ЭНДШПИЛЬДЕГІ НӘЗІК ИІРІМДЕР

«Кемеге» тіркелген «піл» «ханды» қолға түсірді

Астанада шахматтан командалық Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 14 елінен 10 ерлер және 10 әйелдер командалары чемпион атану үшін тартысқа түскен сайыс­ты Азия, Еуропа және Солтүстік Америка құрлығынан кем дегенде 30 миллионнан астам адам тамашалады. Ал онлайн көрсетілім бойынша көрермендердің саны тым көп болды.
Қазақстан, Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Иран, АҚШ, Египет, Швеция, Англия, Үндістан, Украина, Грузия, Венгрия, Армения мемлекеттерінен келген шахматшылар Астанадағы шаршы тақтада өз өнерлерін ортаға салды. Елімізде алғаш рет өткен дүбірлі сайыс 12 күнге жалғасты. Жалпы, Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) бекіткен шахматтан командалық жарыс сонау 1985 жылдан бері әрбір төрт жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұдан 34 жыл бұрын Швейцарияның Люцерн қаласында алғаш өткізілген сайыстың нәтижесінде құрамында Анатолий Карпов, Артур Юсупов, Рафаэль Вага­нян, Андрей Соколов, Александр Белявский, Василий Смыслов, Александр Чернин, Лев Полугаевский сынды кілең жұлдыздардан құралған азулы КСРО құрамасы чемпион атанған болатын. КСРО құрамасы арада 4 жыл салып тағы да Люцерн қаласында өткен турнирде топ жарды. Бұл сында құрамада өзгеріс еніп, Василий Иванчук, Михаил Гуревич және Яан Эльвест сияқты жас дарындар бұрынғы одақтың құрамына еніп жеңімпаз атануға мол үлесін қосты.

Швейцарияның бұл көрікті қаласы командалық әлем біріншілігін 1997 жылға дейін қабылдады. Бұдан кейін бұл дүбірлі дода әлемнің әр қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Астана ТМД мемлекеттері арасында Ереван (Армения, 2001 жыл), Цахкадзор (Армения, 2015 жыл), Ханты-Мансийск (Ресей, 2019 жыл) қаласынан кейін бұл біріншілікті өткізген төртінші шаһар. Ал әйелдер арасындағы жарыс 2007 жылы бастау алған. 2013 жылы Астанада нәзік жандылар арасында IV командалық әлем біріншілігін өткізілген. Сол бәсекеде Екатерина Лагно, Анна Ушенина, Мария Музычук, Наталья Жукова, Инна Яновская бастаған украин қыздары жоғары сатыдан көрінді.
Бұл чемпионатқа Қазақстан құрамасы тыңғылықты дайындалды. Өйткені ең бастысы ерлер арасында мемлекетімізде тұңғыш рет өткізілген чемпионатқа ел намысын ерлер арасында Ринат Жұмабаев (ФИДЕ рейтингісі бойынша 2609 ұпай жинаған), Әнуар Исмағамбетов (2545), Мұртас Қажығалиев (2587), Денис Махнев (2476), Петр Костенко (2466) қорғады. Ал әйелдер арасында Жансая Әбдімәлік (2469), Динара Сәдуақасова (2462), Бибісара Асаубаева (2374), Гүлісхан Нахбаева (2295), Гүлмира Дәулетова (2263) сынға түсті.


