Әз-Наурыз

Көптен күткен ұлы той. Әз-Наурызды асыға күтетін қазақ халқы үшін Наурыз мерекесі ақ түйенің қарны жарылған күнмен тең. Наурыз — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазақ халқы бұл мерекені айрықша бағалап, оны жыл сайын­ тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған.  Иә, бұл кезең нағыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы десек те болады, себебі, табиғат ананың да қайта жанданып жаңа өмірге қадам басар шағы. Әрбір отбасы наурыз мерекесіне ерекше дайындалатыны сөзсіз. Себебі бұл кез – жаңару, құлпыру, шаттану сезімдері мен жайдары көңіл күйге толы кезең. Көктемнің өзі күллі тіршіліктің, табиғаттың жаңаратын мезгілі. Ендеше, бүгінгі «Сөзтаным» айдарында Наурыз мерекесі қарсаңында қандай ерекшеліктер болатыны жайлы баяндайық.

ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫСТЫҢ

Неліктен Наурызды ұлыстың ұлы күні деп айтамыз? Сөз орамындағы Ұлы күн – жылдың бас күні. Ең абзал, ең мәртебелі болып ұғынылғандықтан қазақтар Ұлы күн деп атаған. Ал ұлыс сөзі жұрт, ел, халық білдіретін жиынтық ұғымның атауы. Ұлыс оң болсын дегендегі ұлыс осы айтылған мағынаны білдіреді. Қысқасы, сөз бір-бірімен байланысып, тіркесіп барып «Нау­рыз» мейрамы дегенді білдіреді. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Келін-кепшіктер атай алмай «Ұлы күн» деп, Ұлыстың ұлы күні деп кеткен. «Ұлыс» – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні – «Наурыз» дейді.
Наурыз айының басында күн жылып, қыс бойы жатқан жолдас қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек шығады. «Былтыр көрген кісім әлі жүр екен» демесін деп, алғаш көрінген бәйшешектің бірін ырымдап жұлып тастайды. Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысында болып алдымен сарбауыр көк ала торғай ұшып келеді. Оны түстік жақтарда наурызек, нау­рыз торғай деп атайды. Наурыз айындағы «елжіреген» күннің көзіне малшы, егінші қауым аса сене бермейді. Наурыз айының әсіресе алғашқы онкүндігі халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; ая мейіз алты күн, қырналса қатты күн деп сипаттайды. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды қазақ халқы отамалы деп атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар дейді есепшілер.
Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк қаулайды. Күн өткен сайын Күн белдеуі күннің жүретін жолы жоғарылай түседі. Қазақ елінің Батыс өлкесінде Наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, ал күн жылы болса, ұзағырақтау жерге жайылады. Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты мәриям шөп деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар.Малшы қауымның қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы наурыз айын­да басталады. Қой түлігі наурыздың ортасынан аса жаппай төлдей бастайды. Оны қой төгіні деп атаған. Төгіндегі қозыны тәрбиелеуге келетін сақпаншылар жаңа туған қозының аузын үкіп, аяғын сырып жылы орныға жайғастырады, шаранасын жағып енесіне табыстырады.
Егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды.Көктемнің бірінші айы қазақ жерінің әр өлкесінде Амал (батыста), отамалы (Арқада), көкек (Жетісуда) әртүрлі аталып келген. Алайда бұл ай наурызда өтетін мейрамның атымен аталып, жалпыхалықтық сипат алды. Қысқы ұлы шілденің шығуымен қыстың соңғы зәрі кетеді де, табиғат көктемгі тіршілікке қарай бет бұрады. Ғасырлар сынынан өткен тәжірибе бойынша, төрт түліктің төлдейтін уақыты наурыздан басталып, мамырда аяқталғаны дұрыс деп саналады. Бұл мезгіл – қазақ жерінің табиғаты үшін мал төлдетуге ең қолайлы уақыт. Енді Наурызға байланысты бірқатар ұғымдарға тоқталайық.
Қоздату ­– саулық қойдың көктемдегі жаппай төлдеуі мен қозы аяқтандыру науқанына қатысты айтылатын ұғым. Қоздату науқаны Қазақстан аймақтарының климаттық жағдайына байланысты, нау­рыз айынан басталып, мамыр айына дейін созылады. Наурызтөл – наурыз мейрамы қарсаңында туған, ерекше қастерленетін төл атауы. Ол көбінесе қозыға қатысты айтылады. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұрғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы деп таңдалған. Түп төркіні мал басының өсіп-өркендеу (яғни көбею) идеясына байланысты туған бұл жорада наурызтөлдерге таңдау түседі. Өйткені қазақ жерінің табиғи-климаттық ерекшелігіне байланыс­ты көп өңірлерде малдың жаппай төлдеуі күн мен түн теңескен, аяздың беті қайтқан шаққа тұспа-тұс келеді. Себебі, онан ерте туса төл шығындалуы көбірек, ал Наурыздан көп кешігіп басталса төлдер кенжелеп қалады да, жайлауға көшу-қону, алдағы қысқа дайындалу барысында көптеген қиындықтар туғызады. Қазақы ортада наурызтөлді ерекше күтіп қастерлейді, бөгдеге сатуға, тарту етуге жол берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызық, тойы­на, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді. Кейбір өңірлерде наурызтөлді көгенбасы ретінде таңдамаса да оны ерекше қастерлеген. Қос көже – егін науқаны басталып, қос шығарған кезде жасалатын ғұрып, наурыз көженің оңтүстік өңірдегі балама атауы. Бұл ғұрып бойынша егін салатын ауылдың үлкен-кішілері барлығы дерлігі қос басына жиналады. Олар онда қос көже пісіріп, дастарқан жайып дәм татысады. Ақсақалдар әуелі Алладан, одан кейін, егіншіліктің иесі Диқан бабадан егіннің мол шығуын тілеп, бата жасайды. Бұдан кейін жерді жыртатын күнді белгілейді.

