ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР – МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласымен жақсы таныспыз. Мақалада айтылғандар Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға мол септігін тигізеді. Себебі біз шындығында ұлан-ғайыр Ұлы далада өмір сүріп келе жатқан, тарихымыз да, сана-сезіміміз де терең, ой-өрісі кең халықпыз. Білім десе – білімі, өнер десе – өнері бар елміз. Және де осы қыр-сырымызды әлемге көрсетіп отырған Президентімізге алғысымыз шексіз.

Алматыда «Алатау» ұлттық музыка кешені ашылды. Домбыра күні елдік деңгейде атап өтілуде. Музыкалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына өзге елдердің өнер университеттерімен халықаралық ынтымақтастық мәселесі енгізілуде. Күйші-жыршылардың шетелдерге гастрольдік сапар шегуі қалыпты жағдайға айналды. Алматы қаласындағы Боралдай сақ қорғанында жыл сайын «Ұлы дала» фестивалі өткізіліп жүр. Біздің өнер иелерінің исі түркі халықтарының фестивальдерінде, түрлі өнер салаларында сайыс-байқауларға қатысып, биік белестерден көрініп жүргені белгілі. Теледидар арналарында «Сыр перне», «Ұлы дала сазы», «Ұлы дала ұлағаты-2», «Мен қазақпын», «100 жаңа есім» сияқты музыкалық өнерді халық арасында кең таратуға бағытталған бағдарламалардың пайда болуы, кино өнерінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін, тарихын, ұлы тұлғаларының өмірі мен өнерін көрсететін «Әміре», «Шоқан Уәлиханов», «Шәкен Айманов», «Біржан сал», «Абай әні», «Куляш», «Күй-ғұмыр» сериалы, т.с.с. фильмдердің экрандарға шығуы да – осының барлығы Елбасымыздың бастамасымен қазақтың төл өнерін өркендету бағытындағы үлкен нәтижелер деп білеміз.
Музыкалық дарыны бар балаларды қазақтың төл музыкалық өнеріне баулу мақсатында әйгілі композитор, қоғам және өнер қайраткері Ахмет Жұбанов ашқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатымыз – үлкен өнер ошағы болғандықтан, бұл бағдарламалық мақала біздің қызметімізге тікелей байланысты. Біздің мектептегі домбыра, қобыз, қылқобыз, сыбызғы, жетіген, сырнай, шертер, т.б. аспаптары бойынша жеке сыныптарда және ұлттық аспаптар оркестрінде оқушылар музыкалық аспаптарды меңгеріп қана қоймай, олардың шығу және даму тарихын, жалпы музыка тарихын, музыкалық әдебиетті, сольфеджио, гармония, джаз гармониясы, музыкалық шығармаларды талдау сияқты арнайы білімін жетілдіретін пәндерді оқиды. Білім таза қазақ тілінде берілетіндіктен, балалар ана тілін де жетік біледі.
Ұлы даланың жеті қырының бірі – қазақтың киелі төл музыка өнерін дәріптеп, өскелең ұрпақтың сана-сезіміне құюдың өзі орасан зор еңбек, мұның өзі де бір үлкен өнер деп білемін. Бұл орайда мектебіміздегі педагогтардың қосып отырған үлесі ерекше. Мектебіміздің оқушылары көптеген үкіметтік, республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, үздік атанып жүр. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері Ерболат Мұстафаевтың оқушысы Бейсеқожа Ғаламат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін шараларға белсене қатысып, министр Арыстанбек Мұхамедиұлының алғысына ие болды, мектеп оқушылары Дубай (БАӘ), Баку (Әзербайжан), Мәскеу (Ресей), Ереван (Армения), Ташкент (Өзбекістан), т.б. қалаларында өткен конкурстарға қатысып I, II, III дәрежедегі лауреат атағына ие болып келіп жатыр.
Өткен жылдың қараша айында Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің халықаралық ынтымақтастығына арналған форумда мектебіміздің үздік пианисі Нұрсұлтан Омарғазин екі елдің Президенттерін өнерімен тәнті етті.
Бүгінгі күндері біздің мектебіміздің симфониялық және халықаралық конкурстардың лауреаттары «Govani talenti» атты камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Бүйенбаеваның жетекшілігімен ел аумағында гастрольдік сапарда жүр, солисі – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Мұхамеди Жандос.
Сонымен қатар мектебіміздің түлектері шет елдердегі өнер білім ордаларында оқып, шеберлігін шыңдап жүргенін де атап өтпеуге болмайды. Мәселен, Айболат Абдыбақас – Ресейдегі «П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы», Әсел Сатова – АҚШ-тағы «Rhode Island College», Әмина Молдахметова – Аустрияның Вена қаласындағы «Wiener Musikverein» атты консерваторияларына оқуға түсті.
«Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс» деп Елбасымыз айтқандай, біздің А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатымыз Ұлы даланың ұлы өнері мәңгі ұлықты болуына өз үлесін қосып келді.

Гүлбаршын МЫРЗАҒАЛИЕВА,
А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған
республикалық мамандандырылған
мектеп-интернаттың оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.