Сүйген ісінің семсері еді

d0b01910 жылы 21 қарашада Семей облысының Абыралы ауданында дүниеге келген Ахмеди Ысқақов – ғұлама оқымысты, Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1956), Ахмет Байтұрсынұлы бастап берген қазақ тіл білімінің негізін қалаған профессор Қ.Жұбанов, Т.Сауранбаев, І.Кеңесбаев секілді аға буын тіл мамандарымен бірге көтерілген түркітану ғылымының ірі өкілдерінің бірі.

Мемлекет ана тіліміздің қас­терлі табиғатын қапысыз таныта алған Ақаңның қазақ фило­логиясына қосқан үздік еңбегі мен зор үлесін лайықты бағалай отырып, 1944 жылы «Құрмет белгісі», 1960 жылы «Еңбек Қы­зыл Ту», 1980 жылы «Халықтар достығы» ордендерімен, әлденеше медальмен, Мақ­тау грамоталарымен марапаттады. 1970 жылы ҚазКСР Ғылым академиясы­ның қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде, сондай-ақ академияның жалпы жиналысында республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер А.Ысқақов ҚазКСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1974-1986 жылдары он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөзді­гін» құрастыру жұмысын ұйымдастырып, сөздікті редакциялап, баспадан шығарған еңбегі бағаланып, «ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының иегері» құрметті атағы бе­ріл­ді (1988).
Мінге тоқпақ, мірдің оғындай өткір сөзін естіп, көңілің толатын, орнық­ты мінезімен, кінәратсыз кісілігімен танылған ұстаз ағаның үлгі-өнеге тұтар рухани-адамгершілік қасиеті де мол еді. Ақаңның адами болмыс-бітімін танытатын табандылығы мен турашылдығына, сұңғыла ақыл-парасаты мен ғалымды­ғына, қарапайымдылығы мен жанының тазалығына қызметтес болған әріптестері тәнті болды.
Қазақы бұрма мінезі жоқ, алалауды білмейтін, не айтса да әділіне көшіп ақ сөйлейтін, өз ойын бүкпелемей істің ақиқатына жүгініп, қырын келер болса ешкімнен қаймықпайтын батыл мінезді адамның әдетімен тура сөйлеп, бетіне айтуы кей адамға ұнамай қалатын сияқты көрінетін. Реніші де, қуанышы да реңінен, бет-әлпетінен көрініп тұратын Ақаң ортасына аса сыйлы еді. «Еңбегі бардың – өнбегі бар» дегендей, Ахмеди ағаның баулыған шәкірттерінің қазақ тілін зерттеуге белсене араласып жүргендері аз емес. Олар өздерінің қазақ тіл білімі ғылымы саласындағы нәтижелі еңбектерін бір кездері қамқор ұстазы болған Ах­меди ағаның алақан жылуынан, оның өн бо­йындағы ғалымдық, адамдық өнегенің шарапатынан деп білетіні ақиқат. Қазақ тілі білімінің тарланы, тіл білімінің жеке салаларын тереңдете зерттеуде қалтқысыз еңбек етіп, зор туынды, өте құнды ғылыми еңбегін қалдырған, өз халқының рухани түлеуіне үлес қосқан сөз зергері, жас ғалымдардың қажымас ұстазы болған, оқымыстылық пен жеке адамгершілік қасиетімен танымал ұлағатты ғалымның есімі шәкірттерінің есінен шықпақ емес.
