ЕСЕНБЕРЛИННІҢ ІНІСІ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

1999 жылдың қыркүйек айы. «Астана ақшамы» газетінде қалалық ономастика комиссиясының хабары жарияланды. Онда елорда көшелерінің біріне жазушы Ілияс Есенберлиннің есімі берілгендігі айтылыпты. Осы жаңалықты оқып отырғанымда ойыма бұдан 8 жыл бұрынғы оқиға оралды. Ол атақты «Көшпенділер» трилогиясы авторының Мәскеуде тұратын інісі, техника ғылымының докторы Раунақ Есенберлинмен кездесуім еді.

…Еліміздің тәуелсіздік алатынына небәрі 6 ай ғана уақыт қалған кез. Қазақстаннан барған 20 баспасөз қызметкері Садовая көшесінің 9-шы үйінде орналасқан журналистердің Бүкілодақтық білім жетілдіру институтында оқып жаттық. Әлі есімде, ертең Алматыға қайтамыз деп отырғанбыз. Міне, сол күні Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Молодая гвардия» баспасынан жаңа ғана шыққан «Әділеттің ақ жолы» кітабының тұсаукесері өтетін болды да, бәрімізді Чистопрудный бульварының 4-ші үйіндегі Қазақстанның тұрақты өкілдігіне шақырды. Міне, сол жерде маған Мәскеудегі қазақ диаспорасының адамдарымен танысып, әңгімелесудің сәті түскені бар. Солардың бірі әскери инженер, отставкадағы подполковник Раунақ Есенберлин еді.
Ескертіп айтатын бір нәрсе, сол жүздесуде сұрақ қоюшы мен де, жауап беруші ол кісі де әңгіме тінін тереңнен толғап тарта алмадық. Тұсаукесерге жиналған көпшіліктің дабыр-дұбыр даусы, Раунақ ағаны танитындардың бұрылып келіп сәлемдесуі сұхбатымыздың қайта-қайта үзіле беруіне себеп болған еді. Бірақ… иә, бірақ қазір сондағы қойын дәптеріме түскен қысқа диалогтарға қарап отырсам, мұнда ол кісінің балалық шағы, қайда оқығандығы, мамандығы, отбасы тірлігі, қаламгер ағамыз Ілекеңмен арадағы байланысы туралы танымдық деректер бар сияқты. Осыны ескеріп: «Қазақ газеттерінде бұрын көп жазылмаған алыстағы ағайынымызды елге таныстыру үшін мына мағлұматтардың өзін бір ұсынып көрсем қайтеді…» деген ойға келдім, құрметті оқырман! Енді соған назар аударыңыздар.
— Сіз қай жылы, қай жерде тудыңыз? Әке-шешеңіз… Ол кісілер нендей кәсіптің иелері еді?
— Мен 1917 жылы Атбасар қаласында өмірге келіппін. Әкем Есенберлі сондағы кедей жатақтардың бірі еді. Үй салатын өнері бар ағаш шебері болатын. Тіршілігін түзеймін деп тырмысып жүріп, 1922 жылы өмірден озды. Содан көп ұзамай анамның да көз жұмғаны есімде. Шамасы бұл 1924-1925 жылдары болуы керек.
— Қанша ағайынды едіңіздер?
— Үшеу. Бір қыз, екі ұл. Үлкеніміз — Назым апам. Ортаншымыз — Ілияс. Одан кейінгі — мен.
— Балалық шақта есіңізде ерекше сақталып қалған жайт болды ма?
— Болды. Ол — аштық, ашаршылық. 1930 жылы Арқаны жұт жайлады. Ақсүйек боп қырылған адамдарда есеп жоқ. Он екі-он үш жастағы кезім. Бір күні жұмыс, тамақ іздеген жерлестерім Атбасардан Жезқазғанға қарай шұбады. Соларды қара тұтқан Ілияс екеуміз де Қарсақбайды бетке алдық. Өйткені онда тұрмысқа шыққан Назым апам бар еді. Жүре-жүре сол кісінің үйін тауып, аштықтан аман қалғанымыз бар.
— Онда не істеп, қандай кәсіппен шұғылдандыңыздар?
— Ештеңемен де. Рудник басшылары бізге бала деп қарады. Жұмысқа алмады. Сондықтан әркімге қолбала болуға тура келді. Жездеміздің отын-суын тасыдық. Оқыдық. Бастауыш мектепті бітірген соң Назым апам бізді осындағы жетім балалар үйіне орналастырды.
— Қарсақбайда көп болдыңыздар ма?
— Жоқ. 1933 жылы мұндағы біз оқып жүрген тау-кен техникумы жабылып қалды да, бәрімізді Шығыс Қазақстандағы дәл осындай арнаулы орта оқу орнына аттандырды. Ал Ілияс Қарсақбайда қалып қойды. Риддерге келген соң хат алдым. Онда ол Алматыға оқу іздеп кеткенін айтыпты. Содан мен Алтайдағы аталмыш тау-кен техникумын 1935 жылы бітірдім де, жолдамамен Оңтүстік Қазақстанға келдім. Сондағы Ащысай полиметалл кен орнында жұмыс істедім.
— Одан кейінгі өміріңіз… Тір­шілігіңіз. Ол қалай жалғасты?
