Бауыржан Момышұлы: Адал болмай, азаматпын демегін

(Жалғасы. Басы өткен санда)

– Қатты қателескен кезіңіз болды ма?
– ГУК-тың бастығы армия генералы Филипп Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада командирі болып баруды ұсынды.
– Мен дивизия командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада командирі болып бармаймын, – дедім Голиковке. Соғысты бітіріп, академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол, қарағым. Генералға тура осылай дедім.
– Онда корпус штабының бастығы болып барыңыз деді.
Бұл үлкен қызмет еді. Жаман ағаң ақылсыздық жасады, қарағым. Жарайды, рақмет деудің орнына Голиковке:
– Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта отырған емеспін, – дедім.
Голиков бетіме қарап отырды да:
– Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын тартасыз. Бара беріңіз, – деді.
Ағат кеткенімді артынан білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой, қарағым.
– Бұл қателіктен қандай сабақ алдыңыз, не түйдіңіз?
– «Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой. Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Осы қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді. Адамгершілік, азаматтық арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді. Өмірінің қатесін ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені оны мойындау қиын, өзгеге мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды айтып отырмын, қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да білсін. Бір адамның өмірі – мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп, жаманымнан жиренсін.
– Сіз өзіңізге сынмен қарайсыз ба?
– Өзіне өзі сынмен қарау – оңай іс емес. Өзінің қателерінен сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді. Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлдеқайда күшті.
– Өмірде не нәрсеге көз жеткіздіңіз?
– Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді… Менің көзім осыған жетті.
Ұзын бой қысқарады. Үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол – табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.
– Адамды не нәрсе бұзады?
– Адамды бұзатын не? Тағы да сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз, еркектер, бұзамыз.
– Расында, кезінде Сіздің замандастарыңыз, жалпы халқымыз арақтың кесірінен рухани құндылығынан айырыла жаздады емес пе? Халықты иманы мен тегінен айыру үшін арақты барынша пайдаланды. Біз әлі күнге дейін осының зардабын сезіп келеміз емес пе?..
– Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ – адамгерші­ліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ – адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.
– Сіз өтірік айтасыз ба?
– Мен өтірік айта алмаймын.
– Бір сөзіңізде адамды табиғат тәрбиелеп тұрған тәрізді депсіз…
– Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбыратпай тік жүруді үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайыңдар сені адалдық пен пәктікке шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім дегеннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және ұқтырады.
– Отаншылдық, Отан қорғау, патриотизм, ұлтты сүю… Осы ұғымдар жайлы Сіздің ұққаныңыз, түйсікке түйгеніңіз не?
– Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Өз ауы­лының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатас­тырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.
Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады. Кімде кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес. Намыскер емес адам – ерлік жасауға қабілетсіз. Ерлік – ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені, оның қо­лында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол тех­ни­каны тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
– «Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!»
Бұл қарт әкеңіздің Сізге берген батасы екен. Ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл болады дейді…
– Осы ақ батаны жүрегіме жазып алып мен кеттім. Әкемнің ақ батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін төбеме көтеріп келемін, қарағым.
– Сізден де бата сұраймыз…
– Адал болмай, азаматпын демегін. Ойран салсаң, ойлап салғын. Елін сүйген жауынгер ер болады. Жерге теріңді төксең, жеміске кенелесің.
Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! Барлық балғын­дарға ақ ниетпен ақ батамды беремін!

Ретроспективалық
сұхбатты дайындаған
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.