«БІРІНШІ ПЕТР» ФИЛЬМІНДЕГІ ҚОЙЛЫБАЙ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

1999 жылдың қаңтар айы. Қазақ радиосынан журналист әріптесіміз Қанат Тәкебаев қоңырау шалды.
– «Ленфильм» киностудиясы түсірген «Бірінші Петр» фильмі бар емес пе? – деді ол жөткірініп қойып. – Соның титрында Қарсақбаев деген қандасымыздың фамилиясы тұр. Егер бұл туындының 1937 жылы өмірге келгенін еске алсақ, аталмыш адамның осы саладағы тұңғыш қазақ киноактері болуы да ғажап емес сияқты.
– Фильмді қашан көрдің? Ол қай телеарнада жүріп жатыр?
– «Рахат ТВ»-да… Кеше көрсетілді. Бірақ біздің Болат Түлкібаев деген режиссерімізде оның көшірме таспасы бар. Қарсақбаевпен жақын туыс боп келетін ол өзіңмен кездессем, құжаттарын көрсетсем дейді. Әңгімелесуге қалайсың?
– Келсін. Сөйлесейік.

Осы сөзді айтқан мен бөлмедегі кітап сөрелеріне қарай қол созып, Қабыш Сирановтың «Кино туралы әңгіме» туындысы мен Бауыржан Нөгербектің «Қазақстан киносы» еңбегіне үңілдім. Ондағы мақсат фильм көшірмесін әкеле жатқан бейтаныс жігіт келгенше қазақтың тұңғыш киноактерінің кім екендігін анықтауға әрекет жасап көру еді.
Рас, бұл мәселеге жауап іздегенде, сөз жоқ, біздің ойымызға бірінші болып 1938 жылы өмірге келген «Амангелді» фильмі оралары анық. Былай алып қарағанда сондағы Елубай Өмірзақов, Шара Жандарбекова, Қанабек Байсейітов, Қалибек Қуанышбаевтарды қазақ киносының қарлығаштары деуге әбден болатын сияқты. Бірақ…, иә, бірақ зерттеушілер Қабыш Сиранов пен Бауыржан Нөгербектің еңбектеріндегі деректерге қарағанда, сол «Амангелдіге» дейін де Қазақстанда «Востоккино» тресі болып, олар «Түрксіб» (1927 ж.) секілді деректі-хроникалық лента мен «Бүлік» (1928 ж.), «Дала әуендері» (1930 ж.) «Жұт» (1931 ж.) сияқты шағын көркемсуретті фильмдерді түсірген. Осылардың ішіндегі «Дала әуендері» кинотуындысында бір кездегі жалшы-батырақтан Кеңес өкіметінің арқасында үлкен басшы дәрежесіне көтерілген мемлекет қайраткерінің рөлінде Серке Қожамқұловтың, ал адуын атқамінердің кейпінде ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтың ойнағаны тарихқа ұмытылмастай боп жазылып қалған. Демек, бұдан «1938 жылы экранға шыққан «Амангелдіге» дейін де бізде киноактерлер болған, фильмге түскен» деген қорытынды жасауға болады. Ал 1937 жылғы екі сериялы «Бірінші Петр» фильміне түскен қазақ Қарсақбаевқа келсек, қолымыздағы кинозерттеушілер еңбектерінен ол туралы ешқандай дерек таба алмадық. «Демек бұл тың тақырып, ұмытылып барып табылғалы отырған жаңа есім» дедік ішімізден.
… Өстіп отырғанда есік қоңырауы «дыз» етіп, үйге бейтаныс жігіт те келіп кірді. Қысқаша аман-саулықтан соң екеуміз көшірме кассетаны көруге отырдық. Міне, фильмнің титры… Ондағы князь Меньшиковты ойнаған актердің фамилиясынан кейін: «Абдурахман – Николай Қарсақбаев» деген жазу жалт ете түсті. Көңілімізге күдік кіргендей. Ол өзіміз сөз еткелі отырған адам есімінің орысша екендігінен секем алған ой еді. Бірақ соған қарамастан фильмді толық көріп шыққанымызда мынадай жайтқа көз жеткіздік. Мұндағы Абдурахман Петр патшаның оң қолы, әйгілі ақ араб болып шықты. Оны ойнаған Қарсақбаев фильмде 3-4 рет көрініс береді.
