Архив мамандары қажет

Қай мемлекет болмасын, өзінің архив ісін маңызды салалардың бірі санайды. Бұл орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы атап көрсетілген «Архив – 2025» бағдарламасын әзірлеу бастамасы еліміздегі архив ісінің дамуына жаңа серпіліс алып келгені сөзсіз. 

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы архив құжаттарын тек жинақтап қана қой­май, барлық зерттеушілер мен іздену­шілерге қолжетімді болуы үшін оларды цифрлы фор­матқа көшіруді тапсырды. Цифрландыру жүйе­сінің архив саласындағы мамандарға уақыт үнем­деуге, құжаттарды сақтауға, сұраныс беруші­лерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор. Мәселен, бір құжат күніне 5-6 рет сұра­ным­ға түсетін уақыттар болады. Ол кезде архи­вист кі­тапты сөгіп, арасындағы құжатты алып, көшір­ме­сін жасап, қайта қорға өткізеді. Қаншама жылдан бері сақтауда тұрған құжаттарды күнде­лік­ті ақтара бергесін тозады, мәтіні өшеді, тіпті қағаз­дың күйреп кететіні де бар. Ал сандық жүйеге қосыл­ған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қол­данғанда кітапты сөгіп әуре болмайды, 1 ми­нутта 150-180 парақты цифрлы көшіріп беруге болады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарла­масы республикамызда 2017 жылы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарлама халықтың цифрлық сауатты­лығын арттыруды және шалғайда­ғы елді мекендерде 2022 жылға дейін интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Цифрлы экономиканы білімді және жоғары білікті мамандарсыз қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда ІТ мамандар бар дегенімізбен, архивтің ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұны мен құрамын толықтай меңгерген цифрландыру процесін игере алатын ІТ мамандар жеткіліксіз.
Архив ісі және құжаттама департаментінің директоры Әлия Мұстафинаның айтуынша, Қазақстанда архив саласында шамамен 3000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді және солардың 3 пайызы ғана «Архив ісі, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығын тәмамдағандар екен. Қазақстанда жалғыз архив ісі мамандарын даярлайтын оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Жыл сайын «Архив ісі, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығына бакалаврға – 25, магистратураға – 10 білім гранты бөлінеді және соңғы жылдары докторантураның ашылғанымен оған тапсырушылар аз екені белгілі. Бұл кәсіби даярланған мамандардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сол себепті елімізде архив ісі саласында ІТ мамандар даярлайтын мамандық ашу керек. Ал жаңа заманауи техникалық құралдарға қолжетімді болған жағдайда оны игеру, қолданысқа пайдалану, автоматты түрге көшіру, цифрландыру жұмысын бірыңғай ақпараттық жүйеге бейімделе құру – екінші мәселе. Сонымен қатар архив саласына цифрландыруды жүргізуге заманауи талаптарға сай техникалық жабдықтар қажет, ол үшін цифр­ландыруда мемлекеттік тұрғыда қаржыландыру мәселесі қолдау табуы тиіс.

Арслан Амангелді,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ магистранты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.