САММИТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫНАЙЫ ЖЕТІСТІГІ

erlan_karin– Ереке, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі қызметінде – сенім, дәстүр, төзімділік, ашықтық қағидатын басшылыққа алғаны бел­гілі. Әрине, бір жыл көп уақыт емес, дегенмен төрағалық еткен уақыт аралығында Қазақстан осы қағидаттардың жұмыс істейтінін дәлелдей алды ма?

– Әрине, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде бірқатар жұмыс атқарды. Әдетте Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары Қазақстанның төрағалығы туралы әңгіме еткен кезде басқа ресми көрсеткіштерді, мысалы, дөңгелек үстелдер, кездесулердің қанша рет өткізілгендігі жөнін­де айтады. Бірақ олар «еліміздің төрағалығы қаншалықты сәтті, қаншалықты дұрыс болды, басшылыққа алған төрт қағидатты дұрыс жеткізе алды ма?» деген сұраққа, менің ойымша, түбегей­лі жауап бере алмайды. Кездейсоқ факторлар­дың нәтижесінде Қазақстанның төрағалығы Қырғызстандағы жағдайдың ушығуымен қатар келіп қалды. Дәл осы кезде біздің еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы функциясына қарай бұл елдегі жағдайды тез арада тұрақтандыру­ға себепкер болды.