Алғашқы эпизод. Мұнда Петр патша әскери оқуға тартылған князь балаларынан емтихан алып тұр. Кезек денесі болбыр, жүріс-тұрысы марғау жас бекзадаға келгенде ол білігіне емес, артындағы ілігіне сенетінін сездіріп қояды. Онысы парта астында жасырынып жатып, қожайынына «суфлер» болған денщик-шабарман Абдурахман еді. Мұны байқап қалған Петр кінәліні құлағынан тартып тұрып ұстаған күйі тақтаға алып келеді. Сөйтеді де: «Білгіш екеніңді көрейін, мына сұрақтарға жауап берші. Ал айта алмасаң менің қаһарыма ұшырайсың» деп оны төпелеген сауалдың астына алады. Ғажабы сол, сонда қарғадай ол қандай сұраққа болмасын қасқайып тұрып жауап беріп, патша ағзамды таңғалдырады. Міне, содан бастап араб Абдурахман санатқа ілігеді, Петрдің оң қолы болып, оның сенімді серігіне айналады.
Кинодағы екінші эпизодта Қарсақбаев ойнаған арабтың той үстіндегі сәті бейнеленген. Петр патшаның мұрагер ұлы өмірге келген осы шілдеханада ол сарай маңындағы небір ыға
й мен сығайдың ортасында олармен тізе түйістіріп қатар отыр. Ал үшінші бір көріністе екінші рангалы капитан Абдурахманның әйгілі орыс-швед соғысындағы жаужүректігі бейнеленген. Балтық теңізіндегі басымдықты сақтап қалу жолындағы жан алып, жан беріскен бұл ұрыста орыс флотының қолбасшысы ауыр жараланып, шайқасқа жетекшілік ету Абдурахманға жүктеледі. Ол бұл тапсырманы асқан батылдықпен әрі ақылдылықпен атқарып, флотты жеңіске жеткізеді. Сөйтіп, бірінші Петрдің ыстық ілтипаты мен зор құрметіне ие болады.
– Ал бұл Қарсақбаев кім? – дедім мен кассетадағы фильм көшірмесін көріп біткен соң Болатқа.
– Ол менің немере ағам, – деді танысым дипломатынан әлдебір қағаздарды алып жатып. – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қазатком» ауылында Түлкібай, Қарсақбай деген ағайынды кісілер болған. Түлкібайдан Жексенбай туады. Одан мына мен. Ал Қарсақбайдан жаңағы «Бірінші Петр» фильміне түскен Қойлыбай. То есть… Николай.
– Түсінбедім… Ол оның жанама аты ма, жоқ әлде…
Жо-жоқ. Ағамыздың азан шақырып қойған есімі Қойлыбай. «Казатком» ауылымен іргелес Маловодное елді мекеніндегі мектепте оқып жүргенінде ондағы казак-орыс балалары Қойлыбай көкемді: «Коля, Коля» деп жүріп Николай атандырып жіберіпті. Сенбейсіз бе?.. Мына құжаттарға қараңыз. Ленинградқа оқуға аттанғанға дейінгі документтерінде ол бірде Қойлыбай, екіншісінде Коля деп жазылып жүре берген.
… Құжаттарды қарап отырмын. Шынында да солай. Енді өмірбаянына үңілсек… Ол 1916 жылы дүниеге келіпті. 1934 жылы Ленинградтағы Бүкілодақтың орталық театр училищесіне оқуға түседі. Ондағы актерлік бөлімде сол кездегі өнер шеберлерінің бірі, білікті ұстаз В.В.Меркурьевтен дәріс алады. Қойлыбай Қарсақбаев училищеде жақсы оқыған. Бұлай деуімізге оның 1938 жылы аталмыш өнер ордасын бітірердегі емтихандар: жалпы тарих, актер шеберлігі, дене тәрбиесі, ән салу, би өнері, этюд жазу, ритмика сияқты 7 сынақты «5» деген бағаға тапсырғаны негіз болғандай. Сондай-ақ училище дирекциясы берген дипломдағы қосымша анықтамада оған Мәскеудегі Бүкілодақтың кинематография институтына жолдама берілгендігі жазылған. Сөз арасында айта кетейік, біздің ойы­мызша Қойлыбай Қарсақбаев «Бірінші Петр» фильміне 1936 жылы, студент кезінен бастап тартыла бастаған сияқты. Өйткені бұл кинотуындының бірінші сериясы 1937, ал екіншісі 1938 жылы шықты емес пе?
Туысы Болат Түлкібаевтың тірнектеп жүріп жиыстырған құжаттарындағы қалған деректер бізге Қойлыбай Қарсақбаевтың 1938-1939 жылдары Шымкенттегі қазіргі Жұмат Шанин атындағы театр­да жұмыс істегенін айтады. Содан кейін ол Қызыл Армия қатарына шақырылып, міндетті әскери борышын өтуге аттанған. Елге енді қайтайын деп тұрғанда, Ұлы Отан соғысы басталады да, 1942 жылы Белая Церковь қаласы үшін болған шайқаста қаза табады.
