Арман қала – Алматы

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Алматыға менің алғашқы келгенім мамыр айының іші. Қала түгелдей көкке оранып тұр екен. Қалаға күн түспейтін сияқты көрінді. Көшенің екі жағындағы биік ағаштар күн көзінен тасалап, көшені де, тротуарды да көлеңкелеп тұр. Әсіресе, ҚазПИ-дің алдындағы Совет (қазіргі Қазыбек би көшесі) көшесінің екі жағалаудағы биік ағаштары бастарын түйістіріп, көше бойын туннельге айналдырған. Далаға, кең жазыққа үйренген менің көзім жоғары қарасам, аспанды тұтас көре алмай, жан-жаққа қарасам, көкжиекке жете алмай, ағаштарға тіреліп қалатындай сезілетін. Көше бойы сылдырап суы ағып жатқан арық. Арық бойы, ағаш етектері бүгінгідей жалаңаш емес, үлбіреген көк шөп. Көшелері оқтай түзу. Мен сияқты сырттан келген адамдарға іздеген мекен-жайыңды тауып алу тіпті оңай. Көшені тауып, жағалай берсең болғаны. Оңтүстікте Алатауы сырт көзге сұсты көрінгенмен, басындағы ала қалпағымен, бауырындағы қалың қарағайлы орманымен қалаға салтанат енгізіп тұр. Сол кезде-ақ Алматыны біз әлемнің ең ағашты, көгі мол қалаларының бірі деп еститінбіз. Кейін осы қаланың тұрғыны бола жүріп, оған көзіміз жетті. Талай сұлу қалаларды көрдік, соның бірде-бірі біздің қалаға тең келмейді. 

Мен оқу іздеп келіп, өмірімді осы қалаға табынудан бастадым. 1 қыркүйек күні аудиторияға кірдік. Осы сөзді де мен сабақ басталар алдында естідім. Мектепте оны класс дейтін. «Класқа кіріңдер» деуші еді мұғалімдер. «Аудитория» деген сөздің мағынасы одан әлдеқайда кең сияқты көрінді. Аудиториямыз – үлкен бөлме, зал. Оған институт корпусының биіктігі (ескі Верный гимназиясының үйі – кейін бұзылып, ҚазПИ-дің Қазыбек би көшесінде 8 қабат үйі салынды) де салтанат береді. Біз дәріс тыңдайтын 11-аудитория бүкіл Алматының үлкен залдарының бірі саналады екен. Онда қаладағы кездесулер, жиналыстар, Жазушылар одағының пленумдары өтеді. Институттың ішкі жиналыстарының бәрі осы залда ұйымдастырылады. Студенттер құрамы да біркелкі емес, ала-құла. Олардың ішінде әскери киіммен жүрген, майданнан келген солдаттар да, біз сияқты елде жұмыс істеп есейіп келгендері де, жаңа ғана мектеп бітірген сарыауыздары да бар. Бойлары да әрқилы. Майдангер Бақи Әбдіқадыров деген жігіт староста болды. Ең кішіміз және бойы да аласасы – Нұрдәулет Байсеркеев пен Рафхат Хасенов деген балалар. Қалғандарымыз жасымыз әрқилы болғанымен, бойымыз, дене бітіміміз біркелкі. Тек Әйтім Әбдрахманов қана бөлектеу, өзі еңгезердей, денелі болғанмен, арық. Арық, ұзын адам еңкіш көрінеді ғой. Аздап еңкейіп жүретін болғандықтан, оның ұзындығы да байқала бермейтін. Бізде алғашқы сабақ болмады да, оның орнына факультет деканы Дәулет Әлімжанов келіп, әңгіме өткізді. Ағып тұрған сөз екен. Біреулері артынан мақтап жатты. Бірақ мазмұнсыздау, қызылсөзге құмарлау сияқты көрінді. Студент­тердің міндеті, сабақ режимі, тұрмыста кездесетін қиын­шы­лықтар жайын түсіндіру орнына, отырған балалардың әрқайсысын бір тұрғызып, ақыл айтып кетті. Нұрдәулетті тұрғызып, «Сенің бойың аласа екен. Мәлік Ғабдуллин де сендей болатын. Сен қайтесің? Мәліктей боласың ба?» деп ежіктегені есімде. Оқуға жаңа түскен жас бала не айтады? Қадалып, тілмарсып сөйлейді екен, сонысы ұнамады. Екінші сабақта 11-аудиторияға жиналып, басқа факультеттердің студенттері қосылып, «Марксизм-ленинизм негіздері» деген курстан дәріс тыңдадық. Дәріскеріміз – Орал Тоқмұрзин деген кісі. Ол кісі өзі оқитын пәннің бағдарламасымен қысқаша таныстырып барып, дәрісін бастады. Мектеп сабағын ғана білетін балаларға дәріске ілесіп жазып отыру оңай емес екен. Дегенмен, алғашқы сабақтан бастап, мен барлық пәннен дәрісті ұқыпты жазып отырдым. Өйткені оқулық жоқ. Сол дәрістерім әлі бар. Кейбіреуін сақтап, ұстаздарымның мерейтойларында өздеріне сыйладым. Ахмеди Ысқақов оқыған «Қазіргі қазақ тілі (морфология)», Садуақас Бакшилов оқыған «Жалпы тарих» сияқты дәптерлерім осы жолмен авторларына қайтарылды. Үшінші сабаққа («Әдебиеттануға кіріспе») Қажым Жұмалиев келді. Қажекең аты бұрыннан таныс, мектепте оқулықтарын оқығанбыз. Оның үстіне Ленинградта докторлық диссертация қорғап, жаңа ашылған Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланғанын газеттен білем.
