Бізге мемлекеттік тілде сөйлейтін Парламент керек!..

Жуырда Парламент Мәжілісінің 5-ші шақырылымындағы депутаттар Үндеу жариялап, кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде бастама көтерді. Елбасы бұл бастаманы қолдаса, елімізде кезектен тыс Парламент және мәслихат сайлауы қатар өткізілмек.

Иә, әрбір өтетін сайлау көңілге жаңа үміт сыйлайтыны рас. Өйткені жаңа депутаттардың Парламент қабырғасына келуімен ел өміріндегі бірқатар маңызды мәселелер де өз шешімін табады деген сенім мол. Солардың қатарында, әрине, мемлекеттік тілдің де толғаулы мәселелері аз емес. Көп айт, аз айт, алдымен Парламентіміз мемлекеттік тілде сөйлеп, заңдарымыз мемлекеттік тілде жазылуы тиіс.

Біз тәуелсіз мемлекет тарихында қазақ тілінде дайындалған екі заңды ғана білеміз, оның бірі Әкім Ысқақ бастамашы болған «Қазақстан Республикасының Көші-қон туралы» Заңы болса, екіншісі Фариза Оңғарсынованың бастамашылығымен ұсынылған «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы. Кезінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатқан осы заңдар болатын. Шынын айтайық, Парламент қабырғасында қабылданатын заңдар қазақ тілінде жазылып, заң жобасын талқылау барысы қазақ тілінде жүзеге асырылмаса, бәрі бекершілік. Өйткені ондай кезде депутаттар қазақша сөйлемейді, заңның түпнұсқасы орыс тілінде дайындалады, қолданыс аясы да ресми тілде қалыптасады. Мемлекеттік тіл «аударма тіл» дәрежесіне еріксіз түседі. Ал іс жүзінде бәрі керісінше болуы керек еді.

Мемлекеттік тіл тұрғысында біз 5-ші шақырылым депутаттарынан көп үміт күткен едік. Бірақ Парламенттің биік мінберінен мемлекеттік тілдің өзекті мәселесін төтесінен қойып, ашына сөйлегендерді көрмедік. «Бір айтса, осылар айтуы керек» деп сенім артқан кейбір депутаттардың өздері тіл мәселесінде қалыс қалды. Осындайда депутаттарды біз «халықтың қалаулысы» деп тым аспандатып жіберген жоқпыз ба деген де ой келеді? Халықтың қалаулысы болу үшін Шер-ағаңдардай (Шерхан Мұртаза) дүркіреп, ұлт мәселесінде ширығып сөйлеу керек шығар!? Ал мұндайды біз бұл депутаттардан көре алмадық.

Депутаттар – заң қабылдайтын лауазым иелері. Бірақ мемлекетімізде қазақ тілінің жағдайы сын көтермей тұрғанда, «біз заң қабылдаймыз» деп қол қусырып қарап отыру жараспасы анық. Өзегіңді өртейтіні, ұлты өзбек Розақұл Халмұрадов қазақ тілі үшін күйіп-піскенде, өз қандастарымыздың ауыз ашпай, тіл мәселесі «күл болмаса, бүл болсын» дегендей сыңай танытып отыратындары. Әрине, біз барлығына топырақ шашудан аулақпыз, бірақ Парламент сессияларының көбінесе орыс тілінде өтіп жататынын көргенде: «Бұл өзі қай елдің Парламенті?» деп таңқаласың, Абайша айтсақ, «қайнайды қаның, ашиды жаның…».

Мемлекеттің иесі – жеке тұлғалар емес, мемлекеттің иесі қашанда халық. Ал халықтың мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Елбасының қазақ тіліне байланысты айтқан мына бір сөзін келтірсек артық болмас: «Егер де біз Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын үлкен алтын күмбез деп санасақ, сол алтын күмбездің басындағы айшығы мен жұлдызы  біздің тәуелсіздігіміз деп санайтын болсақ, сол күмбездің нық тұруына қызмет ететін төрт негізгі діңгегі болуы керек: ол – елтаңбасы, ел ұраны, біздің туымыз және қазақ тілі. Қазақ тілін тіпті, өз тілімізді, ана тілімізді бірінші орынға қоюға болады».

