КИІЗ YЙ (Көшпенділік көрінісі)

Абзал Бөкен,
халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

Сүйегі

Бар еді бес қанатты киіз үйім,
Киіз үй – қазағыңа игі бұйым.
Төрдегі текеметке домалаушы ем,
Етке тоқ,
Қымыз қанық,
Дилы күйім.

Үйшілер басқан ғой сан алуанды,
Сүйегі сидаң емес, балуан-ды.
Көк талын Тоқырауынның тезге салып,
Құралын қырнайтұғын жаныған-ды.

Теңеуін тербегендей сомдап ақын,
Уығы жонған сайын жонданатын.
Кезінде Қыз Жібектің бетін жыртқан
Көзінде керегенің көн болатын.

Басқаға киіз үйден жұғылмаған,
Жосаңыз – жанып тұрған құбылма қан.
Уық пен керегенің бауыр жағын
Қылыштың қырындай ғып бұдырлаған.

Тәңірдің тәуеп еткен таңына мың,
Биіктің білмей жүрміз әлі мәнін.
Қыңыр жел қиқаңдаса қип етпе, – деп,
Қосыпы қомақты ғып шаңырағын.

«Тау» деген мәртебесі таласа өсіп,
Ісін тұр табалдырық дара шешіп.
Қос шетін керегенің қапсыра ұстап,
Ашылған күнге қарай ағаш есік.

Алдымен әкем кетті,
Анам кетті,
Мұра боп сол киіз үй маған жетті.
Мен ұстап тұра алмадым.
Ұялғаннан
бір тұтам құрымымен жабам бетті…

Іші

Таппайсың дүниеде мұндай сәнді,
Түңілік жел сыбырын тыңдай салды.
Басқұрмен бас құраған керегелер –
Баспана тыныс алған бір байсалды.

Кепсіген керегенің көзін жауып,
Кестесі тұскілемнің төгілді ауып.
Сол жақта сүйек төсек.
Оңында – ши,
Орныққан ас-ауқаттың шебін тауып.

Басында кереуеттің адалбақан,
Ашасын ілгіш етіп амалдатам.
Қамқа тон,
құлын жарғақ,
қасқыр ішік,
Аңға емес, болып кеткен адамға тән.

Қасында алтын сандық, күміс құлып,
Кілт салсаң, сыңғырлайды дыбыс құрып.
Үстінде мақпал көрпе, мамық жастық,
Жасайтын түн баласы жымысқылық.

Қайрақтай текеметтің шымырлығы –
Төзімнің түтілмейтін мығым құлы.
Сырмақтан қошқар мүйіз қызыл-жасыл,
Көресің кемпірқосақ-жұғындыны.

Таңғышы өрнегі бар құс таңдайдан,
Аман тұр, біле алмадым, ыстан қайдан.
Уықтар қыдыра алмай ұйып қалған,
Шалма жіп «білегінен» қысқанда, айнам.

Жұмбақ боп қазағыңның ылди, қыры,
Ұқпайды көрмеген жан ылғи мұны.
Мойныңды қытықтайды уыққа ілген,
Үкі мен үркек тайдың қыл құйрығы.

Адамға босағаға қарсы жүрген,
Аңдалар өрме жүген, қамшы бірден.
Елеусіз тайтұяғын тастай сапты,
Қап кеткен көншоқайға малшың ілген.

Ет келер керсен тола осы кезде,
(Кәзір ез малтаңызды, сосын езбе).
Бір шара құрт-сорпаны қотарған соң,
Көрініп сала берер бесін өзге.

Сонан соң қымыз келер, шай да келер,
Жан-жағың жанған әйел, жайнаған ер.
Бір сәтке жұмақ кешер қайран қазақ,
Ұмыт боп қалмақ пенен майдан-өнер.

Тысы

Боз үйдің бар бітімін екшеп, елеп,
Ерсі емес елден ерек етсем өбек.
Сыны – ағаш,
Киімі – киіз,
Түймесі – көн,
Бойында одан басқа ештеңе жоқ.

Секілді ақ дулыға қараса алдан,
«Жығасы» емес әсте аласарған.
Жығасы шаңырақ қой.
Шаңыраққа
шендес қып туырлығын жаба салған.

Жаққаны көкпек қоса көде ме еді,
(Ошақтың от болмаса, не көмегі?).
Туырлық ысқа пана іш жақта қап,
Сыртынан үзік салған дөдегелі.

