ЖЫР-ТАРИХТЫҢ БІЛГІРІ

Соңғы бір ғасырдың шеңберінде ұлттық фольклортанудың қалыптасу тарихы сан түрлі қайшылыққа толы өткелдерден өтіп, қазіргі даму үрдісінде бүкіл әлем таныған, өзге жұрттармен иық тіресетін дәрежеге көтерілгені мәлім. Оған көптеген айғақты дәлелдер келтіруге болады. Фольклорлық мұраларды, оның зерттелуін ХХ ғасырдың басына дейін патшалық цензура, кейін оның мұрагері кеңестік идеолгияның құрығы барынша булықтырып бақты, алайда толық  тұншықтыра алмады. Ол мүмкін де емес еді. Себебі әр дәуірдегі халық мұрасына қызығушылар, жинаушылар, жариялаушылар, зерттеушілер фольклортануға жаңа беттер қосып, біртұтас ұлттық фольклортануды қалыптастырды. Алайда ол көпұлтты кеңестік ғылымның бір тармағы болғандықтан, оның ұлттың болмысын, тарихилығын, көркемдік табиғатын  терең аша алмады. Қазақстанның жеке ел болып, дербестігін алуы  осы олқылықтардың орнын толтырып, фольклортанудың жаңа бағыт-бағдарларын белгілеп берді.

Атап айтқанда, ХХ ғасырдың 20-70-жылдарында халық әдебиетінің жиналуы, жүйеленуі, жариялануы, зерттелуі Ә.Диваев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Х.Дос­мұхамбетұлы, І.Жансүгірұлы, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұ­малиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, т.б. ұлт зиялыларының есімдерімен тығыз байланысты болса, кейінгі кезеңде Ы.Дүйсенбаев, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Б.Уақатов, Т.Сыдықов, О.Нұрмағамбетова, Е.Тұрсынов, Ш.Ыбыраев, З.Сейіт­жанов, А.Сейдімбек, Б.Абылқасымов, Б.Әзібаева, К.Матыжанов, Т.Қоңыратбаев, Ш.Керім, А.Пан­кереев, т.б. болып жалғаса беретін ғалымдардың бірнеше буын өкілдері бұл үрдісті дамытты. Міне, ел тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында фольклортану ғылымына С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, А.Сейдімбек сияқты көрнекті ғалымдардың бастамасымен халық мұрасына қатысты тың көзқарастары бар бір топ дарынды жастар келді. Солардың арасында бүгінде ел көлемінде есімі танылған, белгілі фольклортанушы, филология ғылымының докторы, профессор Берік Серікбайұлы Рақым да бар еді.
Ғалымның Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универси­тетінде қызмет еткен 30 жылдан астам атқарған ұстаздық кәсібі туралы көп біле бермегендіктен, оның бойындағы өзіме таныс бірнеше қырына қатысты аздап тоқталып кеткім келеді. Ширек ғасыр көлемінде мен білетін Берік Серікбайұлы – ең алдымен, зерттеуші, фольклортанушы ғалым. Оның алғашқы ізденуші ретіндегі қадамдарын еске түсірер болсақ, онда тоқсаныншы жылдардың басындағы ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі қуанышты сәттер, ғылымға берілген еркіндіктің тоқтамай ескен жылы лебі, жастардың ғылымға деген ерекше құлшынысы, ұлт руханиятына қатысты бекітіліп жатқан тың тақырыптар, қорғалып жатқан диссертациялық еңбектер бірінің артынан екіншісі тізбекетеліп ойға орала береді. Сол ғылымға талпынған жалынды жастардың сапында сәл бұйығылау, бірақ бірбеткейлеу, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, сол тұста белең алған саясат қуушыларға қосыла қоймайтын, ісі тындырымды жас талап Берік те жүрді. Алматыдан жырақтау Қарағандыда тұрып, университетте қызмет істеп жүрсе де қолы қалт еткенде астанаға келіп, уақытының көбін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет институтының қолжазбалар қоры мен Орталық ғылыми кітапханада өткізетін жігітті сырттай бақылап, көңілі толып, риза болып жүрген институттың Қолжазба және текстология орталығының жетекшісі, жас та болса білімділігімен таныла бастаған ғылым докторы Шәкір Ыбыраев Бекеңді шақырып алып, ақыл-кеңесін беріп, болашақ диссертациясының тақырыбын «Қазақстанда ХVІІІ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар» деген атаумен ұсынып, кейін оның ғылыми кеңесте бекітілгені көз алдымызда.
