Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Елдігімізді бекемдеп, етегімізді жиып, төңірегімізге назар тастағалы ширек ғасырдан асып барады. Жаманды-жақсылы жетістікке де жеттік, ұрымтал тұста ұрынған кезіміз де аз емес. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай:
Қаңтардан да қиын кейде сәуірің,
Тұз сепкендей удай ашыр сауырың.
Өкпелеймін десең егер,
Өмірдің
Жамандығы одан да көп, бауырым!

Көре біл де басқалардың тәуірін,
Сылап-сипа жүйріктердің сауырын.
Ырза болам десең егер,
Өмірдің
Жақсылығы жетіп жатыр, бауырым!
Расында, солай! Біз кейде өкпешіл боламыз, мін тергіш боламыз. Қарап тұрсаңыз, мұның пайдасы шамалы, қажеті аз. Бүгінгі қаузамақ болған мәселе білім саласына қатысты болмақ.
Қазіргі мектеп қабырғасында оқытушылардың басым көпшілігі әйел азаматшалар. Ерлер аз. Бұл бәрімізге белгілі. Енді осы оқытып жатқан әйелдер кім? Рухани дүниесі бай ма? Тұрмысы тату ма? Әлеуметтік жағдайы нендей? Міне мәселе, міне сұрақ. Ұлтымыз үміт күтіп отырған оғландарды рухы мүжілген, материалдық мәселесі миына сырқат болған, жалғызбасты әйел оқытып тәрбие­лесе, мұнан қайдағы рухты болашақты көріп тұрсыз? Еліміз­дің мәр­те­бесін еңсесі мен рухы төмен жастар қалай көтереді?! Бір күндік асы үшін жүрген мұғалім мәңгілік болашақ жайлы не айтады? Тағдырына тілазар болып жүрген мұғалім өмірдің кестелі өрнегін қалай суреттейді? Бұған еркектік қасиетінен айрыла бастаған еркектерді қосыңыз. Ал енді нұрлы болашақты елестетіңіз!
Не істейміз?
Бірінші, жас мамандар, ЖОО бітіруші түлектер және мектеп мұ­ға­лімдерінің рухын көтеру. Мұғалім мамандығының өте жауапты, ең ұлы іс екенін түсіндіру. Мұғалімдердің еңсесін тіктеп, ата-ана мен оқушы алдында мәртебесін биіктету. Бұл екіжақты процесс:
а) мемлекет тарапынан нақты заңнама бекітіп, сол арқылы мұғалім мәртебесін асқақтату;
ә) ЖОО түлектері мен жас мамандардың білімі мен білігін көтеріп, рухани жан дүниесін байыту. Рухани толысқан мұғалім оқушы көзіне Қыдыр ата болып көрінеді. Ал Қыдыр атаны сыйламайтын қазақ бар дегенге мен сенбеймін.
Екінші, мектеп қабырғасына (басшылық, мұғалімдік) ер азаматтарды көбірек тарту. Мұны шешудің оңай жолы: а) ер азаматтарға баспана беру; ә) отбасын асырауға жететін жалақы төлеу. Баспанасы болса, уайымы болмайды. Жалақысы көп болса, үйіндегі бәйбішесінен намысына тиетін сөз естімейді. Бар күш-жігерін баланы оқытуға салады.
Үшінші, бастауыш сыныпта оқытуда Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстаздарының технологиясынан ауытқымау. Әліппені қайта жаңғырту жұмыстарын жеделтету. Бастауыш мұғалімдерінің рухани сапасын арттыру. Бастауыш сыныпта үш тілде оқытуды тоқтату.
Төртінші, тарих қойнауында жатқан білім мен ғылымға қатысты бабаларымыздың асыл мұраларын қолданысқа енгізу. Тағы да Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы сынды қазақ білімінің негізін қалаған асылдарымыздың мектеп басқару жүйесін, оқыту технологиясын пайдалану.
Төрт құбыласы тең болған ел – кем болмайды.
Кім істейді?
Ардақты ағайын, жоғарыда сараланған мәселелерді бір адам немесе бір мектеп, бір ЖОО іске асыра алмайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ұлт болып ұйымдасып, қазақ болып қиюласып, емешегіміз езіліп, бөлінбей бірге еңбектенсек, нәтиже шығады.

Жетібай РАҚЫМБЕРДІ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
«Мансап» орталығының басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.