А.Ысқақовтың қазақ тілі мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылған ғылыми зерттеулері мол әрі жан-жақты. Қазақ тіл білімі ғылымын дамытып, оны жаңа бел-белестерге көтеруде қисапсыз мол еңбек сіңіріп, сан жылдар бойы қажымай-талмай қалам тартқан ғалымның салиқалы еңбегі ғалым есімін кезінде бүкіл түркітану әлеміне кеңінен мәлім етті. Өйткені Ақаң өзінің монографиялары мен ғылыми мақалаларында қазақ тілі материалына қоса жалпы түркітану ғылымына қатысты проблемалық мәселелерді де сөз етеді. Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұ­мырында Ақаң­ның қаламынан жарық көр­ген қазақ тілі мәселелері егжей-тегжейлі қарас­тырылған 200-ден аса ғылыми мақала мен монографиялық еңбектер, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар қазақ тілі грамматикасының теориялық және практикалық маңызды мәселелерін шешуге, қазақ тілін жоғары және орта оқу орындарында оқытуға арналған.
Ғалымның берген тағылымы, жас ғалымдар мен ізденушілердің қаламы­ның ұштала түсуіне баулуы сөз болғанда Ақаңның қаламгерлік қарымы, сөз қолданудағы шеберлігі мен мол да терең білімі, тіл өнеріне зер салып, қатты қадірлеуі, сөз сарасын танып, тіл құнарын сезінуі ойға оралады. Атап айтқанда, Ақаңның тіл білімінің өзекті мәселелеріне қатысты ізденістері қазақ тілі емлесі мен жазуын жетілдіре беру, қазақ әдеби тілін дамыту, тіл тарихы мен мәдениеті мәселеле­рін шешуде де таптырмайтын құрал болып келеді. Ақаң, әсіресе, қазақ тілі морфологиясын зерттеуге айрықша атсалысқан. Бұл – ғалымның аса бір беріліп, ыждағаттап қарастырған саласы. Ана тілінің білгір маманының қазақ тілі морфологиясының қыр-сырын жан-жақты сөз еткен іргелі еңбектері теориялық зерттеулері саналатын «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеу­лер» (1950), «Тыныс белгілері», «Қазіргі қазақ тілі» («есім сөздер» (1964), «Қазіргі қазақ тілі» («морфология»), т.б. түркітану ғылымына қосылған қомақты үлес ретінде кезінде жоғары бағаланды.
Профессор Ахмеди Ысқақовтың басшылығымен 1974-1986 жылдары жа­рық көрген тарихи-түсіндірмелік және нор­малық болып табылатын он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» шығуы мәдени мәні үлкен тарихи құбылыс ретін­де бағаланып жүр. Өйткені ана тіліміздің кемел қуатын жан-жақты айқындап берген Тіл білімі институтының ең бір сүбелі жұмысы 700 баспа табақ көлеміндегі аса мол сөз қазынасы қоймасына ие еткен бұл сөздік – ұлттық мәдениетіміздегі, рухани өміріміздегі үлкен айтулы оқиға, қазақ тіл біліміндегі фундаменталды іргелі еңбек, лексикография саласында жаңа бетбұрыс жасаған баға жетпес мәдени мүлік, қазақ тілінің қазыналы сарайы, біртұтас ғылыми-лексикографиялық шығарма, тіліміздің де, діліміздің де энциклопедиясы, бүкіл түркітану ғылымына қосылған сүбелі үлес. Оған дейін түсіндірме сөздіктің алдын ала жан-жақты ойластырып жасаған бірыңғай үлгі-жүйесінің болмай, сөздікке қамтудың ғылыми принципі жүйеленіп зерттеле қоймаған еді. Мұндай іргелі еңбекті шығарудағы Ақаң бастаған сөздікшілердің атқарған қыруар қызметі, терең ізденісі, ересен ауыр жұмысы өзінің игі нәтижесін беріп, қазақ тіл білімінің түрлі саласындағы зерттеу еңбектеріне аталған сөздік арқау болып отыр.
Ақаңның шұрайлы тілімен, әдемі де жатық стилімен жазылған көп томды түсіндірме сөздіктің жалпы сипаты, сөздіктің маңызы мен мақсаты, ішкі жүйесі мен ұстанған межесі, оның ғылыми-теориялық негізі, методикалық тәсілі жан-жақты жеткізе сипатталған сөздіктің I томындағы 18 баптан тұратын көлемді алғы сөзін түркітанушы ғалымдар терең мазмұнды ғылыми-теориялық еңбек деп бағалауда.
