Шәкәрім домбырасы музей қорына тапсырылды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне Шәкәрім Құдайбер­діұлының домбырасын салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді. 

Шараны қазақтың дәстүрлі және халық әндерін кеңінен насихаттап жүрген дарынды әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Абай мен Шәкәрім әндерін орындаушы Ерлан Рысқали жүргізді.
Кештің шымылдығы Талғат Әбуға­зы­ның орындауындағы Шәкәрім­нің «23 жасымда» әнімен ашылды. Кеш барысында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айнұр Жұмақадыр «Тыныштық жоқ, тыным жоқ», ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржан Жанпейісов «Ең қызық жастық», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», сонымен қатар күйші Мұрат Әбуғазы Шәкәрімнің күйі «Май түні», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман «Сұраған жанға Сәлем айт», «Қорқыт. Қожа. Хафиз» әндерін орындады. Ерлан Рысқали Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» әнімен кештің концерттік бөлімін аяқтап, Медғат Құлжанов аспапты музейге салтанатты түрде табыстады.
Шәкәрім қажының домбырасы ұзақ жылдар бойы қазақ руханияты­ның жанашыры, меценат Медғат Құлжановтың қолында сақталып келді. Медғат Кәрімұлына бұл домбыра әкесінен қалған. Ол кісіге өз кезегінде Шәкәрімнің ұлы Ахат табыстаған. Әкеден жеткен құнды мұраны Медғат Құлжанов көзінің қарашығындай қорып келген. Аспап екі ішекті, он үш пернелі. Тұтас ағаштан шауып жасалған. Дыбыс ойығы үш бұрыш формасында. Шебері мен нақты жасалған уақыты белгісіз.
Философ, ақын Шәкәрім Құдай­бердіұлы Абайдың ізбасар інісі ретінде, реалистік әдебиет дәстүрлерін дамытушы қайраткер тұлға ретінде белгілі. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көрсетуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына жол көрсетуде Абай жолын ұстанды. Қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сипатты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туған.

Қуаныш КҮЛЕШ,
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар
музейінің ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.