— 1937 жылы көптеген қиындық­тарды бастан кешіріп барып, Мәскеудегі электротехникалық инс­титутқа қабылдандым. Арттан келетін көмек жоқ. Сондықтан күндіз оқып, кешке жұмыс істеуге тура келіп жүрді. Ілияс бұл кезде Прибалтикада, әскерде еді. Төртінші курсқа келгенде Ұлы Отан соғысы басталды. Майданға аттандым. Одан аман-есен оралған соң Жуковский атындағы әскери-әуе академиясындағы ұзақ жылғы жұмысым басталды. Осы жерде алғашқы өнертабыстық жаңалық­та­рымды аштым. Кандидаттық, док­торлық диссертацияларымды қорғадым. Подполковник шенінде отставкаға шығып, 1970 жылы басқа жұмысқа ауыс­тым.
— Ол қандай жұмыс?
— Алдымен бес жылдай Бүкіл­одақтық коррозия институтындағы электрохимия лабораториясына жетекшілік еттім. Содан соң Халықтар достығы университетіне оқытушы­лыққа шақырылдым. Одан кейінгі он жылда Мәскеу автомобиль-жол институтында жұмыс істедім. Тек 1990 жылдан бері ғана зейнеткер боп үйде отырмын.
— Мәскеуде тұрғаныңызға қанша болды?
— Бұл қалаға ең алғаш рет мен 1937 жылы келгенмін. Ұлы Отан соғысынан кейін біраз уақыт Ригада тұрдым. Жұмыс, қызмет бабы солай болды. Міне, Латвия астанасындағы сол кезді есептемегенде қалған уақытымның бәрі осы Мәскеуде өтіп келе жатыр деп айтуыма болады.
— Сіз жазушы Ілияс Есенберлиннің туған інісісіз. Ағаңыздың кітапта жоқ, анықтамалықтарға әлі кірмеген, былайғы жұртқа әлі де белгісіздеу боп келе жатқан өмір беттері туралы не айта алар едіңіз?
— Ағам кезінде бір жағдай үшін көп азап шекті. Ол оның «халық жауының» қызын алған құйыршық деп күстаналануы еді. Иә, рас, Ілекеңнің үйіндегі Диляра жеңгеміз өз уақытында Қазақстанға белгілі адам болған Хамза Жүсіпбековтің перзенті-тін. Осынысы үшін ол кісінің естімеген сөзі жоқ. Ал, қалған мәселелердің бәрі ұмыт қалмаған сияқты. Олар әр жинақтарда айтылып та, жазылып та келеді ғой.
— Алматымен, туған жеріңіз Атбасармен байланысыңыз қалай?
— Атамекенім — Қазақ елін ешуақытта ұмытқан емеспін. Ұмыт­паймын да. Оған дәлел, осы жетпісінші-сексенінші жылдардың өзінде Қазақстанның жоғары оқу орындарынан шақырулар келіп тұрды. Соған байланысты мен Алматы, Жезқазған, Өскемен қалаларындағы техникалық институттарға барып, лекция оқып қайтып жүрдім. Туған жерім Атбасармен де байланысым бар. 1987 жылы ғой деймін, сондағы өлкетану музейінен хат келді. Мен олардың сұраған нәрсесі — Ілекең туралы естелігімді жіберіп, ұмытпағандары үшін рақмет айттым.
— Отбасыңыз… Балаларыңыз. Олар немен шұғылданады?
— Жұбайым Вера Васильевна — зейнеткер. Екі қызым бар. Оларға Дина, Рахима деп қазақша ат қойғанбыз. Қазір бұлардың екеуі де тұрмыс құрған. Үйлі-баранды жандар.
…Бұл 1991 жылғы қойын дәп­тер­ге түскен жазулар. Мұндағы ауызекі сөздер Раунақ Есенберлин өмірінен міне, осылай деп мағлұмат береді. Кезінде: «Тақырыпты ашуға, тереңдетіп жазуға бұл деректер әлі жетімсіз. Сондықтан Мәскеуге тағы бара қалсақ, ол кісімен міндетті түрде қайта кездесіп, әңгімелесуіміз керек» деп ойлағанбыз. Бірақ одан кейін Ресей астанасына қайтып жолымыз түспеді. Осы себептен де «шикізаты» жетіспеген, фактісі піспеген тақырып диалог күйінде қойын дәптерде қалып қойды.
…Жылдар өткен соң барып бұл тақырыпқа қайта оралғанымда Раунақ Есенберлинге қатысты тың деректі көзім шалып қалды. Ол Атбасар қаласындағы музейдің алғашқы ұйымдастырушысы, Арқа аймағының білгір шежірешісі Клара Әмірқызының «Ауылым — атамекенім» кітабындағы факт еді. Клара апайдың баяндауынша, бірде өзі жетекшілік еткен аталмыш музейге бұрынғы ақмолалық, қазіргі мәскеулік ғалым Н.В.Литовченкодан хат келеді. Онда ол Раунақ ағамыздың Ресей мен шетелдерде жаңашыл өнертапқыш ретінде ерекше бағаланатынын, атақты «Кировец» тракторын жасап шығарғандардың арасында оның да өзіндік үлесі бар екенін, Челябинскінің трактор зауытында Раунақ Есенберлин жасаған жоғары өнімді арнаулы конвейер жұмыс істейтінін айтады. Хатының соңында: «Осындай жерлесімнің бар екеніне мен шын жүректен қуанамын, мақтанамын. Ал қазақстандықтардың профессор Р.Есенберлинді әлі білмейтініне өкінемін» дейді.
Шынында да, атақты «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылыш» және «Алтын орда» кітаптарының авторы Ілияс Есенберлиннің інісі Раунақ ағадан жұртшылық әлі бейхабар сияқты. Біздің осы мақаланы қоян жылғы қойын дәптерден қопарыстырып алып жазып отырғандағы мақсатымыз — Мәскеуде сондай қандасымыздың бар екендігі туралы ел білсе, құлақтанса деген ой.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.