Жарыс жолында –желаяқтар

Алматыдағы Баум тоғайында дәстүрлі Көктемгі халықаралық жүгіру жарысы өтті. Көктемгі жүгіру жарысына Қазақстанның көптеген өңірлерімен қоса, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ұлыбритания мемлекеттерінен барлығы 1 200-ден астам кәсіпқой және әуесқой спортшылар қатысқан доданы «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы мен Академик Шахмардан Есенов­ атындағы ғылыми-білім беру қоры, Алматы әкімдігі, Kaspi.kz ұйымдастырды.

Сөреге бірінші болып 3 шақырым балалар қашықтығына (10-14 жас) қатысушылар шықты. Ұлдар арасында – Доминик Боловинцев, ал қыздар арасында – Рима Гранкина мәреге бірінші болып жетті.
– Көктемгі жүгіру жарысы спортпен барлық жастағы адамдар айналыса алатынын дәлелді. Көпшілік үшін жүгіру – жай ғана спорт емес, өмір философиясы. Қаланың Баум тоғайы, Тұңғыш Президент Саябағы тәрізді орындары – жүгіру және үлкен сөрелерге дайын­далу үшін жағымды алаңдар, – дейді «Бірінші болу- батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Көктемгі жүгіру жарысының ең жүйрік қатысу­шылары, яғни ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаз үштік 1-ші орын үшін – 50 000 теңге, екінші орын үшін – 30 000 теңге, үшінші орын үшін 20 000 теңге ақшалай сыйлықтар алды. 13 шақырым қашықтыққа қатысушылар арасында ерлер арасынан Михаил Красилов 41 минут 6 секундта, ал әйелдер арасынан Бішкек қаласынан келген Юлия Фернас 52 минут 1 секундта ең үздік нәтиже көрсетті.
– Маусымдық жарыстар – үлкен сөреге дайындалуға тамаша мүмкіндік. Биыл мен 21 шақырым қашықтықтағы жартылай марафонға үшінші мәрте қатысамын. Менен спортсыз да табысқа жетуге бола ма деп сұрайтындарға мен қарсы сұрақ қоямын. Сізге арақашықтығы 1000 шақырым болатын А нүктесінен Б нүктесіне қауіпсіз әрі тез жету қажет делік. Сіз қандай көлік таңдайсыз? Шағын литражды қалалық автобусты ма немесе қуатты жол талғамайтын көлікті ме? Ең жиі айтылатын жауап: жол талғамайтын көлік. Өмірде де солай: өз ағзаңның ерекшеліктерін білмесең, оған қандай «отын» қажет екенін білмесең, өз «моторыңның» сипаттамаларын сыннан өткізбесең, сен қандай жылдамдықпен және қаншалықты ұзақ жол жүре алатыныңды білмейсің. Спорт қуат береді, мақсат қойып, оған жетуге үйретеді. Бұл бізді шынықтырып, күшті ете түседі, – дейді «Алматы марафонының» бренд-амбассадоры, атлет, табысқа жету коучы және жаттықтырушысы Асқар Аманбаев.
Көктемгі жүгіру жарысы – алдағы уақытта өтетін ең ірі спорттық шара «Алматы марафоны – 2019» жарысына­ қатысуға арналған соңғы дайындалу сатысы болып табылады.
«Алматы марафонына» дайындалуға қатысқысы келетіндер апта сайын әр сенбіде сағат 10:00-де Тұңғыш Президент Саябағында (Алматы) өтетін ашық жаттығуларға қатыса алады.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.