Жалпы тарихи жырлар – елдік пен егемендікті асқақ рухпен ғасырлар бойы паш етіп, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтап, үлгі етіп келген қазақ фольклорының арналы бір бөлігі болғанымен, кеңестік кезеңде оларды кең көлемде жариялауға, іргелі түрде зерттеуге шектеу қойылып келгені мәлім. Әсіресе, әр кезеңдерде қазақ даласын отарлау мақсатында келген сыртқы жауларға қарсы жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістер туралы жырланған халық туындыларын зерттеу мәселелері көтерілмеді десе де болады. Өйткені тарихи жырлардың кез келген үлгісі тәуелсіздік тақырыбына бағышталып, ел үшін еңіреген ерлердің еңбегі мен ерлігін дәріптеуді мұрат тұта отырып шығарылғаны кімге де болса түсінікті еді. Сондықтан қатал цензура қазақ халқының сан ғасырлық рухани мұрасының кеңестік идеология ұстанымдарына сай келуін қатаң бақылауға алып, осындай тыйым салушылық әрекеттерінің шырқау шыңына шықты. Алайда, әлемдік өркениет көшіне тәуелсіздік алған жылдары ғана кіріккен еліміздің тарихына, тіліне, мәдениеті мен әдебиетіне деген оң көзқарасы, қаржылай қолдауы осынау рухани жәдігерлерімізді толық жарыққа шығаруға мүмкіндік берген еді. Міне,Бәкең осы еркіндікті пайланып, халықтық тарихи жырлардың көркемдік қырларына терең мән беріп, монографиялық деңгейде алғаш зерттеушілердің бірі болды және 1993 жылы институттың диссертациялық кеңесінде осы тақырыпты сәтті қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін иемденіп, елдің фольклортанушы ғалымдарының сапына енді. Бұл пікірге көрнекті фольклортанушы, академик Р.Бердібайдың қоғау кезінде жұмысқа қатысты айтқан мына тұжырымы айқын дәлел болады: «Еңбекте тарихи жырлардың жиналуы мен зерттелуі, шығу тегі мен дамуы туралы терең тексерулер жүргізгендігін алдымен атағанымыз ләзім. Шындығына келсек, Б.Рақымов еңбегіндегі тарихи жырлардың пайда болу себептері, дәуірлік жағынан тұтастану көрсеткіштері мен эпикалық жырлардың тілдік ерекшеліктері алғашқы зерделі зерттеу болып отыр».
Ал Берік Серікбайұлының тарихи жырлардың келелі мәселерін көтерген іргелі зерттеулерінің бірі – докторлық дәреже алу үшін жазған «Тарихи эпос табиғаты: қазақ тарихи жырларының поэтикасы» атты монографиялық еңбегі. Ғалым бұл зерттеуде ХVІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы тарихи оқиғаларды қамтитын жырларды тұтас қарастырып, бұрын осы салада терең зерттелмеген күрделі мәселелерді көтеріп, олардың жан-жақты ашыл­уы­на назар аударды. Атап айтқанда, тарихи шығармаларды алдыңғы дәстүрлі көне эпостармен, батырлық жырлармен салғастыра зерттеп, ғылыми нысанның өзіндік ерекшелігін, өзге түркі халықтары мұраларымен өзара байланысын айқындауға қол жеткізді.Бұл ретте тарихи жырлардың болмыс-бітімін, жанрлық сипатын, көркемдік табиғатын, тұтастану, эпикалық кеңістік, уақыт, сюжет пен мотив, көркем образдарды жинақтау, сөз көркемдігі, өлең өрнегі, т.б. мәселелерді қамтып, терең зерделеу – еңбектің басты мақсаты болған және зерттеу барысында бұл толық шешімін тауып, бұрын айтылмаған тың нәтижелер ғылыми айналымға түсті. Әсіресе, халық туындыларында жиі кездесетін топонимдік атаулардың белгілі бір тарихи оқиғаларға, тұлғаларға байланыстырыла талдануы, деректермен салғастырылуы – ұлы дала тарихының да кейбір «ақтаңдақ» беттерінің ашылуына жол ашты.

