Білгесін айтамын…

Орынбекті бір көрген кісі болмысына қарап, басын шайқап таңғалады: «мынау өзі құнжың-құнжың етіп қалған немене?»деп. Білетіндер көргенше асығып, сөзіне құныға құлақ түріп, өзіне рақаттана қарайды. Ол –дүние есігін адал боп ашқан бір пенде. Шыр етіп жөргекке оралғаннан жалғыз аяқ соқпағын адалдықпен бастаған мүсәпір (пенденің бәрі мүсәпір). Сонан кейінгісінің бәрі Алланың ақ жолы. Мектепте кеудесіне жұлдызша таққан озат октябрят, мойнына алқызыл галстук байлаған алдыңғы қатарлы пионер, Ғани салған жолмен таза жүріп, таза тұрған комсомол, Коммунистік партия құрылысында партия үшін шыбын жанын қиуға даяр коммунист. Кеңес армиясы қатарында Қиыр Шығыста екі жыл Отан қорғаған жауынгер –қатардағы бес жауынгерге биіктен қараған ефрейтор атанды. Әскер қатарында жүріп, Коммунистік партияға мүшелікке өтті, ал мұндай сұңғылалар көп емес, саусақпен санарлықтай. Оның жазу тілі орысша шықты. Әскери округтің «Суворовский натиск» газетіне жауынгерлер өмірінен мақалалар жазып, штаттан тыс тілшісі болды. Оның жазуға деген құлшынысы да мылтық ұстап жүріп басталды. 

Ол – білімді азамат. Жетіден бастап, жетпіске дейінгі ғұмырында су-білімді құмырсқаша қыбырлап жүріп, санасына сіңірген зерде иесі.Құдай берген тазалығы мен білімдарлығының арқасында арқа сүйер тірегі – осы иіс алмас екі қасиетіне сеніп, өз Қаратауының шыңына шықты. Әскерден келгесін КазГу-дің журналис­тика факультетіне сырттай түсіп, күндізгі бөлімге ауысты. Бұл да қолынан келгеннің тірлігі, сынақ кітапшасы «5»- ке толы студент қана сырттан ішке еркін кіре алады. Соның бірі де бірегейі – осы Орынбек.
«Іштей» оқып, өзінің білімі мен білігін көрсетіп, көзге түсті. Қожекеев деген кірпияз деканның оң қабағына ілігіп, «тәуірлердің» қатарында аты аталды. Қоғамдық жұмыс десе жанып кететін сарабдал факультет партия ұйымы бюро­сы­ның мүшесі болды. Жолдыбаев деген «шағын сары» келе жатса бәріміз жапырылып жол береміз. Ол да кімнің кім екенін иісінен сезіп, алыстан танитын.
Орекең өмірінде бір-ақ рет «3» алды. Онда да қысқы сессияның кезінде тұмау­ратып жүріп, білмейтін сұраққа тап болды. Әйтпесе тәп- тәуір әзірленген. Сөйтіп, өмір мен «Философия» қарама-қайшылықта қалды. Бөлмеге келсем, етбетінен түсіп уһілеп жатыр.
– Ореке, не болды?
– Өмір қандай әділетсіз…
Ол күн-түн оқып, «3» алса, оқымаған менікі бір балл жоғары.
– Өмірде бәрі болады. Ертең мен де «3» аламын.
– Мен коммунист, сен комсомолсың ғой.
Әрине, коммунист сол қоғамдағы ең ілкімді адам, оның басқан ізіне дейін өзгелерге үлгі болу керек. Бірақ, бұл өмір емес пе? Өмірде бәрі болады. Адамның бәрі Маяковский мен Тихонов жазған «шеге- коммунист» емес, ал партия өмірдің өзі емес қой. Ұзамай өзіне-өзі келді, ол да қағылатын жерін біледі.
Орекеңмен екі жыл бір бөлмеде тұрдым. Жаңа КазГУ қалашығының екі адамдық бөлмесі, нағыз «дворяндар ұясы». Ойы сергек Орекең дүние шіркінге деген шын ықыласын сездіріп, «Қарашы, мынадай жерде тұрып сабақ оқымау деген күнә ғой. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген осы емес пе?» деп, заманның қамқорлығына риза пейілін білдіріп, айналасына рақаттана қарады. «Ыбырай Алтынсарин» деп авторын қосып қойдым. Өзімнен алты жас үлкен, өмір көрген – анасынан бір жасында айырылып, шешесінің шын бейнесін көз алдына елестете алмай жүрген зерделі азаматпен бірге тұрғанда талай құпияның сырына қанықтым. Балконда ышқынып гантель көтеріп, бұлшық етін шынықтырады, резеңке жіпті алқынып тартып, өзін-өзі аямайды. «Неге сонша жаныңды қинайсың?» десем, «Еркек отызға дейін өседі, үлгеріп қалуымыз керек қой» деп, резеңке жіпті серпи тартып секіргенде жарыс көріп отырғандай жаным рақаттанады.
