ОЛАР ҮШЕУ ЕДІ…

Қазақтың зиялы қауымы, қазақ тіл білімі 2014 жылы қазақтың сөзді «өнер» деп ұққан пайымына сай сөз бойындағы көркемдік-әлеуметтік әлеуетті зерттеуге ғұмырын арнаған академик Рәбиға Сыздық пен тіл қазынасын ұлт болмысымен сабақтас зерттеуді ғалымдық мұраты ретінде белгілеген академик Әбдуәли Қайдардың, тіл дерегін түркі-моңғол қатпарларының қойнауынан, одан бері де аймақтық қолданыста сақталған жұрнақтардан іздеген академик Шора Сарыбаевтардың қанаттасып, қатар жеткен 90-жылдық мерейтойларын атап өткен болатын. Бұл тойлар ұзақ өмір сүрген, өмірлік тәжірбиесі мол, 90-ға жеткен қариялардың ғана тойы емес, қазақ руханиятының, қазақ тіл білімінің тойы еді. Бұл шара құрмет пен қуанышқа толы тойға ғана емес, сол той иелерінің еңбегін елмен байланыстырған ойға бағытталған болатын. 

Себебі, қазіргі кезең қазақ қо­ғамы мен мемлекетінің, рухани-мә­дени дамуының жаңа деңгейімен, адамдар арасындағы қатынастардың жаһандануға бет алған күрделі сипатымен ерекшеленетіні белгілі. Ал, осы кезге дейін бір-бірін бағалап, қазақы, құрдастық қалжыңда­ры жарасқан, рухани да ғылыми саналары ояу ардақты үш ұстазымыз­дың өзіміз куә болған, тәнті болған өнегелі өмірлері қазіргі күрделі за­ман­дағы кей сәттерде қадірі кетіп қал­ғандай көрінетін ғылымға адал­дықтың, адамгершіліктің символындай көрінетін…
Олай болса, бүгінгі күннің қоғамдық-рухани қажеттілік мәні өзектелген, еңбектерінде тілді та­рихтың дерегі, тәрбиенің тамыры, мә­дениеттің мәйегі деп таныған, қазақ лингвистикалық ойын жаңа да кәсіби сапалық деңгейге кө­тер­ген ұлтымыздың тілдік тұл­ға­лары академиктер Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаевтардың ғы­лыми мұраларының ұлықталуы – заңдылық.
Осыған орай, қазіргі қоғамның мүдде-талаптарына сай ұлт­тың тұғыры мен тірегі тілінде екенін дәлелдеп, «тіл – ұлтты ұйы­тып, тұтастыратын арқау», «елдің тарихы мен мәдениетін, таным-тәжірибесін сақтаған қазына», «елдік мұрат-мүддесін көрсететін ұлттық рух» деп, ұлт көсемдері­нің идеяларын келесі ұрпақ зердесіне құйып, жалғастырушы ардақ­ты ұстаздарымыз Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев мектептері зерттеулерінің маңызы ерекше.Қазіргі рухымыз оянып, ұлттық санамыз жаңғырып жатқан тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік контексінде күрмеуі шешіле алмай жатқан талай күрделі мәселелердің түйіні тілге келіп тіреліп отырғаны кездейсоқтық, я науқандық жағдаят емес.
Осындай ұзақ өмір сүрген, өмірлік тәжірбиесі мол тұлғалардың адами болмысын сөз етумен қатар ғылыми-қайраткерлік тұлғасын ашу – қазіргі қоғамдағы рухани-әлеуметтік жаңғыру бағытындағы іс-әрекеттермен өзектес аса маңызды.
Бүгінгі күні, өкінішке орай, Шора Сарыбайұлы мен Әбуәли Туғанбайұлы ағамыз дүниеден озды. Бірақ «ғалымның хаты өлмейді» деген аталы сөзге орай, олардың ғұмыр бойы тіл қазынасын зерделеген тынымсыз еңбектерінің нәтижесі мен мол рухани мұрасы, ғалымдық ғұмырларының ғибраты қалды.
Академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың фәни жал­ғаннан мәңгілік сапарға аттан­ғанына да қырық күн болып қалыпты.
Ғұлама ғалымның мерейтойларында еңбектерінің мазмұны талданып, тұжырымдары сарапталып, ғалымдық тұлғасы мен мәртебесі жан-жақты бағаланғанымен, әлі де толықтыратын, қыры мен сыры ашылмаған тұстары баршылық екені белгілі. Сөз жоқ, академик, қоғам қайраткері, еңбек және соғыс ардагері, тіл майданының қолбасшысы, қазақ тіл білімінің абызыт.с.с. алуан түрлі атақтар, шын мәнінде, ғұлама ғалым, ғибратты ұстаз, ардақты қазақ азаматы Ә.Қайдардың тұлғасын ашып, болмысын сипаттайтын шынайы бейнелі сөздер.
Дегенмен, тәрбиесін алып, қа­сында жүрген біз сияқты шәкірт­тері ардақты ұстазымызды 90-ның төріне шығарған, ең алдымен, Алланың сыйы мен маңдайына жазылған бақытты тағдыры, екіншіден, елін қорғаған қан майданнан аман оралып, албырт жастың қаруын қаламға ауыстырған алғашқы күнінен бастап, ана тілінің тылсым сырға толы «әлеміне» кірсем деген ақ арманы, рухын көтеріп, жан байлығын қалыптастырған тынымсыз еңбегі деп білеміз.
Біріншіден, академик Ә.Қай­дар­­дың ғибраты – 90-нан асқанша қолынан қаламы түспей, осы сәтте де кітаптарын жазып бітіріп, ұсынуы, елі мен ұлты үшін атқарған ісіне деген адалдық. Екіншіден, «инемен құдық қазғандай» ғылым айдынына бойлаған тынымсыз еңбегі – «тіл – құрал», «тіл – таным қоймасы» деп анықтап, бірақ соны толық дәлелдеп, жан-жақты дәйектеуге жете алмай кеткен қазақ тіл білімінің бастау көзінде тұрған А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың аманатын алға апарып, іске асырған, ана тілін зерттеу мен оған адал қызмет етудің жар­қын да нақты үлгісі.
Жалпы, әр уақытта да қо­ғамдық-тарихи, әлеуметтік-мәдени, ғылыми ой даму үрдісі сол кезеңге сай А.Байтұрсынұлы тектес тұлғаларын қалыптастырып, алға шығаратыны белгілі.
Бұл заңдылық қазіргі тілді зерттеудегі адамтану бағыты мен тұтастану сипатына орай концептуалдану үрдісінен туындайтын заманауи заңдылыққа сәй­кеседі. Сол мазмұнға сай қазақ тілінің қазынасын Қайдаровша зерт­теудің ғылыми қазықтарын тіл әлемі, тіл тамыршысы, індете зерттеу ұғымдары белгілесе, Р.Сыздықтың зерттеулерінде сөз құдыреті мен көркем ойлау жүйесін бейнелейтін кестелі сөз тылсымы, ал Ш.Сарыбаевтың зерттеу нысаны – тіл қазынасын түгендейтін аймақтық, диалектілік, кәсіби терминологиялық лексика.


Академик Ә.Қайдар өзінің «Қазақ этносының ұлттық бей­несін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы (тіл әлемі) арқылы ғана жан-жақты танып-білуге болады» деген тұжырымын былайша таратып түсіндіреді: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері бізге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде кетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғым­дардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ре­тінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін».
Демек, тіл әлемі дегеніміз Ә.Қайдардың түсіндіруінде этнос болмысын құрайтын, түсіндіретін мол тілдік деректер мен тарихи-мәдени, этнографиялық, мифо­логиялық, сакралды, ономасти­калық, диалектологиялық, сим­вол­дық, фольклорлық, т.б. мағ­лұматтар, ал соларды өз бойына сиғызып, сары майдай сақтап, шашпай-төкпей тілдің құры­лымдық жүйесінде келесі ұрпаққа жеткізген тіл құдыреті ғалым зерттеулерінің өзегін құрайтын – тілдің мұрагерлік (кумулятивтік) қызметі.