Ел арасынан рухани мұраларды жинау, оларды жүйеге келтіру,  ұлттық сирек қорларға тапсыру жұмыстары да әр азаматтың қолына келе бермейтін қиын шаруаның санатына жатады. Халық әдебиетіне бала жасынан қызыққан Берік Серікбайұлы әлі күнге дейін ауыл аралап, ел жадында сақталған мұраларды хатқа түсіруден жалыққан емес. Оқытушылық қызметке  келісімен бұл жұмысқа студент жастарды да жұмылдырып, бүгінгі күнге дейін фольклорлық-практикалық экспедицияларға жетекшілік етіп келеді. Атап айтқанда, студенттер экспедицияларының тек тоқсаныншы жылдары ел ішінен жинап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырған әдеби мәтіндер жүздеп саналады (921-968; 1077-1088; 1148-бумалар). 

Зерттеуші осынау іргелі зерттеуді жазу барысында одан алынған әрбір ғылыми нәтижелерді студенттердің оқу бағдарламаларына енгізіп, тәжірибе жүзінде пайдаланып отырды. Мәселен, тоқсаныншы жылдардағы «Тарихи жырлардың методикасы», «Тарихи жырларды оқыту мәселелері», «Тарихи жырлардың зерттелуі», т.б. дәрістері бұдан бұрынғы оқу үдерісінде болмаған, оқытушының тың, өзіндік жаңа көзқарастарынан туындаған еді. Оның кейінгі жылдары да осы дәстүрді жалғастырып «Эпостану негіздері: қазақ халық әдебиеті, ауыз әдебиетінен эпостану саласына арналған көмекші оқу құралы» (2000), «Олжабай батыр: көмекші оқу құралы» (2003), «Ата мұра – асыл қазына. Оқулық» (2007), «Қазақ фольклорының тарихи негіздері» (2017) секілді оқу құралдары мен «Тарихи өлеңдер. Хрестоматия» (2007), «Жер шежіре. Хрестоматия» (Ж.Шекенмен бірге, (2006), «Қазақ тарихи жырлары» (оқулық хрестоматия)» (2009) сияқты хрестоматиялық оқулықтар жазып, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу бағдарламасын жаңғыртып отырғанын аңғаруға болады.
Бекең соңғы жылдары мектептердің тыныс-тіршілігіне де белсене араласып, Абайтану тақырыбынан дәрістер оқып жүргенін білеміз. Бұл бағытта да тер төгіп, қаламынан «Абайтану. Жалпы білім беретін орта мектептердің 11-сыныбына арналған оқулық» (Ж.С.Базылмен бірге, 2016), «Абайтану. Жалпы білім беретін орта мектептердің 10-сыныбына арналған оқулық» (Ж.С.Базылмен бірге, 2017),«Абайтану. Жалпы білім беретін орта мектептердің 9-сыныбына арналған оқулық» (Д.Мұратқызымен бірге, 2016) тәрізді оқулықтар туындағаны мәлім. Ал әдістемелік еңбектерінің орны бір бөлек. Олардың арасынан «Қазақ әдебиеті бойынша бақылау жұмысын жүргізуге арналған әдістемелік нұсқау» (1988), «Фольклор практикасы» (1989), «Фольклор практикасына әдістемелік нұсқау» (2007), «Қазақ халық әдебиеті» (2014), «Қазақ фольклорының тарихи негіздері (электронды оқулық)» (2018), т.б. әдістемелік нұсқаулықтарды атап өтуге болады.
Берік Серікбайұлының еңбекте­рімен толық таныса отырып, оның тынымсыз оқытушылық қызметін іргелі зерттеулермен қоса атқарып жүргеніне қызығып, айырықша еңбекқорлығына риза боласың. Зерттеулерінің арасында «Тарихи эпос табиғаты» (1999), «Қазақ батырлық жырларындағы ажарлаудың қызметі» (Б.М.Айтбаевамен бірге, 2014), «Қазақ жырларының поэтикасы» (2015), «Poetics of historical eposes (monograph) (2017) сынды монографиялық еңбектері тек республика шеңберінде ғана емес, алыс-жақын шетелдер ғалымдарының да назарына ілігіп, бағаланып келеді. Бұл зерделі зерттеулерде тарихи жырлар әр қырынан қарастырылып, осы салаға қатысты ең түйінді мәселелер көтерілсе, профессор А.Сейдімбек туралы жазылған «Алаштың Ақселеуі асқан асулар» (2012) монографиясында елімізге танымал тұлғаның жазушылық, журналистік, фольклортанушылық, этнограф, қоғам қайраткері ретіндегі бейнесі жан-жақты, дәйекті түрде талданып, оның ұлттық мәдениет пен ғалымдағы орны ғылыми тұжы­рымдалған.
