Ауылдың абыройын асырған

Суретте: сол жақта Бейсенбек Ақылбеков

Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданына қарасты Құттықожа аталатын ауыл – атына заты сай елді мекен. Өзі Қаратау жотасының бөктерінде. Төңіректе Ақүйік өзені. Аз-маз суармалы егістік жері бар. Негізінен мал өсіруге ыңғайлы аймақ. Шалғия кеніші де бұл жерден алыс емес. Бір сөзбен айтқанда, адамға да, малға да таптырмас шұрайлы өңір.
Асыл топырақтан елге танымал талай азаматтар түлеп ұшты. Олардың ішінде әртүрлі мамандық иелері бар. Көбісі еліміздің әр түпкірінде жемісті қызмет атқаруда. Туған жер қашан да ыстық. Содан да шығар түлектердің ішінде ауылға ат ізін салмайтындар некен-саяқ. Әнебір жылы белгілі әнші-композитор, Мәдениет қайраткері Дүйсенхан Сыздықов келіп, ауылдастарын үлкен қуанышқа кенелтті. Сол жолы «Құттықожа – құт мекенім» атты өмірге жаңа келген әннің тұсаукесерін өткізді. Ол концертке танымал өнер дүлдүлі Роза Рымбаевадан бастап, халыққа белгілі өнер жұлдыздары қатысты. Дүйсенханның тағы бір жақсылығы – ауылдың кіре-беріс жеріне «Құттықожа ауылы» белгісін орнатуға ұйытқы болып, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алды.

Түлектер дегеннен шығады, кезінде осы ауылдың іргесі мықты болып, заманнан қалыспай өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан ардақты азаматтар болды. Солардың бірі – Бейсенбек Ақылбеков еді.
Құттықожа ауылы бір кездері Ленин атындағы колхоз аталды. Бейсекең шаруашылықта есепшіліктен бастап колхоз төрағасына дейінгі қызығы да, шыжығы да мол күрделі жолдан өтті. Соғыстан кейінгі жылдар белгілі ғой. Елдің еңсесі тіктеле қоймаған. Қиындық та, кедергілер де жетерлік. Адам күші аз. Бұғанасы қата қоймаған балалардың өзі балалық шақ дегенді ұмытып, ауыр еңбекке араласты. Солардың ішінде қатарластарымен бірге Бейсенбек те жүрді.
Еңбек – бұл отбасында ең қастерлі ұғым саналады. Ата-ана перзенттеріне алдымен еңбекті, адалдықты үлгі етті. Бейсенбектің әкесі Ақылбек адал да қажырлы еңбегімен ауыл-аймаққа танылған азамат еді. Техникаға бала жастан үйір болып, ақырында трактор-машинаның білгірі атанды. Соғысқа бармай, елде қалуына да техниканы біліктілікпен меңгергендігі себеп болды. Әйтпегенде құрдастарымен бірге қолына қару алып, туған Отанын басқыншы жаудан қорғауды жігіттік парызы санаған. Алайда ауданды басқарып отырғандар оның іскерлігін әрі сирек мамандықтың иесі екенін ескеріп, тылда қалдыруды жөн санады.
Ақылбек – ауылдағы алғашқы трактор жүргізуші, сонымен қатар тұңғыш трактор жөндеу стансасын ұйымдастырушы. Егерде Жаңақорған аудандық газетінің отызыншы жылдардағы тігінділерін ақтара қалсаңыз, ол жайлы жазылған материалдарды тез-ақ ұшырата аласыз.
Еңбектің қадірін білетін әкеден тәлім-тәрбие алған баланың өз міндетін адал атқармауына, биік деңгейден көрінбеуіне, абырой мен адамдықты серік етпеуіне ешқандай да хақысы жоқ еді. Нәтижесінде солай болды да. Тиянақтылығы, адамдармен тіл табыса білетіндігі, ұйымдастырушылық қабілеті жауапты қызметтердің тізгінін ұстауға негіз болды. Кешегі кеңес жылдарында фермаларды, бөлімшелерді басқару ісі әркімге жүктеле бермейтін. Олар шаруашылықтың басты, негізгі буындары саналды. Сол себепті ондай ұжымдарды басқаруға талапшыл, мінезді, жігерлі азаматтар жіберілді. Әлгі қасиеттер Бейсенбектің бойынан табылатын. «Красная звезда», «Төменарық» кеңшарларының фермаларын басқарғанда да абырой биігінен көрінді. Әсіресе қарапайым малшы қауымының мұң-мұқтаждарына, талап-тілектеріне ерекше көңіл бөліп, түйінді мәселелердің дер кезінде шешілуіне назар аударды. «Байкенже» бөлімшесіне жетекшілік еткен жылдары ол басқарған ұжым облысты айтпағанда республика көлемінде бірнеше рет жүлдегер атанып, қомақты сыйлықтарға ие болды. Бір жылы сыйлық ретінде «Жигули» автокөлігін қанжығасына байлағаны бар.