Сүйген ісіне барлық күш-жігері мен мүмкіндігін жұмсайтын құлашы кең майталман ғалым ретінде Ақаңның бір ерекшелігі, қазақ тілі сөздіктеріне қатысты проблемалық мәселелерге ерекше мән беріп, егжей-тегжейлі талдап, жаңаша шеше білуінде еді. 67 мың сөз жинақталған бай сөз қазынасы боларлық мұндай қомақты сөздік құрастырудың өзіне тән әдісі мен шарты ретінде Ақаңның халық тілі қойнауындағы қазынаны жете пайдаланып, жүйелі түрде сөз теру барысында танылатын ынта-ықылас пен ұқыптылықты, білім мен қабілетті, қажетті тәжірибе мен сөздік жасау мәдениетін атауы тегін емес еді. Көп томдық түсіндірме сөздіктен бұрынғы еңбектерде сөздікке ілінбей қағаберіс қалып кеткендері соншама көп болғанын, ана тіліміздің сөз байлығы әлі күнге жиналып-теріліп, хатталып болмағанын, жұрнақтардың сөз жасаудағы өнімді қызметі мен әр алуан қолданыстарын анықтап, жан-жақты ашып көрсетуге оншалықты тереңдеп бара алмай жүргенімізді айтып, өз шәкірттерінің құлағына құйып отыратын.
Қазақ тілінің сөздік құрамының ұшан-теңіз шалқар байлығы мен тереңді­гі, грамматикалық амал-тәсілінің молды­ғы жағынан да неғұрлым кемеліне жете дамығандығы, жаңарып жетіле түсуге икемділігі, көркемдігі мен бейнелілігі, әуендігі мен нәзік ырғақтылығы, алымды да кең тыныстылығы, қырлы-сырлы тіл екендігі жөнінде де Ақаң айтып жүрді. Тіліміздің күллі атауыш сөзбен қоса ондағы фразеологиялық тіркестерді түгел жинастырып, грамматикалық амал-тәсілінің молдығын бар қырынан жарқыратып көрсету арқылы тілдің табиғаты мен заңдылығын айқындай аламыз. Сөз бен сөзді салыстырып, сөзден сөзді тудырып, көл-көсір тіл байлығын бар қырынан жарқырата көрсетіп, сол рухани қазынамызды сан ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа қалдырып, хатқа түсіру сөздік жасау мәдениетін танытпақ. Қазақ тілінің әлемдегі ең бай, ең бедерлі де бейнелі тілдің бірі екені сөздік құрамдағы сөз атаулыны ықтиқаттап теріп, өз мәнінде жүйеге келтіріп көрсете алсақ қана дәлелденбек. Мұндай сөздікті құрастырып, оқырманға жеткізу – сөздікшелердің абыройлы парызы мен міндеті. Қабырғалы сөздік – әдеби тіл байлығын, ондағы сөздер жиынтығын мүмкін-қадерінше толық қамтитын сөздік. Тіл білімінің басқа саласының ешқайсысы да тілдің бай сөздік құрам мен оралымдығы жайында қабырғалы сөздіктей мол мәлімет бере алмайды.
