ШОҚАН ТЕЗЕК ТӨРЕ АУЫЛЫНДА

(Құпиясы ашылмаған сапар) 

Исмаилжан ИМИНОВ,
жазушы, публицист,
саяхатшы

Сәуір айының сібірлеп атқан кезекті бір таңы еді. Біз мінген көлік баяу жылжып Шанханай ауылына жақындап келеді, айналада жасыл түске боялған кең байтақ дала, құстар ән салып, төбемізде бұлтсыз көк аспан мөлдіреп тұр. Машинаның терезесінен қырдың самал лебі соғып, жусанның жұпар иісі аңқып қоя берді. Алматыдан Сарыөзек ауылына дейінгі жол тақтайдай тегіс. Тас төселген күре жолдың сапасы жақсы. Ал аудан орталығынан ауылға түсетін жол тозыңқы…  Мен ұлы ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановқа арналған ғылыми кон­ференцияға келе жаттым. «Шоқан Шың­­­ғыс­­ұлы 1865 жылы 10 сәуірде дүние салды. Бәлкім, ол күн де дәл осындай мамыражай, шуақты болды ма екен? Иә, осынау жарық дүниемен көктем мезгілінде қош айтысу да оңай емес…» деп ойладым ішімнен. 

Өз басым Шоқанның есіміне бала кезден қанық болдым. Әкем имам Әбдіқадыр қаридың түп-та­мыры Қашқардан. 1934 жылы ол ту­ған үйінен жырақ кетуге мәжбүр болып, өмірінің соңына дейін елін аң­­саумен өтті. Қашқарды есіне жиі алатын. Өткен ғасырдың 20-30 жыл­дарындағы Қашқар жайында айт­қан әңгімелері менің де жадымда жатталып, 1970-жылдардың басында мектепте жүрген кезімде саяхат­шының «Таңдамалы шығармаларын» оқығаннан туған әсерлеріммен қабысып кетті. Бұл жинақ 1958 жылы академик Әлкей Марғұланның редакциялығымен жа­рық көрді. Әлі күнге дейін осынау құнды қазынадан қол үзгенім жоқ. Менің жадымда саяхатшының «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қашқарға жол және Алатауға оралу суреттері», сондай-ақ «Алты ша­һар­дың жағдайы туралы немесе Нан-Лу (кіші Бұхара) қытай провинциясының алты шығыс қаласы» атты очерктері, Г.Колпаковскийге жазған хаттары мәңгілікке сақталып қалған еді. Бұл туындылардың көптеген парақтарын әлі күнге дейін жатқа білемін.
Қашқар һәм Шоқан мен үшін егіз ұғымға айналды. Кейінірек, нақты айтқанда студенттік жылдары ғалымның Алтышаһар мен Іле аймағына жасаған сапарының ғылыми-зерттеу жазбаларын, бұдан өзге де дүниелерін, атап айтқанда «Құлжа мен Шәуешектегі сауда», «Қытай империясының батыс аймағы», «Жоңғар очерктерін» оқып шыққам.
2012 жылы Шоқан өз шығармала­рына арқау еткен Қашқар, Артуш және Құлжа шаһарларын өз көзіммен көру бақытына ие болдым. Арада екі жыл өткенде, яғни 2014 жылы «Qazaq Geographu» (Қазақстан ұлттық гео­графиялық қоғамы) экспедициясы Ш.Уәлихановтың жүріп өткен жолымен саяхат-сапар ұйымдастырды да, мен сол экспедицияның ғылыми же­текшісі ретінде ұлы ғалым суреттеген қоңыртөбел ұйғыр қалалары мен ауылдарын араладым. Біз Тянь-Шанның биік асуларын еңсере отырып, Азияның көптеген жұмбақ жерлерін басып өттік. Бірақ сол жылы Шоқан өмірінің соңғы айларындағы жерлеріне тәу етіп бара алмадық.