Жарыстың алғашқы турнирінде Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович Екатерина Лагно (Ресей) мен Жансая Әбдімәліктің (Қазақстан) тақтасында ең маңызды шахмат оқиғасының басталуының символы болып саналатын алғашқы жүріс жасады. Әбдімәлік-Лагно ойын партиясы әйелдер арасында бірінші раундтың негізгі ойыны деп жарияланды. Аталмыш партия өте тартысты дәрежеде өрбіді. Биылғы жылдың басында 19 жасқа толған қазақстандық шахматшы қыз қарсыласының алдын орап, қарамен бастаманы өз қолына алған болатын. Позициясын аздап жақсартқан Жансаяның жеңуге мүмкіндігі бар еді, алайда уақыты жетпей, сағатты тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, нөмірі бірінші тақтада ойнаған алматылық ару азулы қарсыласынан ұтылып қалды. Әрине, ұтылуға себеп бар еді. 2559 рейтингісімен орыс қыздары арасында ілгері тұрған Екатерина Лагно жерлесімізден 90 бал бойынша жоғары тұрғанынан бөлек, көптеген халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып жүрген тәжірибелі шахматшы екендігін де ұмытпағанымыз жөн. Бұдан кейін Александр Горячкина (2504) Гүлісхан Нахбаеваны ұтып кетті. Есеп 0:2 болып, жеңіс ресейлік команданың пайдасына шешілді. Екінші тақтада Динара Сәдуақасова әлемнің экс-чемпионы Александра Костенюкпен (2545) болған кездесуін тең ойынмен аяқтады. Бұл турнирдің кішігірім сенсациясынан бағаланды. Ал команданың дебютанты Бибісара Асаубаева қара түспен ресейлік Валентина Гунинаға (2515) қарсы ойнады. Ресейлік азулы қарсыласы Бибісараның позициясына үлкен қауіп тудырды. Мамандардың көпшілігі жеңісті сөзсіз Валентинаға беріп отырғанда, Бибісара күтпеген жерден уәзірін құрбандыққа шалды. Ең күшті тасын жоғалтқанына қарамастан тақтада берік бекініс құрып, тең нәтижеге қол жеткізе білді. Бұл да бір үлкен ерлік деуге болады. Өйткені Бибісараның позициясында тіпті кәсіпқой шахматшылардың өздері ұтылып қалатыны сөзсіз еді. Айтпақшы, дарынды шахматшы қыз таяуда Қазақстан азаматтығын қайтадан қабылдаған. Соңғы екі жыл бойы Мәскеу облысының Шахмат федерациясының атынан сынға түскен жеткіншегіміз елімізге қайтадан оралды. Мәскеу облысында сынға түскен кезде Бибісараға көптеген қысым жасалған еді. Мәселен, бір жарыста оған компьютердің жүрісін пайдаланды деген айып тағылған. Осылайша алғашқы сайыста қыздар құрамасы тәжірибелі Ресей құрамасынан 1:3 есебімен ұтылды.
Бірінші турда Қазақстанның ерлер құрамасы Тұманды Альбионды Англия құрамасына қарсы ойнап 1,5:2,5 есебімен ұтылды. Бұл кездесуде Ринат Жұмабаев азулы Майкл Адамсты (2708) ұтты. Ақпен ойнаған ағылшындық шахматшы Алғашқы жүрісті 1. е2-е4 жүріспен ашық дебютті ұсынған еді. Алайда Ринат ашық бастауға келіспей 1…е7-е6 жүрісімен француз қорғанысын таңдады. Шабуылдап көрген Адамс атын g5-ке орналастырып уәзірінің позициясын жақсартуға бар күшін салды. Алайда ханды g7 орналастырған жерлесіміз қарсыласының уәзірінің белсенді әрекетіне тосқауыл қойды. Бұдан кейін ойын өрнегі одан әрмен шиеленісті. Адамс аттың артында тұрған уәзірді байлап позициясын аздап жақсартқан… Алайда тапқыр ойыншымыз бұл байлаудан өтіп қарсыласына мат жасауға қауіп төндірді. Тәжірибелі Адамс бұдан қорғана білді. Ойын өрнегі нәзік иірімдегі эндшпильге ауыс­ты. Бұл жерде Ринаттың пілі мен хан алаңындағы белсенді екі жаяуы қалса, Адамста ат пен бытыраңқы жаяулары бой көрсетті. Тәжірибелі қарсыласынан біраз жүрексінген Ринат 50-жүрісте теңге келісті. Егерде уақыт көп болып терең ойланып этютдік жалғыз дұрыс жүріспен тапқырлық танытса ұтатын еді. Мәселен, Адамс 50. Nез (Бұл жерде N, Knignt қазақша ат тасы дегенді меңзеп тұр) жүрді. Ал Ринат болса 50…Bc6 (Bishop – піл тасы) жүріспен аздап қателікке ұрынды. Егерде осы жерде е5-те Ханын d4-ке қойғанда Адамстың жағдайы қиындап кетері анық болатын. Ал Петр Костенко мен Денис Махеев қарсыласынан ұтылса, Ануар Исмағамбетов ақ таспен ойнап Люк Макшейнпен тең ойнады.
Бұдан кейін Скандинавиядан келген Швеция құрамасына қарсы ойнаған шахматшыларымыз 3:1 есебімен жеңді. Ақ тасымен ойнаған Ануар гроссмейстерХанс Тикканеннің Каро-Канн қорғанысын қолданған қорғанысының осал жерін тапты. Мұртас Қажығалиев Блумквистке қарсы ойының 10-жүрісінде күдікті құрбандықты қабылдады. Қара жағы өте дәл әрі сауатты қорғана отырып жеңіске жетті. Осылайша, оралдық гроссмейстер есепті 2:0 есебімен ел құрамасын алға шығарды. Денис Махнев пен Ринат Жұмабаев тең нәтижеге қол жеткізді. Қыздар құрамасы болса Үндістанға қарсы ойнап 2:2 есебімен тең тарқасты.
