ТӘРТІБІҢ ҚАЛАЙ, ТАЛТАҢБАЙ?

Өткен ғасырдың басында өз қатарлас-қанаттастары секілді романшы, драмашы, сценарийшы, либреттошы, ақын, фельетоншы, очеркші Бейімбет (Бимағамбет) Жармағамбетұлы Майлин да – бірнеше жанрда өнімді еңбек еткен суреткер. Қазақтың біршама қаламгерлері сынды ол да өлеңнен бастап, шабыт шақырып, поэзиядан нәр алған. Кейіннен проза жанрына ден қойып, қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырып, биік суреткерлік дәрежеге жеткені баршаға мәлім.

Классиктың «Таңғы шық», «Бекеннің құбылысы», «Жеңеше», «Кәментоғай бұтақтары», «Күзгі бұралаң жол», «Алғашқы қар» сынды тілі жатық, қонымды да тартымды әңгімелері мен «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист», «Берен», «Асулардан асқанда», «Құсайын Құлбеков», «Әміржанның әңгімесі», «Он бес үй», «Қырманда» секілді жұртқа кең тараған повестері – жазушылық қырын анық аңғартқан дүниелер. Б.Майлинның Мырқымбай, Түйебай, Айранбай, Раушан, Шұға, Жалбыр, Күлпәш, Таңсық, Мұқыш, Рахия, Берен бейнелерінде қайрат, ерік, жігер, ақ пен қараны айыра аларасқан сергектікбар. Жазба әдебиеттің енді-енді күш алып келе жатқанын ескерсек, сол тұстағы ел кітаптағы тұрмыс-тіршіліктің тірі суреттерін сахнадан көргісі келгені бір қоспасы жоқ шындық. Сәйкесінше, болмысы бөлек суреткер драма жанрына да кұлшына қалам тартып, қазақ драматургиясын «Шаншар молда», «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Амангелді», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Жасырын жиылыс», «Келін меншешей», «Протокол», «Майдан», т.б. сүбелі туындыларымен толықтырды. Иә, ол – қарапайымдылықтан күрделілікті іздеген, «сөз өнерінің» қалыптануына зор үлес қосқан, шеберлігін жан-жақты танытқан талант иесі. Шығармагердің басқы тақырыбы – өзі жетік білген, әр қырынан зерттеп-зерделеген ауыл адамдарының мінез-құлқы, тағдыры. Жазушы жекелеген жандар өміріндегі елеусіздеу нәрседен уақыттың үнін, тарихтың бүлк-бүлк еткен тамыр соғысын сездіреді, кішкене ғана уақиғадан үлкен мәселе, өмірдің өзіндей нанымды мораль тудырады. Б.Майлин көптеген туындысында өздері істің жөнін білмесе де, атақ-даңқ, мансапқа қызығып, айқай-ұйқайға, зорлық-зомбылыққа, қулық-сұмдыққа әуес топас басшылар, кінәсіз кісілерге залал келтірген залымдар, халықты дүрліктірген шолақ белсенділер, қашан да жала жабудан еш тайсалмайтын жандайшаптар, көпшіл боп көрінгісі келгенімен өз құлқынынан басқаны ойламайтын ақымақтар, аңғалдар­ды алдап соққан алаяқтар, арамза атқа­мі­нер­лер, жегіш парақорлардың іс-әрекетіне сын тағады. Тағы автор аз жыл ішінде-ақ ірілі-ұсақты жиырмадан аса пьеса жазыпты. Сонымен қатар, Бейімбеттің Шаңқан, Қоңыраушы, Жолаушы, Б-т, М-тай, Б-ж, Жолшыбай, Көз, Газетші, Быж, Жасқаншақ, Алтай, Тілші, Жуас, Б-М, Алакөз, Қайдауыл, Егінші, т.б. сынды жетпіс төртке тарта бүркеншік аты (псевдоним) болған екен.