Ұяның қалқа болған ұлтқа иіні,
Ұғуға қасиетін жұрт бұйығы.
Болғанда белбеу – белдік,
Туырлық пен
үзігің сол бір үйдің сырт киімі.

Төрт тұстан «құлақбауы» дәл табылмай,
Төбе боп жарытпайды шалқа мұндай.
Күнсіп бір қалмау үшін күлдіреуіш,
Түңілік кие салған қалпағындай.

Тастасаң жарма есікті бүтін жауып,
Түнгілік сейілердей бүкіл қауіп.
Банды жоқ брон есік орнатардай,
Жарап тұр жүлік-желге сықырлауық.
Туырлық, үзік, түндік…
Қалқа, бұлар
жіппенен жөргемдесіп алқа құрар.
Бау-шусыз күні қараң киіз үйдің,
Жалғасар арқанның да арқаны бар.

Беу, қазақ!
Бөлініпсің малай, байға,
Ата-құт енді артына қарайлай ма.
«Боз үйге ай сәулесі нұрын төгіп…»,
Арман-ай, сол үй қайда,
Сол ай қайда?..

Тігу

Қанатын кере жайып керегенің,
Көресің қабыстырған ел өнерін.
Таңғышпен таңар сонсоң жұқа, жалпақ,
Өрнегі өзгеде жоқ көне, керім.

Белгілі бес қанаттан шеңбер құрып,
Басқұрмен бекітуі жөн, – дер қылық.
Қасбетін күншығысқа берген есік,
Күн нұрын қояды ертең теңдерге іліп.

Балп басқан отағасы бата дарып,
Аттайды табалдырық бақан алып.
Қос жігіт сырттан берер шыңырақты,
Желбауын жел жұлқыса қапаланып.

Шаңырақ көтергенде
Ғұрыбындай
Бөгдең де бұрылады бір ұлыңдай.
Бес бума уық жатар бес тарапта,
Баулары өзбек қыздың бұрымындай.

Ұмтылса көрші-қолаң уық шаншып,
Лебізін лепілдеген туысқанша ұқ.
Қаламың көзін тапса,
Өз-өзінен
кетеді бергі басы жуысқансып.

Күн ыстық.
Қызға айтасың:
«Шешеңізге
білдірмей қымыз құй, – деп, – кесеңізге.
Сол сәтте керегеге шиді тұтар,
Тоқыған тоғыз кемпір кеше күзде.

Бұдан соң орнын тауып «үйінділер»,
Маңайда түк қалмайды құйынға ілер.
Жалаңаш тұрған үйге жел тигізбей
Жалма-жан ақ үзікпен киіндірер.

Жұпарын шашқан кезде пісіп аймақ,
Үй тігу ойнап жүріп – күшіңе айғақ.
Үлкендер сырттағы ісін тындырғанша,
Кетеді киіз үйдің іші жайнап.

Жылқылар көлге құлап үйірімен,
Жылқышы бері шығар бүйірінен.
Болыскей самауыр тұр бала баққан,
Дем алып әрең-әрең иінінен.

Самауыр «баққан» бала… сол – мен едім,
Баққанмен басылған жоқ шөлдегенім.
Бөтен, – деп кешегісін
төсегі шым,
Бетон боп кетті-ау бүгін ел дегенің.

Жығу

Жер тозып, жаз қызығы суып қалған,
Тағы бір жұрт аудару жуықта – арман.
Таң атпай қаңғыр-күңгір.
Көзімді ашсам,
Кереге, шаңырақ пен уық қалған.

Даланың секілді еді шөмелесі,
Көшпек боп үйді жықты деген осы.
Түрулі түңіліктің жібі кетіп,
Қалыпты белдеудің де, тек, елесі.

Көшуге, – дегені ғой, – бос асықты,
Қып-қызыл уықтағы жоса тіпті.
Жатқанда мен ұйқыда,
Үзіктің де
байлауын керегеден босатыпты.

Бау-шуы босаған соң талқан болып,
Түскендей талапайға салқар көрік.
Түңілік түңілген соң тірлігінен
Ақ үзік кете барған арқанға еріп.

Астымда қалғаны, тек, құрақ сырмақ,
Ұйқыдан қағылдым мен құлақ шулап.
Уықты уыстаған шалмаңыз да,
Жіп болып жерге түскен бір-ақ шумақ.

