Түркітанушы

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – күллі түркі халық­та­ры­ның қасиетті «Қара шаңырағы» дей отырып, «Түркі өр­ке­ние­ті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны ұсынды. Осы жобаны қолға алмас бұрын бүгінге дейін түркітану ғылымында не істелді деген сұрақ туындайды. Қол жеткен табыстарымызды саралау болашақта істелетін зерттеу жұмыстарының мақсатын айқындау үшін қажет.
Әлемге танымал түркітанушы, филология ғылымының докторы, МГУ-дің профессоры Әмір Нәджіпұлы Нәджіптің 1978 жылы «Изучение истории тюркских языков в Казахстане» атты мақаласы жарияланды. Мақалада қазақтың танымал түркітанушы ғалымдарының еңбектерін саралай келе, шәкірті Б.Сағындықұлы зерттеулерінің құндылығын ашып көрсетіп, зор үміт артқан еді. Ұлы ғалымның еңбекқор шәкірті бола білген Берікбай Сағындықұлы ғылымға адалдығынан өмір бойы айныған емес. Ол ұстазының жетекшілігімен 1977 жылы «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазып, ойдағыдай қорғап шықты. Осыдан кейін жас ғалым орта ғасырлардағы бүкіл ескерткіштердің мәтіндерін терең меңгеруге кірісті, теориялық зерттеулерге ерекше ден қойды. Нәтижесінде ғылыми жұртшылықтың көңілінен шыққан ірі-ірі жаңалықтар ашты. Ашылған жаңалықтардың бастылары ретінде мына төмендегілерді атап көрсеткелі отырмыз.

Түркі тілдерінің аса ежелгі дәуірлерінде жіңішке дауыстылардың мүлдем болма­ғандығын айқындап, анықтап берді. Олардың барлығының да жуан дауыстылардан пайда болғандығын нақты фактілермен дәлелдеді. Мысалы, татлы сын есімінен қазіргі тәтті сын есімі туындаса, қол, орқаш, қары, ажа, ажым, бары, доңғалақ сөздерінен жіңішке айты­латын көл, өркеш, кәрі, әже, әжім, бәрі, дөңгелек сөздері пайда болған. Тілімізде жіңішке айтылатын қанша сөз болса, солар­дың барлығының да сонша жуан нұсқасы бар болып шықты. Мұның өзі қай жіңішке дауыс­тының қай жуан дауысты дыбыстан шық­қандығын пайымдауға толық мүмкіндік береді.
Түркі тілдерінің аса ежелгі дәуірлерінде жіңішке дауыстылардың болмағандығы сияқты, ұяң дауыссыз­дардың да мүлде болмағандығына Б.Сағындықұлы ғылыми жұртшы­лықтың көзін жеткізе алды. Фоне­тистердің зерттеулеріне көз салсақ, қатаңдар мен ұяңдар ежелгі дәуірлерден-ақ жарыса қолданылып келе жатқандай сезілетін. Ұяңдар бұрыннан бар ма еді, жоқ па еді деген мәселеге көңіл бөлінбейтін. Оның есесіне тіл-тілде қатаңнан ұяңның пайда болғандығы фонетикалық сөз варианттары арқылы белгілі болатын: тұз~дұз, тиірмен ~ диірмен, т.б.
Жуан дауыстылардың жіңішкеру, қатаң дауыссыздардың ұяңдану үдерісі бір мезгілде, бір дәуірде жүрді деуге толық негіз бар.