Бізді әкеле жатқан жалғыз сүрлеу жол кенеттен солға бастады. «Міне, менің Шоқаным жарық дүниемен қоштасқан жерді ақыры көретін болдым-ау» деп ойладым. Өзімді үнемі қызықтыратын әрі мазалайтын бір сұрақ: неліктен Қашқар сапарына қарағанда Шоқан өмірінің соңғы кезеңін өте аз білеміз? Қандай кітапты парақтасам да, осы сауалға тұшымды жауап таба алмадым. Мұнда түсініксіз әрі құпия бір нәрселер бар, әрине… Осы тылсым дүниені білу үшін қазақ оқымыстысының найзағайдай жарқ еткен ғұмырының тұйықталған жері – Тезек ауылына келе жатырмын.
Шоқан бұл жерге 1864 жылдың қараша айында табан тіреген. Көптеген зерт­теушілер Ш.Уәлихановтың полковник Черняевпен ара қатынасының үзілуіне патшалық отрядтың Әулие-Атаны (қазіргі Тараз) басып алғаннан кейінгі жергілікті тұрғындарға көрсеткен озбырлығы себепкер болды деп есептейді. Г.Потанин және бүгінгі заман зерттеушілері де осы пікірде. Бірақ бұл ақиқаттың шеті ғана деп ойлаймын (қоқандықтармен болған ұрысқа қатысқаны үшін штабс-ротмистр Уәлихановтың ротмистр шеніне ұсынылғаны жайдан-жай емес еді).
Бастысы: Шығыс Түркістанда жаңа көтеріліс бой көтерді, көтерілісшілер Құшар хандығы мен Іле сұлтанатын құрды. Еркіндік сүйгіш Қашқар қайта бас көтеріп, Бұзырық хан қожа Якуб бекпен бірге көне шаһарға қарай қозғалды.
Сондықтан мұнда, Қытай шекарасы мен Алтынемел тауларынан қашық емес қазақтың сайын даласына тағдырдың айдауымен Черняев жасағынан офицер әрі саяхатшы, Алты Шаһар Елін (сол кезде ұйғыр жерлері осылай аталды) жақсы білетін білікті маман келді. Шынында да, Ресейде аймақтың жағдайын Уәлихановтан артық білген ешкім жоқ еді, оның жергілікті ұйғыр халқымен де, қытай шенеуніктерімен де байланысы тәуір болды. Сондықтан патшалық қолбасшылығының ұйғарымы бойынша, Ш.Уәлиханов Черняев жасағына қарағанда Цин империясының шекарасына көбірек қажет еді.
Г.Потанинге қайта оралайық. Ол өзінің марқұм досын Шиллер шығармасы немесе ертедегі Пушкиннің романтикалық кейіпкері етіп алғанда бір құпияларды жасырып қалғандай көрінеді. Потанин былай деп жазды: «Дарынды және білімді бұратананың киіз үйге осы оралуында драмалық дүние бар. Шоқан Уәлихановтай сезімтал әрі байқағыш адам үшін өркениет пен мәдени шырай өзіндік өткір және кеселді тұсқа ие болды. Қамыққан сәтте­рінде ол Пушкиннің Алекосы сияқты қара­пайым әрі таза адамгершілік қасиет ие көшпенділер қосына баруды жаны қалайтын».
Ерекше атағым келетіні, Уәлиханов Ресей империясына риясыз сеніммен әрі адал қызмет етті, бұл елді Орталық Азияға бейбітшілік пен білім жарығын әкеледі деп есептеді, сонымен қатар өзін тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің де бір перзенті ретінде санап, аймақтағы ағайындас түркі халықтарының тауқыметті тағдырына жаны ашыды. Мұны ұлы ғалымның еңбектерін оқыған кез келген адам байқайтыны сөзсіз. Патша билігінің оған деген толық сенімі болды ма? Әсілі, болған емес. Өйткені Петербордан бастап оның соңынан Сейфүлмүліков деген тыңшы еріп жүрді. «Үй артында кісі бар» екенін Шоқан, әлбетте, білді. Сол жылдары Ресей империясы Шоқанға ғана емес, демократиялық және патриоттық ұстанымдағы өзге де адамдарға күдікпен қарады.

Тезек төре  кімге қызмет етті?

