Бір жеңіс, бір жеңіліс…

Келер жылы футболдан Еуропаның 12 мемлекетінің 12 қаласында өтетін Еуро 2020 жарысына қатысу үшін ұлттық құрамалар арасындағы топтық іріктеу ойындары басталды. Қарт құрлықтың 55 елі рейтингтік көрсеткіші әрі жеребе бойынша 10 топқа бөлініп алғашқы матчтарын өткізді. Қазақстан (117-інші орын) құрамасы әлемдік футбол федерациясы болып саналатын ФИФА-ның көрсеткіші бойынша бірінші тұрған Бельгия, Ресей (50), Шотландия (40), Кипр (87), Сан-Марино (211) құрамаларымен бірге «I», яғни 9-ыншы топта сынға түсуде. 

Қазақстан құрама командасының топтағы алғашқы кездесуі Елордадағы «Астана Арена» стадионында өтті. Шотландия елінің футболшыларын қабылдаған ойыншылар тәуір өнер көрсеткінін айта кетейік.
Ойындағы алғашқы голды, жалпы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы голды Юрий Перцух соқты. Алтыншы минутта Александр Меркель берген пасты Перцух сәтті пайдаланып, есеп ашты. Ал араға 4 минут сала Ян Вороговский есепті 2:0-ке жеткізді. Екінші тайм басында Ресейдің «Ростов» командасындасынға түсіп жүрген Бактиёр Зайнутдинов есепті еселеді. Ол Гафуржан Сүйімбаевтың әуелете асырған добын бас­пен қарсылас қақпасына дәл көздеді. Осылайша, таблода есеп 3:0-ді көрсетті. Бұдан кейін қонақтар шабуылды үдете бастап, қақпашымыз Непогодовтың осал жерін іздеумен болды. Бірақ қорғаушыларымыз пен қақпашымыздың шеберлігі арқасында бірде-бір доп қақпаға енбеді. Алғашқы ойында тәжірибелі Шотландияны ұтуымыздың себебі де бар еді. Біріншіден, алыс мемлекеттен келген ұлыбританиялық команда еліміздің ауа райына, табиғи жағдайын бейімделе алмағандығын көрсетті. Екіншіден, шотландиялықтар психологиялық түсінбеушілікке ұрынды. Еуропа құрамаларының арасында аутсайдерлердің бірі болып саналатын Қазақстанды менсінбеген қарсыласымыз қателікке бой ұрындырды. Кез келген спортта қарсыласты бағалап, сыйлау керектігін шотландиялықтар ұмытқан сияқты. Үшіншіден, жолы болмағандығын айқын көрсетті. Әйтпесе тамаша пастарды, доптарды ұршықша керемет игерген гэльдіктер небәрі 2 ғана қауіпті соққы жасады. Біздің тобымызда азулы Бельгия алғашқы ойында Ресейді 3:1, ал Кипр Сан-Мариноны 5:0 есебімен ұтты.
Елорда қаласындағы «Астана Арена» стадионында жерлес­теріміз солтүстіктегі көршіміз Ресей құрамасын қабылдады. Көз тиді ме, жоқ әлде сөз өтті ме белгісіз алғашқы матчты тәп-тәуір бастаған қазақ футболшылары екінші ойында бар білгенінен жаңылысқандай, әлемдегі алып держава мемлекетіне қарсы ойнауға дайын еместігін дәлелдеді. Қазақстандықтар өз қақпасына жауапсыз 4 гол жіберіп алды. Орыстардың сапындаматчтың 19-шы және 45-ші минутында Денис Черышев, 52-ші минутта Артем Дзюба доп соқты. Ал 62-ші минутта Абзал Бейсебеков өз қақпасын дәл көздеп, автоголдың иесі атанды. Жерлестеріміздің шеберлігі жетіспегенін аңғардық.
Тіпті шабуылдыда, допты еркін де меңгере алмадық…Осылайша, барлық статистикалық көрсеткіш бойынша ұлттық құрамамыз қарсыласына жол беріп, шеберлікті әлі де болса шыңдау керектігін көрсетті. Тобымыздағы екінші матчта барлық құрамалар өз алаңында ұтылды.
Қазақстан құрамасы Ресейден не себепті жеңілді деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат. Біріншіден, біздің ішкі-сыртқы жағдайымызды жақсы білетін көршіміз тәжірибелі құрама екендігін дәлелдеді. Шынымен де УЕФА бойынша клубтардың рейтингісінде 6-шы орында тұрған Ресей футболы қазір өркендеу дәуірінде тұрғандығын көрсетті. Әрі біздің табиғатымызға, ауа райына бейімделген орыстар шотландиялықтар сияқты абдырап қалған жоқ. Екіншіден, қалай дегенмен де кезінде КСРО-ның қол астында болғандықтан ба, әйтеуір жалғыз футбол ғана емес, басқа спортта да Ресейге қарсы қолымыз жүрмей жүргені жасырын емес. Үшіншіден, алғашқы ойында сырт алаңда бельгиялықтарға жол берген ресейліктер өте сақ ойнау керектігін ескеріп, батыл да еркін ұстады. Төртіншіден, ұлттық құрама сапында сынға түскен футболшыларымызда шеберлік жетіспейтіні көзге ұрып тұрды. Қорғаушылар дер кезінде қауіпті соққыларды қайтаруға жанталасып жүгіргісі келмейтіндігін, шабуылшыларымыз қабылдап алған пасты әрі қарай жүргізіп қақпаға қарай соққыны дұрыс жасай алмайтындығын, жартылай қорғаушылар пасты дер кезінде дәл ұйымдастырып бере алмайтындығын көрсетті. Міне, осындай футболмен алысқа бара алмайтынымыз белгілі. Сондықтан әлі де болса шеберлікті арттыру ауадай қажет болып тұр.
Біздің тобымызда 6 ұпай жинаған Бельгия көш бастап тұр. Иә, әлем соңғы әлем біріншілігінде қола жүлде алған құрама Еуро ойындарының іріктеу матчтарында сүрініп қатыспаушы еді. Ал қазір Бельгияның аяқ алысы керемет. Егер осы қарқынын жоғалтпаса бұл құрама Германияның кебін киюі мүмкін. Өйткені немістер 2006 және 2010 жылдары біріншілікте қола жүлделерді алып, 2008 және 2012 жылғы кезекті Еуро ойындары қатысқан болатын.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.