Энциклопедиялық бағыттағы кітаптарды құрастырып, баспаға дайын­дау өте жоғары жауапкершілікті, аса зор біліктілікті, табандылықты талап ететіні баршаға мәлім. Бекең – осындай ауыр болса да сауапты істі атқарған санаулы ғалымдардың бірі. Бұл ретте оның жетекшілігімен басылым көрген «Сәкен Сейфуллин» (2010), «Қаз дауысты Қазыбек» (2011), «Бұқар жырау» (2011), «Қазыбек би» (2015) сияқты энциклопедиялық жинақтар, өзі құрастыруға қатысқан «Атамекен – Ақтүбек» (2011), «Ата қоныс – Атасу» (2015) секілді энциклопедиялық бағыттағы тарихи-танымдық кітаптар сөзімізге айқын дәлел болады. Бұл еңбектердің құрылымы, қамтылған деректік-құжаттық материалдардың ауқымы арнайы жеке мақаланы қажет етеді.
Ел арасынан рухани мұраларды жинау, оларды жүйеге келтіру, ұлттық сирек қорларға тапсыру жұмыстары да әр азаматтың қолына келе бермейтін қиын шаруаның санатына жатады. Халық әдебиетіне бала жасынан қызыққан Берік Серікбайұлы әлі күнге дейін ауыл аралап, ел жадында сақталған мұраларды хатқа түсіруден жалыққан емес. Оқытушылық қызметке келісімен бұл жұмысқа студент жас­тарды да жұмылдырып, бүгінгі күнге дейін фольклорлық-практикалық экспедицияларға жетекшілік етіп келеді. Атап айтқанда, студенттер экспедицияларының тек тоқсаныншы жылдары ел ішінен жинап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырған әдеби мәтіндер жүздеп саналады (921-968; 1077-1088; 1148-бумалар). Олардың арасында эпикалық жырлар, фольклордың шағын жанрлары, ғұрыптық, отбасылық, магиялық фольклордың түрлі үлгілері, ақын-жыраулардың, би-шешендердің, сал-серілердің, әнші-күйшілердің, жыршылардың шығармалары, мәдени-этнографиялық материалдар көптеп кездеседі. Бұл қолжазбалар ғылыми айналымға енгізіліп, көпшілігі 2004-2013 жылдары басылым көрген «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының қажетті томдарына кіргізілді. Сөйтіп, Бекең әлем оқырмандары құбылыс ретінде қабылдаған сүбелі еңбектің жарыққа шығуына да азаматтық үлесін қосты.
Біздің осы мақаламызда белгілі ғалым Берік Серікбайұлы Рақымның фольклортанушылық, халық мұрасын жинаудағы ерен еңбегіне ғана қысқаша шолу жасалды. Ал өмірінің өткелдеріне тереңірек мән берген адам оның өзіне ғана тән азаматтық қасиеттеріне қоса беделді басшы, білікті ұстаз, қаламы қарымды журналист, ұлт жанашыры – патриот ретіндегі тұлғасын айқын аңғаратыны анық. Ол отыз жылдан астам ғұмырын фольклортануға арнап, ғылымның осы саласының қарыштап дамуына өзіндік үлесін қосты. Әсіресе, тарихи жырларға қатысты жазған зерттеулері ұлттық фольклортануда тың, жаңа көзқарастар тұрғысында туындаған сүбелі еңбектердің қатарынан орын алды. Себебі кеңестік кезеңде бұл тақырып айырым мақалаларда, ұжымдық зерттеулердің тарауларында ғана көтерілгендіктен, ұлттық тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашып көрсететін халық жырларын тереңдетіп, біртұтас зерттеуге мүмкіндіктер болмаған еді. Сондықтан Берік Серікбайұлы ел Тәуелсіздігін алысымен осы тақырыпқа саналы түрде барып, нәтижелі еңбек еткен таңдаулы ғалымдардың ретінде қазақ фольклортану ғылымының тарихында қалатыны күмәнсіз. Бүгінде асқаралы белеске көтерілген әріптесіміздің қаламынан алда да келелі еңбектер туындай беретініне сеніміміз мол.

Тоқтар ӘЛБЕКОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және
текстология» ғылыми инновация
бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.