Әлемдік деңгейде алғанда тіл-тілде дыбыстардың шыққан тегіне, арғы тегіне (архетипіне), түпкі тегіне (прототипіне) жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келді. Жуан дауыстылардан жіңішке дауыстылардың пайда болу үдерісін анықтау барысында профессор Б.Сағындықұлы дауыстылардың шыққан тегін де, арғы тегін де, түпкі тегін де анықтай алды. Қоспасыз таза дыбысталатын созылыңқы у дауыстысы тарихи даму барысында қазақ тілінде бірте-бірте ұ, ы, і дауыс­тыларына айналған. Мысалы, тарихи жазба ескерткіштерде «жылқының алты айға дейінгі төлі» қулун түрінде таңбаланған. Қазір – құлын. Сонда аталған сөздің құрамындағы алғашқы у-дың ұ дауыстысына, соңғысы ы дауыстысына айналғандығын байқаймыз. у>ұ>ы формуласы пайда болды. Бұл құбылыс тұрақты түрде қайталанады. Ал қары сын есімі кәрі тұлғасында жіңішкергенде ы-дан і туындайды. Демек, і-нің шыққан тегі – ы, ы-ның шыққан тегі – ұ. ұ-ның шыққан тегі қоспасыз айтылатын, аса ежелгі у дауыстысы болып есептеледі. Бір ғана і дауыстысы үшін ы – шыққан тек, ұ – арғы тек, созылыңқы у – түпкі тек. Осылайша талдағанда түркі тілдерінде дауыстылардың бар болғаны үш қана түпкі тегі бар екендігі белгілі болды. Олар ٭А ٭У٭И.
Дауыссыздардың түпкі тегін табу дауыстылардың түпкі тегін табуға қарағанда әлдеқайда қиын. Мысалы, орысша «дорога» ұғымындағы «жол» сөзі оғыз, қарлұқ тілдерінде «йол», қыпшақ тілдерінде «джол-жол», алтай, чулым тілдерінде «тйол-дйол», тува, хақас, қарағас, шор тілдерінде «чол», қарашай-балқар тілінде «дзол-зол», якут тілінде «суол», чуваш тілінде «с’ул». Бір буыннан ғана тұратын бұл атаудың үшінші дыбысында мүлдем өзгеріс жоқ. Екінші дыбысындағы өзгеріс те елеусіз, болар-болмас: у~о. Айырмашылық тек бірінші дыбысында: й – дж – ж – тй – дй – ч – дз – з – с – с’. Бүкіл түркі тілдерінде ұшырасатын бұл айыр­­машылықтың арғы тегін (архетипін) табуға әлемнің ірі-ірі ғалымдары түгелге жуық қатысты. Ресейлік түркологтар В.В.Радлов пен В.А.Богородицкий сөз басындағы й~дж~ж~т ~д~ч~ш~с~з… сәйкестігінің архетипін й сонор дауыссызы деп есептеді. Шетелдік алтаистер мен түркологтар – Г.И Рамстедт дж аффрикатын, Н.Поппе – дз, И.Маркварт пен К.Г. Менгес жіңішке д’з’ аффрикатын, Г.Дерфер жалпы алтайлық д дауыссызын арғытек деп таныды. Бұл тұспалдардың қай-қайсысы да түркітанушыларды қанағаттандыра алмады. Кемшілігі көрсетіліп, сын айтылды. Жүз жылға жуық уақыт өтсе де, шиеленіскен жұмбақтың түйіні шешілмеді. Бұл мәселені белгілі ғалымдарымыздың бірі Б.Сағындықұлы ұзақ жылдар бойы зерттеді. Ең алдымен, ол жоғарыдағы аты аталған ғұламалардың бір ғана дауыссыз немесе бір ғана қарапайым аффрикат арғы тек (архетип) бола алады деген ұйғарымдарына шәк келтірді. Осы ретте тарихтың өн бойында қатаңдардың ұяңданғанымен, ұяңдардың қатаңдана алмайтын фонологиялық заңдылығын анықтады. Бұдан соң бүкіл дауыссыздардың арғы тегін (архетипін) ғана емес, түпкітектерін (прототиптерін) ашып, айқындауға кірісті. Тіл тарихында қарапайым ц (тс), ч (тш) қатаң аффрикаттарының фонологиялық жүгін арқалаған күрделі ٭Т [С/Ш] (ықшамдалған таңбасы ٭Ц ) аффрикаты болғандығын болжамдады. Бұл күрделі аффрикаттың уақыт өте келе қарапайым екі аффрикатқа ажырағанын дәлелдеді. Бұл пікіріне айғақ ретінде моңғол, тұңғыс-манчжур тілдеріндегі цецек, түркі тілдеріндегі чечек атауларын мысалға келтіреді. «Түрлі-түсті жұпар иісті гүл» деген бір ғана лексикалық мағына беретін әуелгі жалғыз тұлға, жоғарыда көрсетілгендей, екі тұлғаға айналады: ц~ч. Т (с/ш) аффрикатының алғашқы жапсары т элементі элизияға ұшырап түсіріліп айтылған соң қазақ тілінде үшінші форма – шешек тұлғасы өмірге келеді. Қысқасы ٭Т [С/Ш] күрделі африкатынан қазіргі заманғы т, с, ш, д, з, ж дыбыстары пайда болды. Түпкітек ٭Т [С/Ш] күрделі аффрикаты тілдерде өшіп кеткеннен кейін түркі тілдерінің шығыс хунь бұтағына қарапайым ц аффрикаты, түркі тілдерінің батыс хунь бұтағына қарапайым ч аффрикаты арғы тек (архетип) болып қала берді. Сонда сөз басындағы й~дж~ж~т~д~ч~ш~с~з… сәйкестігінің арғытектері қарапайым ц, ч қос аффрикаты екендігі анықталады. Бұл жайында Б.Сағындықұлы 1994 жылы «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап шықты. Осы диссертацияда х, һ, қ, к, ғ, г дыбыстарының түпкітегі ٭Һ екендігін, р, л сонорының түпкі тегі ٭Р, ал н, ң, м сонорының түпкі тегі ٭Н екендігін нақты фактілермен дәлелдеп берді. Қысқасы, дауыстылар үшін түпкітек (прототип) – ٭Ц, ٭Һ, ٭Р, ٭Н.
Соңғы жылдары Б.Сағындықұлы тіл білімінде аса ірі жаңалық ашты. Зерттеу барысында тіл-тілде фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік бөлшектермен дәрежелес, әлем тілдеріне ортақ, алайда біздің заманымызға дейін беймәлім болып, құпия сақталған тілдік бірлік (бөлшек) –түбіртек (архесилаб) бар екендігін анықтады. Фонемаға (дыбысқа) бөлінбейтін түбір, негіз, қосымша болмайтыны сияқты, тіл-тілде түбіртекке бөлінбейтін түбір, негіз, қосымша жоқ. Қандай дыбыстық комбинацияда тұрсын, түбіртек бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздың табиғи тіркесуінен тұрады да, я лексикалық, я грамматикалық мағына береді. Мағынасы анықталмаған жағдайда дауысты мен дауыссыздың жай тіркесі түбіртек болып есептелмейді. Қазіргі тілдерде түбіртектердің басым бөлігі бір сыңарын жоғалтып, жартыкештеніп, бір ғана дауыстыдан немесе бір ғана дауыссыздан тұратындықтан, басқаша айтқанда, толық формасын сақтамағандықтан, олар іс жүзінде арнайы зерттеушілерден басқа ешкімнің назарына түспейді. Бүкіл түбірлердің түп негізі, тегі болып есептелетіндіктен, жаңадан табылған тілдік бірлікке қазақ тілінде түбіртек деген атау берілген. Барлық лингвист ғалымдарға түсінікті болу үшін автор архесиллаб (ең ежелгі, ең алғашқы буын) деп аталатын терминді ұсынады. Тіл-тілдегі фонемалар қаншалықты ескі болса, түбіртектер де соншалықты ескі. Түбіртектерді тіл тарихының бүкіл өн бойында өмір сүрген десек, қателеспейміз. Қазақ тілінде де тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерден бері өмір сүріп келе жатқан түбіртектер бар. Мысалы, ақ (судың өз арнасымен төмен қарап жылжуы), ар (адамгершілік, ізгі қасиет), ін (жабайы аңдар жататын орын, үңгір), іс (жұмыс, қызмет, шаруа) тағы басқалар.
