«Ұлтшылдықтың» құрбандары

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты
…Бұл оқиғалар менің өмірімде айрықша із қалдырды. Бұл кезде мен Қазақстан жазушылары ортасында болып, біраз бой үйретіп қалғам. Әдебиет баспасында, «Әдебиет және искусство» журналында қызмет істеп, одақтың ішкі жұмыстарына араласып, басшылардың тапсырмаларын орындап үйренгем. Съезд жұмысын дайындау ісіне қатыстым. Балалар журналының редакторы болып, осы саладағы әдебиеттің жай-күйі жайында ой қорыта бастағанымды ескеріп, одақ маған съезде балалар әдебиеті жайлы қосымша баяндама жасауды тапсырды.

Менің институтта оқыған және алғашқы шығармашылық қызметке араласқан тұсым – Қазақстандағы саяси-әлеуметтік өмірдің ең бір ауыр кезі еді. 1946 жылғы партияның идеология саласындағы қаулыларынан басталған бұл науқан 1947 жылғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси-өрескел қателіктер туралы» қаулысына ұласып, әдебиет пен ғылым саласындағы жұмыстарды біраз аударып-төңкеріп, тексеруден өткізіп барып тоқтаған-ды. 1950 жылдың 26-желтоқсанында «Правда» газетінде басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» деген мақаладан кейін ол қайта өршіді. Қазақстан Компартиясы 1951 жылдың 20 сәуірінде жаңа қаулы қабылдап, «Правданың» мақаласын қолдап, Қазақстан тарихындағы тәуелсіздік идеяларын түгелдей жоққа шығарып айыптады. Кенесары қозғалысы орысқа қарсы, реакциялық, монархистік көтеріліс есебінде бағаланды. 

