Наурыз — қазақтың ежелгі мейрамы

Тәуелсіз Қазақстанның ең бір жарқын ұлттық мерекелерінің бірі – Наурыз. Қазақтың дана ақындарының бірі Абай Наурыз туралы қысқа болса да анықтама беріп кеткен: «Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен».

Кеңестік дәуір кезеңде Наурыз мейрамы туралы терең зерттеу жүргізген этнограф Ж.Кармышева болды. Ғалым сол кезде ғылыми әдебиеттегі және қазақ фольклорындағы өлеңдерді, этнографтар жинаған материалдар­дың едәуір бөлігін қарастырып, талдап, қазақтың бұл мерекесінің ерекшелігіне назар аударады. Ж.Кармышеваның пікірінше, қазақтың Наурызы Орта Азияның кәсібі негізінен егіншілік болып табылатын халықтардың Наурызды тойлау дәстүрлерінен өзгеше, онда байырғы далалық дәстүр белгілері басым. Нақты айғақтар келтіре отырып, қазақ Наурыз тамыры өте тереңде жатқан мейрам екен деген қорытындыға келеміз. Нау­рыз туралы ана тілімізде алғашқы ғылыми мақалалар жазғандардың бірі Т.Өмірзақов пен О.Ислямов бұл мерекенің өте көнеден келе жатқанына күмәнданбайды. Белгілі этнограф А.Тоқтабай шығыстанушы ғалымдардың Наурыз мейрамын б.э.б. VІ ғ. өмір сүрген Зороастр /Заратуштра/ жасаған деген пікірін алға тартады. Зерттеуші бір қазақ шежіресінде Нау­рыздың Алашпен замандас екенін көрсеткен.
«Қазақ жерінде Наурыз қай кезден басталады» деген сұраққа жауап іздеуде бағдар беретіндей кейбір археологиялық материалдарға назар аудару керек. 1977 ж. биология ғылымының докторы П.Мариковский Қазақстан жеріндегі көне астрономиялық құрылыстар атты зерттеуді жария еткен болатын. Ол Алматы облысы және Орталық Қазақстанда тапқан тас құрылыстарға геологиялық буссоль және теодолитпен өлшемдер жүргізгенде оларда төрт бағытта жасалған белгілердің бірі дәлме-дәл 21 наурыз күні (күн тоғысы) Күннің шығатын бағытын көрсететінін, қалғандары күзгі теңесуге, яғни 21 қыркүйектегі, үшіншісі 21 маусымдағы, төртіншісі 21 желтоқсандағы Күн шығу бағыттарын белгілеп тұрғанын анықтады. Зерттеушінің пікірінше, бұлар астрономиялық құрылыстар және б.э.б. VІІ-VІ ғғ. мен б.э. V ғ. аралығында салынған. Аталған көне құрылыстарды тұрғызғандар дәлме-дәл 21 наурыз күні (күн тоғысы) Күннің шығатын бағытын көрсетіп белгілегеніне қарағанда олар жыл басы Наурыз мейрамы екенін білдіріп отыр. Қазақстан тарихына қатысты ортағасырлық деректерде Наурыз мерекесінің тойлануы туралы мәліметтерді кездестіре алмадық. Алайда сол деректерде тікелей болмаса да жанама түрінде Наурыз мейрамы болғанын айғақтайтын дәлелдер барына назар аударғымыз келіп отыр. Бұған Жошы ұрпағы ішінде Наурыз есімді ұл мен қыздың, Дешті-Қыпшақ ханы Әбілқайырдың бір ұлының аты Наурызахмед, Едіге бектің ұлы Наурызбек аталуы айғақ бола алады.
Майор К.Миллердің Жоңғарияға барған сапарының күнделігінде 1742 жылдың 16 қыркүйек күні Үйсіннің батыры, һәм биі Наурызбайдың аталуы, 1763 жылғы 13 қыркүйектегі Абылай сұлтанның хатында Наурыз­бай есімді қазақтың көрсетілуі, Нұралы мен Ералы хандардың хаттарында қызметкері ретінде Наурыз есімді азаматтың, тарихи деректерде Кіші жүздегі старшина Наурызәлі, Бұқар жырау (1668-1781) шығармасында шапырашты Наурызбайдың аталуы, басқа да осындай тектес есімдердің болуы – Наурыз мейрамының сол кезде барының бір дәлелдері. Наурыз деп әдетте сол мейрам күні туылған перзенттерді атаған.
ХVІІІ ғ. Наурыздың болғанын қоштайтын тағы бір ақпарды Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлынан (1858-1931) табамыз: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұқар мен Қоқанда да болмаған!» деп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен». Ал Төле бидің өмір сүрген кезеңі қытай мен орыс деректері негізінде 1675-1760 жж. болып тұр.