ҚЫЗЫРДЫҢ ҚАМШЫСЫ ДЕП НЕНІ АЙТАМЫЗ?

Ерте көктемнің алғашқы күндеріндегі бірінші рет күннің күркіреуі мен нажа­­ғай жарқылының метафоралық ата­­­уы. Г.Н.Потанин жинаған деректер­­де қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы бойын­ша, пайғамбар жылына қамшысын бір мәрте ғана көтереді. Сол кезде көк жүзінде найзағай ойнап, күн күркірейді. Жерде тобықтай тоң, тоқымдай қар қалмайды. Көкті жарып нажағай ойнайды дейді. Жерді жарып көк шығады. Бұл кезде жауған жаңбырды рақмет жаңбыры дейді. Наурыз мейрамы – иран және мұсылман түркі халықтарының, оның ішінде қазақ елінің көне заманнан бері наурыздың 22-сі (ескіше наурыздың 9-ы) күнін жыл басы ретінде тойлап келе жатқан айтулы мейрамы. Наурыз дастарқанына жасы үлкен қариялар «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» деп, наурыз батасын береді. Ауқатты, бай адамдар ауыл-аймақты шақырып, Ұлыстың ұлы күніне арнап той өткізеді. Оны наурыздама деп атайды. Діни наным-сенім бойынша аруақтарға арнап құран оқытылады, жеті нан таратылады. Бұл күндері әр жерге үлкен от жағылып, отқа май құйылады. Наурыз таңын қарсы алмаққа жиналған қыздар жағы уыз дәмді «Ұйқыашар» дайындайды. «Ұйқыашар» дайындап, өздеріне құрмет көрсеткен жас жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты әшекей бұйымдарды сыйға таратады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады. Көрісу – Ұлыстың ұлы күні атқарылар салттың бірі. Әдеп бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, сыртынан аялап алып, төс қағыстырып амандасады. Әйелдер құшақ жайып амандасады. Ұлыстың Ұлы күнгі көрісу салтын халық мұрасында өлеңмен дәлме-дәл өрнектелген:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен,
Шалдар бата беріскен.
Қазақ елінің батыс өлкесінде Маңғыстау, Атырау жағында бір үйдегі жандар Ұлыс күнгі таң ата ұйқыдан тұра салысымен бірін-бірі құшақтап көрісетін болған. Ал алыстағы ағайын, жекжат-жұратымен Наурыз айының ішінде, я болмаса келесі Наурызға қалдырмай, «Көріспесең – жат, бармасаң – ұят» деп көрісуді қатаң ұстанған. Наурыз көже – наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде қазан толы наурыз көже әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыстан арнайы сақталған соғым еті, оған бидай, тары, арпа дақылдары қосылады. Наурыз көже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Су, тұзды да дәмге қосады. Наурыз көже құрамы жеті түрлі дәмнен артық та болуы мүмкін. Бірақ дәм тақ сан түрінде болады.