Тағы бір маңызды тұсқа тоқталып өтсем. Шоқан Албан руының аға сұлтаны – Тезек төренің (Тезек Нұралин. 1820-1879) ауылына келеді. Әрине, бұл кездейсоқ оқиға емес. Тезек төре деген кім? Ол орыс және қытай қызметіндегі ықпалды қазақ. Екі елдің билігінен алған бірқатар атақ-дәрежелері бар. Өз басым Тезек төрені цин мен патшалық билік арасында жүріп туған халқының ұлттық мүддесін ойлаған Абылай хан кейіптес адам деп есептеймін.
Албандардың сұлтаны Тезек санқырлы тұлға еді, өзі саясаткер, ақын, би әрі батыр. Ойы ұшқыр, айтыстарда айтқан тапқыр шумақтары тау-тасқа лезде тарап кететін. Расымен, оның тағдыры қызық, оқиғалы романға арқау болуға әбден лайық.
Шоқан Шыңғысұлы мен албандардың ақсақалы бір-біріне туыс, төре тұқымынан тараған, Абылай ханның шөберелері. Оларды осындай ағайындық қатынас байланыстырды. Екеуі мүдделес жандар болды, әйтсе де демократ Шоқан сұлтанның өз қарамағындағыларды басқару ісіне көңілі тола қоймады.
Шоқан Тезек төремен Черняев жаса­ғында жүргенде танысса керек, содан кейін олар бірге Верный бекінісіне, әрі қарай Алтынемелге жетеді (Еске сала кететін бір жайт: албандардың сұлтаны орыс қолбасшылығы тарапынан Әулие-Атадағы ұрыстарға қатысқаны үшін алтын қылышпен марапатталған). Ол кезде Тезек төре орыс қызметінде жүрді, жасырын түрде Верный мен белгілі бір халықтар (ұйғырлар, қырғыздар, дұнғандар, Іле аймағындағы қытай әкімшілігі) арасындағы пошталық және өзге де байланыстардан хабардар, дала заңдарын жақсы білетін, шекарадағы ықпалды адам, ең бастысы соғысқа қабілетті шағын сарбаздар жасағы болды, орыстарға керекті көлік-арбаларын да жеткізіп беріп тұрды.
Тезек төре Іле ұйғырларының ерекше құрметі мен сеніміне ие болғаны белгілі. Олар оны өз адамы деп есептеді. Бастапқы кезде орыс билігі де сеніммен қарады. Осындай сенімнің нәтижесінде төре сарбаздарымен бірге Семенов-Тян-Шанскийдің аймаққа жасаған экспедициясы кезінде жанында жүрді. Кейіпкерлерімізге байланыс­ты әңгімені әрі қарай жалғастыра түсейік.
Шоқан мен Тезек төре көп уақытын бірге өткізеді. Олар не жайында әңгімелесті? Айдан анық нәрсе – сұхбатта туған халқының тағдыры, ақ патшаның аймақтағы рөлі туралы сөйлескендері. Бізге Тезек төренің өз бейнесі Шоқанның қылқаламымен салынған суреті арқылы жетті. Онда төре басында тауыс (павлин) қауырсынды бас киімі бар қытай офицерінің күртешесінде бейнеленген.