Десе де қанша жерден нық қарманам,
Ем болмас екпіндесе ықтар қадам.
Соңғы уық суырылды.
Ал шаңырақ…
Апыр-ай, тіккен жақсы, жыққан жаман.

Есікті ептеген соң ерінбей кеп,
Жиналды кереге де керілмей көп.
Із қалды дөңгеленіп орынында,
Көшпелі тіршіліктің мөріндей боп.

Алпыс жыл содан бері…
Қалған әр күн
түріндей тұлыбына малданардың.
Ол да бір түстей екен.
Тәңірім-ай,
Деп пе едім түсіме де зар болармын.

Арту

Шөктірсең қара атанды «бық» дегізіп,
Болмайды бұдан асқан түк те қызық.
Кереге қос қапталға теңелген соң,
Тақайды теңге айналған түптегі үзік.

Жо-жо-жоқ, үзік емес, уық келер,
Уықты бір-бірлемей, буып берер.
Кемінде төрт-бес бөлек иінді ағаш
Кереге кеткен жолды қуып берер.

Сонан соң сырмақ пенен текеметті
Төрт бүктеп әкелуге кетер епті.
Ептіңіз ептегенше,
Елден бұрын
Үзік пен туырлығың жеке кепті.

Айналып айтқанынан таймас ханға,
Арт, – деген мұның бәрін қай басқарма?
Көрінбей қалар әлгі қара түйе,
Қомына сонша мүлік жайғасқанда.

Көрсетсе пысық болып еркең өнер,
Тәңірім ырызығын ерте берер.
Жүк үсті жөндемі боп түзелгенде,
Қат-қат боп ыдыс-аяқ, көрпе келер.

Ұйиды білек пенен нағып иық,
Келіннің тезек толы қабы – «күйік».
Мосы темір, айыр, күрек, балта мен шот,
Көр-жерді тықпалайды тағы да үйіп.

Осымен бітті… жо-жоқ, тағы қапты,
(Көшудің қашаннан-ақ қамы қатты).
Есікті төсек қылып,
Төбесіне
тастайды тас қып таңып шаңырақты.

Әй, болды-ау!
Мезгіл жетті жүре берер,
Қол жайды көштің сәтін тілеген ер.
Бұйдадан «бық» дегізсе бүкіл ауыл,
Орнынан отыз түйе түрегелер.
Көш – думан,
Көш – мереке,
Құрық алған
қойшың да қол бұлғайды күліп алдан.
Қыз-қырқын, қатын-қалаш, жігіт-желең,
Бәрі де бұтартарын мініп алған.

Ел де көш, өлең де көш.
Бітті қинап
жеткізбей желегі мол түкті бұйрат.
Секілді соңғы түйе келем мен де,
Өз жүгім аздай, өзге жүкті жинап.

Тарту

Шұбырып қайтқан қаздай көш келеді,
Қызға ұл көшжөнекей «өш» келеді.
Кемпірдің қыз күзетер мамандығы,
Бұл жерде істей алмас ештеңені.

Қызынып кәрі сүйек күнес-күнде,
Ол қалған бір жақтағы түйе үстінде.
Еместей көш бойында ешкім жалшы,
Еместей көш бойында би ешкім де.

Жанасып барады, әне, қыз бен жігіт,
Жапырған ат тұяғы дүзгенді үзіп.
Еріне оң тақымды артып қойып
аңдасу –
ашық заман бізден қызық.

Шолғыншы жер іздеген таңнан безіп,
Төзім мен жібергендей талғамды езіп.
Шалдарға шаң жұқпаушы ед,
Бір шоғыры
шоқыта шауып кетті шаңнан безіп.

Қалғандай қасындағы ана жырақ,
Сүт сұрар түйе үстінде бала жылап.
Құрғақ сүт қайнақ қосқан құйып берді,
Үйренген мұның жайын ана жылы-ақ.

Бәйібше бола білген жасында ақық,
Келеді, – дейтін сынды, – басым қатып.
Осы сәт бір жын-сүрей өте шықты,
Шаңдата шабан атын тасырлатып.