Қытай шахматшы аруларына қарсы 3-турда қыздарымыз 1,5:2,5 есебімен ұтылды. Бұл кездесуде тек Динара Сәдуақасова ғана жеңді. Ол ақ таспен халықаралық шебер Шэнь Янның осал жерін тапты. Қара таспен ойнаған Жансая Әбдімәлік Тань Чжонъидің шабуылына төтеп беріп, тең нәтижеге қол жеткізді. Қалған қыздарымыз жеңілістің ащы дәмін татты. Ерлер құрамасы болса туысқан мемлекет Әзірбайжанмен шаршы тақтада жолығып 2:2 есебімен тең түсті. Әнуар Исмағамбетов қара тасымен Рауф Мамедов­ты жеңсе, Ринат Жұмабаев пен Мұртас Қажығалиев Аркадий Найдич пен Гадыром Гусейновпен тең нәтижемен келісімге келді. Ал Петр Костенко ақ тасымен Ниджату Аббасовтың қаһарлы шабуылына төтеп бере алмай ұтылды.
Содан соң ерлер құрамасы солтүстіктегі көршіміз, азулы да тәжірибелі Ресей құрамасымен кездесті. Бақ шаба ма, бап шаба ма демей ме? Бұл жерде бап шапты. Олай дейтініміз, Әнуар Исмағамбетов Александр Грищукке (2771) қарсы қолы жүрмеді. Денис Мах­­нев­ Дмитрий Андрейкиннің (2725) қу жүрісіне ұсталып қалды. Петр КостенкоВладислав Артемьевтің (2736) тапқыр жүрісіне не дерін білмей тұтылды. Ал Ринат Жұмабаев пен атақты шахматшы Сергей Карякиннің (2753) арасындағы матчта шынымен де бақ жанғанын көрдік. Олай дейтініміз, көптеген турнирлердің жүлдегері, халықаралық жарыстарда атой салып жүрген Сергей күтпеген жерден ұтылды. Шахмат та – спорт! УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында әлемдік рейтингте бірінші тұрған мадридтік Реал өз алаңында амстердамдық Аякске 1:4 есебімен оңбай жеңіліп қалады деп кім ойлаған? Міне, бұл оқиға футболдан басқа шахмат спортына да көшті. Көпшілік мамандар Карякин ұтады деп бәс тіккен болатын. Ресейлік шахматшыға қаржы тіккен ойынпаздар қалай өкінгенін бір Құдай біледі. Ақ таспен бірінші жүрісті бастаған Ринат 1. d2-d4, яғни жабық дебютті қарсыласына ұсынды. Бұнысы дұрыс болды. Өйткені мықты ойыншыға қарсы алғашқы жүрісте жаяумен е4-ке орналастырып ашық не жартылай ашық дебютті ұсыну қауіп екенін мойындамасқа болмас?! Ринат Раппорттың Анандқа қарсы вейковтік партияны қолданып көрді. Алайда жабық дебютке қарсы ойнап дағдыланған Карякин өз кезегінде ұтымды жүріспен көзге түсе білді. Дебюттің барлық нұсқасын жақсы білетін Сергейге қарсы ашылып қалмауды жақсы білген Ринат уәзір алаңында қысым жасауға көшті. Бұл дегеніміз – футболда қайта-қайта шабуыл жасап стандартты жағдайда бұрыштама немесе қақпадан бірнеше метр жерден айып добын орындаумен көзге түсу деген сөз. Алайда шабуылдың бәріне Карякин төтеп бере алды. Бұл да футболдағы қақпашының шеберлігі мен қорғаушылардың қауіпті доптардың бетін қайтаруымен көзге түсетін құбылыс. Осылайша, ойын біртіндеп миттельшпильге ауыса бастады. Ойын ортасында да позиция тең дәрежеде өрбіді. Дегенмен де, Карякин аңдып, қарсыласының қашан қателесетінін күтіп жүргендігін байқатты. Бірақ дегеніне жете алмады. Ойын кезегі эндшпильге ауысты. Бұл кезеңге өту үшін Жұмабаев көп тер төгіп, өткір шабуылдарды бірінен соң бірін бастап кеткен болатын. Бірақ та бұған нағыз төселген Сергей қорғана отырып, қауіпті шабуылға да шығуға дайын екендігін аңғартты. Ойын аяғында ресейлік шахматшы жаяуларын белсенді орналастырудың ретін іздеумен әлек болды. Тең дәрежеде өрбіген эндшпильде күтпеген жерден 61-жүрісте Карякин бар білгенінен жаңылысты. Ол 61… Rxb4? (Бұл жерде R-rook – кеме тасы дегенді білдіреді) жүрді. Бұл жүріспен ол бәлкім мына нұсқаны 62.Rg8+ Be8 63.Bf7 Re4 ойлаған болуы керек. Осы сценариймен өрбісе, ұта алмасам да тең ойнармын деген шығар… Өйткені онсыз да Ресей құрамасы жалпы есепте алда тұрған. Бірақ өмірдегідей шахматта да күткенің бола бермейді. Өйткені барлық адамның ойлағаны өмірде жүзеге асса, онда бұл тіршіліктің не қызығы бар?