Мені ақ пейілді оқырман қауым кешірер, егер уақытынан ертерек Шоқанның қазасынан кейінгі орын алған оқиғаларды айта кетсем. Сонымен, 1871 жылы Тезек төре патшалық билікке қарсы шығып, 1864 жылы Құлжа қаласымен бірге құрылған Іле сұлтанатының шекарасына өтіп кетеді. Төремен достық қарым-қатынаста болған Іле сұлтанатының басшысы Алахан сұлтан генерал Колпасковскийдің Тезек пен оның руластарын Жетісуға қайтару жөніндегі талабын елемей, қазақ қашқындарына саяси баспана ұсынды. Бұл патша әскерлерінің Іле сұлтанатын басып алуға түрткі болған жағдай еді.
Енді Тезек ауылына келейік. Мұнда Шоқан Тезектің немере қарындасы Айсараға үйленеді. Айсарамен кездескен замандастары оны сұлу жүзді келбетімен ерекшеленбесе де, ақылды да сүйкімді болғанын айтады.
Бір қарағанда олардың некесі оғаштау көрінуі де мүмкін. Кейбіреулер Ресей императорының қошеметіне бөленген орыс офицерінің, атақты саяхатшының қарапайым қазақ қызына үйленгеніне таңғалады. Бірақ Шоқан мен Айсараның бір тектен шыққанын ескерсек, бәрі де түсінікті болып шыға келеді. Шыңғыстың ұрпағы үшін бұл аса маңызды еді. Ол жылдарда төре мен қожалардың әйелдікке өз руластарының қыздарын алу дәстүрі болғанына қарамастан Шоқан өзге қазақтар сақтаған бұл дәстүрді бұзып, алыс туысының бір қызымен де отау құруына болар еді. Айсара Тезектің жанұясында бойжеткенін, төре оны өз қызындай тәрбиелегенін де атап өтуіміз керек.
…Біздің көлік ауылға кірді. «Иә, сонымен Тезектің киіз үйі қай жерде болды?» деп өзіме өзім сұрақ қойдым. Әдетте, көнекөз ақсақалдар киіз үйді бұлағы сылдырап ағып жататын таудың баурайына тіктіреді емес пе? Бәлкім, ол Шоқанның ескерткіші орнатылған анау тұрған биік өр шығар. Көлігіміз тоқтағанда мен «биссмиллахи-и-рахман-и-рахим» деген сөзді айтып, әйгілі саяхатшының табанының ізі қалған жерді бастым. Мені музей директоры, қазақ зерттеушісінің осынау мемориалын құруға өмірін арнаған орта жастағы жылы шырайлы Сәуле Әбішева ханым қарсы алды. Конференцияға біршама адам жиналды. Бәрімен сәлемдескен соң, өзіне еріксіз шақырып тұрған Шоқан ескерткішіне қарай жүрдім. Талантты мүсіншілер Ю.Руковишников және Н.Миловидов жасаған қола монументке қарай тепкішек­пен көтеріліп келемін. Жалғыз өзі, жүзін мұң торлаған әдемі Шоқан келешекке сенімді көзбен қарап тұр. Ескерткіште ғалым­ның кескін-келбетін айқын бейнеленген екен. Осы ауылда Шоқан қазақ фольклорын жинады, сирек болса да Қапалға барып жүрді. Әлбетте, Ресейдің орталық басылым­дарына мақалаларын жариялауды тоқтатқан жоқ. Оның соңғы еңбегі «Руский инвалид» газетінде жарияланды (1865 ж. №51). Бірақ ең бастысы: Шоқан Шығыс Түркістандағы (Шыңжаң) оқиғаларды зейін сала қадағалады, мұсылмандардың көтерілістері туралы материалдар жинады. Кәнеки, енді Шоқан Шыңғысұлымен бірге Цин империясындағы мазасыз аймақтың сонау бір драмалық жылдарына сапар шегейікші.