Көңілін бәйбішенің көтергелі
Шу етті бұған оның нөкерлері.
Әлгінің жындыға сот жоғын білген,
Шын ба еді жындылығы,
Бекер ме еді?!
Әлден соң әбден піскен жиегі ысқа
қазанды қаптан ауған сүйеді ұста.
Ырғалып келе жатыр отыз отау,
Көлігі ұқсап кеткен түйеқұсқа.

Ал бүгін былқ етпеуге бекінген ел,
Бетонның бедірейген бетінде өлер.
Сол бір көш сол кеткеннен бір тоқтамай,
Әлі де көшіп жүрген секілденер…

Жайлау

Байы ерте, кедейлері жайлау қонған,
Қазақтың бір қызығы жайлау болған.
Адамға алты ай қыстан ажыраған,
Сары дала секілденер сайлаулы ордаң.

Төліңнің аузына түсіп тұрған
Шөп басы шөлін басар ішіп нұрдан.
Күпісін шешкен дала,
Жел желпіген
үкісін үлпіл көктің ішік қылған.

«Қыс қысыл, жаз жазыл», –
деп бір Құдайым,
Ырыстың ұсынған ғой ырғын айын.
Бай балпаң, кедей қалбаң.
Шетінен мәз
Шет қалған шідеріден жылқыдайын.

Арыққа майдай жағып аптабың да,
Шарбысы сыяр емес шақ қарынға.
Перісі пейілді боп бұл жайлаудың,
Терісі кеңіп салар қатпаның да.

Ту дала төлежіген бабыменен,
Дейтіндей, – жарылқайын тағы немен.
Түп көде ала туған төліңізден
төмен тұр
тары баққан агроном.

Қазағың қара інгені қайығалы,
Келесін қанағаттың қайырады.
Өңірдің өлеңінде – малы,
Өзі
көңілдің көлемінде «жайылады».

Бір қойы егіздетіп отар болған,
Бір қолы теңізге өтіп қопаңды орған.
Қара оты қарамайдай ағып тұрған
Қайда сол қалың ауыл қатар қонған?!

Бірі жоқ…
Артқан теңін шешкен кілең,
Атанның абыройы – өшкен бір өң.
Тас үйге жасырынған,
Кең жайлау, – деп
балконға басын ұрған «көшпенді» – мен.

Күзеу

Жаз өтті, жайдақ жұртын күзеткен ел,
Көш басын бері бұрып, күзекке енер.
Бұл да бір далбаса күй.
Кеткен жаздың
келбетін қауқары жоқ түзеп берер.

Жаз бойы малдан қорып бұл араны,
Қоң болды қарауылдың құрағаны.
Қыстақты күзден барып тоздырмаудың,
Орныққан осылайша бір амалы.

Күз күйлі,
Семіз қойын айдайды ұлың,
Болғанда бота нардай, тайдай құлын.
Жер тозған, желің қозған…
Желік қуып
тебетін алтыбақан қайда-ай күнің?!

Ел түгіл еріншек боп құла таңы,
«ұйқысын қандырғанды» ұнатады.
Бұлттардың борбайынан сығалаған
Күннің де қызуы жоқ, құр атағы.

Биені ағытпасқа амал бітіп,
Бақанмен төңкересің сабаңды тік.
Штабтан пәрмен күткен алғы шептей
Қыстақтан отырғаның хабар күтіп.

Жанған от, жайлы қоныс, нұрлы ғұрып,
Апыр-ай, әкетпейді кімді бұрып.
Жайлау, – деп жалт бергендер
(Бет болсайшы)
Қыстау, – деп жатыр енді құлдық ұрып.

Қыстау

Бұтағы мұздан таққан жүзігін әр,
Білгенге қыстың-дағы қызығы – бал.
Үй жылы, қора бүтін.
Көп болғанда,
Қаңтардың қос бетіңді қызылы ұрар.

Жол ашып үй арасы қасат қардан,
Шанаға ілтипатын жасапты арбаң.
Соғымға шақырысып,
Сіре майды
аузыңа артық не бар асатқаннан?

Әзілкеш әзілден соң оспаққа өткен,
Күлкінің керуенін тоспақ беттен.
Қолда қап ашатұяқ атаулысы,
Жылқысы жер түбіне қостап кеткен.

Жайылса аяқты мал, шөпке көмек,
Қайтады күйістік ап кешке, демек.
Қарайсың қораңызға,
Одан басқа
қарайтын қысқы ауылда ештеңе жоқ.