Сондықтан, басқасын айтпағанның өзінде, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында – сенім, дәстүр, төзімділік, ашықтық қағидаттары Қырғызстандағы нақты жағдайды тұрақтандыру кезінде біздің ел атынан қабылданған іс-шаралар тұрғысынан алып қарайтын болсақ, екі бірдей форматта жұмыс істеді. Оның бірі – көрші, ағайындас мемлекет ретінде қолұшын беруі, екіншісі – үлкен, әлемге беделді ұйым төрағасы ретіндегі атқарған жұмыстар. Осы шаралардың бәрінде аталған төрт қағидаттардың іс жүзінде жұмыс істейтінін айқын көрсетті. Бірақ тағы бір жайтты айта кету керек. Қазақстан төрағалықты қолға алғаннан кейін және «сенім, дәстүр, төзімділік, ашықтық» қағидатын жариялаған кезде, ол тек осы төрағалық кезінде ғана бұл қағидаттар іске асады дегенді білдірмеді. Қазақстан төрағалығы кезінде осынау ұстанымдар ұйымға жаңа серпін берді. Біздің еліміздің төрағалығынан кейін де ЕҚЫҰ-ның осы қағидаттарға сәйкес жұмыс істеп, жаңа бағытта серпіліс жасауына ықпал етіп отырмақшы. Меніңше, бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан төрағалығы 11 айда жүзеге асты. Бұл – Қазақстан төрағалығы кезінде берген серпінмен ЕҚЫҰ ұйымы әлі 10 жыл жұмыс істейді. Төрағалық мерзімі бір жыл болғанымен, «Қазақстан бұл ұйымға 10 жылдық азық берді» деп ойлаймын. Елімізде өткелі отырған саммиттің өзі де 10 жылдан кейін өткелі отырған саммит және Стамбулдағы саммитті айтпағанның өзінде, Хельсинкиде ең алғашқы құрылған кезінде де, Құрылтайшылар конференциясы кезінде де осыншама елдердің өкілдері мен басшылары жиналмаған еді. Яғни бұл өткен онжылдықта аймақтағы, құрлықтағы, әлемдегі болған құбылыстарды талдап, саралап, бір жағынан келесі онжылдықта да ұйымға мүше елдердің іс-әрекеттерінің бағытын айқындауға серпін беруде.
– «Бүкіл посткеңестік елдер тарихында тұңғыш рет өткелі отырған саммиттің біздің елімізде өтуінің бір себебі – Қазақстандағы түрлі ұлттың бір шаңырақ астында ұйысуы мен ынтымақтастығының нәтижесі» дейді кейбір сарапшылар. Сіз саммиттің елімізде өтуін қалай бағалайсыз?
– Ашығын айтқанда, әрине, әртүрлі пікірлер бар. Жасырудың қажеті жоқ, өзіміздің Қазақстан жұртшылығына саммиттің маңызын жан-жақ­ты түсіндіре беруіміз керек. Оларға саммиттің араға 10 жыл салып, өткізіліп жатқандығы туралы түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Біздің ел азаматтарына нені түсіндіру керек? Ең әуелі, бұл саммиттің елімізде өтуінің, дәл осындай кездесулердің алдағы уақытта Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Ислам конференциясы ұйымы секілді кездесулер өтетінін, аманшылық болса, Ислам конференциясы ұйымына төраға болатынымызды, сондықтан кез келген үлкен құрылтайларға түсіністікпен қарау қажеттігін жете түсіндіруіміз керек. Мұндай кездесулер, ең алдымен, елдің мерейін асырып, мәртебесін жоғарылатады. Екіншіден, бұл да бір экономикамыздың дамуының алғы шарттары. Өйткені сол елде тұрақтылық болса, ол ел айналасымен жақсы болса, ол елдің басқа елдермен қарым-қатынасы тәп-тәуір дамып жатса, демек, ол елге салым да, қаржы да барады. Сондықтан да осы секілді саммиттердің арқасында Қазақстан аймақтағы көшбасшы мемлекет, тұтас Азия құрлығындағы жетекші мемлекет ретінде өзінің лайықты орнын алуда. Осыдан барып елдің атағы асып, мәртебесі асқақтауда. Әрине, бұл ертеңгі күні Қазақстанның шет мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыстарының артуына үлкен бір септігін тигізуі мүмкін.
Саммиттің өткізілуіне және бір себеп – елімізде түрлі ұлт өкілдерінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүріп отырғандығы. Бұл жердегі үлкен артықшылығымыз – біз Азия мен Еуропа арасын, әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғап отырған алтын көпір іспеттіміз. Бірақ бұл біздің тәуелсіздік алған кезеңдегі таңдап алған рөліміз емес. Тарихқа үңілетін болсақ, бізге дейін осынау кең-байтақ ұлы далаға қоныстанған талай көшпелі мемлекеттердің де өркениеттік миссиясы сол болған. Біз сол миссияны жалғастырушымыз. Біздің басымызды осы жерге тоғыстырып отырған да – сол ұлы дала өркениеті.
Саммит нені көрсетеді?! Бұл – мың жылдан кейін барып, түркі жұртшылығының қара­шаңырағы болған Қазақ жері қайтадан ғалам­дық саясаттың ордасына айналғандығының айқын дәлелі. Неге мұнымен мақтанбасқа?! Бұл – мемлекеттілігіміздің орныққандығының бір белгісі. Тарихта әділеттілік бар екен. Осыдан 90 жыл бұрынғы Алаш қайраткерлері де кезінде Батысқа ұмтылды. Батысқа еліктеушілік тұрғысынан емес, Батыс стандарттарымен, Батыс өркениетімен қатар тұруға ұмтылған еді. Алайда ол кейін мүмкін емес сияқты болып көрінгенімен, Алаш қайраткерлерінің ұмтылысы Ресейдің сол кездегі либерал-де­мократтарының ұмтылысынан да басым болған еді. Енді бір ғасырдан кейін соның бәрі қайта көрініс тауып отырғанда, «расымен де, әділеттілік бар екен» деген пікірге тоқтайсың. Кезінде біз ұмтылған Батыс енді біздің елімізге келіп, кездесу жасап, бізбен ақылдасып, санасып, есептесіп отырып, өз саясатын жүргізуге ынталы болып отыр. Олар бізге тікелей қатысы бар Орталық Азиядағы қауіпсіздікке ықпал етіп отырған Ауғанстандағы тұрақсыздық, босқындар, наркотрафик мәселесін талқыламақ. Қазақстанның ұсынысымен талқыланатын тағы бір мәселе – Қырғызстандағы жағдай және оны тез арада тұрақтандыру болмақ. Ертең Астанаға басқа мемлекеттің басшыларын жинап отырып, әлемдік қауымдастықтың назарын аймақтық проблемаларға, соның ішінде Арал проблемасына да назар аудартуымыз керек. Бұл, қанша дегенмен, біздің мүддемізге сай. Бұл – біздің шынайы жетістігіміз. «Барды бар, жоқты жоқ» деп айту керек.
– «Саммитте бірнеше маңызды құжаттар қабылданады» деп күтілуде. Бұл тұрғыдағы АҚШ-тың ұстанымы қандай болмақ, қол қойылуы жоспарланып отырған құжаттарды АҚШ қолдай ма?
– Менің ойымша, тек АҚШ емес, басқа да мемлекеттер ол құжаттарды қолдауы керек. Себебі дипломатия дегеніңіз – өте күрделі жұмыс, күрделі сала. Біз көбіне-көп дипломатиялық жұмыстың нәтижесін болып жатқан кездесулер призмасында ғана көріп жатамыз. Шынтуайтында, сыртқы жұмыстың 99 пайызы сол кездесулерден тыс, олардың алдындағы кездесулер барысында өтетін екі жақты келіссөздерде шынайы жетістіктерге қол жеткізіп жатады. Олардың бәрі біздің көзімізден таса жағдайда өтеді. Бірақ еліміздегі тыныштық, Қазақстанның беделінің асқақтап, әлем елдерімен қатар тұруы – осы көзге көрінбейтін келіссөздердің арқасы. Қазақстан ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысты білдіріп, әр мемлекетке жеке-жеке оның қажеттілігін жеткізген соң, ол мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Алатаудың баурайына келіп, келісім берген кезде, бұл саммиттің нәтижелі болатыны да анық байқалған-ды. Саммиттің өтуі, былайша айтқанда, формальді үрдіс. Оның нәтижесі қазірдің өзінде айқын. Саммитке қатысушы елдердің басым бөлігі Қазақстан дайындайтын құжаттарды қабылдайтынына күмән жоқ. Керек десеңіз, Қазақстан алып мемлекеттерге ғана емес, ең бастысы – көршілес жатқан Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттеріне де өз ұстанымын жеткізіп, бұл құжаттардың аймақтық тұрақтылық үшін қажеттілігін айтып, екі жақты кездесулер өткізуінен де көрініс тауып жатыр. Яғни, шын мәнісінде, дипломатияның ерекшелігі де осында. Ал бұл өз кезегінде Қазақ дипломатиясының жаңа деңгейлерге қол жеткізгендігін көрсетеді.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.