Сәтбаев есімі ұмытылмайды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде академик, ғалым Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына орайластырылған «Қазақ ғылымының жұлдызды тұлғасы» атты тарихи-танымдық дәріс өтті.  Дәрісті ұйымдастырған – университеттің «Ұлы дала тұлғалары» орталығы. Шараға қатысқан меймандар жиында академиктің өнегелі қырлары мен адами-азаматтық қасиеттеріне жан-жақты тоқталды. 

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлы тұлғаларды жаңа қырынан тануға себепкер болуда. Болмысы дара қазағымыздың ұлы перзенті Қ.Сәтбаевтың есімі мен ісі елімізбен бірге жасап келеді. Сондықтан 12 сәуірді жыл сайын Ғылыми қызметкерлер күні деп атап өтіп жүргеніміздің де өзіндік мәнісі бар, – деді университет ректоры, профессор Тахир Балықбаев.
Баяндамада еңбек жолын ұстаздықпен бастаған Қаныштың Алаш ардақтыларының тапсырмасымен 1924 жылы Омскіде студент болып жүрген кезде «Алгебра» оқулығын жазғаны айтылды. «Қазір оны қарасаңыздар, сол кездегі студенттің жазған оқулығы емес, кәдімгідей 300 беттік, әлі күнге дейін оқуға тұрарлық, үлкен кәсіби еңбек. Жиырмаға толар-толмастан, ұлт азаттық алаш қозғалысына тартылған қазақтан шыққан тұңғыш академик, ғалым Қаныш Сәтбаевтың студент кезінде-ақ үлкен-үлкен кітаптар жазуы бүгінгі жастарға кәдімгідей үлгі-өнеге» деді Т.Оспанов.
Ұлттық ғылым акаде­миясының президенті Мұрат Жұрынов Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына тоқтала келе: «Қазақстан ғылымы Ресейден кейінгі үшінші орында тұр. Бұл – біз үшін үлкен баға. Егер Қаныш Сәтбаев Ресейде туылса, онда міндетті түрде Социалисттік Еңбек ері болар еді. Егер Қаныш Сәтбаев Батыс Еуропада туылса, онда Нобель сыйлығының иегері атанар еді. Оның Қазақ елі үшін істеген басқа да сан-салалы қызметтері – біз үшін баға жетпес байлық. Ұлы ғалым болған соң артынан қызғаныш та қатар жүретіні белгілі. 1952 жылы оны орнынан алған кезде Академиядан шығару үшін үш түрлі айып тағылып, Академияның президенті қызметінен босатты, қудалады» деді.
Шара барысында ҚР ҰҒА академигі, Сәтбаев атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Бей­сенова, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Тарихи мұрағаттар орталығы бөлімінің бас маманы, сәтбаевтанушы Н.Ниретина, Қ.Сәтбаевтың тарихи мұралары орталығының бас ғылыми қызметкері А.Өмірбеков, Қ.Сәтбаев музейі директорының орынбасары Н.Жармағамбетов тұшымды ойларын ортаға салды. Жиын­да филология және көптілді білім беру институтының студенттері өлеңдерін оқып, көрермен көңілін бір серпілтті.
Академиктің ұрпақтары, ғалымдар: Ә.Жармағам­бетова, Н.Жармағамбетов, Е.Батырбеков, Е.Нұрланұлы және т.б. кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Жиын соңында жұртшылық Қ.Сәтбаев тұтынған заттардан жинақталған шағын көрмені тамашалады.

Әсел НАЗАРАЛЫ,
«Ұлы даланың тұлғалары»
орталығының қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.