Туризмге қолдау бар

«Нұр Отан» партиясының жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, еліміздің туризм саласындағы өзекті мәселелер мен жоспарланған міндеттер талқыланды. 

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрам Пішембаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын туризмнің қазіргі жағдайы мен келешекке жобаланған межелердің орындалу мүмкіндігін таныстырып өтті.
– Біздің еліміздің туризмді дамыту тұрғысында зор әлеуеті бар. Оның уақыты келмеді деп ойлаудың қажеті жоқ. Қазақстанда туристік саладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған, – деген Мейрам Құдайбергенұлы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған көшпелі және ішкі туризмнің дамуына қажетті тетіктерді жүзеге асырудың жолдарын білу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнура Мұрзамадиева, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Игалиевтерге сөз беріп, елімізде және Ақмола облысында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін білді.
Олардың айтуынша, елімізге келетін шетелдіктер үшін визалық рәсімдерді жеңілдету, инфрақұрылымды дамыту мен түрлі «кедергілерді» алып тастау сынды аса маңызды мәселелер қолға алынады. Былтыр қараша айында Үкімет таныстырған 2019-2025 жылға арналған туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 10 шешуші іс-шара қолға алынғанын, соған орай табиғаты әсем туристік аймақтардың басымдығын анықтау, жеңілдетілген несие беру, туризмдегі шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету, маркетинг пен ілгерілету, визалық-миграциялық саясатты жетілдіру, шекарадағы өткізу бекетін жаңғырту, әуе кеңістігін ырықтандыру, ұлттық парктерді басқарудың жаңа моделін енгізу секілді мәселелерді талқылап, Алакөл, Балқаш пен Бурабай көлдеріндегі туристік аймақты, Алматы облысының тау шаңғысы курортын, Баянауыл, Каспий теңізі төңірегіндегі туристік аймақтарды айтарлықтай дамытуға арналған іс-шараларды таныстырды.
Одан кейін сөз кезегін алған «Ұлы Даланың скауттары» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Елдар Кәтенов Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тапсырған ішкі туризмнің дамуы туралы әңгімелеп берді. Бұл бағдарламаны іске асыру арқылы 2025 жылға дейін ТОП- 10 қазақстандық туристік аймақтарды көруге келетіндердің саны жылына 13,5 миллион адамға дейін жетеді.

М.ӘСЕТ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.