Алты Шаһар  Еліндегі көтеріліс

1862 жылы қытайлық Шэнси провинциясында дұнғандар көтерілісі тұтанды (тілі жағынан ханьцыларға жақын халық, ал дін бойынша мұсылман-сунниттер). Көп ұзамай бүлікшілік Ганьсу мен Цинхай аймақтарына жетті. Дұнғандар манжур-қытай әскер­лерінің үздіксіз қысымшылығымен жеңіліс тауып, ұйғырлардың жерлеріне қарай шегінуге мәжбүр болды, оларды жергілік тұрғындар жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. Айта кету керек, алғашқы дұнғандар (хуэй) циндіктер тарапынан бұл аймаққа XVIII ғасырдың 70-ші жылдары құрылыс жұмыстары үшін күштеп көшірілді. Шығыс Түркістанның көптеген аймақтарында өмір сүріп жатқан Дұнған диаспорасы Қомылдан Қашқарға дейін жеке-дара тіршілік кешті. Көтеріліс дүмпулерінің орталығы ұйғырлардың Құшар қаласы болды. 1864 жылы 7 маусымда бас көтерген қалалықтар кәрі шаһарды өз бақылауына алды. Құшардың орталық алаңында көтерілісшілер өздерінің ханы етіп яркенттік қожа-қаратақиялықтар династиясының ұрпағы Рашидд-эд-динді сайлады, ол ресми түрде Ханқожа деп аталды. 1865 жылы Құшар хандығының құрамына – Құшар, Қорла, Тұрфан, Қомыл, Сайран, Ақсу, Үштұрфан тәрізді халық саны көп ұйғыр қалалалары өздеріне тиесілі аумақтарымен қоса кірді.
Көтерілістің тағы бір ошағы – аумақтың әкімшілік орталығы еркіндік сүйгіш Құлжа шаһары болады. 1864 жылдың қыр­күйек айында Құлжа қазақтар қол­даған көтерілісішілер – ұйғырлар мен дұнған­дардың қолына өтеді. 1864 жылдың соңында аймақ түгелдей көтерілісшілердің қарамағына болып, тарихқа енген Іле сұлтанаты деген жаңа мемлекет құрылады.
Монарх болып ханзада Имин-ванның тұқымы Мазамбет-бек сайланады, кейіннен елді халықтың сүйіктісі Алахан сұлтан басқарады. 1865 жылы 27-қаңтарда қазақтар мен ұйғыр жасақтары бірлесіп, Шәуешекті цин отарлаушыларынан тазартады. Қытай-манжур әскерлері көтерілісшілерді қаланы тастап кетуге мәжбүр еткенімен олар өз күрестерін тау­да жүріп жалғастыра берді. Ұлт-азаттық толқулар Яркент пен Хотан қалаларына да жетті.
Қарт Қашқар да басын көтерді. Оны Шоқан да зерттеген. Осында Ферғана алқабынан Бұзырық қожа келеді. Ол цин отарлаушылары өлім жазасына кескен, халық арасында аса танымал Джахангир қожаның ұлы болатын. Онымен бірге Қашқарға Яқубек бек қолбасшы да табан тірейді. Мен аталған фактілер жайында кездейсоқ айтып отырғаным жоқ, бұл Қытайдың көршілес шекаралық аймағы қандай саяси жағдайда болғанын білуіміз үшін керек, мұндағы оқиғаларды Шоқан Уәлиханов пен патшаның арнайы қызметтерінің мұқият бақылауында ұстаған. Неліктен екенін кім білсін, көтерілістің қозғаушы күші Шығыс Түркістандағы ұйғыр диқандары болғанына қарамастан, оны тарих ғылымында «дұнған көтерілісі» деп атайды.
Әңгіме мынада: қытай тілінде «хуэиминь» сөзі мұсылмандар дегенді білдіреді, ол адамдарды этникалық тұрғыдын қазақ, ұйғыр немесе дұнған деп бөлмейді. Қытайдың «хуэиминь» сөзі орыс тіліне дәл аударылмаған. Екіншіден, ішкі Қытайдағы көтерілісті дұнғандар бастаған, әрі қарай ол Алты Шаһар Еліне ойысып, осы жерде ұлт-азаттық сипатқа ие болды.

