Ізгілікке іңкәр жүрек

Бұл – Ұлы Даланың құт дарып, береке қонған қасиетті мекені – таңғажайып Тараз қаласы. Шығыс пен Батыстың алтын арқауы, өркениеттің өзегі саналған Ұлы Жібек жолының бойындағы сәні мен салтанаты үндескен сұлу шаһар қойнауына талай тарихты сыр қылып бүгіп жатыр. Осы бір жұмбақ та сырлы топырақта талай жампоздар дүниеге келді. Олардың қатарында Ж.Баласағұн, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза және  т.б. бар. Сол киелі топырақта біздің асыл әкеміз Тілеубек Досымбекұлы да 1943 жылы 1 наурызда дүние есігін ашыпты. Әлемге шуақ пен нұр, көңілге күмбірлі күй сыйлайтын көктемнің алғашқы күні туғандықтан болар, Тілеубек әкеміздің бүкіл бітім-болмысы көктемдей әрлі, көктемдей нұрлы, көктемдей жайдары болыпты.

Арғы тегін айтсақ, заманының заңғар тұлғасы Бәйдібек бабаның жұртынан тарайды. Аты айтып тұрғандай, ері аттан түспеген батыр елдің, қазаны оттан түспеген берекелі жұрттың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы дәстүрі – бекзаттық пен жомарттық та әкеміздің бойына атаның қанымен, ананың сүтімен дарығаны хақ.
Әкеміз табиғаттың шуағына қоса өзін өмірге әкелген ата-анасы Ботбай мен Рәббидің де, кейінде бауырына жүрегін жұлып беруге даяр қазақы болмысын сақтаған ата-дәстүрімен асырап алып, бауырына басқан Досымбек пен Айымкүлдің де мейірім шуағына шомылып, олардың шексіз махаббатына бөленіпті. Ал мейірімге қаныққан оғланның өзі де кісілігі мол, кішіпейіл болып өсетіні заңдылық емес пе?!
Қасиетті хадисте: «Жақсылықты әуелі өзіңе жаса, сосын отбасыңа, бауыр-туғандарыңа жаса, одан асса, ауыл-аймағыңа жаса, одан әрі барша жұртқа жаса» деген даналық тұжырым бар екен. Дәл осы адамгершілік қағидасын әкеміз өмірлік ұстаным етіп алыпты. Әкем өнген әулеттен, өзімен бірге тай-құлындай тел өскен туыс-бауырларынан оның жан жылуын сезінбеген ешкім жоқ десе де болады. Айнала туысына аузындағысын жырып беретін, барын ортаға салатын ақ адал ниетпен әкем Тілеубек олардың ешқайсысын алаламай, ақжарма ниетімен көмек қолын созыпты.Тек дүниелік тұрғыда ғана емес, рухани күш сыйлаған. Жанам деген жүректерге от берген, болам деген жасының белін буып, жігерін жаныған.
Тараз қаласындағы Сулайманов көшесінде дүниеге келген әкемнің өмірінің ең бір бақытты күндері сол жерде өтіпті. «Ер туған жеріне» дейді дана халқымыз. Дәл осы байлам біздің әкеміздің өмір салтына сай келетіндей. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел басына аса бір қиын-қыстау күн туған сын кезеңде, жаңа заманның күніне қырық құбылған дағдарысты уақытында, оң шешім жасапты. Ол кісі қиындықта жол тапқан алғашқылардың алдыңғы легінде келешекті көрегендікпен болжап, отандық кәсіпкерліктің әліппесін игерген екен. Біздің әкеміз қолына түскен қаржысын қалтаға басар ашкөздіктен алыс болыпты. «Сұңқар жемін шашып жейді, құзғын жемін астына басып жейді» деген асыл бабаларымыз. Сұңқар текті әкеміз тапқан олжасын ортаға салып, қиналған ауыл­дастарына көмек қолын созуды өзінің азаматтық парызы санапты. Ауылдастарына ғана емес, Жамбыл қаласындағы Балалар үйіне, ардагерлер тағам алатын дүкендерге тегін таратқан ұн мен шайын, өзі тендермен ұтып алған қасиетті Биліккөлдің тайдай тулаған ақ бауыр балықтарын ақысыз-пұлсыз беріп отырғанын ел әлі күнге аңыз етіп айтады.
Ата салты мен дәстүріне бала күнінен қанып өскен аяулы әкеміздің құда-жегжатқа деген қарым-қатынасы да өнегелі, өрісті. «Құданы құдай қосады» дейтін аталы сөздің астарында жатқан терең мәнді жанымен түйсінген әкеміздің құдаларымен сыйластығы кейін адал достыққа ұласқан тұстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Оған дәлел ретінде әпкесі Күпәннің туған қайнысы Тайғара Спандияровпен 14 жасынан басталған таныстығы ел арасында достықтың шынайы үлгісіне айналғанын айтуға болады. Туған құдасы Бейсенбай ата мен құдағиы Күлданалармен арадағы риясыз сыйластық дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей өзгеше өрісті қарым-қатынас болды.
Әкеміздің жан шуағы ел, туыс арасынан асып, қаймана қазақтың қамын жеген даналыққа ұласқан. Оған дәлел ел егемендігін алған алғашқы жылдарда имандылықтың үлгісін көрсеткен. Жаратушының хақ екеніне жан жүрегімен сенген әкеміздің исламның асыл қағидаларының халық арасында тарауына қосқан үлесі өлшеусіз. Ол кісі 1991 жылы Түркияға арнайы барып, төрт бірдей дін өкілін Таразға ертіп келіп, ел арасына қасиетті дініміздің насихатталуына еңбек сіңірген. Сол сапарында жүз жайнамаз, тәспі әкеліп, ауылдастарына, қалың жұртқа үлестіріп берген имандылық шарасы әлі күнге жұрт аузында жүр.
Тәуелсіз елдің өз тарихын қайта таразылап, өткен күндерін, ұлы тұлғалар дерегіне қатысты шежірелерді қайта парақтап жатқан кезеңінде де талай игі істің басында жүріпті. Сондықтан аз уақыт аралығында өзінің өткенін түгендеп, өшкенін жандырған ізгі істі ұйымдастырушылардың бірі болып әкеміздің жүргенін мақтаныш етеміз. 1992 жылы ұлы бабамыз Саңырық батырдың атын қайта тірілтіп, ұлан-ғайыр ас бергенде бауыры Нұрлан аға екеуі бір миллион ақша қосып, жол бастағаны қандай өнеге десеңші.
Міне, осындай адамдықтың биігіне көтерілген, ізгілікке іңкәр жүрек иесі асыл әкемнің, заты абыз, аты аңыз ардақты тұлға – Тілеубек Досымбекұлының ұрпағы болғанымыз үлкен бақыт, ұлық мәртебе!

Тілеунұр Тілеубекұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.