Дайындық қажет

Латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныстар еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда жиі айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Елбасының Үкіметке ұсынған тапсырмасынан кейін алдымен баспасөз құралдары өз атауларын латын қарпінде жаза бастады. Бұл сірә, қоғамның жаңа әліпбиге көшу жөніндегі риясыз ынтасын аңғартатын секілді.

«Алматы облысының мемлекеттік архивінің» Панфилов филиалы өлкеміздегі мұрағат сақтайтын байыр­ғы мекемелердің бірі. Жаркент қа­ласына орналасқан архив филиалында 1917 жылдан бергі құжаттар сақтаулы. Атақты «Атаманның ақыры» көркем фильміне, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Жау жағадан алғанда» атты романына, тағы басқа да жазушылар мен тарихшылардың өз еңбектеріне біздің мұрағаттан деректер тапқанын мақтан етеміз. Кезінде мұрағаттағы латын қарпімен сақталған құжаттарға көптеген ізденушілердің тісі батпаған еді. Елімізде қайтадан латын әлібиіне көшу туралы қоғамдық қозғалыс бел алғаннан бері ұжымымыз бірнеше мәрте бұрынғы латын қарпімен жазылып, сақталған маңызды, қоғамға қызықты құжаттардан дүркін-дүркін көрмелер өткізіп жүр.
Сынаптай сырғыған уақыт бір орнында тұрмайды. Әне-міне, дегенше, жаңа әліпби жаппай қолданысқа енетін кезең келгенін жалпы халық сезбей қалуы ғажап емес. Сол сәтте ауылдағы қарапайым халық ішінде сауатсыздық проблемасы туындайтыны да сөзсіз. Сондықтан қазір жүйеленіп, бірізділене бастаған жаңа қазақша латын әліпбиін ел ішінде оқыту курстарын ашып, жазу мен оқуды үйрете бастаған жөн сияқты.

Ажар БАЙСЕРКЕЕВА,
«Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» КММ Панфилов филиалының архившісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.