ОТАМАЛЫ МЕН ҰЗЫНСАРЫ

Наурыз айының алғашқы жартысында өтетін 5-7 күнге жалғасатын боранды суық болатын амал атауы. Ертеректе Көкшетау өңірінде наурыз айының атын амал атауы­мен отамалы деп атаған. Өзара іргелес ұғым болғандықтан халық тілінде кейде амалдың атымен айдың аты немесе айдың атымен амалдың аты атала береді. Шығыс қазақтарында (Семей, Жетісу жағында) Көкек деп «наурыз айын» айтқан. Академик жазушы М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазарда қазақ халқының байырғы өміріне қатысты этномәдени нышанды деректерге ерекше көңіл бөліп, көп жинаған. Солардың қайсыбірін көркем тіл кестесіне ендірген. Солардың бірі – Абай жолы романындағы Отамалы туралы аңыз. «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Ота­малы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармай-ақ, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айрыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді». Ескерте кететін жайт, – амалдың, айдың аты халық дәстүрінде кісі есімімен аталмайды, керісінше, кісі есімі сол айда, амалда туғандықтан айдың, амалдың атымен аталады. Отамалы, аңызда айтылғандай, жай қойшы емес, есепші болған. Наурыздың алғашқы күндеріндегі алдамшы жылымықты байдан гөрі малшысы жақсы білген.
Наурыздағы Ұлыстың ұлы күнінде кұл мен күнге бас бостандығын беріп, азаматтық құқығын қайтару салты негізінде қоғамды ізгілікке бастау идеясы іспетті деуге болады. Сондай-ақ ұжымдасу арқылы жол бойына ағаш егу, көпір салып өткел жасау – ізгілікке үндеу идеясының бір көрінісі. Бұлақтың көзін ашу, көкті жұлмау, таптамау, өсіп тұрған ағашты беталды кеспеу, ысырап жасамау, ұшқан құс, жүгірген аңды қырып-жоюдан сақтау табиғатты аялау идеясының қазіргіше айтқанда экологиялық көзқарастың бірден-бір көрінісі. Олардың Киесі мен Иесінің болатыны, сұраусыз болмайтынын ел ақсақалдары үнемі еске салып жас буынды сақтандырып отырған.
Наурыз мейрамында ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Адамдар бір-біріне деген ренішін кешеді, өкпе-қалдықтарынан тазарады, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тартыспақ, тең көтеру, т.б. дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады.
Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Нау­рыз дастарқанына жасы үлкен қариялар «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» деп, нау­рыз батасын береді. Ұлыс күні әйелдердің Ұзынсарыға деп, сақтаған қысқы соғымның шекесі асылады, бүйендегі, қарындағы сарымайды бастайды. «Наурыз айындағы ұзарған күнді» әдетте, әйелдер Ұзынсары дейді. Ұзынсары деп «күн мен түн теңеліп, әрі қарай күн ұзара түскен кезін, сондай-ақ өткен жылғы азық-түлік салынған алақаптың түбі қағыла бастаған кезден мал жаппай төлдеп, елдің аузы аққа жарығанға дейінгі көкөзек шақты айтады». Наурызда туған төрт түліктің төлін төлбасы деп қастерлеп, күтімге алады. Мал иесі алғаш туған наурыз төлін сатпайды, сыйға да бермейді. Ауқатты, бай адамдар ауыл-аймақты шақырып, Ұлыстың ұлы күніне арнап той өткізеді. Оны наурыздама деп атайды. Діни наным-сенім бойынша аруақтарға арнап құран оқытылады, жетін нан таратылады. Бұл күндері әр жерге үлкен от жағылып, отқа май құйылады. Кетік аяқ лақтыру – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз келгенде ескірген киімдерді өртеп, кетік аяқтарды сындырып, жаңаруға ырым ету. Ертеректе табақ, кесе, шайнек сияқты ыдыстардың ернеуінің, шүмегінің бір шеті сынып кертілген жағдайда оларды мыспен, жезбен құрсаулап пайдаланған. Осындай кетік ыдыстарды амалсыздан уақытша пайдаланғанмен, онымен қонақ кісіге шай, тамақ ұсынбаған. Дәстүрлі ортада кетік аяқпен ас ішкен адамның ырысы қашады деп, оны көп тұтынбайды. Оны пайдаланған күнде де Ұлыстың ұлы күні – Наурыз келгенде кетік аяқ, кетік шөмішті сындырады. Сөйтіп, ескі-құсқы заттардан арылып, жаңа жылды жақсы ырыммен қарсы алады. Басқа да кем-кетік, ескі-құсқы, жарамсыз заттармен бірге кетік ыдыстарды да моғал ошаққа салып өртеп жібереді. Моғал ошақ қазу – ескі наным-сенім бойынша Наурыз мейрамында атқарылатын міндетті төрт жоралғының бірі. Академик жазушы М.