Карякин қарсыласым қазір кемемен g8-ден шах қояр, ал мен болсам пілмен е8-бен жауып тиімді қорғана отырып, біртіндеп шабуылдап позициямды жақсартамын деп топшылады. Алайда күтпеген жерден Ринат 62.Ra7! тамаша жүріс жасады. Сергей еріксізден 62… Bd7 жүріспенен пілін беруге тура келді. Жеңіл тасты жеп артықшылыққа кенелген жерлесіміз тез арада кеме мен пілді біріктіріп Сергейдің ханын маттық торға түсірді. Иә, бұл партияда расында да эншпильдік позиция өте қауіпті болатындығын бүкіл әлемге көз жеткіздірді. Эндшпильде көптеген тәжірибелі шахматшылар сыр беріп жататындығы жайдан-жай емес. Себебі 5 сағат бойы қорғанысқа жүгінген Карякиннің жүйкесі сыр берді. Нәзіктігімен әрі терең ойлауды талап ететін эндшпильдік иірім кез келген шахматшыға сынақ ретінде келері анық. Болмайтын жерде 61… Rxb4? жүргенше Сергей 61…Rd1, сонымен қатар 61…Re1 немесе 61…Rf1-ге баруы керек еді. Филидорлық позицияда d7 шахты b5-тегі піл тосқауыл қоя білетіндігін Карякин­ ұмытқан сияқты. Егерде осы үш нұсқаның біреуін жүргенде Карякин тең нәтижеге қол жеткізер еді. Әттең, сүрінді. Украинаның Қырым облысына қарасты Симферополь қаласында дүниеге келіп, көптеген жылдар бойы сол елдің намысын қорғап, 6 жыл бұрын Ресей азаматтығын алған 29 жасар данышпан Карякин де жаңылысады екен-ау!?
Бесінші турнирде әйелдер құрамасы Украинамен жолығып 2:2 есебімен тең түсіп ерлік жасады. Бұлай дейтініміз, Жансая өте мықты шахматшы қыз әйелдер арасында 15-ші әлем чемпионы, украин қыздары арасында екінші әлемді бағындырған Мария Музычукпен (2538) тең ойнады. Бұдан басқа Динара Марияның туған апасы Анна Музычукпен (2555) де тең тарқасты. Бибісара Анна Ушенинаның (2443), ал Гүлмира Наталия Буксаның (2416)осал жерін таба алмады. Осылайша, 4 партияда 4 тең нәтиже тіркелді. Бұл да бір Қазақстан мен Украинаның достығының айғағы ретінде көрініс тапқан болуы керек.
Венгрия қарсы ойында аруларымы 2,5:1,5 есебімен алға шықса, ерлер құрамасы күтпеген жерден Парсы елінен келген Иранға 1,5:2,5 көрсеткішімен жол берді. Көптеген мамандар Қазақстан біріншілікте ең жас ойыншыларын тізімге қосқан Иран құрамасын ірі есеппен ұтады деп топшылаған еді. Бірақ олай болмады. Бұл да шахматта кез келген спорттағыдай сенсацияға толы болатындығын растағандай.
Грузия қыздарымен шеберлік байқасқан аруларымыз 0,5:3,5 есебімен оңбай ұтылды. Ерлер құрамасы болса Египетке жол (0,5:2,5) берді. Есесіне қыздарымыз жарады. Аруларымыз Мысыр елінен келген араб қыздарын 3,5:0,5 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Шешуші 9-турда көшбасында келе жатқан Ресей Үндістанды 2,5;1,5 есебімен ұтты. Ал Қазақстан құрамасы осындай есеппен Қытайға жол берді. Нәзік жандылар арасындағы сайыста шешуші турда Қазақстан Арменияны 3:1 есебімен басым түскеніне қарамастан, дүбірлі доданың жүлдегері атануына ұпай жетпеді.