Сабаққа келген бетте ол кейбір балаларды тұрғызып, қысқа ғана танысты да, дәрісін бастап кетті. Дәріс үстінде қозғалғанды, сөйлегенді ұнатпайды екен. Тым-тырыс тыңдадық. Бір кезде арт жақта отырған бір-екі баланың тыңдамай отырғанын байқап қалып, сөзін үзді де:
– Әне бір бала, атың кім? Тұршы орныңнан, – деді. Бала орнынан көтерілді. Атын айтты.
– Мен не айттым, қайталашы, – деді Қажекең. Әлгі бала үндей алмады. Тыңдамаған бала не айтсын? Қажекең екінші балаға қарай бұрылды да, – Көршісі, – деді. Көрші бала да тұрды. Ол да ештеңе айта алмады. Осыдан кейін жұрт тым-тырыс дәріс тыңдауға кірісті. Осылай біртіндеп төселіп, институттағы сабаққа бойымыз үйрене бастады. Күн сайын жаңа сабақ, жаңа мұғалім. «Қазақ фольклоры» (Мәлік Ғабдуллин), « ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (Қажым Жұмалиев), «Қазақ тілінің практикалық курсы» (Төлеубай Қордабаев), «Орыс тілі» ( О.И.Ларина), «Неміс тілі» (Мырзабекова), «Психология» ( А.Асылбеков), «Жаңа тарих» ( С.Бакшилов), «Тіл біліміне кіріспе» ( Т.Қордабаев), «КСРО тарихы» ( О.Сексенбаев), тағы басқа пәндер өте бастадық. Әр мұғалім – бір-бір мектеп. Сабақты өзінше жүргізеді. Мәлік Ғабдуллин есімі де маған белгілі еді. Соғыс кезінде батырлығымен даңқы шыққан адам әскерден келген соң кандидаттық диссертация қорғап, Ғылым академиясында істейді дегенді газеттен оқығаным бар. Ол бізге «Қазақ фольклоры» курсын оқуға келді. Бұрын бұл курсты Мұхтар Әуезов жүргізіпті. 1947 жылдың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси-өрескел қателер туралы» қаулысынан кейін ол кісі сынға ұшырап, ҚазПИ-ден босап, тек университетте ғана қалыпты. Мәкең биязы, жұмсақ, қазақ ауыз әдебиетінің материалдарын жақсы білетін, арасында әзіл-қалжың айтып қойып, балаларды жалықтырмайтын жайлы кісі екен. Оның дәрісін қиналмай жаздық. Әңгімеге айналдыра сөйлейді екен. Төлеубай Қордабаевтың да сабақ үйрету әдісі жағымды еді. Ол тіл білімінің негізгі курстарын оқыр алдында жүргізілетін қазақ тілінің практикумын өткізді. Сөз талдау, сөйлем талдау жолдарын үйреніп, грамматика категорияларын жақсы біліп шығуымызға Төкең үлкен еңбек сіңірді. Білімді, сөзі аз, ойы мен талғамы нақты ғалым болатын.