Ахмеди Ысқақов өзінің ғылыми ма­қалалары мен оқулықтарында қазақ әдеби тілі мен тіл мәдениеті мәселесі, оның ішінде ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің ара байланысы, сөздің жарыспа тұлғаларына қатысты тіл мәдениеті проблемасы төңірегінде келелі пікір айтып, ойлы тұжырым жасады. Әдеби тіл – үлгілі, өрнекті, қалыптасқан нормасы бар тіл. Әдеби тілдің ауызша түрі мен жазбаша түрі бір-біріне ықпал етіп, қарым-қатынас жасап отыратыны ескерілуі керек-ті. Үнемі дамып, жетіліп отыратын құбылыс болғандықтан, қай тілде болса да тілдік норма бірер жылда қалыптаса салмайды. Әдеби тілдің негізі де, өресі де, арқауы да – бәрі де халық тілінің бірыңғай, жалпыға ортақ сипаттарына сүйенеді (ҚТТС, І т., 1974, 11-13-б.). Ахаң сөз қолданудың қалыпты жүйесін, оның әлеуметтік мәнге ие болып орныққан нормасын, қалыптасқан өрнегін оқырманға синхронды тұрғыда түсіндіріп, нұсқа етіп тартуда, үлгі етіп көрсетуде, сондай-ақ жарыспа сөз тұлғаларының да іріктелу, сұрыпталу бағытын бағдарлауда сөздіктердің айрықша маңызға ие екеніне мән береді.
Ахаң сүйген жарына, ұлы мен немерелеріне қамқорлығын аямаған адал жар, қамқор әке болып өнегелі отбасын құрды. «Бірлігі бірдің – тірлігі нұр» деп халқымыз осындай ынтымақты, ықыласты, жарастықты отбасын айрықша қастерлеген. «Әкеге қарап ұл өсер», – дейді халық даналығы.
Ахаң жалғыз ұлым деп Алтайды жөнсіз еркелеткен емес, оқытты, диссертация қорғатты, дұрыс талап қойып, өнегелі тәлім-тәрбие берді, үлгілі отбасын құруына жеткізді. Соның нәтижесін қазір көріп жүрміз. «Орнында бар оңалар» дегендей, Ахмеди аға құрған әулеттің немере, шөберелермен ортасы тола түсіп, өмірден өздеріне лайықты орын табуы, әріптестері мен дос-жаранның құрметіне бөленуі көңілге қуаныш ұялатады.
Туған халқының иба, инабат, иман, ізет, обал, қайырымдылық, үлкенге ізет, кішіге салауат сияқты ізгі қасиеттерін бо­йында сақтай білген Алтай: «Азамат атану – мақтан, тек соны кірлетуден сақтан», – деген еді бір сөзінде. Ісіне де, сөзіне де нық, абзал азамат Алтай күні бүгінге дейін жар құлағы жастыққа тимей, шаршап-шалдықтым демей, әкесі мен анасының үміт артып қалдырған аманатын зор жа­уапкершілікпен орындап келді.
Қазақ тіл білімінің биігіне өз жолымен дара шығып, ана тілінің қамын жеп, жоғын жоқтап, туған елінің игілігі үшін қыруар іс тындыруы, оған үлкен азаматтық, ұйымдастырушылық қырлары қосылуы Ақаңды ғылымдағы, өмірдегі ізі ұмытылмайтын қайталанбас емен тұлғалы ғұламаға айналдырды. Өткенді байыптап, бағаламай, келешекке де өріс ашылмайтынын ескерсек, қадірменді оқымыстының тағылымды өмірі бүгінгі жас ұрпаққа жақсы өнеге екені айдан анық.
Тіл дүниесінің тылсым сырына терең үңіле білген, қазақ тіл білімі секілді бел-белесі мен қатпары көп ғылым негізін қалап, дамытуға атсалысқан ардагер ағамыздың Алатаудай асқақ та айдынды бейнесі шәкірттерінің санасында. Жақсылыққа аялы алақаны бар, уәжге жүйрік, ғылыми қарымы мол, көкейінен көп ой өрбітіп келген, халқымыздың рухани әлеміне сіңірген ұлан-ғайыр өлшеусіз еңбегі бар терең біліммен танылған, артына өшпейтін із қалдырған ерекше тағ­дырлы адамды әрдайым тебірене-толғана отырып, зор ілтипатпен еске аламыз.

Сейдін Бизақов,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.