Тілімізде екі түбіртектің (кейде үш, төрт, түбіртектің) сіңісуі нәтижесінде пайда болған сөздер де біршама дәрежеде кездеседі. Мысалға жоғарыда аталған ақ түбіртегі мен етістіктен есім жасайтын ын түбіртегінің қосылуынан ағын сын есімі жасалған. «Соғу, сабау, тоқпақтау» мағынасындағы ұр етістігіне етістіктен есім жасайтын ыс түбіртегі кірігіп, ұрыс зат есімін тудырып тұр. Сондай-ақ өн+ім, ұл+ан, от+ан, ен+ші атаулары екі түбіртектен тұрса, үз+іл+іс, үг+ін+ді, үй+ін+ді үш түбіртектің жиынтығынан жасалған. Бұларға да көненің көзі ретінде қарауға болады. Бұл жерде атап көрсететін бір жайт, түбіртекті әр тілдің өз мамандары ғана аша алады. Жоғарыда келтірілген тілдік фактілер түбіртектердің бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұра алатындығына толық дәлел бола алады. Алайда тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде қалыптасқан түбіртектер біздің заманымызға сан алуан фонетикалық, морфологиялық, семантикалық өзгерістерге ұшырап, алғашқы тұлғасын, қалып-пішінін жоғалтып барып жетіп отыр. Алғашқы тілдік формалардың қалып-пішінін бұрынғы қалпына келтірмейінше, әрбір өзгерістің, даму эволюциясының бүкіл сыр-сипатын анықтап алмайынша, түбіртектердің болмысын, табиғатын түсіну тіпті мүмкін емес. Аса ежелгі дәуірлерден келіп жеткен жазба ескерткіштер атымен жоқ. Осы жағдайда белгісізді белгілі ету, ашылмағанды ашу, шешілмегенді шешу үшін зерттеудің әртүрлі жаңа әдістері мен жаңа тәсілдерін пайдалануға тура келеді. Тығырықтан шығу жолдарын профессор Б.Сағындықұлы негізін қалаған Силлабология ілімі өмірге әкеліп отыр. Бұл терминді де автордың өзі ұсынған. Силлаб ағылшын тілінде «буын» деген ұғымда жұмсалады. Ал логос деген сөздің «ілім» семантикасына ие екендігі жалпы көпшілікке белгілі. Сонда Силлабология «Буын ілімі» деген терминдік мағынада әлемдік лингвистиканың жаңа да тың саласының атауы болып шығады. Силлабо­ло­гияның негізгі нысаны (обьектісі) – жоғарыда атап өткеніміздей, архесиллаб (түбіртек). Архесиллаб – фонемадан үлкен, морфемадан кіші тілдік бөлшек. Осыған орай, силлабо­логия фонология мен мен морфология ілімдерінің аралығынан орын алады. Ілім ретінде тізбектесек, фонология, силлабология, морфология, лексикология, фразеология, диалектология, семасиология, т.б.
Силлабология ілімінің негізін қалаушы профессор, филология ғылымының докторы Б.Сағындықұлы қазір «Силлабология негіздері» деп аталатын монографиясын жазу үстінде. Бұл еңбек қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баспадан жарық көрген жағдайда архесиллаб ұғымы екінің біріне түсінікті болады. Жаңа ілімнің ілгері дамуына әлемдегі ірі-ірі лингвистердің ат салысатындығына ешқандай күмәніміз жоқ.
Түбіртектерді (архесиллабтарды) сөз құрамынан айырып-ажыратуда, олардың ежелгі бітім-пішінін анықтауда кездесетін кедергілер өте көп. Әсіресе, үнемдеу, сіңісу, жылысу, ығысу, метатеза, флекция құбылыстары сияқты сан алуан тілдік факторлар белгілі бір сөздің, грамматикалық тұлғалардың әдепкі формаларын адам танығысыздай етіп өзгертіп жібереді. Жаңалық авторы өзгерістерді бұрынғы қалпына қалай келтіруге болатындығын 2011 жылы «Қазақ университеті» баспасы шығарған «Қазақ тілі тарихы» атты монографиялық еңбегінде әлденеше әдістер мен тәсілдер негізінде тәптіштеп толық түсіндіреді. Біз ғалымның ғылыми жаңалықтарының бір бөлігін ғана әңгіме еттік. Зерттеушінің барлық еңбегімен танысқан кез келген тілші-маман олардың қай-қайсысының да жаңалыққа толы екендігін байқай алады.
Б.Сағындықұлы орта ғасырлық жазба мұраларды, тіл тарихын індете зерттеудің тұтас әдіснамалық негізін қалыптастырды. Жүздеген ғалым шәкірт тәрбиеледі. Түрколог-ғалымның ғылыми мектебінің тамыры терең, болашағы зор. Аға ғалымға зор денсаулық тілей отырып, шәкірттеріңізбен мың жасаңыз дегіміз келеді.

Мұрат САБЫР,
филология ғылымының
докторы, профессор

Бақытгүл ҚҰЛЖАНОВА,
филология ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.