Неге екенін қайдам, бірақ біз қазақ тілін бірінші орынға қойған депутат мырзаларды көре алмай келеміз. Мемлекеттік тіл мәселесіне арналған сауалдар да көзден бұл-бұл ұшты. Осындайда тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы депутаттардың ұлттық намыстылығын, ұлттық мәселелерді қорғауын, сөзін өткізе алмаса, сессия отырысынан шығып кететін өр мінезін аңсайды екенсің. Қазақтың тәуелсіздігін, мемлекеттік тілін және өзге де елдік құндылықтарды қорғаған академик депутаттар – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, қаламгер депутаттар Шерхан Мұртаза, Балғабек Қыдырбекұлы және т.б. тұлғалардың қайрактерліктерінің арқасында қазақ тілінің жағдайы көш ілгері болғанын ұмытпайық. Бізге қазір де өз айтқанынан қайтпайтын, мәселені төтесінен қоятын, сөзі мірдің оғындай, ұлт, тіл дегенде белсенді қызмет жасайтын депутаттар керек-ақ. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәселелері өз шешімін табады.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «2025 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп атап өткен болатын. Ал қарап тұрсақ, 2025 жылға дейін бар болғаны 9 жыл ғана уақыт қалыпты. Осы межеге қол жеткізу үшін ең алдымен депутаттарымыз белсенді іс-әрекетке көшуі керек. Ал мемлекеттік тілдің бүгінгідей жағдайымен біз Президентіміз айтқан межеге қалай жетеміз? Сондықтан алдымен депутаттар, мемлекеттік қызметшілер де мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талап қойылмайынша, ана тіліміздің дәрежесін биіктете алмаймыз. Парламент қазақ тілінде жұмыс істемесе, яғни қазақ тілінде заңдар қабылдамаса, тіл саясатының жүзеге асырылуы өте баяу түрде жүреді.

Былтыр Елбасы БҰҰ-ның кезекті  сессиясында қазақ тілінде баяндама жасағаны тіліміздің мәртебесін асқақтатты. Президент журналистерге берген сұхбатында: «Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым, сондықтан, мен айтқаннан кейін, менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін» деген болатын. Елбасы былтыр ЮНЕСКО-дағы алқалы жиынға қатысқанда да қазақ тілінде сөйлеген еді. Алайда біз шетелге іс-сапармен барған шенеуніктердің мемлекеттік тілде сөйлеудің мұндай дәстүрін жалғастырып әкеткенін байқай алмай отырмыз. Сайлауға түсетін депутаттар осы мәселені ерекше есте ұстаса екен дейсің. Өйткені депутаттық лауазымға мемлекеттік қызметшілер де көптеп сайланатыны белгілі.

Бұл орайда депутаттарымыз Заң талаптарын күшейтіп, сол заңның орындалуын Үкіметтен, жергілікті атқарушы биліктен талап етіп, нақты мәселелерді алға тартса, қанеки?..Депутат болу жылмитып шаш тарап, мойныңа шоқпардай галстук тағу емес. Сессия кезінде былайғы жұрттың айтуынша, маужырап отыру да емес. Депутат алдымен ұлт мүддесіне жан аямай қызмет ететін азамат. Ұлт мүддесіне қызмет ете алмадың ба, ана тіліңнің мәртебесін биіктетуге үлесіңді қоса алмадың ба, онда халық қалаулысы емессің! Парламентке қызметке келдің бе, ұлт мүддесі жолында білек сыбана жұмыс істе! Сонда елің де саған дән риза болады.

Сайлаушылар демекші, оларға айтатын бірнеше тілек бар. Депутаттардың сайлануы, Парламент орынтағына жайғасуы сайлаушылардың қолында. Енді санаулы мерзімнен кейін елімізде сайлау науқаны басталғалы тұр. Кандидаттар өздерінің сайлаушыларымен кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене кіріседі. Осы ретте айта кететіні, құрметті сайлаушылар, сіздер өз дауыстарыңызды беру арқылы елдің болашағын да айқындайтындарыңызды ұмытпауларыңыз керек. Демек, әрбір кандидатқа биік талап тұрғысынан қарауыңыз қажет. Кездесулерде үміткерден: «Сен ұлттық мүддеге қалай қызмет етесің? Мемлекеттік тілдің мәселелерін шешуге қандай үлес қосасың? Қазақ тілін білесің бе? Парламент қабырғасында нақты қандай мәселелерді қозғайсың?» деп ашық сұрақ қоюдан тайынбауларыңыз керек. Сонда ғана біз депутаттардың сапасын жақсартамыз. Сонда ғана Парламент және мәслихат қабырғасына ұлттың мұң-мұқтажын бірінші кезекте ойлайтын, бойында ұлттық намысы бар депутаттар келеді. Келген соң олар сіздің атыңыздан сөйлейтін болады. Демек, өз дауысыңызды беру арқылы сіз ол депутатқа үлкен сенім артасыз. Ал олар сол сенімді ақтай ала ма, жоқ па, бұл сіздің еншіңіздегі мәселе.

Жергілікті жерлердегі мәслихат депутаттары да мемлекеттік тілдің мәселесін шешуге атсалысудан шет қалмауы тиіс. Өкінішке орай, мемлекеттік тіл мәселесінде біз мәслихат депутаттарынан да белсенді іс-әрекетті көре алмай келеміз. Бір мәслихат депутаты мемлекеттік тіл жайын қозғап, мәселе көтеріпті дегенді әлі күнге дейін естімедік. Сонда мәслихат депутаттары не істейді деген заңды сауал туындайды. Әйтпесе, қазақ тілінің өркендеуіне, қолданыс аясының кеңеюіне жергілікті жерлердің, өңірлердің қосар үлесі аз емес және онда да мемлекеттік тілдің қордаланған мәселелері шаш-етектен. Бұл орайда облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының белсенділігі ауадай қажет.

Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, осы біздің сайлауға түсетін депутаттарымыз неге мемлекеттік тілден емтихан тапсырмайды? Баршамыз жақсы білетіндей, Елбасы Президенттік сайлауға түскенде қазақ тілінен емтихан тапсырды. Демек, заң шығарушы органның өкілдері, яғни депутаттар да сайлауға түсерде мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны жөн деп білеміз. Бұл қазақ тілінің заңдық негізде күш алуына одан әрі септігін тигізетіні сөзсіз. Жалпы, тіліміздің дәрежесін арттыру үшін «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа Заң қабылдау да – кезек күттірмейтін мәселе.

Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Парламентке де, мәслихаттарға мемлекеттік тілді меңгерген депутаттар сайлануы керек. Сонда сессия отырыстары да қазақ тілінде өтетін болады. Заңдарымыз да қазақ тілінде жазылар еді. Депутаттар алдына баяндама жасауға шығатын министрлер де мемлекеттік тілде сөйлейді. Әйтпесе, Асылан Сәрінжіпов тәрізді министрлер біржола ресми тілге көшіп кетуге бейілді ме дерсіз. Бұл туралы күні кеше Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов:

— Сіздің  мемлекеттік тілде баяндама жасауыңыз  сиреп барады, жоқ деп айтуға болады. Мұны ескеру керек, — деп жақсы айтып, орынды мәселе қозғап келе жатыр еді, Сенат Төрағасы: «Депутат Еңсегенов, заңға байланысты сұрақ қою керек. Сіздің сұрағыңыздың заңға ешқандай байланысы жоқ» деп мәселені тоқтатып тастағаны және С.Еңсегеновтың  «Мен төртінші сауалмен шатастырып алдым. Кешірім сұраймын» дегені бізді таңқалдырды. Бұл хабар «КТК» телеарнасының (14.06.2016 ж.) жаңалықтарында айтылғанын ел көрді. Соған қарағанда, Сенаттың өзінде мемлекеттік тілге байланысты ұстаным әлі де нақты айқындалмай келе жатқан сияқты. 

Күлбілтелейтін несі бар, Сенат болсын, Мәжіліс болсын алдарына келген министрлерден, өзге де лауазым иелерінен мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етуі керек қой. Кейбіреулер орыс тілін ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деп біржақты ойлап жүргенін байқаймыз. Ал бұл, шынтуайтына келгенде, олай емес. Ата Заңымыздың 7-бабында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылғанымен, бұл орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деген ұғымды білдірмейді. Еліміздегі орыс тілінің қолданысы мемлекеттік тілмен бір дәрежеде болады деген де сөз емес. Ресмилік сипатқа ғана ие болған соң, өз аясында ғана қолданылуы керек. Ал министрлер мен депутаттардың, шенеуніктердің жалпы халық үшін түсінікті болсын деген желеумен тек орыс тілінде сөйлеуі қалай? Елімізде орыс тілін білмейтін азаматтар да бар емес пе? Олар ресми хабарламалар мен баяндамаларды мемлекеттік тілде тыңдауға құқылы ғой. Демек, министрлер, шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер депутаттар алдына шыққанда баяндамасын тек мемлекеттік тілде жасауы тиіс екені өз-өзінен түсінікті болып шықпай ма? Талап етілсе, министрлер ойланар еді. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толады. Ал қазақ тілінің Парламенттегі, министрліктер мен әкімдіктердегі, мемлекеттік мекемелердегі жағдайы әлі де мәз емес. Бұл мәселелерді ширата түсуде Парламенттің жаңа құрам депутаттары қарап қалмас деген ойдамыз.

Сондықтан Парламенттің кезектен тыс сайлауына біз барынша жауапты қарауымыз керек. Жаңадан сайланған депутаттар мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайды деп сенеміз. Қорғай алмаса, депутаттық мансаптарына, оның әр жағында азаматтық ар-намыстарына да сын болмақ. Сайлауға тайлы-таяғымен әзірленіп жүрген партия мүшелері, депутаттық креслодан үміткерлер осы мәселені жадыларында мықтап ұстаса екен. Ел мүддесіне қызмет ету – парыз! Ал ел мүддесінің өзегі – мемлекеттік тілдің мүддесімен тікелей байланысты.

Елбасының «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» дегені бекерден бекер емес. Президенттің «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзін ел болып, қоғам болып жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл мәселеде үлкен жауапкершіліктің бір шеті – Парламенттің сапалы да нәтижелі жұмысына  тікелей қатысы бар деп білеміз.

Дәуіржан Төлебаев

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.