Бір құмарым – оның партия билетін көру еді. Бір күні табиғи қажеттілікті өтейтін орынға кіріп кеткенде кәстөмдерін тінткілеп жүріп, алақандай қызыл билетті тауып алдым. Сыртына «Совет Одағы Коммунистік партиясы» деп жазылған, ішкі бетінде ұлы көсем Лениннің қолмен салынған түсі суық бейнесі, сосын жарнаға төленген ақша мен жарна алушының шимай қолтаңбасы. «Есіл ақша-ай!» деп тұрғанымда есіктен ытқып шығып, қызыл билетті қолымнан жұлып алды. Түсі бұзылып кетіпті. Ол – тазаның ішіндегі кірпиязы. Қызыл билетті аялай ұстап, «Сен өзің не істеп тұрғаныңды білесің бе?» деді. Сонан кейін таба алмайтын жерге тығып қойды.
Ол екі қоғамды бастан өткерді, екеуіне де қызметі адал. Арамдықты жаны жек көреді, бұ жалғаннан біреу адал аттанар болса, соның дәл өзі. Ақиқатты айтып тұрып, білімділігін алға салады. Оның білікті журналистің еңбек жолын талдаған «Ұзақ Бағаевтың шығармашылығы» деп аталған диплом жұмысының өзі кандидаттық диссертацияға пара-пар еді. Ақыры, «Академик Рахманқұл Бердібаев зерттеулеріндегі қазақ-түркі әдеби байланыстары» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды, со замандағы екінің бірі бұзып кіре алмас білім қамалын алды, түркі халықтары әдебиетін зерттеуші Рахманқұлды да, қара қазақты да ырза қылды.
Кентауға жақын Ащысайда туып, жас­тайынан орыспен араласып әрі әскерде ефрейтор боп бес жауынгердің екі аяғын бір етікке тыққан зерделі жігіттің орысшаға тілі сынық. Аударма жасап, А.М.Панкратованың « Қазақ КСР тарихы» кітабына байланысты ойларын, Н.С.Трубецкойдың «Орыс мәдениетіндегі тұран нышандары туралы» еңбегін, Рой Медведевтің көптеген тартымды мақалаларын қазақша сөйлетті. Осының бәрі зердесі мен қаламына қараған азамат еңбегінің жемісі емес пе?
Ол – тіл десе жанын шүберекке түйіп, шарқ ұрған журналист. Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан тұстағы «Еліміз тәуелсіз, тіліміз ше?..» атты мақаласы мен Әбіш Кекілбаевпен жүргізген «Мемлекеттік тіл қосалқы сипатта ғана жүзеге асуда» деген сұхбаты «арық атқа қамшы ауыр» боп, талайдың жүрегін дүрсілдетіп, қан қысымын көтерді. Шымыр айтылған шын сөзге уақыт бағасын бере бастады.
Орекең төбелессе де таза төбелесетін, шымыр денеде ұлттық намыстың ұшқын­дары шашырап тұратын. Бірде, аялдамада өзін биік ұстаған «ұлы халық» өкілінің қас-қағым сәтте ұнжырғасын түсіріп жіберді. Бұған жарты Алматы куә. Ол көкірек кергенді аямайды, көрік отын бір-ақ үрлеп, өшіріп тастайды. Сол жолы екеуміз атсалысқан жолай төбелестен кейін бетіндегі тырнақ ізімен сынақ тапсыруға барып, «5» алып қайтты. Аң-таң қалған оқытушы бет-аузы қызыл шимай біртүрлі бейнеге тесіле қарап отырып, білімін бағалап, «5» қойды. Бөлмеге келгесін бұлшық етіне риза көңілмен шұқшиған шымыр жігіт: «Өзі… экзаменге төбелесіп бару керек екен ғой» деп айтып қалды.