Жазушы прозасына тән мысқыл, әзіл-сықақ, күлкі, әжуә пьесаларына көшкен. Оның қолданысындағы мұндай көркемдік әдіс-тәсіл тіршілігінде көрген-түйгенінен туындаған деген ойдамыз. Айталық, Би-ағаңның «Талтаңбайдың тәртібі» – айтар ойы айрықша, 30-жылдардың ойранына арналған драмалық туынды. Жанбол, Ақсүйрік, Қамза, Жұпар, Қайдар, т.б. сол уақиғаның бел ортасында жүреді. Куба жазушысы Алехо Карпентьер – «саяси прозаның» ірі өкілі болса, Б.Майлинның «Талтаңбайдың тәртібі» – саяси қатпары қалың комедия. Бейімбет – шығармасы мен әдеби қаһармандарына ат қоюдың шебері. Себебі Талтаңбай Талтаңбаев – комизмге негізделген образ. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деген ауызекі сөз дәл соған қарата айтылғандай. Есті азамат еліне біртабан жақын боп, ешкімді табаламайды, әрі бәріне әркез жаны ашып тұрады. Алайда, Талтаңбайымыз олардың сойынан емес. Бұл – мұрнының ұшынан арғыны көрмейтін көргенсіз, қазақшаны қатырмақ түгілі, кей тұста: «Вот, низ, понятно, капиталистическое хозяйство…» деп орысша орағытатын есерсоқ, аузындағы сөзін жөнді сөйлей алмайтын ақылсыз, жалпақ жұртты зәрезап қылып, олардың басына әңгір-таяқ ойнататын әңгүдік, қолында бишіктей билігі бар нойыстың нақ өзі. Бір түрлі, Чехонте – А.П.Чеховтың жиіркенішті де әпенде шалыс шенеуніктерін көз алдыңа елестетеді. Біздіңше, Бейімбет Чехов әсерінде көп болған, мастер-маэстродан біршама нәрсе үйренген-ді. Би-ағаң – психолог жазушы. Ол кейіпкерінің сыртқы пішінін ғана емес, жан-дүниесін, ой-арманын да ашып тастап отырады. Талтаңбай жұртқа «үдетпелі жоспар жиырма төрт сағат ішінде орындалуы» керектігін айтып, есін қашырады. Бүйткен, Талтекең алды-артын шолмайтын есалаң емей, немене?! Б.Майлин – түрлі ситуациялар арқылы қою характерді жан-жақты ашудың білгірі. Драматург образдарының қулығы, сұрқиялығы, надандығы, содырлығы, кеудемсоқтығы, көрсаналығы, нәпсіқұмарлығы тұрғысынан: «Қызғаншақтар жоғалса да, қызғаныш ешқашан да жойылмайды» деп айтқан француздың ұлы комедиографы Жан-Батист Мольер қаламынан туған Барбулье, Тартюф, Сганарель, Гарпагон, Скапен, Арган сияқты сұмпайы кейіпкерлерге келіңкірейді. Академик Зейнолла Қабдолов бұған: «Талтаңбаев – жай ғана «шолақ белсенді» немесе «зиянсыз мылжың» емес, әлеу­меттік жағынан қауіпті, жауапсыздығы жауыздыққа ұласқан зиянкес» деп баға берген. Расында да, Талтаңбай Талтаңбаев – сол кездегі халықтың берекесін алып, сорын қайнатқан басшысымақтардың қырнап-жонылған жиынтық бейнесі. Және, айна­ласындағы өңге де персонаждар оның көр­кемдік жағынан сомдалуына мейлінше кө­мегін тигізгенін ерекше атап өтуіміз керек.
Қос бөлімнен бас құраған «Неке қияр» да – автордың айтулы пьесасы. Мұндағы әр әдеби қаһарман – бір-бірін қайталамайтын, өз функциясын толықтай атқарып тұрған дара. Қаламгер олардың лексиконын дүниетанымына, көрген-түйгеніне қарай жұмсаған, барынша нанымды шығуын көздеген. Бұл туынды– күні бүгінге шейін қазақ әдебиетінің сәтті шыққан үлгілерінің бірі. Автор өз бейнелерінің мінез-құлқын түзуде шеберлік танытып, соның арқасында манағылар мән-мазмұн тұрғысынан ірілене, өзгелерден өркештене түскен. Шығармада қыз айттыру, неке қию, ескі ырым-сырымдар, салт-дәстүрдің озығы мен тозығы сынды мәселелер көтерілген. «Неке қиярда» феодализмге қасқайып қарсы тұрып, ескіліктің шырмауынан шыға алмай, сол жолда өзінің еркіндігі үшін күрескен Зәуре секілді қазақ қызының образы сомдалған. Ал Ылаңбай – іші тарлау, ар жақ-бер жағын сорпаша сапырып жүретін жағымсыз жан. Задында, Бейімбет – күлкінің күші шынайылықта екенін ерте түсінген қаламгер.