Әуезов көрсеткен деректерде олар, атап айтқанда, жұп шырақ жағу; кетік аяқты сындыру; төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу. Наурыз мейрамында ескі-құсқыны ас әзірлейтін ошаққа тастап өртемейді. Даладан арнайы ошақ қазып, ескі-құсқыны бастан үш айналдыра аластап, сондағы жанған отқа тастап өртейді. Бұл жерде «ескі-құсқыға зиянды күш иелері үйір» деген түсінік бар. Ал от адамды тазалаушы, жамандықтан арылтушы киелі күш ұғымында түсініледі. Моғал ошаққа қазан асып, ас пісірмеу үшін оны қайта көміп тастайды. Кесір, кесепат, жамандықтың бәрі Жанған отпен кетсін, Соққан желмен кетсін, Аққан сумен кетсін, Батқан күнмен кетсін деп Тәңірден тілек тілейді, өйткені халық түсінігінде жанған от, соққан жел, батқан күн, аққан су еш уақыт қайта оралмайды. Кесапат та, жамандық та осылармен оралмастан бірге кетеді. Төрткөз итті өлтіру – Наурыз нанымдарының бірі. Неге төрткөз итті өлтіреді? Мұның себебін діни дастан-қиссаларда айтылатын аңыздармен байланысты қарауға болады. Атақты Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының Кербала трагедиясын дастан етіп жазған «Қисса уақиға Кербала» жырында Хазіреті Ғалидің Фатимадан туған баласы Хұсайынды Кербала шөлінде қинап өлтірген және шейіт болған сейітзадалардың дүние-мүлкін тонаушылар Хақ Тағала құдіретімен доңызға және төрткөз итке айналатыны айтылады. Солардың бірі Шәймір төрткөз ит кейпінде жүреді.
Шәймірің төрткөз ит боп Кербалада,
Жүр дейді әлі сусап жүр далада.
Ғамири мен Хайназардың басын кесті,
Мұсылман ұстап алып сол арада.
Пышақ қандамау. Наным-сенім бойынша Наурызда – Ұлыстың ұлы күнінде – мал бауыздамайды. Өлі етті, яғни Наурызға дейін сойылған малдың етін асады. Себебі мал сойып пышақ қандау халықтың «Нау­рыз» ұғымында – Өркендеу, жасампаздық идеясына қайшы келеді. Наурыздама тойын жасағандар қысқы соғымның шеке, жілік тәрізді кәделі мүшелері мен қазы-қарта, жал-жаяны, сондай-ақ Наурызға дейін сойылған малдың етін пайдаланады.
Қарт наурыз – күнтізбенің байырғы түрі. Жас наурыздан, яғни 22-наурыздан басталатын күнтізбеден ажырату үшін есепшілер оған дейінгі қолданылған күнтізбені Қарт наурыз деп атаған. Қазақ тілінен мол мағлұмат беретін Л.Будаговтың екі томдық сөздігінде (Санкт-Петербург, 1869) Қарт наурыз наурыздың бірінде өткізіледі делінген. Б.А. Куфтин (1916 ж.) Қарт наурызды қазақтар ақпан айында тойлайды деген дерек келтіреді. Әрине, бұл қос деректің екі түрлі болуында айтарлықтай қайшылық жоқ. Халықтық күнтізбедегі мұндай айырма Ай жаңасының қай күнге дәл келуіне байланысты, себебі Айдың бір жаңасы кей жылдары ақпанның ортасына, қайсыбір кезде ақпанның аяғы, наурыздың басында келіп отырады. Қазыбектің нау­рызы – Кіші жүз он екі ата Байұлының Байбақты руынан шыққан халық астроно­мы Қазыбектің күнтізбелік жүйесі. Түркі тілдерінің екі томдық көлемді салыстырмалы сөздігін жасаған ғалым ­Л.Будагов ­қазақтарда 22-наурыз күні тойланатын Жас наурыз, наурыздың басында тойла­натын Қарт наурыз жайында айта келіп, Қазыбектің наурызы деп аталатын наурыздың болғаны туралы аса құнды дерек келтіреді. Л.Будаговтың көрсетуінше, Қазыбек наурызының Қарт наурыздан 12-13 күн айырмасы болған (наурыз айының 10-11-леріне қараған сәйкес келеді). Қазыбектің жасаған күнқайыру жүйесі тек қазақтардың арасында ғана емес, күллі Түркістан көлемінде қолданылғанға ұқсайды. Аталмыш сөздікке түскен деректен кейін, арада ғасырдан астам уақыт өтсе де Қазыбектің есімі ұмытылмапты. Классик жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ әдебиеті» (1977, наурыздың 18-і) газетінде жарияланған мақаласында: «Нұрпейіс Байғаниннен «Алматыға қашан келесіз?» деп сұраға­нымда «Қазыбек қазаны өткен соң келемін» дегені бар еді. Қазыбек қазаны біз білетін қазаннан өзгешелеу болуы мүмкін» деген сөзі Қазыбек жайындағы дерекке аздап та болса сәулесін түсіргендей. (Әбішев Х. Аспан сыры. Алматы: Жазушы, 1969; Уәлиев Н. Халқымыздың байырғы күнқайыруы. Ай аттары да – асылымыз // АТ. 1992. №3)

