Өнерімен тамсандырған «Айгүл»

Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театрландырылған бейне қойылыммен ашылды. Онда өнер ұжымының құрылу тарихы, даму кезеңдері мен шығармашылығы кеңінен баяндалған.
Мерейтойлық кештің ресми бөлі­мінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Мұхаме­диұлының, Алматы қаласы­ның әкімі Б.Байбектің құттықтау хаттары оқылды. Сонымен қатар шарада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы және т.б. мерейтойлық лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова көзі­қарақты көпшілік «қазақ қыздарының парасат мектебі» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосқанын кеңінен атап өте келе: «Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани өзегі, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен төл тарихымен, бай мәдениетімен ерекшеленбек. Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазіргі күнде де аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бұл тағылымды дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісі деп ойлаймын. Талай жастың шабытын жанып, одан әрі ұштай түскен «Айгүл» алдағы уақытта да ұлт мәдениеті керегесінің кеңеюіне қызмет ететініне сенімдімін» деген ойын жеткізді.
Кеш барысында ансамблдің шоқтығы биік әндері орындалып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында «Тек қана қыздар», «Гүлдерайым», «Қаракөзайым», «Су тасушы қыз», «Алматының алмасы», «Бәрінен де сен сұлу», «Қазақтың ару қыздары» сынды туындылар бар.
Сондай-ақ концертте Қыздар университетінің студенттерінен құралған «Томирис» би ансамблі де өз өнерін ортаға салып, «Сән әлемі» орталығында дайындалған қазақ киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Алматы аспанын әнге бөлеген кеш «Айгүлдің» жаңа құрамының орын­дауын­дағы «Жас­тар» әнімен аяқталды.
Қыздар университетінің 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді. Альбомға ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 шығармасы енгізілді. Олардың қатарында «Қазақтың ару қыздары», «Үшқоңыр», «Тек қана қыздар», «Ардақты ұстаз», «Толағай», «Су тасушы қыз», «Жетісу» және «Өз елім» сынды танымал әндер мен Нұртуғанның «Қанеки, тілім, сөйлеші» атты термесі бар.
Жарты ғасыр бойы тыңдармандарын сырлы да әсем әндерімен қуантып келе жатқан ансамбль бүгінде де өз биігінен түспей, шығармашылық ізденіс үстінде. Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып, репертуары жаңа әндермен толықтырылды. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі «айгүлдіктердің» басты мақсаты. Уақыт талабына сай жанданып, өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамбліне биыл 50 жыл толып отыр. Бұл – өткенге көз тастап, болашақты бағдарлайтын уақыт.

Жандар АСАН,
Баспасөз және қоғаммен байланыс
бөлімінің басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.