Ал «Майдан» – тек қарымды қаламгер­дің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің қоржынын қампайтқан тарихи негізі бар драма. Шығармаға алғашқылардың бірі боп шын бағасын берген алып, бұл – Мұхтар Әуезұлы. Драманың алтын арқауы – коллективизацияның алып келген зардабы, қайғы-қасіреті. Үкіметтің қолдан жасалған имансыз саясаты кесірінен ел іші ала тайдай бүлінеді. Бай-кедей бөлінісі қазақтың тоз-тозы шығып, дәуірлер бойына қатталған-қалыптанған агросектордың күйреп, ұлт үшін аса қажетті делінген көптеген құндылықтың жойылуына жол ашады. Бұл – Алаш жұрты тауарихындағы ауыр, туған топырағымыздағы көшпелі дәстүрдің, номадизмның тарих сахнасынан көшіп, келмеске кеткен аласапыран кезең. Өзекті өрттей өртеген өкініштің орны тола қоймас, әрине. Дәулеттілердің мал-мүлкі талан-таражға түсіп, өздері түрмеге қамалды, жалған жала жабылып айдалды, азапталды, атылды. Соның әсерінен, қамсыз қазақ жартысынан көп бөлігін жоғалтты. Қалғаны жан сақтау мақсатында жер ауды. Екіжүзді Билік белден басып, мұндай деректердің бәрін бұрмалап көрсетті. Алайда, Бейімбеттей адал азамат аталған тарихи феноменді нағыз реалист есебінде суреттеп шықты. Біз, яғни кейінгі ұрпақ, мұны нағыз ерлік деп барынша бағалауға тиіспіз. Драманың бас кейіпкері – Досан Қалабаевтың оңашадағы ойынан-ақ көп нәрсені аңдаймыз: «…Қатынымен ризаласып жазылды ма екен, әлде, мен сияқты жасырынып жүріп жазылды ма екен?.. (Ойланып). Жасырынды демекші: мен қашанғы жасырынбақшымын осы? Қалқозға кірген соң малды бірлестіру керек. Ерегіске кеткенде, ала атқа билігім келер, қара сиырды қатын бермей жүрсе, қайтем? Жұрттың қатынындай қайбір сөзге көне қоятын адам ол. Мен бірдеме айтсам, арс етіп беттен ала түседі…». Бұл монологтан тап тартысы, сол уақыттағы адамдардың бірімен бірі жауларша аңдысқан айласы ап-анық байқалады. Драмадағы Мамықтың Пүлішті азғыратын сәті де өте өтімді, әрі әсерлі:
«Мамық (төне түсіп): Мынадай масқарасы бар, келін-ау: Салқоз болғандарды нөмірлейді дейді, сауырларына таңба басады дейді, нөмірі тура келген еркек пен әйел жүре береді, – дейді.
Пүліш (бетін шымшып): Бетім-ау!.. (Аңырайып көпке қарайды).
Мамық (тағы төне түсіп): Одан да масқарасы бар: салқоз болғандардың бәрін бір көрпенің астына жатқызады, – дейді».
Пүліш – Досанның әйелі, ал Мамық – бай-бағланның қатыны. Б.Майлин – көзімен көрген, жан-жүрегімен сезінген, бойынан өткізген өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдырған суреткер. Пьесада жік-жікке бөлінген қазақ қоғамы керемет ашылған. Қайбір жерінде, автордың қысым көріп жүрген кедейлерді қолдайтыны, позициясы аңғарылып қалады.Досаннан бөлек, Жұмағұл, Есен, Ержан, Дәурен, Зәуре, Орынбай, Бекболат, Мамық, Көдебай, Пүліштер арадағы тартысты күшейтіп, көркем шығармаға көрік беріп тұр. «Майдандағы» екі топтың арасындағы талас – драманың қозғаушы күші. Мұнда қоп-қою конфликт бар. Автор өз қаһармандарын өсу үстінде, мұратына жету үшін барлық құрбандыққа баратын күрескер ретінде сипаттайды. Негізгі уақиға Зәуренің айналасында өрбиді. «Майдан» – жанды драма. Оқып отырғанда-ақ көз алдыңа сол тұстағы милләттің мүшкіл хал-ахуалы, елді дүрліктірген тұрақсыз да мазасыз дәуірдің сом-сом картиналары еріксіз елестейді. Тағы бір қуанарлығы – жазушының комедияда да, драма жанрында да алдына жан салмайтындығы. Бір-біріне мүлде кереғар жанрларда жазу өте қиын. Әзіл-оспақтың орнын қара тастай ап-ауыр қасірет басқанда, ақыл-ойдың өзі оған бірден бейімделе кетпейді. Осы тұрғыдан келгенде, Бейімбет Майлин – сегіз қырлы, бір сырлы универсал шығармагер, күлдіріп отырып жылататын, жылатып отырып күлдіретін суреткер, жаратылысы бөлек жазушы.