ҚЫДЫР ҚИЯЛАСЫН, БАҚ ҚҰСЫ ҰЯЛАСЫН

Халықтың байырғы мифологиялық танымында адамға ырыс, құт дарытатын, көксеген тілегін орындайтын, қысылып-қиналғанда дем беретін, қауіп-қатерден құтқаратын, қияметтің күніне дейін өлмейтін ең жоғары санаттағы әулие. Халық түсінігінде Қыдыр ата бірде бейшара елеусіз жанның, қарт адамның, мүсәпір жанның, арып-ашқан жолаушының кейпінде көрінуі мүмкін. Сондықтан оның кім екенін ешкім бірден біле бермейді. Халықтың фольклорлық мұрасын арнайы зерттеген классик жазушы С.Сейфуллин ел аузынан естіген Қыдыр ата жайындағы бір аңызға тоқтала келіп, «Пәленнің үйіне бір жаяу мүсәпір адам қоныпты, Нашар, жаяу қонақты үй иелері жөнді елемепті. Ертең ерте елең-алаңда тұрып, әлгі қонақ үй иесі кемпірге: «Бәйбіше, не нәрсеге мұқтаж, ділгірсіз?» деп сұрапты. Бәйбіше: «Байғұс, не нәрсеге ділгір болайық, тек бір-екі күннен бері ошағымның бір бұты түсіп қалып, сол ғана ділгір болып тұр» депті. Қонақ қош айтып, шығып кетіпті. Қонақ кеткен соң қараса, ошақтың түсіп қалған бұтының орнына алтын бұт бітіп қалыпты. Үй іші жүгірісіп, аузын ашып аңқиып, санын бір-ақ соғып қалыпты. Қонақ Қыдыр екен» деген әңгімені бала күнімізде естіп, тамсанып нанып, көзімізді шарадай қылушы едік» деп жазады. Аңыздың астарында мүсәпір, міскін жанға, арып-ашып келе жатқан жолаушыға шынайы мейіріммен қарау керек, бәлкім, ондай адам қырықтың бірі Қыдыр шығар дейтін ой аңғары жатқаны айқын байқалады. Қыдыр атаның ел ішіне кең тараған әртүрлі бейнесі бар. Солардың бірінде Қыдыр әулие қалың қабақты, қабағы көзін жауып тұрады екен. Әлдеқандай біреуге назар салмақ болса, саусағымен қабағын көтеріп қарайтын көрінеді. Аңыз бойынша Қыдыр атаның бас бармағы сүйексіз болады, сол себептен сәлемдесуші сәлемдескенде сәлем алушының ұсынған қолын қос қолмен қысыңқырап ұстап амандасады. Төменгі Сыр бойы елінде Қыдыр атаның оң қолының саусағы алтау екен деп те айтады. Сөйтіп, қырық адаммен сәлемдескенде, әйтеуір біреуі Қыдыр болса, бармағынан білесің дейді. Мұндағы қырық сөзі нақты сан мөлшерлік мағынада емес, көптік мәнді аңғартады. Қыдыр ата шырақ жаққан жерге келеді деп, Ұлыстың ұлы күні Наурызда жұп шырақ жағады. Ондағысы – Бақ қонып, Қыдырдың назары дарысын деген пайымдаудан болуы ықтимал. Ұлыстың ұлы күні Наурызда ақсақалдар қол жайып былай деп бата берген:
Асың, асың, асыңа,
Берекет берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қарғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Осы тұрған боз үйге,
Қыдыр ата дарысын!
Бәйбішесі бұл үйдің,
Он екі құрсақ көтеріп,
Ұлға көзі жарысын!
Қыдыр қияласын, барша шаңыраққа,
Бақ құсы ұяласын! Әумин.
Ел ішіне таралған аңыздардың бірінде Қыдыр ата төрт түліктің берекесін беруші бейнеде де көрінеді. Аңызда былай дейді: «Ертеде жыртық үйлі бір кемпір-шалдың үйіне қонған Қыдыр ата «ертең күнбатыстан күншығысқа қарай қалың мал шұбап өтеді. Сол малдарға шамаларын келгенше ен салып алыңдар. Ен салған малдың бәрі сендердікі болады, ал ен салынбаған мал айдалаға кете береді» деген екен деседі. Енді бір аңызда Қыдыр ата егіншіге Диқан баба бейнесінде ұшырасатын көрінеді. Жаз жауынды болмай, құрғақшылыққа ұшыраған егін жөнді шықпаған диқанның қырманы тым қораш болып, үйелменінің жылдық азығына жетпейтіндіктен көңілсіз күйде отырса керек. Сол кезде сонау жерден келе жатқан ақсақалды, ақ таяқты бір қарт кетіп бара жатып, Қырман қызылды болсын, Қыдыр дарысын деп, таяғымен бір нұқып қалады. Сонда егінші «қырманның түбі көрініп жатқанда, несіне дарысын» дейді. Әлден кейін қараса, қырманы қызылға толып, мол астықтың астында қалыпты. Қырмандағы қызылды әлгі егінші ауылдас­тарымен бөлісіп, ауыл аймағы аштықтан аман қалыпты. Содан бері егіншілер жерге дән сепкенде «Менің қолым емес, Қыдыр бабаның (Диқан атаның) қолы» дейді. Мазар шәріп – ертеректегі Нау­рыз мерекесінің той тарқайтын сегізінші күні. Ертеректе хандар мен патшалар қол астындағы елге 8 күн ұдайы той беріп, жаңа жыл тойын өткізген. Бұл күні әулие басындағы көлшікке қант төгіп, жұрт қант татыған суды жабыла ішіп, той тарқар болады екен. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай дейді: «Жиырма тоғыз жасымда Бұқарай Шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге береді. Дәл сегізінші күн «мазаршариф» делінеді.