Ауылдан келген, орыс тіліне шорқақ балалардың орыс тілін үйренуіне Ольга Иванова Ларина деген ұстазымыз жанын салып бақты. Ол бізге оқу жоспары бойынша жүретін екі жылдық курсты түгелдей өзі жүргізді. Тіл үйрету, лексикалық қорымызды байыту, мәтін оқып, мазмұнын айтып беру, грамматиканы игеру бағытындағы оның жұмыстары нәтижесіз кеткен жоқ. Ренжімейтін, күліп отырып дегенін істететін тәжірибелі ұстаз еді. Жаңа үйленген күйеуі әскерге кетіп, салт қалған әдемі келіншекті жағалайтын жігіттерді де байқайтынбыз. Бірақ Ольга Иванова жұрт өсегіне ілінген емес. Кейін, көп жылдан соң, зейнетке шығар алдында тұрмысқа шықты деп естідік. Содан кейін ол көзге түспеді. «Жалпы тарихтан» сабақ берген Садуақас Бакшиловтың да дәріскерлік әдісі үлгілі еді. Ол тарихи мәліметтерді қызықты ғып әңгімелеп, кейбір жерлерін қайталап, сөзді үстемелеп сөйлейтін («Оливер Кромвельдің өлімі буржуазияның қабырғасын қайыстырды, жүрісінен жаңылдырды, тәубасына түсірді» деген сияқты). Жүзі жылы, көзі күлімдеп тұратын осы ағаммен мен кейін ұзақ жыл қызметтес болдым. Өте сыпайы, күліп жүретін, елгезек, бауырмал кісі еді. Тарих-фило­логия факультеті бо­лып, екі мамандық бірігіп жұмыс істеген жылдарымызда студенттердің педагогикалық практикасына бірге барып жүрдік, карта ойнадық. Отбасымыз араласып, сыйластық. Әлияның ағасы Сейілбек Бейсеновпен бірге оқыған, онымен достығын сақтаған Сәкең Әлияны өз қарындасындай көруші еді. Сабақ оқу мен ұстаздарым жайлы алғашқы әсерім алыс ауылдан, ұзақ жылдар күтіп, білім іздеп келген менің көңіл-күйімді көтеретін жағдайда еді. Алайда, институттың сыртында тұрмыс деген екінші тіршілік күтіп тұрды. Ол – соғыстан қирап шыққан шаруашылық әсерімен қалыптасқан күнкөріс қамы. Киім-кешек жоқ, үйден келген жұпыны киіммен жүреміз. Ойлайтынымыз – тамақ. Карточкамен алатын 500 грамм нан. Басқа тағам түрлері жоқ. Сол аз нанның өзін алу үшін кезекте ұзақ тұрамыз. Бір тәуірі – нан дүкені ҚазПИ қорасының ішінде, сол кезде физика-математика факультеті орналасқан, қазіргі сурет-графика факультеті отырған үйдің төменгі қабатында. Сырттан адам аз келеді. Негізінен, студенттердің өздеріне ғана қызмет етеді. Ауылдан тамақ әкелудің ретін де білмейміз.
Әуелде өзімізбен бірге аз ғана май, талқан әкелгенбіз. «Талқан шыдамды болады, май салып, соны былғап жесең, өлмейсің» деген білетіндер. «Ет шыдамайды, оны сақтай алмайсыңдар» деп бермеген. Институттың қорасында кішкене асхана бар, одан тамақ ішу мүмкін емес, қымбат әрі дәмсіз. Оның үстіне институтқа жаңа корпус саламыз деп біз І-курсты бітіретін кезде оны да бұзып тастады. Қазіргі заң факультеті отырған корпус сол кезде жоспарланып, 4 жылдай салынды. Оны да мектеп үйі деп салып, біткен соң институтқа берді. Әйтпесе, соғыстан жүдеп шыққан елдің оқу орнын салуға мүмкіндігі де жоқ-ты. Осындай қиын жағдайда әкемнен хат алдым. Ішіне жолаушылар карточкасын қоса салыпты. Ол кезде іссапарға шығатын адам өзінің карточкасын жолаушы карточкасына айырбастай алатын. Әкей өзінің жеп отырған 500 грамм нанының айлық карточкасын айырбастап, маған жіберіпті. Фурманов пен Мәметова көшелерінің қиылысында, қазіргі 18-мектептің қарсы қатарында осындай карточкаға тамақ беретін дүкен бар екен. Соны тауып алдым. Бір айға оншақты бөлке нан, қосымша лапша, май, тағы басқа тағамдар алдық. Нанның бәрін жеу мүмкін емес, қатып қалады, не көгеріп кетеді. Сондықтан өзімізге керегін алып, қалғанын Хамит пен Құдыкен (осындай бір жетім бала Хамитпен жолдас болып, мені паналап күн көрді) базарға апарып сатады. Байыдық та қалдық. Әкей осы жақсылығын келесі айда да қайталады. Қайран, Ақкем-ай, маған деген көңілің бөлек еді-ау! Менен үлкен үміт күтетініңді сезетін едім. Еңбегіңді сатпай, жақсылығыңды осылай, айғайсыз, елеусіз жасағаныңды қалай ұмытармын! Біздің басымызда бар хал елдің бәріне де ортақ. Таныс үйлерге бара қалсаң, бәрінің де күйі жүдеу. Елдің үміті карточка тәртібін жоюда болды. 