Сондықтан ғалым Ахаң дәс­түрімен осы көрсетілген тіл әлемінің ұшан-теңіз байлығын тек түгендеп, санамалап қана қоймай, «сөз мұхитының түбіне терең бойлап, оның сан ғасырлар бойы сақтап келе жатқан сырын ашу үшін тіл тамыршысы болу керек» деп санайды. Яғни әрбір сөздің «үстіңгі қабатында» көрінетін лексикалық мағынасын ғана емес, тарихи-мәдени, кәсіби, әлеуметтік т.б. мағыналарының астарында жатқан кешенді деректі тамыршыдай тап басып, танып білу зерттеушінің бұлжымас қағидасы болуы тиіс.
Соның нәтижесінде ғалымдар байырғы түбірді жаңғырту барысында, әр заманға сай «сөздерді сөйлетіп» (Р.Сыздық), ия аймақ­тық қолданыста сақталған бір кездегі мағынаның жұрнағын тауып (Ш.Сарыбаев), «тамырын басып отырып», «майдан қыл суырғандай» архетиптік тұлғаны айқындап (Ә.Қайдар), тіл мен ұлт сабақтастығында тіл тарихын тұтастырады.
Осыған орай, тіл әлемі кеңістігін зерттеуде қолданатын тиімді әдісті академик Ә.Қайдар – «індете зерттеу» деп атайды.
Ғалым тіл әлемі дегенде ұлт болмысына қатысты дерек-мағлұматтардың сандық жағына емес, солардың мазмұнын ашатын ұлт тұрмысының сан саласында (кәсіби, әлеуметтік т.б.) қолданылатын амалдарына, әдіс-тәсілдеріне де назар аударып, түсіндіреді. Мысалы, індете зерттеу – аңшылар қолданатын әдіс. Ғалым оны шартты түрде «шеті көрініп тұрған, я ұмыт болған тіл фактілерінің «ізіне түсіп», лексикалық қордың қой­нау­ларынан іздеп тауып, түп-тамы­рымен қопарып, түбе­гейлі айқындауға тырысу» деп түсіндіреді. Мысалы, қазақ таны­мына сай көзді сипаттайтын тілдік атаулар: бота көз, қарақат көз, құралай көз, қой көз, сиыр көз, жапалақ көз, тышқан көз, жылан көз, қызыл көз, қара көз т.б.
Академик Ә.Қайдардың қазақ тіл білімінде қалыптастырған тіл арқылы ұлт болмысын танытатын ғылыми мектебінің терең мазмұны, азаматтық-тұлғалық ұс­та­нымдарының тұғырын белгі­лейтін тұжырымдамасының негізі еңбектерінде жан-жақты ай­қын­­далған: түбіртану, этимология, ономастика (Қаңлы:тарихи шежіре, 2003), паремиология (Ха­лық даналығы, 2004), этнология (Қазақ қандай халық?, 2008), этно­лингвистика («Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш томдық этно­лин­гвистикалық сөздік, 2009-2013) т.б.
Қорыта айтқанда, қазіргі мем­­лекеттік мүддеге сәйкес қо­ғамдық-әлеуметтік сұранысқа ие, танымдық-ақпараттық құрал ре­тінде тіл әлемінің құдыреті мен қазынасын, құндылығын кешенді сипатта, сол тілді тұтынушы ұлт өкілінің (адамның) болмысымен, тарихымен, тұрмысымен, әлеумет­тік қызметімен бір тұтастықта қарастыру қағидасы – академик Ә.Қайдардың бүкіл ғылыми мұ­расының өзегін құрайтын темір қазығы. Сол қағидаға сүйеніп, Ұстаз, Тұлға, Ғалым жолын жал­ғастыру – кейінгі ұрпаққа аманат.

Жамал Манкеева,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.