БАБАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

Мемлекетіміздің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі оқырмандарымен ой бөлісуінде мектептерде домбыра үйірмесінің жұмыс істеуі өте орынды болатынын жария етті. Қуанып қалдық. Ел Президентінің домбыраны ауызға алуы – жақсылықтың нышаны. Нағыз қазақ қана бұл шежірелі аспаптың мән-жайын ұғына алады. Демек ел басына ұлтының жай-күйін, мақсат-мүд­десін жақсы түсінетін азамат келді деп зор сеніммен айтуға болар.

Реті келгенде айта кетейік, кеше ғана ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев та саясатты айтпағанда, өнерден де есе жібере қоймайтын. Қолына үкілі домбыраны алып, асқақтата ән шырқаған сәттеріне қалың қауым куә.
Домбыра қазақ үшін қасиетті. Ол сан ғасырды артқа тастап ұлтымызбен бірге, бітісе өмір сүріп келеді. Домбыраның өн бойына халқымыз бастан кешкен қасірет-қайғының, сондай-ақ тағдыр өз кезегінде сыйға тартқан арайлы шақтардың белгілері әбден сіңген. Оны саусағыңызбен сәл шертіп қалсаңыз қазақтың кешегі де, бүгінгі де өміріне анық қаныға аласыз. Ойшыл, дана Қадыр ақынның «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырға қосуының да сыры осыдан.
Домбырадан төгілген күй қандай, шіркін! Бүкіл алпыс екі тамырыңды идіріп, тыңдамасыңа қоймайды. Күй – нағыз философия! Ол – өмір жайлы толғаныс. Оған құлақ түре отырып, өткен-кеткеніңді көз алдыңнан өткізесің. Не түйесің сонда? Бәрі өткінші, бәрі уақытша. Мағыналы не нәрсе сонда? Адам болып келіп, адам болып өту. Бұл деген не? Бойыңа адамгершілік, имандылық, ізгілік… қасиеттерді жинақтау. Күй саған осыны ұқтырады. Бұл ойды жеткізіп тұрған құдірет иесі кім? Әрине, домбыра!
Домбыра жайлы жазылған дүние­лер жетерлік. Солардың ішінде ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтің мына өлең жолдары көп жайтты аңғартады. Көкейіңдегіні дөп басады.
Домбыра, сен туралы
талай жаздым мен мына –
күйді ұқпаған кісілер
сөзді ұға ма, өзің айтшы,
домбыра?!
Бақыт жайлы толғам көп,
Менің бағым – домбыра.
Майсаңдап күй шертпесе –
Неге керек қол мына!..
Домбыраны қастерлеуге, кие тұтуға соңғы кездері мән беріліп келе жатқандай. Ұзағынан болсын деп тілейік.
Ұлттық домбыра күні белгіленді. Жұртшылық мұны қызу қолдады. Ұлы тұлғаларымызды ғана емес, ұлтымыз үшін алар орны ерекше заттық дү­ние­лерімізді де бағалай білетін ел екенімізді дәлелдедік.
Домбыраның қадір-қасиетін түсінген жан ұлтының патриоты, жанашыры бола біледі. Мұндай адам­ның жан дүниесі көркем, сұлу болып келеді. Өйткені домбырада таза­лық, мөлдірлік, өмірге, жақсылыққа құштарлық сезімі ұялаған. Осындай сезімге суарылған қандастарымыз көп болса, одан жаман боламыз ба? Әрине, жоқ. Мұндай болу елге де, қо­ғамға да пайдалы.
Домбыра ертеден қазақтың айрылмас жан серігі бола білген. Осы дәстүр үзілмеуі тиіс. Әрбір шаңы­рақтың төрінде көненің көзін­­дей болған асыл мұрамыз – домбыра тұрса, осы­ның өзі – елдіктен, ұлт­жандылықтан ажыра­маға­нымыздың бір белгісі.

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.