Автордың бір актілі «Протокол» атты пьесасы да «Некеқиярмен» мазмұндас екен. Және сюжеті «Раушан коммунистке» келіңкірейді. Пьесаның басқы кейіпкері – Зүкен. Оның да басынан кешпегені, көрмегені жоқ. Драматург нәзік қыз арқылы қажыр-қайраттың, өршіл рухтың қандай екендігін елге паш етеді. Бастапқыда Зүкенді ешкім менсінбейді, қайта, кемсітеді, адам санатына қоспайды. Алайда, ол шығарма финалында Анджела Дэвис сықылды бүкіл қиындықты жеңіп шығады. «Келін мен шешей», «Жасырын жиылыс» – колхоздастыру жөніндегі пьесалар. Бұл шап-шағын туындылар уақиға өрбіту, психологизм, конфликтіні шешуімен бағалы. Б.Майлин – диалог пен шиеленістің шебері. Драмашының ірі пьесаларының бірі – үш бөлімнен тұратын «Көзілдірік» комедиясы. Бұл жерде болыстық қаталасқан байлардың баянсыз іс-қимылы суреттеледі. Автордың кіші пьесаларында тұтастық сақталғанымен, көлемділерінде сюжет пен композиция жағынан жинақылық аздау екенін байқадық. Әйел теңсіздігіне арналған «Шұға» драмасының жөні тіптен бөлек. Бұл – «Шұғаның белгісі» повесінің сахналық үлгісі, инсценировкасы деуге де болар. Шұға мен Әбіш – бір-бірін сүйетін ғашық жандар. Шұға – күрескер жан. Алайда, ол сүйіктісіне қосыла алмайтындығын сезген соң-ақ Шекспирдің Джульеттасы ұқсап махаббаттың құрбаны боп, уланып өледі. Қаламгердің бұған трагедиялық сипат дарытуында үлкен мән жатыр. Соның негізінде, ол жүйеге, қалыптасқан жағдайға, әлеуметтің санасына ғаламат соққы жасайды. Сондай-ақ, жазушының жерлесі – Жалбыр Құдайбергенов туралы «Жалбыр», «Біздің жігіттер», Ғ.Мүсіреповпен бірге жазған (соавторство) біреуге есесін жібере қоймайтын жігерлі, талайлармен айқасқан, талайлардың бетін қайтарған қайратты, сол күресте пісіп шыққан Аманкелді Иманов турасындағы «Амангелді» пьесалары – азаттықты аңсаудан туған драмалар. Қос жазушы көптеген дерек жинастырып, ел ішін аралап, сұрап, жүйелеп, нәтижесінде, отызыншы жылдардың ортасында «Шабуыл» деген атпен Аманкелді туралы пьесаны жазып бітіріп, «Әдебиет майданы» жорналына жариялаған екен. Кейін ол «Аманкелді» боп өзгеріп, толықтырулар мен түзетулер енгізіледі. Автор басты күш-қуатын кейіпкерлеріне жұмсайды, оларды кесек образ етіп сомдайды, әрі тілдің бояуын керекті жерінде ғана және шақтап-шақтап пайдалана біледі. Көбіне-көп, Биағаңның драмаларындағы жағымсыз кейіпкерлер – байлар, молдалар, қолында билігі бар адамдар. Және, әлгілер әралуан: бірі – өткір, мықты, намысшыл, батыл келсе, енді бірі – әлсіз, әлжуаз, көнбіс, ез. Совет дәуіріндегі әдебиеттің негізгі кемшілігі – тұмсығы тесілген тайлақтай идеологияның жетегінде кеткендігі. Бірақ Бейімбет секілді санаулы ғана қаламгер мұндайға көне қойған жоқ, тек шырылдаған шындықты ғана жазды. Сондықтан, оның шығармалары – қазақ әдебиетінің қазынасы қатарында…

P.S.

Классиктың туындыларынан, оның халық тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, елге сіңген психологиялық дағдыларын терең білетіндігін аңғару аса қиын шаруа емес. Ол – үнемі жұртқа жақын боп, тығыз байланыста жүрген жазушы. Жаңағы құбылыстардың оқырманға ой салып, нимфаларша өзіне тартып тұруының сыры да – сонда!..

Әлібек БАЙБОЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.