1947 жылдың аяғына таман карточка жойылады екен деген әңгіме тарады. Шынында да, 16 желтоқсан күні карточканы жою және ақша реформасын жүргізу туралы қаулы шықты. Ақша тым көбейіп, бұрқырап кетіп еді, оны он есеге қысқартып айырбас­тады. Карточка жойылды. Бірақ жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Өйткені дүкенде тамақ жоқ, түсе қалса кезегі үлкен, қолың жетпейді. 1948 жылдың көктемінде адам жей алмайтын, іші сағызданып тұратын қара нан түсті дүкендерге. Оның өзіне деген кезекте есеп жоқ. Менің жасымнан үйренген дағдым – ерте тұрам, сосын инс­­­титут қорасына кіріп, дүкеннің алдынан кезек алам. Сөйтіп, кітап оқып отырып күтем. Өзіммен бірге жататын таныс балалар дүкен ашыларда ғана келіп, менің алдымнан кіреді. Тиісті нандарымызды алып тараймыз. Қосып жейтін бірдемең (май, т.б.) болмаса, нан өңешіңнен өтпейді де. Жатақханада тұратын балалар ішінде неше түрлі оқиғалар болып жатады ғой. Осындай күндердің бірінде маған бірге оқитын жігіт Әйтім Әбдрахманов келіп, отырып алып жылады. Не болғанын сұраймын. «Мен құрыдым ғой» дейді. Басқа ештеңе айтпайды. Кәдімгідей солқылдап тұрып жылайды. Мен жұбатып әлек. Ақыры жылауын басып, әңгімесін айтты. Әйтім оқуға түскенде бір көзі жабық, соқыр болатын. Соған жазда операция жасатамын, сонда қорек болар деп сақтап жүрген бір қарын майы бар екен, өзі ақырын шетінен қасықтың ұшымен алып жеп, кілттеулі чемоданға тығып сақтапты. Әлгіндей тамақтан жүрмейтін нанды жылжыту үшін өзімен бірге жатқан балалар соны ұрлапты. Кейін ұрылар табылды.
Совет көшесіндегі жатақхананың 27-бөлмесінде жататын балаларды ұйымдастырған Бердібек Соқпақбаев болып шықты. 7-8 бала жататын. Солардың үшеуін сырт қалдырып, қалғанын қосып алып, мәдениет және демалыс паркіне майды, нанды алып кетіп, күн ұзын жатып жепті. Сырт қалғандардың ішінде Әмеди Хасенов (оны қорқақ, айтып қояды деп алмапты), Мұқаш Сәрсекеев (тым ақжүрек деп), Кәрібай Шәменов (Әйтімге туыс, жаны ашиды деп) үшеуі бар. Бердібек осындай жоспарын айтқанда, балалардың бірі чемоданды бұзуға болмайды, ол – менің чемоданым деп зыр ете қалыпты. Чемодан дейтін чемодан да емес, үйеңкіден жасалған ағаш жәшік. Бердібек одан:
– Сенде кілт бар ма? – деп сұрайды.
– Бар. – Онда чемоданды аш. Жәшіктің артындағы топсаның шегесін түзетіп қойып, қайта жабамыз. Сосын топсаны суырып аламыз. Жәшігің бұзылмайды, – дейді. Ақыры солай істейді. Студенттік өмірдің қиыншылығы мен оны өзінше жеңуге тырысқан жастар арасындағы мұндай күлкілі жайлар аз емес. Талайын көрдік те. Сөйте жүріп сол ортадан қиыспас достар таптық. Біз оқыған кездегі студенттердің ішінде әскерден келгендері, біз сияқты жұмыс істеп есейіп оқығандары, мектепті жаңа бітірген жастары да бар. Ол тек біздің курста ғана емес еді. Бізден бұрын оқып, 2-3-4-курстарда жүрген балалар ішінде де сондайлар көп-ті. Солардың ең үлкені – Иманбек Ұйықбаев болатын. Кейін үйленген жолдасы Фатима Мұсабекова – барлығы 4-курста оқиды. Салт кезінде жатақханада Әмеди Хасенов, Асқат Әбілқаевтармен бірге тұрды. Әмедиге барып жүріп танысып, сыйласып кеттік. Кейін үйленген кезде де, одан кейінгі өмірімізде де сыйластығымыз үзілген жоқ. Өте жақсы оқыған, Сталин атындағы шәкіртақы алған, екі тілге бірдей жүйрік, пиғылы, ниеті таза Имекең бәріміздің үлкен ағамыз сияқты еді. Әмеди Хасеновпен мені жерлесім, тарих факультетінің студенті Мәдіхан Әбсаматов таныстырды. Бұрын Мәдіханды өзі іздеп келіп танысыпты. Негізі жаңарқалық екенін айтыпты. Мен олардың аталарын білем. Сайдалы ішінде Мінәсіп, Тұтқыш деген бай адамдар болған. Ақтауды мекендеген. Байларды тәркілеу кезінде балалары қуғынға ұшыраған. Содан әкесі Хасен Жамбыл облысы, Мерке ауданына қоныс аударып, сонда қалып қойған. Әмеди елді көрмеген, сол жақтан оқуға келген. Жаңарқа дегенді естіп іш тартып, Мәдіханды өзі іздеп келіпті. Аталарының жөнін мен біліп айтқаннан кейін бе, Әмеди мені тіпті жақын тартып, дос боп кеттік. Ол 3-курста оқитын. Жас мөлшеріміз шамалас. Содан арамыз үзілген жоқ.