«Бейсенбек ағамыздың «Байкенжеге» сіңір­ген еңбегі мол. «Байкенженің» бағын жан­дырды десе болғандай. Қазір бұл ауыл өсіп-өркен­деген. Үш жүздей отбасы түтін түтетіп отыр. Адамдардың дені жұмыспен қамтылған. Егін де, мал да, өндіріс те қатар дамуда. Осындай өрелі істің басында Бейсекең секілді еліне адал қызмет еткен азаматтардың тұрғанын үлкен-кіші жақсы біледі» дейді ынтымағы жарас­қан ауылдың көзі ашық, көкірегі ояу тұр­ғындары.
Елуінші жылдардың ортасында кеңес одағында өзгеше бір бастама көтерілді. Орта­лықта қызмет атқаратын кадрлар жергілікті жерлерге барып, жұмыс істеу керек болды. Осындай бастама жетегімен колхозға төраға болып Алматыдан Әбубәкір Молдағұлов келді. Бұл есім көпшілікке жақсы таныс. Кәдімгі атақты батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы.
Әбубәкір уақытында қазақтардың ең сауаттыларының бірі болған. Ақтөбедегі губерниялық кеңес-партия мектебін, Ташкентте оқу орнын бітірген.
Әбекең колхозға басшылыққа келгенде Бейсенбек төрағаның орынбасары еді. Екеуі алғашқы күннен-ақ ағалы-інілі жандардай жарасып кетті. Жаңа төрағаға ауыл шаруашылығы етене таныс емес. Ол кісінің кейінгі бітірген оқу орны Мәскеудің Әскери-көлік академия­сы. Сондықтан көбіне шаруашылық ісінде тәжірибесі мол Бейсенбекке сенім артып отырды. Бейсенбек болса жүктелген сенімді ақтай білді. Қандай жұмысты тапсырса да ұятқа қалдырмады. Әбекең ауданға барғанда іштарлық танытпай, басшыларға орынбасарын мақтап отырады екен: «Маған осындай азаматтың кездескені қандай жақсы болған. Жас болғанымен іскерлігі бірден көзге ұрып тұр. Өсетін жігіт. Болашағы мол» депті.
Екеуара бір отырыста Бейсенбек Әлияның қалай Молдағұлова болып жүргенін сұраған. Оның мәнісі мынау екен. Әлия анасынан ерте айырылады. Інісі Бағдат та көп ұзамай қайтыс болады. Содан әкесі сегіз жасар Әлияны нағашы ағасы Әбубәкірдің қолына тапсырады. Әбубәкір бұл кезде Түрксібтің №4 пайдалану аймағында қызмет істейді. Әлия мейірім шуағын осы үйден табады. Ол көп ұзамай әкесі Нұрмұханбеттен де көз жазып қалады. Әлияның өз ататегі емес, нағашысының тегіне жазылуының себебі көзі ашық, қолы ұзындау Әбубәкір жиенінің құжатын ол қалаға, өз қолына келген соң әзірлетсе керек.
Мәскеудің Әскери-көлік академиясына оқуға түскен Әбубәкірдің отбасы осында көшіп келеді де Әлия қаладағы №163 мектепке қабылданады. Кейін әскери академия Ле­нинградқа көшкенде Әлияның өмірі осы шаһарда жалғасады. Үш баласы, әйелі және туыстарымен тар үйде тұрып жатқандықтан Әбубәкір Әлияны бесінші сыныпты бітірген соң өз өтініші бойынша Балалар үйіне орналас­тырады.
– Соғыс басталғанда оқу орнымыз Ташкентке ауыстырылды. Біз де көшетін болдық. Алайда Әлияға қанша айтқанымызбен ол көнбеді. Ленинградта қалып, оқуын жалғастырғысы келді. Ар жағы белгілі ғой. Өз тілегімен майданға аттанды… – деген Әбекең көзін шылап алды.
