Көшпелі халықтың төл мерекесі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Астана қаласының
Бас имамы

Әз-Наурыз – Ұлы Дала халқының ұлық мейрамы әрі Жаңа жылы! Бұл қаһарлы қыстан қысылып шыққан ұлысты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелеп рухани жаңғыратын, көңілдерге қуаныш сыйлап, шаттыққа бөлейтін сонау ерте заманнан келе жатқан ізгі дәстүрлі мереке.
Әз-Наурыз – көшпелі халықтың қош көрген бірден-бір төл мерекесі. Қыс бойы араласа алмай қалған жұрт бір-бірімен қайта көрісіп қауышқан ұлан-асыр тойға айналған ұлыстың қуаныш шаттығы.
Өкінішке орай, кейбір ағайындар бұл мерекенің мән-маңызына терең бармай оны түбегейлі жоққа шығарумен әлек, зороастризм дінімен байланыстырады. Алайда, бұл діни мейрам емес, бұл – жалпы халық мейрамы. Әз-Наурызды жоққа шығарушылардың уәжі – фиқһ кітаптарында «Наурыз» мейрамы харам, тіпті «Кімде-кім Наурыз мейрамын тойласа – күпірлік жасағаны» делінгенін алға тартады. Алайда, тағы да қайталап айтамыз, біз тойлайтын ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз бен фиқһ кітаптарындағы наурыз бір-біріне қабыспайтын екі бөлек дүние. Себебі, ондағы наурыз – зороастризм дінінің атаулы мерекесі, тіпті ұраны да болған. Ол мейрамда отқа табынушылар белгілі рәсімдерін атқарып, оттарын қасиеттеп, Аллаға ашық серік қосқан. Ал кімде-кім Аллаға серік қосса, оның амалын ешбір мұсылманның қолдамасы анық.
Ал әз-Наурыз керісінше, ағайын туыстар өкпе-реніштерін тастап, өзара жарасып, Алла разылығы үшін бір-бірін кешіріп, қыс бойы қатынаса алмай қалған туыс­тарымен жүздесіп, аман-сау қауышқандары үшін Алланы ұлықтап, шүкірлік ететін ұлыстың ұлы күні. Қазақ халқының сан қатпарлы ежелгі тарихына бойлап, өзіміздің салт-дәстүрімізді қайта жандандыратын әрі рухани жаңғыратын ең айтулы мерекеміз.
Ендеше, аттарының ұқсастығына ғана сүйеніп, ұстанымы мен мән-маңызы мүлдем бөлек бұл екі наурызға бір өлшем, бір көзқараспен қарамауымыз керек. Ұстанымының бөлек болғанындай, үкімдеріне де бөлек баға беріледі. Сонымен қатар мына мәселені де атап өткеніміз жөн: «Амалдар ниетке байланысты». Біздің мұсылман қауымы әз-Наурызды тойлағанда, оны ешқашан зороастризммен байланыстырмаған. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамы үшін әз-Наурыз өзінің ұлттық дәстүрлі төл мейрамы іспетті. Тіпті ислам дінімен ұштастырып алғандай. Себебі наурыздан өзге қай мейрамды көрсеңіз де, адамдар ішкілік ішіп, Исламға жат басқа да қылықтардан тартынбайтынына куәміз. Алайда әз-Наурыз мейрамында жағдай мүлдем өзгеше. Онда адамдар бір-бірін ізгі тілекпен құттықтап, түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, әрқалай жат та ерсі іс-қылықтардан бойларын аулақ ұстауда, тіпті мешіттерде де сол күні жамағат әдеттегіден көбейе түседі.
Жалпы әз-Наурыз мейрамы Ислам дініне қайшы кел­мейді. Ниетіміз бен амалдарымыз шариғатқа қайшы болмай, керісінше, игі істермен толығып, рухани құнды­лық­тарымыз тиісінше байып жаңғырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Алла Тағала алдағы келе жатқан ұлыстың ұлы күні әз-Наурызды құтты етіп, көп ұлт пен ұлысты, көп конфессиялы сүйікті де тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен ынтымағын одан әрі де нығайта бергей! Ақ мол болсын, өрісіміз төрт түлікке толып, құт қонған сайын даламызда егін жайқалып, ырысымыз бен берекеміз арта түскей! Жаратушымыз халқымыздың әр күнін қуаныш-шаттыққа бөлеп, рухани жаңғырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен мерекелі ете бергей! Ізгі амалдарымыз көбейіп, екі дүниеде де бақытқа кенелгендердің қатарынан болуымызды нәсіп еткей! Әумин!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.