– Қолдағы құжаттарға қарағанда Қойлыбай ағамыз өнердегі өмірбаянын өте сәтті бастаған жан сияқты, – дедім мен Болатқа. – Бірақ таланты мен шығармашылық қабілетін барынша ашып көрсетуіне тағдыр жазбапты. Ал аға буын артист, актерлер арасынан қазір бұл кісіні білетін адамдар бар ма? Бар болса олар Қойлыбай Қарсақбаев туралы не дейді?
– Оған деген жауапты мына кассетадан табасыз, – деді Болат менің сауалыма. Сөйтті де, қолыма шағын үнтаспа пластинкасын беріп, диктофонды іске қосыңыз дегендей ыңғай танытты… Тыңдап отырмын. Мұндағы дауыс, естелік айтып отырған адам Қазақстанның халық артисі, танымал киноактриса Әмина Өмірзақова апай болып шықты.
– Мен Ленинградқа Қойлыбай Қарсақ­баевтан жарты жыл кейін бардым, – дейді ол кісі. – Орысшам шамалы. Үлкен қалаға үйрене қоймаған үркек кезім. Сондай сәттерде Қойлыбай аға туғанымнан бірде кем емес таянышым болған жан еді. Қиналсам, барып ақыл-кеңес сұраймын. Бәлсінбейді, білгенінше айтып береді. Бірде емтихан алып отырған ұстазымыз Меркурьев: «Үйің өртеніп жатыр делік. Лапылдаған жалын ішінде кішкентай інің қалып қойған. Осындай жағдайда не істер едің? Қане, соны сахнада адам сенетіндей етіп көрсетіп берші» деді. Мен жөпелдемеде ештеңе айта алмай, тосылып қалдым. «Бар, далаға шығып ойланып кел» деді абыржығанымды байқаған оқытушым. Дәлізде Қойлыбай аға жүр екен. «Оған несіне қиналасың, – деді күліп. – Жақсылап тұрып жылап бер». «Ай жоқ, шай жоқ қалай жылаймын?» «Апаңды, ауылыңды сағындың ба?». «Иә». Сол-сол-ақ екен жүйкем босап қоя берді. Көз алдыма туған жер, туыстарым елестеп, боталаған күйі ішке ендім. Аудиторияны азан-қазан қылып, ойбайға басқанымды көрген емтихан алушы: «Міне… міне! Оқиғаның ішіне кірді деген осы. Енді таптың сахналық шешімді» деп сынақшама қарай қол созды. Қойлыбай аға мені бұдан кейін де көптеген қиындықтардан құтқарып жүрді. Бірақ солардың ішіндегі жоғарыдағы қарапайым, табиғи ақыл-кеңесі есімде мықтап қалып қойды».
…1937 жылы өмірге келген «Бірінші Петр» фильміне түсіп, ондағы соқталы рөлдің бірін ойнаған Қойлыбай Қарсақбаевтың қысқаша өмір тарихы міне, осындай құрметті оқырман. Оны біз қазақтың тұңғыш киноактері еді деп жоқтан бар жасағалы отырғанымыз жоқ. Иә, ол киноактер. Тұңғыштардың, ізашарлардың бірі. Бұл қандасымыз сонысымен де қадірлі, қымбатты. Осы бір аяулы жанды оның ауылдас­тары, кинозерттеушілер біле ме? Жоқ. Ендеше, бүгінгі ұрпаққа Қойлыбай Қарсақбаевты таныстыру, білдіру үшін отызыншы жылдары ол оқыған «Қазатком» ауылындағы мектеп қабырғасына ескерткіш тақта іліп, музей мүйісін ашса деген ой бар. Аталмыш білім ұясына оның есімін беру де артық етпейтін сияқты. Кинозерттеушілеріміз бұдан былай оның атын өз кітаптарына кіргізуді ұмытпаса деген тілек тағы бар.
Авторлық анықтама: 2001 жылдың ақпан айын­да Болаттан хат алдым. Онда ол немере ағасы Қойлыбай Қарсақбаевқа арнап «Қазатком» елді мекеніндегі орта мектептен мұражай ашуға қол жеткізгендерін қуана баяндапты. «Астанадан Алматыға келген бір сапарыңызда біздің ауылға соғуды ұмытпаңыз. Жақын жер ғой. Қала іргесіне тиіп тұр. Міне, сонда біз айтқан мұражай бар. Келіңіз. Көріңіз» делініпті хатта.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.