Түркі әлемінің алтын бесігі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінің жалғасы, жаңғыру жұмыстарын жүргізу тетігі, механизмі іспеттес. «Ұлы Даланың жеті қыры» еліміздегі күллі халықтың ұлттық жадын жаңғыртып, түгел жұртқа рухани серпін бергені және республикадағы барлық сала мен түрлі мекемелердің, әсіресе білім ошақтарындағы жас буынның көкірек көкжиегін кеңейтуге, тарихи танымын арттыруға, ұлттық болмысқа жақындауға, түбін, тамырын тануға және осы негізде игі істердің ұйымдастырылуына ұйытқы болғаны анық. 

Осы ретте жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовтың бастамасымен жоғары оқу орындарының арасында алғаш ашылған «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала – түркі әлемінің алтын бесігі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған тарихшы-ғалымдар, мемлекеттік емес ұйымдар мен бірлестіктердің басшылары, мәдениет пен өнер өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан модератор, «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі, ҰҒА-ның академигі Хангелді Әбжанов Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы терең, мәні зор, бүгінге нағыз қажет, өзімізді тануға түрткі, ұлттық болмыстың қалыптасуына ұйтқы, ресмилендіріп айтқанда, манифест дәрежесіндегі мемлекеттік құжат деп баға берді. Әрі қарай Геродоттың түп-тегіміз жөнінде қалдырған тарихи деректерін дәйектеп, бай мұрамызды кейінгі ұрпаққа жүйелі жеткізу жолдарына тоқталды. Бұл орайда тарихшы біздің заманымызға дейінгі Геродот жазбаларындағы қазақ халқына тән дәстүр-салт, әдет-ғұрыптардың қаншама ғасыр өтсе де, әлі де сақталып, бастапқы негізден өзгермегені біздің тарихымыздың тым терең екенін айтты. Мәселен, соғым сою Геродотта қалай суреттелсе, ХХІ ғасырдағы жаһан дәуірінде өмір сүріп отырған бүгінгі қазақтар дәл сондай соғым сою дәстүрін ұстанатыны біздің мызғымас мәдениетіміздің болғанын дәлелдейтін тарихи факті екенін жас буынға түсіндірді.
– Білге қаған, Күлтегін батыр, Тоныкөк абыздан тасқа қашалып жазыл­ған рухты сөздер арқылы бабаларымыздың әлемді билеген батыр­лығын көрсетті. «Мәңгі ел» идеясының ықылым заманнан бүгінге жетіп, оны ҚР Президентінің мемлекеттік дәрежеде қайта көтеріп, жас ұрпақ жадысының жаңғыруы – қанмен берілген қасиетке, ұлылар ұлағатын ұлықтаған ұрпақ сабақтастығы дер едім. Осыншама бай тарихы, бабадан жеткен мол мұрасы, мәйекті мәдениеті мен өрелі өркениеті, баға жетпес құндылығы бар қазақ халқының бүгінгі ұрпағы ешкімге еліктемей, жал­тақтамай әлемде өз орнын ойып тұрып алатын мүмкіндікке ие, ешқандай кедергі жоқ, барлығы тек қана өзімізге, жас ұрпаққа байланысты, – деді Х.Әбжанов.
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарихшы Нұрлан Атығай өз сөзін Түркі дүниесіндегі қаған сөзіне түсінік беруден бастап, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға слады. «Өркениет, мәдениет Еуропаға Шығыстан барған. Ұлы далада ІХ-Х ғасырларда жылу жүйелері, су құбырлары болғаны туралы деректер көп, дәлелдер бар» деген ғалым тарихтағы аударма мәселесіне де тоқталды.
Басқосуда өзге де мамандар та­қырып аясында ойларын ортаға салып, маңызды пікірлер білдіріп отырды. Мәселен, Ғ.Мүсірепов қорының төрағасы Ғабиден Жәкей қазақ хал­қының ұлттық ойындары: көкпар, асық ату мен ұлттық аспаптарының тарихына тоқталу арқылы мәдение­тіміздің тереңдігін жеткізсе, «Адырна» қорының үйлестірушісі Бейбіт Нәлібай бүгінде жалпы саны 250 млн-нан асып бара жатқан түркі жұртының қара шаңырағы – қазақ елі екенін айтты. Сол себептен де түркі әлеміндегі рухани құндылықтарды әрі қарай дамыту, көнеден жеткен мәдениет пен өркениетті әлемге таныту жастарға тән міндет екеніне бас мән берді.
Х.Әбжанов түркі елдерінің арасында әдеби, мәдени байланыстарды тілге тиек етіп, Астанадағы «Түркі академиясының» жұмыстарына, түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық «Түріксой» ұйымына тоқталды. Осылайша, Геродот жазбаларынан басталған отырыс, Сакралды Қазақстан географиясымен ұласып, озық отыз елдің қатарына кіру – «Қазақстан – 2050» стратегиялық жос­парымен қорытындыланып жатқанда, ақын Мағжан Жұмабаевтың:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – Ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда Ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен…» деген өлең жолдары санамда тізбектеліп, шумақтары ойымда өріліп жатты. Иә, ел ертеңі – жастарға үлкен үміт артып, шараға қатысып, тағылымды дүниелерді тыңдаған студенттер өздеріне қажетті ақпарат алып, ой түйіп қайтты. Биылғы «Жас­тар жылы» аясында мұндай өзекті мәселелерді талқылау үрдісі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Еділ АНЫҚБАЙ,
«Agro-PR» инновациялық
орталығының жетекшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.