Шоқанның генералға жазған хаттарына толық  сенуге бола ма?

Енді Ш.Уәлихановтың генерал Г.Колпаковскийге жазған хаттары жайын­да сөйлесетін уақыт келді деп ойлаймын. Бұл хаттардың бізге бесеуі жетті. Олар сенуге тұрарлық па? Егер ол хаттар түпнұсқадан басылған болса, менде осындай сауалдар туындамас еді? Бұл хаттарды тұңғыш рет профессор Н.Веселовский Г.Колпаковский ұсынған көшірмелерден алып басты. Түгелге жуық хаттарға берілген түсініктемелерде «көшірмелердің қатты бұрмаланғаны», барлық қателіктер мен бұрмалаулар профессор Веселовскидің басылымында түзетілгені» айтылады. Хаттардың түпнұсқалары
н қолымызға ұстап көрмей, аталған жарияланымдарға толыққанды сенуге болмайды деп есептеймін. Мен ешкімді бұған иландырғым келмейді, бірақ ол – факт. Сірә, хаттардың кейбір үзінділері бұрмаланған немесе әдейі алынып тасталған. Бұл орайда айта кету керек, қазақ ғалымының Қашқарға сапары кезіндегі еңбектерімен мұқият танысқан оқырман Шоқанның ондағы жергілікті халықтарды қолдағанын айқын аңғарар еді. Ендеше, сол еңбектердегі кейбір үзінділерді есімізге түсірейікші.
Қазақ зерттеушісі «Алты шаһардың жағдайы туралы…» еңбегіндегі «Үкіметтік жүйе және аймақтың саяси жағдайы» бөлімінде былай деп жазады: «Қытайлықтар өздерінің әлсіздігін сезе отырып, күмәнді әрі ашулы болып алды. Әрбір көтерілістен кейін олар долданып, айналаны тонап, әйелдерді зорлап, мешіттерді қиратып, халыққа үрей тудыру үшін дәруіштер мен кедей адамдарды өлім жазасына кеседі. Жайшылық уақытта ұрлық-қарлық сақтала береді, бірақ қысым көрсетушіліктің қарқыны қатты болады. Қытайлықтар көшеде аттан түспегендерді, сауда ләпкелеріндегі тауар­ларды тегін тартып алатындарды, мейрамханаларда ақысын төлемей тамақтана беретіндерді ұрып-соғады. Кез келген қытай шенеунігі тіршілігіне қажетті азықтар қорын тегін алып, жергілікті тұрғындардың арасыннан құл клиенттер ұстады».
Бірінші қазақ демократы, Ресей мен Еуропаның озық дәстүрлерінен сусындаған, бауырлас ұйғыр халқы туралы кеудесі шерге тола отырып әңгімелейді. Әлбетте, Шоқан Алты шаһар мен Іле аймағындағы көтерілістердің себептерін жақсы білді. Ал ол жайында генералға арналған хаттардан көруге бола ма? Жоқ. Неге? Ойлаймын, орыс офицері фактілерді айтып, оларды талдап қана отырды, ал эмоцияны жеткізген тұстары қасақана алынып тасталды.
Мынадай сауал туындайды: Шоқан 1864 жылы ақпан мен сәуір аралығында генералға хаттар жолдады ма? Егер жолдаса, ол хаттар қайда? Шоқан бұл кезде неге үндемей қалды? Өмірінің соңғы жылы туралы ойға берілгенде көкейді өзге де сауал толғандырады: егер Шоқан 1864 жылдың жаз айында Верный қаласына келсе, ол шілде мен қараша айының аралығында қайда жүрді? Біз тек өзіміздің жорамалымызды ғана айтатынымыз белгілі. Бәлкім, Шоқан «аңызы» көп жаңа тыңшының бей­несіне еніп, Қашқардағы кезекті бір құпия миссиясына дайындалумен болған шығар.
Ротмистр Уәлиханов пен Алатау аймағы және қырғыздардың Үлкен Ордасының басшысы генерал Колпаковскийдің қарым-қатынасы өзара сенімділікке ғана емес, рәуішті достыққа да негізделген. Себебі Уәлиханов қытайлық цзян-цзун, Іле аймағының генерал-губернаторы Мин Сийдің (Құлжадағы қытай әкімшілінің басшысы) Колпаковскийге жазған ресми хаттарын (жолдауларын) ашып қарауға мүмкіндігі болды.
Цзян-цзун, ішкі Қытай ісінен сырт қалғандықтан, Верныйдағы Ресей билігінен әскери көмек сұрады. Мен ротмистр Уәлихановтың әскери антына адалдығына шүбә келтірмеймін, бірақ ол ынты-шынтысымен көтерілісшілер жағында болғанына бек сенімдімін.
Мүмкін, алынған мәліметтерді Тезек төреге, ал ол өз кезегінде көтерілісшілерге жіберген шығар. Бұл – бірінші нұсқа. Десек те, «пол­ковник Черняевпен ара қатынасты үзген­нен кейін Уәлиханов патшалық би­лікке өзінің «керектігін» көрсеткісі келді, сон­дықтан шамадан тыс құлшыныс танытты» деген екінші нұсқа да шындыққа жанасады.

