпелеуге болмайды» дейді исландиялықтар. Суретшілердің мұндай суреттемелері бейтаныс елдер мен бейтаныс халықтардың өмірін жетік білуге көп жәрдемін тигізеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.