Келелі ой, тұшымды пікір

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының концептуалды негіздерін іске асыру мақсатында «Латыннегізді қазақ жазуы: ономастикалық-графикалық кеңістік мәселелері» атты республикалық дөңгелек үстел жиыны өтті. Онда ономастикалық атаулардың графикалық кеңістікте таңбалануы, графикалық кеңістіктегі жарнама және маңдайша, антропонимдер орфограммалары, ономастикалық-графикалық кеңістіктің латыннегізді қазақ жазуына негізделу мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына латын графикасы бойынша мәселелердің басы-қасында жүрген танымал тілші-ғалымдармен қатар, респуб­ли­камыздағы ғылыми орталықтар мен ЖОО профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау, М.Х.Дулати атындағы Тараз, М.Өтемісұлы атын­дағы Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік универси­теттерінің ғалымдары мен білім алу­шылары ONLINE жағдайында қа­тысты. Дөңгелек үстел жұмысын Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева жүргізіп отырды.
Қазіргі таңда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы жұмыстарға зиялы қауым өкілдері, тілші ғалымдар, әр алуан саладағы сала мамандары бел шешіп кірісіп кеткендігі анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» атты стратегиясында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың бо­лашағы үшін осындай шешім қабыл­дауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Елбасы стратегиясында көрсетілген латын қарпіне көшу туралы мәселе бойынша қазіргі таңда нақты қадамдар жасалуда.
– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы да «Қазақ әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру туралы» мәселеге қатысты кешенді жұмыстар жүргізуде. Соның айқын айғағы ретінде бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстел жұмысын атауға болады. Жиынымыздың тақырыбына сәйкес қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде тілші ғалымдардың алдында түйінін тарқатуға тиісті графикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, ономастикалық, лингвистикалық, т.б. мәселелер бар. Аталған мәселелердің түйіні қоғамдық және ғылыми тал­қы­лаулардың нәтижесінде ғана тар­қатылып, ғылыми әдістемелік өн­діріске енгізіледі, – деді Ақтолқын Тұрлыханқызы.
Қатысушылар назарына ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықтың, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне қатысты емле ережесін жасаушы құраманың жетекшісі, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің латын негізді қазақ жазуының емле ережесі және ономастикалық кеңістікке қатысты бейнежазбалары ұсынылды.
Жиналғандар алдында А.Байтұр­­сын­­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының бас ғылыми қызмет­кері, филология ғылымының докторы, профессор Рысберген Қыздархан, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, педагогика ғылымының докторы Фаузия Оразбаева, филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова, Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Қалбике Есенова, Сүлеймен Демирел университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасады.
Бұдан әрі ғалымдар латын негізді қазақ жазуына қатысты ой-пікір алмасты.
Дөңгелек үстел өз деңгейінде өтті деп толық сеніммен айта аламыз. Кәделі ойлар ортаға салынды. Латын әліпбиіне көшу күрделі іс екені тағы бір дәлелденді. Мақсат – осы маңызды іске қатысты дайындықты ойдағыдай жүргізіп, қоғам мен халық көңілінен шығатын қазақ әліпбиіне қол жеткізу.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.