Тезек төре Нұралин
Тезек төре Нұралин

Шоқанға деген  сенімінің сетінеуі

Бұл кезде патшалық Ресей мен Цин империясына қарсылық танытып жүрген белгілі күрескерлердің бірі Шоқанның жақын туысы Кенесарының ұлы – Сыздық төре болатын. Шоқан екеуі таныс па еді? Қазір ол жайында нақты айту қиын, бірақ олар, әрине, бір-бірін білді. Тіпті олар өзара байланыс жасап тұрды, әртүрлі оқиғаларға қатысты бір-бірінің көзқарастарынан да хабардар болды деген нұсқа бар.
Сыздық төренің тағдыры таңғажайып деуге тұрарлық: хан Кененің ұлы, өзі батыр, түркі халықтары тәуелсіздігінің жақтаушысы. Сыздық Кенесарин 1875 жылы азаттық сүйгіш Қашқарға табан тіреп, Якуб бек ханның үзеңгілес серігі болып, Йеттишар мемлекетінде қорғаныс министрі лауазымына тағайындалады. Сыздық төренің қасында соңына дейін жүреді. Қашқар құлағаннан кейін С.Кенесарин қытай мен Ресей шекарасынан өтіп, ақ патшаның билігін мойын­дайды. Ол өмірден 1917 жылы 70 жас шамасында өтеді де, Шелек ауданына жерленеді (Сыздық төренің өз аманаты бойынша, оның тәні қойылған жерге мазар тұрғызылмайды). Замандастарының айтуларынша, Шоқан мен Сыздық төре бір-біріне ұқсас болыпты. Тек С.Кенесарин Шоқанға қарағанда ақшылдау болған.
Өз басым ұлы Шоқан қазақтар мен ұйғырлардың, қырғыздардың арасында ерекше құрметке бөленген тұлға болды деп есептеймін. Қашқар экспедициясынан оралғаннан кейін Шоқан Омбы мен Петерборда жүргенде патшалық билік оған күдік-күмәнмен қарай бастады. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз Шоқанның демократ және патриот болғанын жадымыздан шығармауымыз керек. Мұны тілге тиек етіп отырған себебім, Ресейдің сол кездегі арнайы қызметтері қазақтар мен патшалық ресей билігі арасында әлдебір теке-тірестер (конфликтілер) орын алса, Шоқанның қай тарапқа жақтасатынына толыққанды сенімдері болмады.
Әрине, олар бір есептен Шоқанның бүйрегі Қашқар мен Іле аймағындағы көтерілісшілерге де бұратынын білді (әлбетте, Ресейдің Бас штабында Уәли­ханов­тың Қашқардан келгеннен кейінгі еңбектерімен мұқият танысып шықты), сондықтан ротмистр Уәлихановты «империя ішіндегі кавалериялық полктың біріне» ауыстыру жөнінде бұйрыққа қол қойылды. Бірақ Шоқанның өліміне байланысты бұл бұйрық жүзеге аспай қалды.
…Мен музей алдындағы шағын алаңқайға келе жаттым. Кербұлақ Мәдениет үйінің артистері, жергілікті мектептің оқушылары концерт берді, көрнекті ғалымның өмірінен сахналық қойылымдар көрсетті. Музей басшысы Сәуле Әбішева бізді ғимаратқа шақырды. Ғимараттың сырт жағын ағаштар көмкеріп тұрғандықтан көре алмадық. Алып қарағай мен шыршалар мемориалды кешенді тұтас күйінде қарауға мүмкіндік берер емес. Мұндай кедергілерге қарамастан, қазақша дәстүрге негізделіп салынған нысан авторларының, сәулетшілер – Р.Сейдалиннің, Б.Ибраев пен Р.Рустамбековтердің идеясын сезінуге тырысып бақтым. Музейдің төрт бұрышы сүйірленіп келген. Бұл түркілер мен қазақтардың өткінші өмірді осылайша бейнелеп, қабылдау нақышы.
Мұражайдың ішіне мұқият зер сала қарап келеміз. Бейне бір алып киіз үйде жүргендеймін. Киіз үй Шоқанның сүйікті тұрағы болғандықтан, сәулетшілердің музейді дәл сондай бейнеде кескіндеуінде өзіндік терең мән жатқанын түсіну қиын емес.
Мәселен, қазақ саяхатшысының Омбыда, Қашқарда немесе Петерборда жүрген шағында қазақтың киіз үйін аңсағаны сөзсіз. Өйткені киіз үй ыстық Отанының белгісіндей еді ғой. Ежелгі түркілер өздерінің үй-жайларын түнгі аспандағы Жеті Қарақшымен салыстыратын. Өйткені киіз үй де жеті қат көктегі шоқжұлдыздар сияқты көшіп жүреді. Жеті Қарақшы күллі ғаламшарды кезсе, киіз үй – жер жүзін шарлады. Көктем мен жаз, күз бен қыста, жылдың әр мезгілінде тұрағын өзгертіп, Ұлы Даланың төсіндегі тіршілік те онымен бірге баяу тыныштықта жылжиды. Ал тастан қаланған бұл киіз үй қозғалысын тоқтатып, таңғажайып Шоқанның мұражайына айналған.
Ғимараттың ортасында ғалымның Қазақ­станның халық суретшісі Хәкімжан Наурызбаев мүсіндеген сол баяғыдай мұңлы және жалғыз кейіптегі Шоқан бейнесі мен мұндалайды. Шоқанның өз қолымен салған географиялық картасын, суреттерін, мылтық, ертоқым тәрізді жеке жеке заттарын аңғардым. Ұлы саяхатшының алақаны­ның табы қалған дүниелерге іштей толқып, зер сала қараумен болдым. Бағзы бабалардан бүгінге жеткен балбал тастың алдында да ұзақ тұрдым…