Күннің сәті

Күннің сәті – қазақы ортада қалыптасқан апта ішіндегі күндерді адам тірлігі мен қарекетіне үйлесімді, қолайлы деп түсінуі, ырымдау үрдісі. Оны кейбір өңірлерде күн тергеу деп те атайды. Халық түсінігінде жыл бойындағы ең сәтті күн Ұлыстың ұлы күні (Маңғыстау қазақтарында наурыздың 14-і күні) деп саналады. Күн мен түннің көктемгі теңелген таңында атқан күннің шұғыласын қарсы алса, оған құт дариды деп ырымдаған. Күнге сәлем беріп, «құтты жыл болсын!», «құт дарысын!» деген тілек тілейді, төңірекке ақ тағам бүрку рәсімін жасайды. Қазақы ортада қалыптасқан үрдіс бойынша, әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері сәтті деп саналады. Керісінше, сейсенбіні ауыр күн деп, ол күні жолға шықпаған, жұмыс бастамаған, көшіп-қонбаған. Өйткені бұл күні жолды жылан кес-кестеп жатады деп ырымдайды. Егер қысылтаяң, не шұғыл шаруамен жолға шығатын болса, жолым жеңіл болсын деп, бір шымшым тұзды жерге көмген. Керісінше, аптаның ішіндегі ең сәтті күн сәрсенбі деп саналады. Сол күні іс бастау немесе жолға шығу қолайлы дейді. Бейсенбі, жұма исламның қасиетті күні ретінде аруақтарды еске алып, дұға бағыштап, құлшылық қылатын күні. 

Деректер «Қазақтың этнография­­­лық категориялар, ұғымдар мен атау­ла­рының дәстүрлi жүйесi» энциклопедиясынан алынды. Алматы, 2013ж

Бетті дайындаған
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология
ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.