Студент кезімізде екеуміз бірдей киініп, бірге қыдыратынбыз. Қатар үйлендік, бала-шағамыз араласты. Әмеди оқу бітірген кезде әке-шешесі елге көшті. Қазыкен деген ағасы да елге барып, сол жақта үйленіп, балалы-шағалы болды. Студенттік доста­рым­ның бірі – Мұқаш Сәрсекеев еді. Ол да Әмедимен бірге оқыды. Онымен және Бердібек­пен мен әдебиет үйірмесінде таныс­тым. Мұқаш та сталиндік шәкіртақы алып оқыған, үздік студенттің бірі болды. Институттан кейін аспирантурада оқыды. Әдеби сынға көп араласты. 50-жылдардың бас кезінде партияның идеология саласындағы режимі тұсындағы сыншылардың ішінде оның есімі бөлек тұратын. Екі тілде бірдей, әпербақандау, сынға едәуір үлес қосты. Ол үшін мен Мұқашты кінәламаймын. Ақжүрек, партия ісіне, сөзіне қалтқысыз сенген азамат өзінің қалай осы жолға түсіп кеткенін байқамады. Байқаған кезде кеш болды. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседінің» кері еді. Сенімін жоғалтты. Со­дан диссертация да қорғамады, жазуды да қойып кетті. Өмірінің бәрін журналистік қыз­метте өткізді. Қандай күйде жүрсе де, сту­­денттік достыққа адал қарап өткен жан еді.


Бердібекпен достығымды, бірге өткізген, әзіл-қалжыңға толы жастығымызды әрқа­шан еске алам, ол туралы арнайы естелі­гімде тоқталармын. Бұлардан бір жыл кейін оқыған студенттер ішінде Айқын Нұрқатовтың, Нығмет Ғабдул­линнің, Әнуар Дер­бі­салиннің есім­­дері мен үшін айрықша қымбат. Бұлармен ылғи жатақханада бірге жаттым, қара нанды бөліп жедік. Осылардың әр­қай­сысы жөнінде жазып та жүрмін. Әсіресе, Айқын екеуіміз әдебиеттің бір жанрында (сында) бірге жұмыс істеп, институттан кейінгі қызметімізді «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында бірге бас­тап, алғашқы оқулықтарымызды бірге жазып, әбден туысып кетіп едік. Талантты жігіт еді. Тағдыр оған ұзақ өмір бермеді. Докторлық диссертациясын аяқтап, монографиясын басуға дайындап қойған жерінде кенет апатқа ұшырады. Нығмет пен Әнуар да жақсы жазушы, жақсы ғалым болып шықты. Осылардың қатарында әдебиет майданындағы қызметімізді бірге бастаған Баламер Сахариев, Мыңбай Рашев сияқты жігіттер де болды. Менің өзіммен бірге оқыған студенттер ішінен де кейін үлкен ғалымдар шықты. Әйтім Әбдрахманов, Телқожа Жанұзақов, Есет Жұбанов, Оқас Нақысбековтер қазақ тіл білімі ғылымын ілгерілетуге үлкен үлес қосқан ғылым докторлары болды. Тарихшы, жерлес Мәдіхан Әбсаматовпен де студенттік күндерімізді, бозбалалық өмірімізді де бірге өткіздік. Әлия мен Дәлеш бірге оқыған достар еді. Солармен жарасқан жұбымыз өмірімізге азық болды. Мәдіхан оқуын менен бір жыл бұрын бітіріп, Дәлешті алып елге кеткенше, арамыз үзілген жоқ. Жаңарқалық жерлес­тер ішінен Тау-кен институтында оқыған Серік Қорабаев пен Рамазан Сәлімбаевтың достық көңілдерін де зор бағалаймын. Олармен де сырлас, адал дос болдық. Ойын-тойлардағы бас қосуымыз да бірге болатын. Тұрмыстың қиыншылықтарына қарамай, бізді алға сүйреген, рухани тіршілігімізге азық болған осы достардың ықылас-пейілі мен Алматының рухани өмірі еді. Қаламен таныса бастадық. Театрларға жиі барамыз. Мен жас кезімде театрқұмар едім. Қарағанды театрының спектакльдерінен қалмайтынмын. Елден әлдеқалай қалаға келе қалсам, кешке міндетті түрде театрға баратынмын. Соның арқасында Қарағанды театрының көп артистерін таныдым. Онда соғыстың соңғы жылдары Айтуған Салықов деген жолдасым істеді. Соған да еріп баратынмын. Алматы театрының, әсіресе, драма театрының спектакльдерін түгелге жуық көрдім. Оның кейбірін Қарағанды театрында көргендеріммен салыстырам. М.Әуезовті, С.Мұқановты, Ғ.Мұстафинді опера театрында бірінші рет кездестірдім. 1947 жылы күзде жас жазушылардың республикалық бірінші кеңесі өтті.