Шоқанның жұмбақ өліміне себеп болған  оның мамандығы

Музейден шығып, Уәлихановтың зиратына бет алдық. Ресми дерек бойынша, Шоқан өмірден озған уақыты 1865 жылдың 10-сәуірі. Өлімінің себебі – құрт ауруы. Шоқан сол кезде өлгені шынымен рас па? Рас болса, қандай кеселге шалдығып опат болды? Неге медициналық тұрғыдан растау қағазы жоқ? Бұл сауалдар әлі күнге дейін ғалым өмірін зерттеушілерді толғандырып келеді? Тыңшылар отставкаға кетпейтінін есімізден шығармауымыз керек. Сөзсіз, Шоқанның дүниемен ерте қош айтысуына кәсібінің аса қауіпті болуы әсер етті деп нық сеніммен айта аламын.
Бәлкім, ротмистрдің жалған өлімі туралы нұсқа – Ресейлік бас штабтың соңғы операциясы шығар. Ш.Уәлихановты жаңа тапсырмамен Қашқар, Құшар немесе Құлжаға жіберді. Туберкулезден көз жұмған деп айтылады? Ақиқатында солай ма? Қазақтар бұл дерттен сирек өлген. Өйткені қымыз бен қазы ол дерттен құлан-таза айықтырып отырған.
Шоқанның кадрлық офицер болғанын ұмытпауымыз керек. Ол үнемі дәрігерлердің бақылауында болды, кадет корпусына түсерде, Қашқар экспедициясының алдында, Черняев отрядына қосыларда көптеген медициналық комиссиялардың тексерулерінен өтті. Солардың бәрінде дімкәстігі жөнінде ешқандай сөз жоқ. 2014 жылы, Қазақ ұлттық географиялық қоғамының Қашқарға сапары кезінде, мен бір ұйғыр тарихшысынан қызық дерек естідім. «Шоқан Тезек ауылында болған кезде оны цин жансызы улаған. Шоқанның құпия қызметі Қашқарда әшкере болғанын және бір құдырет қана құтқарғанын еске түсірейік. Циндар мұндайға кешіріммен қарай алмасы белгілі, сол үшін де Ресей тыңшысының жазасын Алтынемелде берді».
Шоқанның: «Шаршадым, ешқандай күшім жоқ, қуарып біттім, құр сүлдерім ғана қалды, жарық дүниені енді көрмеспін?» деп әкесіне жазған соңғы хатын не дейміз? Бұл хатты қолдан оп-оңай құрастыра салуы да ғажап емес. Демек графологиялық талдауды қажет. Неліктен Шоқанның генерал Колповскийге арнаған хаттарында ХІХ ғасырдағы тағдыршешті болған қатерлі кесел жайында айтылмаған? Бұл сауалдардың жауабын таба алар емеспін. Осы үшін де дерті асқынып, өлім алдында жүрген Шоқанды Тезек ауылына құпия тапсырмамен жіберді дегенге сене қою да қиын.
Уәлиханов жарық дүниемен қош айтысқаннан кейін Жақып деген ағасы Тезек ауылына келіп, саз балшықтан мазарын көтерді. Көп уақыт өтпестен мұнда өзінің қайтыс болған досына тағзым ету үшін генерал Колпаковский келді. Жартылай қираған ескерткішті көріп, мұсылмандарда мазарды жөндеу салты жоқ екенін білместен, билік алдына зираттың басына жаңа мемориал орнату жөнінде мәселе қозғайды.
1871 жылы генерал К.Кауфманның тапсырмасымен және белгілі сәулетші П.Зенковтың қолдауымен Екатеринбургтан әкелінген мәрмәр тақта орнатылып, онда қазақ және орыс тілінде: «Бұл жерде 1865 жылы қайтыс болған штабс-капитан Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мәйіті жерленген. Түркістандық генерал-губернатор фон Кауфман І-нің қалауымен Уәлихановтың сіңірген еңбегі ғалымдар тарапынан ескеріліп жүрсін деп осы ескерткіш орнатылды» деп жазылған.
Ескерткішке қатал уақыт өз әсерін тигізбей қойған жоқ, ол бүлінді, қирады… 1958 жылы Шоқанның мазарында стела бой көтерді. Оның ұшар басында жер шарының кескіні айналаға нұр шаша жарқырап Уәлихановты саяхатшы және ғалым ретінде бейнелеп тұр. Осы сапарымда мен Шоқанның қабіріне тағзым ете отырып, оның ұлы да қайғылы тағдыр-талайы жөніндегі терең ойға берілдім, ол ойдан туған тебіреністен жүрегім дүрсілдей, қатты соға бастады. Ұлы қайраткердің рухына арнап мұсылмандық дұғамды бағыштадым.
Жылдар жүйткіп алға жылжуда, ал Шоқанның жұмбақ өлімі жайында ғалымдар арасында талас-тартыс бүгінгі күнге дейін толастамай келеді. Мұндай дау-дамай туындамас үшін, біріншіден, ғалымның сүйегіне эксгумация жасатып, құпия өлімінің себебін біліп, жерленген дәл өзі ме, өзі емес пе деген сауалдың анық-қанығына көз жеткізу керек деп есептеймін. Екіншіден, қазақ саяхатшысының қайтыс болуының сыры мен ғұмырының соңғы жылдарына қатысты көптеген сұрақтардың жауаптары тұнып тұрған ресейлік мұрағаттардың қорларын ашатын уақыт келді.

Орыс тілінен аударған
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.