Қамқорлық аясында

Елімізде бірнеше жылдан бері студенттерді жатақханамен қамту өзекті мәселенің біріне айналып, күн өткен сайын сұраныс артып отыр. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды көздейді.
Іргетасы 2001 жылы қаланған Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің департамент директоры Роза Кәріпжановадан тәуелсіздіктен кейін бой көтерген оқу орнының студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жайында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде білдік.

– Роза Оспанқызы, Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырып, 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды міндеттеген еді. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілуде? Ауылдан білім қуып келген жастың сағы сынбай, білімін жалғастыруға жағдай жасалған ба?
– Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде«Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деп атап өтіп, нақты тапсырма берген болатын.
Жоғары оқу орындары мен колледж­дердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін ескере отырып, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті елімізде бірінші болып жатақхана салып, оны пайдалануға берді.
Университет өзінің құрылған күнінен бастап, мемлекетіміздің өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету бағытында жүргізіп отырған саясатын толығымен қолдау мақсатында, еліміздің өңірлерінен келген, әсіресе ауыл жастарының сапалы кәсіби білім алуы үшін барлық жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, толық емес отбасы және жетім балалардың білімін жетілдіру де басты назарымызда.
Университет студенттің алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін алыс өңірден, әсіресе ауылдан келген шәкірт­терге олардың сұранысын толық қамта­масыз ететін, заман талабына сай Студенттер үйін (жатақхана) салуға шешім қабылдаған еді.
2018 жылдың қыркүйек айында Студенттер үйі есігін айқара ашып, салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Жұмағұлов қатысып, жастардың қуанышына ортақтасып, игі тілектерін білдірді.
Студенттер үйі – жертөлесі, асханасы, мәжіліс залы, жастар ресурс орталығы, хореография, вокал, спортпен шұғылданатын, инженерлік-техникалық бөлмелері бар, жалпы аумағы 3000 шаршы метрден астам ғимараттан тұрады. Құрылыс 1963 жылы салынған бір қабатты ескі зертхананың орнынан бой түзеді, оның жобасын еліміздің алғаш құрылған жобалау институттарының бірі «KAZGOR» жобалау академиясы» ЖШС дайындаған. Ғимарат жобасы Қазақстан Республикасы заңнамалары талаптарына және ҚНмЕ (СНиП) сәйкес қабылданды.
– Оқу орнының материалдық-техникалық базасына тоқтала кетсеңіз?
– Қазақ инженерлік-техникалық университеті (ҚазИТУ) – сан емес, сапаға жұмыс істейтін, жоғары білікті, сұранысқа ие мамандар даярлап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына енген оқу орнының бірі. Уни­верси­тетте техникалық және ­тех­но­­логиялық мамандықтармен қатар, ауыл­ша­руа­шылығы, экономикалық және қызмет көрсету мамандықтары да даярланады.
Білім ордасындағы қай факультетті алсаңыз да, студенттерді жоғары білікті оқытушылар, ғылым докторлары мен профессорлар оқытады. Кәсіби маман шәкіртінің тілін таба біледі, сондықтан болар көптеген студенттің университет қабырғасында білім мен ғылымға деген құштарлығы оянып, білім алуға деген құлшынысы арта түседі.


Жан-жақты білім алулары үшін компьютер кластары жаңа қондырғылармен және бағдарламалармен қамтамасыз етілген, олар техникалық және ақпараттық бағытта түрлі оқу бағдарламаларымен еркін жұмыс істеуге университеттің барлық студенттеріне мүмкіндік береді. Университет аумағында тәлімгерлерге тегін Wi-Fi орнатылған.
Университеттің алғашқы құрылған күнінен бастап негізгі мақсаты – студенттерге сапалы білім беру. Сондықтан студенттер еліміздің жетекші кәсіпорын­дарында тағылымдамадан өтіп, зертха­налық жұмыстарын ғылыми-зерттеу мекемелерінде өткізеді. Белді ғалым­дардың жетекшілігімен жұмыс істеп, олар­дың бай тәжірибесін меңгеріп, ізбасары болуға бейімделеді, бұл өз кезе­гінде ғылыми-зерттеуді үзбей жүйелі түрде жалғастыруға таптырмас мүмкіндік.
Университеттің талапты да, білікті түлектері мен жоғары курс студенттерін жұмысқа орналастыру да жолға қойылған. Оқу жылының орта кезінде дайындығы жоғары жас мамандарға мүдделі компаниялар бос орындар туралы ұсыныс жолдап, болашақ инженерлермен алдын ала келісімшартқа отыра бастайды. Бүгінде университет түлектері еліміздің жетекші кәсіпорындарында белді қызметтер атқаруда.
Елбасы «Білім беру жүйесін үздік халықаралық стандарттарға сәйкес құру кезінде оқушылардың жағдайына және тұрғылықты жеріне назар аудару керек» деген еді, біздің университет осы міндетті абыроймен орындап, студенттердің алаңсыз білім алуына толық жағдай жасап отыр. Яғни білім берудің әлемдік деңгейіне өту барысында студенттердің өмір сүру жағдайы заман талабына сай болуы тиіс. Ал біз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететін боламыз.

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.