Балалар мен жасөспірімдер театрында өткен осы бір жиынға ересек студенттерге еріп барып тыңдадым. Жаңа жазып, көзге түсе бастаған біраз жастарды көрдім. ҚазМУ-да өткен Мұхтар Әуезовпен, ҚазПИ-де өткен Сәбит Мұқановпен кезде­су­лерге қатыстым (олар жайлы бұ­рынғы естеліктерімде жазғам). 1948 жылы күзде КазПИ-дің ашылғанына 20 жыл толуына арналған Қазақстанның ақын-жазушыларымен үлкен кездесу өтті. Оған сол кездегі Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Сәбит Мұқанов бастаған ақын-жазушылардың үлкен тобы қатысты. Оны ұйымдастырушылардың ішінде өзім де болдым. Шақыру билеттерін жазушылардың үйлеріне апарып таратқанбыз. ҚазПИ-де оқыған ақын-жазушылардың жинағын шығарамыз деп, олардан шығармалар алғанбыз. Бұл жинақ, бірақ, шықпай қалды. Біз, студенттер, жинап, үстінен қарап, алғысөз жазуға Қажым Жұмалиевке бергенбіз. Сірә, сол кісінің архивінде қалған болар деп ойлаймын. Осылар мені рухтандырды, білім жолына қанаттандырды. Студенттерді ғылым, білім жолына баулитын шаралар да институтта көп ұйымдастырылатын. Онда әдебиет, ғылым, ойын-сауық үйір­мелері жұмыс істейтін. Барлығын да белгілі қайраткерлер басқарып, жастарды көптеп тартатын. Әдебиет үйірмесін Қайнекей Жармағанбетов басқарды. Ол әуелде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, кейін Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, «Әдебиет және искусство» журналының редакторы болды. Сол жылдардың барлығында институтта сабақ беріп жүрді. Қайнекей үйірмеде әдебиетпен шұғылданатын студенттердің шығармаларын оқытып талқылаумен бірге, ақын-жазушылардың жаңа шыққан кітаптарына пікір ұйымдастыратын. Әрқайсымыз оқыған кітаптарымыз жайлы айтып, кейін үйірмеде баяндама жасайтынбыз. Тәуір баяндамалар баспасөзге ұсынылатын. Менің алғашқы мақалам 1948 жылы «Социалистік Қазақстанда» жарияланды. Ол кезде мен небәрі 2-курста едім. ҚазПИ-дің сол кездегі әдебиетші студентерімен танысып, араласа бастадым. Жоғарыда айтылған ақын-жазушылармен кездесуді де осы үйірме мүшелері ұйымдастырды. Тіл үйірмесі де студенттерге ғылыми тақырып беріп, баяндамалар жасатты. Мен оған да қатыстым. Соның арқасында студент кезімде М.Балақаевтың «Емле сөздігі» жөнінде («Ленишіл жас»), мектеп грамматикасы оқулықтарындағы қайшылықты пікірлер туралы («Социалистік Қазақстан») мақалалар шығардым. Ойын-сауық саласында драма, домбыра үйірмелері жемісті жұмыс істеді.
