«Ана тілі» – жиырма жылдан бері серігім

«Ана тілі» ұлт газеті 1990 жылдың 22 наурызынан бастап өз оқырманына жол тартқаны баршамызға аян. Мен сол күннен бастап бұл басылымға үзбей жазылып келемін. Жиырма жылдық тарихы бар ұлт басылымын биыл да әдетімше жаздырып алдым. Әр нөмірін ықыласпен оқимын.

«Ана тілі» еліміздің тәуелсіздік алған күнінен бастап әрбір қуаныш пен жақсылықты, жеңіс пен жеңілісті бірге көріп, өзіндік үнін қосып келе жатыр. Халқымыздың жадынан ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қалтарыста қалған тарихы жайында тұшымды мақалалар мен зерттеулерді де аталмыш басылымнан таба аламыз. Ұлтымыздың ұлықталмай қалған ұлдарын да осы газет бетінен табамыз. Алаш ардақтыларының сан қилы тағдыры мен елдің еңсесін көтеру жолында еткен еңбектері мен сол жолда көрген азаптары да басылым бетінен орын алып жатады. Ана тіліміз – қазақ тілінің көсегесінің көгеруін көксеп жүрген де – осы басылым. Қазақ тілінің жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп жүрген де – «Ана тілі». Өзіне жүктелген жүкті қайыспай көтеріп келе жатқан басылым ел экономикасының қарыштап дамуын да, еліміздің талай белестерді бағындырғанына қуанатын да осы ұлт газеті еді. Осындай ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын алдыңғы орындағы басылымдардың бірі саналатын «Ана тілінің» таралымын көбейтуіміз керек. Әйтпесе бәріміз үшін сын емес пе? Қазақ деп жүрегі соққан әрбір азамат осы басылымнан рухани азық алып, төрінде ұстамай ма? Себебі бұл басылымның әр сөзінде ұрпаққа ұлағат жатыр.
Қазіргі таңда «қазақ тілін білмеймін» деген сылтау айтатындар бар. Бірақ ата-бабаңнан келе жатқан қасиетті тілді білмеу – арымызға сын, болашақ алдында кешірілмес күнә. Қазақ тілін меңгеріп, өзінің ана тілінен кем көрмей жүрген өзге ұлттың ұландары көп. Сонда өзіміздің қазақтарға бұл қиын болғаны ма? Осындай өзекті өртер сынды да осы газет бетінен таба аламыз. Ана тілі ана сүтімен бойымызға сіңген. Демек, анасын ардақтаған әрбір азамат осы газетке жазылуы тиіс деп ойлаймын. Биліктегі әкімдер де, министрлер де «Ана тілі» газетіне қамқорлық көрсетіп, оның таралымының артуына септігін тигізсе құба-құп еді. Себебі «Ана тілі» қаны қазақ, жаны қазақ әрбір азаматтың жадынан табылуы керек.

Халидолла ОСПАНОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері
Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.