Наурыздың ХVІІІ ғ. атап өтуінің тағы бір айғағы ретінде Шақшақ Жәнібектің қызы әкесі дүние салғанда (1751 ж.) айтқан жоқтауы бола алады. Бұл жоқтау 1925 ж. «Таң» журналының №4 және М.Әуезовтың 1927 ж. басылып, кеңестік билік тыйым салған «Әдебиет тарихы» атты кітабында келтіріледі:
«Айналайын, әке-кем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең әке-кем!
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тама сорлы тоймас па ең?
Жұп шырақ жағып қоймас па ем?
Орыс деректерінде, біздің білуімізше, қазақтың жыл басы наурызда екені, наурыз айындағы күн мен түннің теңелген уақыт екені туралы алғаш мәлімет 1820 жылғы «Сибирский вестник» атты журналда басылған Г.Спасскийдің «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой орды» атты еңбегінде беріледі: «год называют урус (улыс болса керек- М.Қ., А.Н.) и начинают его с равноденс­т­вия, бывающего в марте».
1896 ж. баспа бетінде жарық көрген А.А.Диваевтың «Месяца по киргизскому стилю с обозначением народных примет» атты мақаласында қазақтардың наурызды мерекелейтіні көрсетіледі: «… следует наурыз, т.е. первый день марта; с половины этого месяца начинается новый год, который почитается киргизским и мусульманским населением и празднуется».
Наурыз туралы құнды мәліметтерді Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) жазып қалдырды. «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады.
Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп, басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстыкүні: «Бұл жентіңізді қашан бастаймыз, бізге қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз? деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршақтай қап-қатты пышақ өте ме?» деуші еді. Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күні бастатып көрген кісімін. … Біздің қазақта: Ұлыстың ұлы күні Наурыз».
«Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басу­ына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» деушілер … осы Наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той тамаша қылдыруға тырысуы керек».
«Қазақ» газетінің 1913 ж. шығарылымында Наурыз деген мақала бар. Онда Наурыз – қазақша жыл басы делінген. Осымен қатар қазақ даласында наурыздың осы айдың әртүрлі күні тойланатыны туралы аңғаруға болады: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі». «Қазақ» газетінің 1915 ж. шығарылымындағы «Оренбург 9 март» деген тақырыппен берілген мақала «Бүгін жыл басы наурыз» деп басталып аяғы «Наурыз­бен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз» деген жолдармен аяқталады. Ал 1925 ж. басылған «Еңбекші қазақ» газетінің 22 наурызда шыққан санында бірінші бетте құттықтау берілген.
Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 ж. М.Әуезовтың кітабынан табамыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы тілектер айтумен, қазан көтеріп арнайы тамақ беруден басқа деректерде айтыла қоймайтын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «Таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп аластау – барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрін де ескі күннің сарқыты қалуы мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. … Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған». Мұндағы материалдар қазақтың Наурыз мейрамында атқарылатын рәсімдер қатарын толықтырады.
Қазақтың Наурыз мейрамы туралы құнды мәліметтер орта ғасырлардан бастап ХХ ғ. ортасына дейін кездеседі. Олардың қата­рына шығыс деректерімен қатар Ресей зерттеу­шілерінің еңбектері, археологиялық жариялынымдар мен этнографтар жинаған материалдар, қазақ зиялыларының жазбалары жатады.

Мұхтар Қожа,
тарих ғылымының докторы
Арнабай Нұржанов,
тарих ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.