Осылайша, 12 күнге созылған, 9-турдың нәтижесінде ерлер арасында 16 ұпай жинаған Ресей шахмат елі екендігін тағы да дәлелдеді. Егер тарихқа жүгінсек, Ресей (КСРО) 7 мәрте биік тұғырдан көрінді. Қазақстан құрамасы болса сегізінші орынға табан тіреді. Әйелдер арасында 18 ұпай жинаған қытайлық қыздар тағы да мықты екендігін көрсетті. Қытай арулары осымен өз тарихында 4 алтынға қол жеткізді. Қазақстан құрамасы болса алғашқы бестікке ілікті.


Бұл әлем біріншілігі қазақ еліне көптеген игі бастамаға жол ашты. Олай дейтініміз, біріншіден әлем халқы Қазақстанда да шахмат спорты дамып келе жатқандығын түсінді. Екіншіден, елімізге шахмат бойынша реформа өткізу қажеттігін білдірді. Мәселен, Арменияда мектепте шахмат сабағы бар екен. Құдайға шүкір, біздің елімізде бар. Бірақ әлі де болса көптеген мектепке шахмат енбеген. Үшіншіден, шахматшы сияқты елімізге интеллектуальды, алдын ала ойлайтын жастар керек екендігін аңғартты. Жер көлемі бойынша, 9-шы орын алатын Қазақстан ауыл шаруашылығына келгенде Нидерланды мемлекеті сияқты жоспарлы да тапқыр технологиямен дамытуға болады ғой. Шағын ғана Голландия бүкіл дүниежүзін ауыл шаруашылық өнімдерімен асырап отыр. Бұл елде шахмат қолға алынған. Атақты футболшыларды айтпағанның өзінде, кезінде ұзын бойлы Макс Эйве шахматтың 5-ші әлем чемпионы болғаны бәрі де біледі. Бұдан басқа, Ойпатты мемлекетттің Вейк-ан-Зее қаласында жылда мықты шахматшылардың басын қосатын жарыс жиі өткізіледі. Шахматты меңгерген бұл елдің жастары өз елінің ауыл шаруашылығының да дамуына өз үлестерін қосып жүргені ақиқат. Міне, Астанада өткен командалық әлем чемпионаты еліміздің дамуына мол үлес қосатынына сенімдіміз.

Аркадий Дворкович,
Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті:
– Мен өзім шахматшылардың отбасында дүниеге келгендіктен шахматшы болдым. Қазақстанда шахмат спорты дамып келе жатқандығын байқадым. Болашақта қазақ ұлтынан да әлем чемпионы атанған шахматшылар шығатынына сенімдімін. Орталық Азия мемлекеттерінде бұл спортқа тек Қазақстанда ғана бар жағдай жасалып отыр. Әрине, зор жетістікке жетуге әлі де болса уақыт керек. Бәрі де уақыттың еншісінде.

Серік СӘПИЕВ,
ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері  комитетінің төрағасы, бокстан Олимпиада чемпионы:
– Қазақстан құрамасының нәтижесіне ризамын. Жарыста рейтингісі өте жоғары гроссмейстерлер көп болғаны белгілі. Соған қарамастан алғашқы бестікке ену бұл үлкен жетістік. Еліміздің әйелдер құрамасы жақсы ойнады деп ойлаймын.

Арман ПАШИКЯН,
Қазақстанның әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Әр шахматшының ойнау стилі әртүрлі. Кейбір ойыншылар командалық чемпионатта жақсы ойнаса, кейбірі шахмат олимпиадасында жақсы қырынан көріне біледі. Бұл екі жарыс бір-біріне еш ұқсамайды. Бірақ та, командалық ойында өзің үшін емес, құрама үшін бар күшіңді салуың керек. Бұл жерде тәуекелділікке бару керек. Меніңше, алдағы уақытта қыздарымыз әлем және Олимпиада турнирінде жүлде алуына мүмкіндігі бар. Ерлер құрамасы да жарады. Әсіресе, Ринат Жұмабаев турнир барысында чемпион болуға үміткер болып жүрген Карякинді алғаш рет ұтты. Турнир кезінде сенсациялы оқиғаларды да көрдік.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.