Белгілі театр қайраткері, режиссер Асқар Тоқпанов бізге «Мәнерлеп оқу» деген сабақ жүргізді. Сонымен бірге ол драма үйірмесін ұйымдастырып, М.Әуезовтің «Абай» пьесасы сияқты кесек туындыны студенттер сахнасына шығарды. Домбыра үйірмесін ұйымдастырған Құрманғазы оркестрінің қызметкері Елемесов те жастарды өнердің осы түріне баулуда едәуір еңбек жасады. Осылардың бәрі студенттердің рухани өсуіне жәрдем ететін шаралар еді. Соны біз толығымен пайдалануға тырыстық. Соғыс кезінде білімнен қол үзіп қалған біздің ұрпақта «білсем», «көрсем» деген талап күшті болатын. Менің есейіңкіреп қалғанымды медеу тұтты ма, білмеймін, факультет басшылығы мені бірден қоғамдық жұмысқа тартты. Старостамыз Бақи денсаулығы болмай, сырттай оқуға келісіп, оқуды тастап кетті. Старосталықты маған ұсынып еді, мен келіспеген соң Әйтімді қойды. Оның есесіне маған факультеттің студенттік кәсіподақ бюросын басқаруды ұсынды. Алғашқы жылым ғой, сабағыма зияны тиер деп қашқақтап едім, Әмеди «бол, болға» салып көндірді. Оның да себебі бар екен. Студенттерге берілетін жәрдем, киім-кешекке, қосымша тамаққа берілетін карточка кәсіподақ арқылы бөлінеді екен. Әмедидің мені зорлап көндіріп жүргенінің себебі осында болып шықты. Бірақ та карточка жүйесі тарап, біз оны пайдалана алмадық. Кәсіподақ студенттердің демалуына жолдама да береді екен. Бір-екі рет соны пайдаланудың сәті түсті. Қысқы демалыста (1948 жылдың ақпан айы) Әйтім екеуміз тәуір оқитын студенттер қатарында Қарғалы демалыс үйіне бардық. 12 күндей болдық. Карточка жүйесі жойылған кез. Дегенмен тамақ өлшеулі. Барған күннің ертеңіне Әйтім: «Серік, мен қайтам-ау деймін. Мынаның тамағына тоймай жүрмін. Одан үйде тоя жеген наным жақсы» деді. Әйтімнің тамақ ішу салтымен мен таныспын. Ол таңертең екі литр сүт алады да, оны пісіріп, ішіне бір бөлке нанды турап, тойып алады. Басқа тамақ та шамалы. Сонымен күні бойы жүреді. Мен: «Шыда, ертең түскі тамақ кезінде қосымша тамақ сұрап көрейік» дедім. Өзі сұрауға ұялады. Түскі тамақ кезінде тамақ тасушы қыздан: «Сіздерден қосымша тамақ сұрауға бола ма?» деп сұрадым. «Болады. Екінші жоқ, біріншіні қанша ішсеңіз де еркіңізде». «Ой, рахмет! Бізге сол да жарайды». Осыдан кейін даяшы қыз біріншіні толтырып бөлек ыдысқа құйып әкеп қоятын болды. Әйтекең 2-3 табағын соғып алады, сосын барып екіншісін жейді. 12 күннің ішінде 4 келі қосты. Жардай боп семірді. «Бұл дене менің сорым ғой, тамақ талап еткенде, оны қанағаттандыра алмай қор болам» дейтін еді жарықтық. Демалыс үйінде біздің институттың басқа факультеттерінен, университеттен, қыздар институтынан, консерваториядан студенттер болды. Олармен таныстық. 2-курста мен факультеттің комсомол бюросының хатшысы болдым. 3-курста факультеттің партия бюросына мүше етіп сайлады (партия мүшелігіне кандидат болып, 1946 жылдың аяқ кезінде елде өтіп едім, стажым бір жылға толмай оқуға кетіп қалдым да, мүшелікке өту уақытын созып алдым. Елден кепілдемелер алдырып, 1948 жылдың басында ғана мүшелікке өткем). Мұндай белсенді қоғам жұмысынан төртінші курста ғана босадым. Соңғы курс­та институт бітіретін студенттерді қоғам жұмысынан босату дәстүрі бар. Соны ескеріп, мені факультеттің қабырға газетіне редактор етіп қана тағайындады. Сөйтіп, қоғам жұмыстарына белсене қатысуым әрі өте жақсы оқуым, ара-арасында газет-журналдарда жариялана бастаған мақалаларым менің беделімді көтерді. Студенттер ғана емес, мұғалімдердің өзі мені тең ұстап, санасатынды шығарды. 3-курстың басында факультет басшылығы мені сталиндік шәкіртақыға ұсынды.