Өріске шыққан малдың азандағы,
Тұяғын алыс емес, жазар маңы.
Түскілік туырылған жылытпа жеп,
Кешкілік… тағы да сол қазан қамы.

Теле жоқ, телефон жоқ.
Түгел өнер
қолымен текті шалдың түрегелер.
Болған соң ас қайырып,
Ақ қайыстан
қамшыға таспа тіліп, жүген өрер.

Тай байлап қысыр емген қазанына,
Науқан, – деп алмайтұғын мазаны да;
Қыс құтты.
Бірер айға белін шешіп,
Бейнетке қайта аттанар қазағыңа.

Көктеу

Қажытқан қара жерді қыспағында,
Қашанғы тұра берсін қыс тағында.
Абайсыз ашық қалған ақ көрпеден,
Алқаптың өзгеріс бар пұшпағында.

Шуақ қой тіршіліктің ұлы нәрі,
Нәрінен неге онда бұрылады?!
«Көрпені» жапқан сайын жылынушы ед,
Ал енді ашқан сайын жылынады.

Аппақ-тын.
Аңдасаңыз келіп бері,
Төбенің тоз-тоз бопты «бөріктері».
Жақпай тұр көтеремге
Көк лақтың
туа сап қолға тұрмай желіккені.

Жалыққан айлар бойы жасырына,
Жаңа күн – жаңғырудың басы мына.
Қауышты күн көзімен қунақ қырым,
Ауысты ақ киімі жасылына.

Жыртиған көзін жуып жасқа жаман,
Шығады кәрі-құртаң баспанадан.
Күткендей тірілуді қау да,
бау да,
Біткендей тауға да жан,
тасқа да жан.

Сәулесін сәруәр күн сөйлеткелі,
Сәнденіп қыр көктеді, ой көктеді.
Төрт маусым арасында тұмса көктем –
Секілді сылаңдаған бойжеткені.

Қылтиған қызыл гүлді қыз аты ғып,
Құмарлық көңіліңді бұзатын, ұқ.
Бойжеткен – мына көктем,
Бұлағы өктем
кететін жаз-жігітке ұзатылып.

Тай үйрету

Қыс бойы қостап шыққан тайғақ белді,
Көктемде көп жылқыны айдап келді.
Былтыр күз кеткен тайым құнан болып,
Былтыр күз кеткен құлын тай боп келді.

Майлинше: «тайым келді, тайым келді»,
Тақымым тай мінуге дайын ба енді.
Кешейін құмдақ қырды бас білдіріп,
Кесейін күн қақтырып сайын белді.

Тай келді,
Текпісіне қыры шыдар,
Күлте жал, құйма тұяқ, түрі шұбар.
Кекілі үкідейін желбіреген
Қасында қалт-құлт еткен «інісі» бар.

Ертоқым, қайыс жүген қай сынағы, –
дегендей құлағын тай қайшылады.
Алпамыс атқып мінді.
«Гүлбаршының
қайда?», – деп ала қашты Байшұбары.

Кетердей жер мен көктің тауы құлап,
Дүние дөңгеленді сауыры қақ.
Жөңкиді алағызып.
Сонан кейін
Мөңкиді тәует басын бауырына ап.

Атқиды басады да аз аптығын,
Алқаптың ай тұяғы қажап құмын.
Алқына аласұрды асау жүрек,
Адамға бермеймін, – деп азаттығын.

Әрі емес, ендігі ой – жүрсін бері,
Байғұстың пысқырғаны – күрсінгені.
Мезете ет пісірім ерден түстім,
Менің де, оның да қап құр сүлдері.

О, менің, Азаттығым!
Шыдам – өнер
екен, – деп жағдайым жоқ бұға берер.
Тай құсап талпын, халқым,
Өйтпесең,
Деп біреу, – тайша үйретем, – шыға келер.

Тай әбзелі

Балғын кез.
Басқалығы елдегіден –
Шап-шағын ат әбзелі менде кілең.
Қалақтай басына шақ құла тайдың
Қайыстан құрастырған өрме жүген.

Тай мініп тозаң еткен қыраң белді,
Талабым үй-ішіне ылаң болды.
Үлкен ер үйлесімсіз келеді, – деп,
Шаптырдым шағын етіп құранды ерді.