Ол – жұбайына сенімді серік, ұлағатты әке, ақ сақалын тарамдаған ата. Қосағы Бейсенкүлмен отау тіккенде күйеу жолдас боп Неке Сарайында куәлікке қол қойдым. Бейсенкүл бала жанын баураған дәрігер еді, ол қатар жүрген дос-жолдастардың кішкентайларын түгел өзі емдеп шықты. Бала түшкірсе Бейсенкүлге апаратынбыз. Халық емі мен медицинаны астастырған асыл әйел бала жанының бағбаны еді. Өмірден ерте кеткен қарапайым келіншек көңілімізде қол бұлғап тұр. Орекең сүйген жарын жайнамазға жығылған сайын Құранға қосып отырады. Дүниеден озғанына он жыл толғанда үлкен-кіші, алыс- жақынды жиып, ас берді. Бұл да таза жүректің тағылымы. Досы Ораз «Жақсы болса алғаның…» деп, Бейсенкүлдей қазақ әйелінің асыл қасиеттерін баспасөз бетінде сөз етсе, өзі «Ұрпақтарың ұмытпайды өзіңді» деп, жоқтау сөзін аға газетте жария етті. Жақсының көлеңкесі жанға сая. Бейсен­күл де әредік бәрімізге түс боп көрініп, жақсы ниетін білдіріп, тілеуін тілеп жүреді. Ол мәңгілік мекенінде де кішкен­тайларды емдеп жатыр.
Орекең кезінде атеист болатын. Заман солай еді. Қазір арамыздан жарып шыққан діндар, Мекке көрген қажы. Бірақ ол «партияны бүлдіріп кеп, дінді бүлдіруге келгендердің» сортынан емес. Тіні таза, құманын қолға ұстаған, дәреті уақтылы мұсылман баласы. Ол жан-жары қабырғаны қайыстырып қасынан аулақ кетіп, оған да зымырап он жыл өткенде ауылдағы жоқ-жітікке садақа берді. Өзі жеті ондыққа толған кезде осы ләзімін қайталамақшы. Құрбан айтта пітір беріп, жоқ-жітікті жебесе жан-дүниесі жеңілдейді. Ол осы қасиетіне қылау жұқтырмай келеді. Бір күнде бардан жоққа айналып жатқандар аз емес. Ол бәрін көңіл-көзімен көріп, кілт-кілт еткен таразы кірін тең ұстайтын бір пенде, «Бақара» сүресін баптап оқыған момын. Күнәһар емес, кімнің де болса бетіне жалтақтамай тура қарайды, көңілді аулап, жаманды жақсы деп сылап-сипай алмайтын Алпамыстың алғыр ұрпағы.
Бәріміздің мамандығымыз – журналист. Мамандығы мен кәсібіне адал, жетпіске жеткен Орынбек Жолдыбай — осы. Оның шаңырағында маздаған оттың ұшқыны жан-жаққа шашырап жатыр. Ол ұшқын – перзенттері мен атасын ат қып мінген немерелері. Тек Бейсенкүл жоқ, ол мәңгілік мекенінде Орынбектің әкелік асыл мұратқа адал екеніне имандай сеніп жатыр. Сол отқа әредік кеп дос-жолдастары да жылынып тұрады. Соның бірі – менмін. Жетпіске келіп, маздаған ошаққа алақанын қақтаған досымды көремін. Қуанышы сыртында, мұңы ішінде. Адам осы үшін жаралған жаратқанның біртүрлі сұлбасы дерсің.
Жақында «Жолдас болсаң жақсымен…» деген кітап шығарды. Бұл – өзінің жалған ғұмырдағы жан сыры, өлі мен тіріге берген бағасы. Орынбектің жан сырын бір адамдай білемін. Білгесін айтамын.
Жұма – оның тағатсыз күтер ұжмақ күні. Адам жас кезінде сабырсыз болады деген рас-ау, жұманы әркез тықырши күтеді. Мешітке барып, өлі мен тірінің алдында иіліп, тәу етеді. Тумысында иілуге жоқ қайсар тұлға Алланың алдында боз топырақты байқамай басып кеткен кезім болса «Кешір!» деп күбірлейді. Сөйтіп, жаны жадырап отбасына қайтады. Ұлы мен қызын, аттандап шапқан немересін көргенше асығады. Әне, асығып жүрер шалт адам құнжың-құнжың етіп кетіп барады. Рөлге отырып, мәшинесін оталдырды. Оған жаратқанның жолы ашық, жасылы жанып тұрады. Рөлді де таза қолмен ұстап, газды жәй басады. Өзгелерге жол береді. Алға озсам деп ойламайды, жанталасқандар-ақ оза шапсыншы деп кейін қала береді. Ол – өзгеге болсын деп туған инабат иесі. Болмашыға қызылкеңірдек боп қырқысқандардан аулақ жүреді, креслоға қызықпайды, менменсігеннің маңына жоламайды. Тұлабойы тап-таза, қашан көрсең қызға барардай үстіне қылау жұқтырмайды. Қоғамға осындай қанағатшыл адамдар керек-ақ.
Әнебіреу қызылға қарамай өтіп кетті. «Мүсәпір-ау, барар жерің белгілі ғой…» деп күбір ете қалды. Ол даусын көтермейді. Үнсіз айтқан сөзі ұрғаннан жаман.
Бұны да білгесін айтамын.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.