Пейілдің кеңдігі, жүректің жомарттығы…

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның қамқорлық істерде оқ бойы озық жүретіні көпке аян. Шалқардай шежірелі мекенде кіндігі кесіліп, бойжеткен бұла шағынан өмірдің тауқыметін арқалаған қайсар қыздың туған жеріне деген құрметі әсте бөлек. «Тауқымет» романында бір кейіпкердің өмірін баяндау арқылы күллі қазақ қыз-келіншектерінің тағдырына алаңдаған қарымды қаламгердің, әсіресе, мүгедек аналардың мәселелеріне келгенде жүрегі байыз  таппайды.

Оның осындай қайсар қасиетіне жақында жерлестері де куә болды. Ұзақ жылдардан бері баспана қиындығын көріп келген Шалқар қаласындағы Бекішовтер әулетіне ол аумағы 15 сотықты құрайтын 7 бөлмелі жер үйді сыйға тартты. Құны 6 млн теңгеге бағаланған үлкен үй ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтылған және бірнеше сарайлары, ауласында шегенделген құдығы бар, мал ұстауға қора-жайлары сақадай сай.
– Осыған дейін баспана қиындығын бір кісідей көріп келдік. Отағасы Алдаберген екеуіміз кезінде «Шетырғыз» кеңшарында мал шаруашылығында еңбек еттік. Ол совхоздың тракторын айдады, мен малшыларға жәрдемші, шөпшілерге аспазшы сияқты жұмыстар­ды атқардым. 2000 жылы аудан орта­лығына көшіп, бала-шағамызбен 3 бөлмелі үйде 17 жылдай тұрдық, табыс мардымды болмаған соң оны кеңейте де, жөндей де алмадық. Бертін келе ол да апатты жағдайға тап болды. Жергілікті жерде баспана кезегіне тұрғанымызбен, заң талаптарына сай жақын арада қол жеткізу мүмкін болмады. Біздің осы мұқтаждығымыз «Бибі-Ананың» назарына ілігіп, мінекей, жерлес апамыздың арқасында сан жылдар бойғы отбасылық арманымыздың орындалған сәтіне куә болып отырмыз, — дейді қуанышын жасыра алмаған отанасы, «Алтын алқа» иегері Бағила Бекішова.
Алдаберген ағай мен Бағила апай өмірге 7 қыз, бір ұл әкеліп, олардан бүгінде 15 немере сүйіп отыр. Кенжесі Гүлшат — І топтағы туа бітті мүгедек. Жалғыз ұлы Сағыныштың жүрегіне ота жасалған, ауыр жұмысқа жарамсыз. Бағила апайдың да денсаулығындағы кінәратына байланысты ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалған. Әзірге бұл әулетке кіретін тұрақты кіріс көзі осы екі санатпен берілетін жәрдемақылар ғана.
– Шүкіршілік етемін. Ең бастысы,­ баспанаға қол жеткіздік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, зәулім үй алып берген Бибігүл апаға, өтінішімізді реттеп, жағдайы­мыз­ды ескерген аудан басшыларына отбасы­мыздың атынан шынайы алғы­сы­мыз­ды білдіреміз. Баршасының денде­ріне саулық, істеріне береке берсін! – дейді риза кейіппен көп балалы ана Бағила.
Дегенмен жұмыссыздық мәселесі бұл шаңырақтың да босағасынан сығалап тұр. Балалардың ішінде дипломдары бар бір-екеуі: «Бізге енді тұрақты жұмыс болса екен…» деген тілегін айтып қалды. Арбаға таңылған кенжесін бағып-қағатын аналары «отбасымызға тамшыдай болса да кіріс болсын» деп соңғы кезде тары салып сатуды кәсіпке айналдырған. Ауладағы кең қазан үйде тары қуырып, түйіп, елеуге үйдегі балалардың барлығы көмектесіп жатқанына біз де куә болдық.
– Қайырымдылық жасап, бір-бірімізді демеп, жығылғанға таяныш болу – әркімнің де қолынан келетін іс. Ол үшін адамға алдымен пейілдің кеңдігі, жүректің жомарттығы қажет. Бекішовтер әулетіне алып берген бұл үйдің қаржысы өзімнің жылдар бойғы халыққа қайта басылып, таратып келе жатқан «Тауқымет» романының таза қаламақысынан құралды. Қайырымдылықтың қадір-қасиетін көріп, санама түйіп өскен адаммын. Күні бойы арбада отырсам да қол-аяғы бүтіндерден қалмауға тырысып, маңдай тірегенге шама-шарқымша көмектесуді парыз санаймын. Бірақ істеген жақсылықты жіпке тізіп жарнамалайтындардың сортынан емеспін. Олай тізе берсем көп қой… Осы кезге дейін өзім тағдырлас 580-дей баланың жоғарғы оқу орнына түсуіне септескен екенмін. Бұл – бір ғана мысал! Маған халықтың алғысынан артық баға жоқ. Кішісі сыйлап,үлкендері батасын беріп жатады, құрметтің осы түрінен өзім қуат аламын, – дейді бізбен телефон арқылы тілдескен Бибігүл Қабиқызы.
«Бибі-Ана» президентінің еліміздің әр аймағында тұратын шын мұқтаждарға жасап жатқан көмегі көп. Енді туған жері Шалқар қаласының орталығынан мүгедек балаларды сауықтыру орта­лығын салуды көздеп отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН

Шалқар ауданы,
Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.