Бұл кездегі деканымыз Орал Тоқмұрзин менің қоғамдық қызметімді бағалап, өзіне көмекші санайтын. Оны-мұныға ылғи мені жұмсайтын. Менің кандидатурамды талқылаған ғылыми кеңесте Оралдың ұсынысын басқа мұғалімдер де қолдапты. Тіпті тарихшы Халел Әділгереев менің жақсы оқитынымды, қоғамдық белсенділігімді, мақалаларымды оқығанын айтып сөйлепті. Маған сабақ берген кісі емес еді, басқа факультеттің мұғалімі. Мұны маған деканым айтып, «сені, бүкіл институттың мұғалімдері біледі» деп көтермелеп қойды. Шынында да, сол кездегі институт ұстаздары ішінде факультет мұғалімдерінен басқа математик О.Жәутіков, М.Сатбаев, физик Б.Оразбаев, тарихшы Х.Әділгереев, С.Бакшилов, географ М.Өтемағанбетов, П.Д.Устименко, педагог Қ.Біржанов пен Р.Г.Лемберг, қоғамдық ғылымдардың өкілдері Ү.Балқашев, Н.Үшаяқов, С.Толыбеков сияқты үлкен тұлғалар болды. Институттың шағын кезі. Партия жиналыстарында солармен қатар отырып, сөз сөйлеп қалып жүретінмін. Солардың бәрі сыйлап, бауы­рына тартты. Кейін солардың көбімен қызметтес болдым. Сөйтіп, 3-курстан бастап мен арнаулы сталиндік шәкіртақы алып оқи бастадым. Шәкіртақы – 600 сом. 80 сом нан бағасының қымбаттығына қосылады. Сөйтіп, айына 680 сом ақша алам. Жай студенттің шәкіртақысы 220 сом. Тұрмыстық жағдайым онсыз да жаман емес еді, әкем көмектесіп тұрады. Оның үстіне қосылған шәкіртақы мені едәуір көтеріп тастады. Және ұсынылған уақыт пен бекіген кездің арасындағы мерзімді есептеп, 3-4 айдың шәкіртақысын бір-ақ берді. Байып­ қалдым. Өз достарымды жинап, оны атап өттік. Студенттер мұндай мүмкіндікті бос жібермейді. Бірден ұйымдастырып жібереді. Кейін тарих ғылымының докторы болған, белгілі этнограф Халел Арғынбаев менімен қатар тарих факультетінде оқып еді. Ол да үздік оқыды. Менімен бірге сталиндік шәкіртақы алды. Бірақ осы атап өту кезінде төбелес болып, аяғы шуға айналды. Халелді шәкіртақыдан алып тастады. Келесі жылы оқу бітірерде аспирантураға қалдырмай, еліне жіберді. Халел содан біраз жылдар салып барып, Алматыға кеш оралып, аспирантураға, ғылым жолына түсті. Тарихшылардың шәкіртақы жууы Халелге осындай қиыншылыққа түскен еді. Біз одан аман өттік. Жоғарғы курстарға өткен сайын жаңа сабақтар қосылады, жаңа ұстазбен танысасың. 2-курстан бастап орыс әдебиеті жүре бастады. Ол кезде орыс әдебиеті бөлек курс болып өтетін.
Орыс фольклорын бізге Н.Смирнова, көне дәуірдегі орыс әдебиетін Митряева, ХІХ ғасыр әдебиетін М.Сильченко, ХХ ғасырдың бас кезін және сын тарихын Л.Малинковский, кеңес дәуірін М.Ритман-Фетисов, шетел әдебиетінен Н.Макарова оқыды. Орыс бөлімдерінен гөрі материалды шағындап берсе де, осы ұстаздардың алдын көріп, солар түсіндірген орыс және шетел әдебиеті тарихынан едәуір мәлімет алдық. Н.Смирнова дәрісті түрегеп тұрып оқитын. Ойын нақты айтатын, мүмкіндігінше орыс фольклорының материалдарын қазақ фольклорымен салыстыра отырып жеткізуге тырысатын, ғылыми ой тұжырымы кең ғалым еді. М.Сильченко отырып алып, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің алтын ғасыры жайлы қызықты әңгіме айтатын. Таза киініп, сыпайы жүретін кісі әңгіме айтып отырып, костюмына жұққан қыл-қыбырды тазалап, жан-жағына қарап қойып сөйлейтін. Л.Малинковский деген өте бір білімді адам еді. Бірнеше жерде – Партия мектебінде, ҚазМУ-да, бізде дәріс оқыды. Кейде бізге шаршап келетін. Қазақ әдебиетімен таныс болды, мақалаларды көп жазды. 40-жылдардың аяқ кезінен орыс тіліне аударылып, басыла бастаған қазақ романдары жайлы талай мақалалары Алматы, Мәскеудегі қалың журналдарда басылып жүрді. Ақыры космополитизм науқаны кезінде қуғындалып, Алматыдан кетіп қалды. Кейін көп жылдардан соң Смоленскіде кездестік. Полтава пединститутында кафедра басқарады екен. Әдебиет кафедралары меңгерушілерінің бүкілодақтық семинарында мен бірден танып, қасымдағы жолдастарыма (З.Ахметов, Қарағандыдан Жұмабаева, т.б.) айттым да, үзіліс кезінде бәріміз барып амандастық. Қуанып қалды. ҚазМУ-да, ҚазПИ-де сабақ берген кездерін еске алды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.