Сәніне сай келетін дара жаршы,
Жез бунақ шығыршығын санап алшы.
«Бозбала қамшы» деген бар еді ғой,
Болмастан мен өргіздім бала қамшы.

Тай шағын,
Бала шағын,
Аяны ұққан
Тұрған жоқ шағындықтан аянып маң.
Тоқым мен аткөрпенің аумағы да
Аспайды сәби тұтқан жаялықтан.

Тақтайдай нан турайтын тебінгілік,
Тұрандай таралғының ебін біліп.
Ұстап тұр ой мен қырда ертоқымды,
Құстаңдай құйысқан мен өмілдірік.

Қызық қой ертегідей балғын кезің,
Кешетін қырдың қырау шалғын, бозын.
Көкшіл тас қондырылған ер қасында,
Диюдың елестетер жалғыз көзін.

Күн салқын, көңіл жарқын…
Бапқа нағыз
енгендей қыстақ кезіп аттанамыз.
Сырғадай сыны сұлу үзеңгіге
үйлескен шағын ғана саптамамыз.

Ат міндік кейін талай.
Тарап өңір,
Тәрк етіп тарланды да барады өмір.
Әйтсе де, өшпейді екен қанда қалған
Бала тай,
Бала қамшы,
Бала көңіл…

Ши тоқу

Қарасуда не көп десең,
Қалың ши мен шеңгел көп.
Апама мен көмектесем,
Ши тарту да оңды еңбек.
Үкі басын қолтықтан ап,
Мықынға орай тал бойын
Апам жұлқа тартып қалад,
Түбін тастап сәл кейін.

Ал мен болсам басын қосып,
Болған кезде бір қолтық,
Отырамын «асылды» осы
Үйге қарай үлгертіп.

Ши тұтқанның үйі азбайды,
Шыққаннан соң тағы күн
Аршыған бір пияздай ғып,
Ақтайды апам қабығын.

Үкісі мол, ұзын әрі,
Үйірмін, – деп, – бір іске, ей.
«Шешінген» ши сызылады,
Сымға тартқан күмістей.

Өндірісім – қосым еді,
Өнімі оның ұнай ма?
Үш құлаш ши көсіледі,
Үзіліссіз бір айда.

Шал болдым мен.
Шаһар жайлап,
шаруамды шикі етіп.
Сол бала мен апам қайда,
Отыратын ши тоқып?!

Жүн сабау

Балғын едік біз өндір,
Білген істің байыбын.
Жабағы жүн, күзем жүн,
Жуады апам шайырын.

Биязы екен, – деп, мейлі,
Баптағанмен азанда;
Жай жуғанға кетпейді,
Қайнатпаса қазанда.

Сонсоң оны түтеді,
Сорғытқан соң кептіріп;
Тулаққа кеп түседі,
Торғын түк пен ептілік.

Соғады кеп…
Аты аңыз
ертектегі батпандай
Жүнді емес, апамыз
Жынды сабап жатқандай.

Ертеңгі бұл еншіңіз –
Арқаның мен көгенің.
Осы екен ғой, – дейсіңіз, –
«Жүндей сабау» дегенің.

Ақ таяқпен төте тым
жібергенде іреп кеп;
Жабағыңыз кетеді
Жалтыраған жібек боп.

Заман-сабау төпелеп,
Зар илеген қырдағы үн –
Текпі көрген текемет,
Соққы көрген сырмағым…

Киіз басу

Қалып кеткен белеңде
Көмескі боп ой-өрі,
Киіз басу деген де
Бір кездері той еді.

Әнеугүні тоқылған
ши үстіне бес бөлеп,
Жүн тартады қатындар,
Қабатынан дестелеп.

«Ыстықтай сеп.
Ол да – сын
болса суы, қалқам, кем».
Шиыршықтап болғасын,
Домалатар арқанмен.

Қатарласып көп, міне,
Қалыптасты бір ізге.
Ал текпіле, текпіле,
Өшің бардай киізде.

Сен де тепкін,
Қаланың
қырға келген қонағы,
«Теппесеңіз балаңның
белі бүкір болады».

Бие сауым қуатың
боп жүрмесін исінген.
Шымыр кигіз туатын
Шыдам үзбе бұл шиден.

Оны жабар үй ізде,
Үй жоқ… үйді-ау азабын;
Киіз кетіп,
Киізге
мүйіз болған заманың.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.