ШЕРҚАЛА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Қазақ халқының ұғымында туған жерден қасиетті еш нәрсе жоқ. Рухани жаңғыру тұсында тарихтан сыр шертетін туған жердің әрбір сайы мен қырқасын, тауы мен өзенін зерттеп анықтау өте маңызды.

Туғанымнан керемет тылсым табиғат шебер­лігінің куәсі болдым десем де артық етпес! Қысы жұмсақ, жазы жайлы осы бір Маңғаз Маң­ғыстауымның кең даласы, сарқыраған сулары, жайдары көктеммен келген жұпар ауасы, бусанған жер иісі, асыр салып ойнаған топырағы, әр тасы маған өте ыстық. Қазір егемен еліміздің ең бай өңірі қазыналы Маңғыстау – жерінің асты қазынаға, жерінің үсті аңызға толы өңір. Әулиелі, 362 әулие орналасқан- киелі мекен. Жазық дала, еш ағашы да жоқ, сайраған жолдар, үйір-үйір жылқы, түйелер… Бір уақытта алдыңнан таулар шыға келеді, әр түрлі, аласа биік, ерекше пішіндегі құз, шатқалдар. Таулардың баурайын әдейі қашап әдемілеп қойғандай. Ғажайып!
Маңғыстаудың жазығында төң­керулі кеседей Шерқала ерекше көзге түседі. Сырттай қараған адам таудан кәдімгі киіз үйдің бейнесін көреді. Шерқала Қаратаудың орталық және батыс жоталарының ортасында орналасқан тау түзілісі. Әйгілі Ұлы жібек жолының қызып жатқан кезінде талайларға көлеңке, пана болған деседі. Кейбір аңыздар бойынша, бұрынырақта Шерқаланың төбесінде кішкене қалашық болған, «Арыстан қала» атанған. Халық сол жерде өмір сүріп, дұшпандардың шабуылынан қорғанған екен.
Тағы да ауызекі деректерге сүйенсек, жаугер­шілік заманда ауыл ер адамдары аңға кеткенде ауыл­ды жау шапқан. Азаматтар аңнан қайтып келгенде, елді тонап, қатын-баланы өлтіріп кетуге үлгере алмай қалған жау қашып осы Шерқаланың үстіне шығып паналаған. Ауыл азаматтары жоғарыға жаудың лақтырған қаруларынан шыға алмай, жау төмендегі адамдардың ыза-кегінен түсе алмай қорғанып тығылып жата берген. Шөлге шыдай алмай түседі деген оймен ауыл адамдары да күткен. Күндер өтеді, еш әрекет болмаған соң, ауыл иелері ыссыға шыдау мүмкін емес, бұлар бәлкім су алатын құдық қазған болар деген оймен Шерқаланың бүйірінен үңгір қазып тыңдаса жарға соққан шелек даусын естиды. Қисық қазғандарын түсінген ауыл адамдары қапталынан қайта қазып, су алып жатқан жаудың шелектерінің үстінен дәл түсіп, шелек бауын үзіп, су алғызбайды. Шөлге шыдамаған жау амалсыз беріледі. Қазіргі күнде сол екі үңгірдің орны әлі бар және қасынан қамал орындарын да көруге болады.
Саяхаттаудың реті келсе, міндетті түрде Маңғыстаудың төсіндегі осы тарихи ескерткішті, Шерқаланы көріп, сергіп қайтуға кеңес берер едім.

Шынар Шодыраева,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.