Төраға аяқастынан Алматыға ауысатын болды да орнына жұрттың да, өзінің де көңілінен шығып жүрген Бейсенбекті қал­дырып кетті. «Басшылармен сөзіміз бір жерден шықты. Өзіңе олар да сенім артып отыр. Бәрі ойдағыдай болсын» деп жүректен шық­қан шынайы тілегін жеткізді. Обалы нешік, жауапкершілікті жақсы түсінетін азамат аудан басшыларының да, Әбекеңнің де сенімін ақтап, абыройлы қызмет етті.
Ол уақытқа тән ерекшелік – малшы қауы­мын мәдени-үгіт бригадасы аралайтын. Сондай үгіт бригадаларының бірін айтулы ақын, сүлейлердің соңғы тұяғы Манап Көкенов басқарып жүрді. Бейсенбекпен екеуі түйдей құрдас. Бұрыннан да таныс Манап ақын бұл басқаратын фермаға талай рет ат басын тіреген. Бөлімше аудандағы ең үздік ұжымдардың қатарында болды. Еңбек туы жиі желбіреді. Ондай кезде өнерпаздар да аттың басын осылай бұрып, шопан қауымына өнер көрсетеді. Ән шалқиды, күй төгіледі. Өнер иелерін бастап келетін Манап ақын еді. Терме-толғаудың бірінен соң бірін жалғастыратын ақын арасында суырыпсалмалық өнеріне салып, айналаны сүйсіндірер жыр шумақтарын да төге жөнелетін. Сол жырлардың бірқатары Бейсенбекке арналды:
Еңбек десе жанатын Бейсенбегім,
Адал болса азамат бір сен дедім.
Маңдай терің ақталып, омырауыңа,
Жұлдыз таққан сәтіңді көрсем дедім…
Бұл шын пейілден айтылған жүрек сөзі еді. Ақын жайдан-жай тебіренбесі анық. Жақсылықты, адамшылдықты, ерен іс-қимылды сезінгеннен кейін ғана көңіл толқиды. Сөйтіп ол өлең болып құйылады.
Негізі Бейсенбек атақ-даңққа қызыққан емес. Ата-анадан бойына сіңген қасиет – адал еңбек арқылы көпшіліктің алғысына кенелу. Төңіректегілер ісіне риза болып, жылы лебіздерін білдіріп жатса – міне, марапаттың ең үлкені осы. Әрдайым да осылай ой түйетін ауылының қадірлісі зейнет жасына шыққаннан кейін де о бастағы берік қағидасынан бір де айныған емес. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің тө­рағасы ретінде ауыл әкімімен бірлесе, түсі­нісе қызмет атқарып, әсіресе жастардың еңбек­сүй­гіш, отаншыл болып өсуіне өз үлесін қоса білді.
– Жастарға назары ерекше болды, – дейді Ахметжан Аятов – Олардың елдің ертеңі, болашағы екенін түсініп, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын. Клубта, мектепте өткен шаралардан бойын аулақ салған емес. Өмірден түйгендерін ортаға салып, тағлымды, тәлімді әңгіменің тиегін ағытып отыратын. Ол кісінің балалары да ауылдастары қызығарлықтай болып өсті. Сегіз баланың бірі мұғалім, бірі қаржыгер, бірі мал шаруашылығы қызметкері, енді бірі сауда саласының үздігі болып, жемісті еңбек етіп жүр.
Кезінде шаруашылықта бас есепші болып қызмет еткен, ауданның бүгінгі Құрметті аза­маты Мұзарап Махмұтұлы былайша сыр ақтарды:
– Бейсекең – жұртшылық мақтан тұтқан абзал ағамыз еді. Тәртіпті, тазалықты жақсы көретін. Айналасына қамқорлығы да ерекше болатын. Ел ішінде ауызбіршіліктің, татулықтың салтанат құрғанын жаны қалайтын. Ағайын арасындағы кейбір түйткілді мәселелерді байып­ты да байсалды сөздерімен шешіп отыратын. Бейсенбек секілді ел ардақтыларының қабілет-қарымы мен болмыс-бітімін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет-ақ. Бұл – аға буынның басты парызы деп санаймын.
Жүректен шыққан шынайы тілектерге алып-қосарымыз да жоқ. Азамат есімі ел жадында жайдан жай жүрмейтіні белгілі. Соңында қалдырған үлгі-өнегесі болған соң да – ұмы­тылмайды, есте сақталады. Біз де реті келіп тұрғаннан кейін асыл азамат жайлы жылы сөзімізді білдіруді жөн санадық.

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.