Сол жылы 24 тамызда жазушылардың қалалық жиналысы өтіп, онда Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиетіндегі үлкен қателіктер туралы» ­баяндама жасады. Партияның қаулылары мен «Правда» газетінің мақаласына сүйенген баяндамашы қазақ ақын-жазушылары шығармаларынан ұлтшылдық қателіктер іздеді. Қ.Аман­жолов­тың, Қ.Шаңғытбаевтың, Ә.Тәжібаев­тың өлеңдері сыналды. Жиналыста Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, Т.Ахтанов, Орталық Комитет хатшысы І.Омаров сөз сөйледі. Барлығы да «ұлтшылдық» деген құбыжықтан қорқып, партия талаптарының ыңғайына көнбістік танытты. Осының артынан әдебиеттегі ұлтшылдыққа қарсы күрес деген ұранмен республикалық газеттер бетінде мақалалар ұйымдастырылды. Алдыңғы кезектегі сынға Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, тағы басқалар ілікті. Бұл кездегі науқан мен оған қатысым туралы бұрынғы естеліктерімде, Қ.Аманжолов ­туралы мақалаларымда жазғам. Ұлтшылдықты әшкерелеу науқаны әр салада дүниенің бәрін қопарылыстырып өтті. Соның бірі – Абай шығармасын зерттеу ісіндегі «қателіктер» мен «Буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарастар» туралы болды. Бұл таласты 1951 жылдың қаңтарында «Лениншіл жас» газетінде жазылған мақаласымен С.Нұрышев бастады. Абайдың жас кезіндегі біраз өлеңдері өзінікі емес деп санап, ақынның шығыс әдебиетімен байланысына күдік келтірген ол зерттеушілерге, алдымен М.Әуезовке тиісті. М.Әуезов оған қолма-қол жауап беріп, өз тұжырымдарын айтты. Сол жылы Қ.Мұхамедханов «Абай­дың әдеби мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады, осыған байланысты Нұрышев тағы да шу көтеріп, Көкбай, Әріп сияқты ақындарды кертартпа, ескішіл, Абай шәкірті деуге лайықсыз деп даурықты. М.Әуезовтің қолдауымен Қ.Мұхамедханов диссертация қорғап кетсе де, бұл әңгіме басылмай, екі жылдай дауға түсіп, аяғы Қ.Мұхамедхановтың Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаилов, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменовтермен бірге «буржуазияшыл ұлтшылдық қателері» үшін сотталып кетуімен тынды. 1951 жылдың 13-14 ­маусымында Ғылым академиясы ­залында «Абайдың әдеби мектебі» туралы пікірталас өтті. Қ.Сәтбаев ашып, соңында қорытынды сөз сөйледі. Жиында «Абайдың әдеби мектебі мен шәкірттері» (С.Мұқанов), «Абайтанудағы кейбір талас мәселелер туралы» (С.Нұрышев), «Абай шығармаларының идеялық бастаулары» ( М.С.Сильченко), «Абай мұрасын зерттеудің табыстары мен олқылықтары туралы» ( М.Әуезов) баяндамалар тыңдалды. Жарыссөзге Ә.Жиреншин, З.Ахметов, М.Ғабдуллин, Ғ.Мұсабаев, М.Ақынжанов, Қ.Тұрғанбаев, К.Райбаев, М.Жанғалин, Ш.Юсупов, Ә.Тәжібаев, Тәукенов, Қ.Жармағанбетов, Ә.Тұрсынбаев, Қ.Мұхамедханов, Жекенұлы, Қ.Жұмалиев, Ә.Әбішев, Ғ.Мүсіреповтер қатысты. Абай шығармашылығын зерттеушілер тарапынан айтылған әділ тұжырымға қарамастан, дәуірдің ырқымен әділетсіз сын басып кетті. Жиын «Абай мектебі» деген буржуазиялық ұғым, оның шәкірті деп жүргендердің көбі ескішіл, кертартпа, діни ақындар деген тұжырым жасады.
«Абай творчествосын зерттеудегі бур­жуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушы­лық­тарды жеріне жеткізе әшкерелейік» деген С.Нұрышевтің мақаласы басылды. 1952 жылдың 11 сәуірінде «Фольклорлық және тарихи тақырыптағы пьесалар туралы» үлкен жиналыс өтті. Оның баяндамашысы М.Ақынжанов «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Аманкелді», тағы басқа фольклорлық және тарихи тақырыпқа жазылған қазақ пьесаларын идеялық жағынан тексеріп, көбінен ескі салт-сананы, әдет-ғұрыпты уағыздаушылық «тапты». Онсыз да сынға ұшырап отырған қазақ сахнасына бар репертуарынан айырылып қалу қаупі төнді. Сондықтан жиналыста Қ.Жандарбеков, С.Әбжанов, Қ.Байсейітов, Ш.Айманов, Мансұров сияқты қазақ театрларының саңлақтары мен драматургтер М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Әбішев, Ш.Хұсаинов және ғалым Ә.Марғұлан, жазушы С.Бегалиндер сөйлеп, талай көрермен сынынан өткен жоғарғы пьесаларға ара түсті. Мен қойын дәптеріме осы жиналыстағы Мұхаңның «мезгіл сынайды, тарих талдайды, сын саралайды» деген сөзін жазыппын. Осыны айтып, ұлы жазушы қазақ фольклорының өміршең сюжетін, халықтық туындыларды сақтау жағында сөйлепті. Осы бір тұжырымда асы­ғыс қорытынды жасамай, уақыт сынына жүгіну сияқты даналық ой жатқаны белгілі еді. Жазушы жоғарғы шығармаларды орыс эпостарымен салыстыра отырып, сақталу жолын, халықтық нұсқаларды іздеу қажеттігін айтыпты. «Қол қорқақ, іс шорқақ» екенін мойындапты. 1952 жылы күзде өткен қалалық интеллигенцияның үлкен жиналысы да менің есімде. Оны Ж.Шаяхметов ашып, І.Омаров, «Правда» мақаласы мен Кенесары қозғалысын бағалаудағы қателіктер жөнінде баяндама жасады. Көп адам сөйлеп, біріне-бірі жармасып, ұлтшылдықтан өз бойларын алып қашып, екінші біреуге таңуға тырысты. Е.Бекмахановтың, М.Әуезовтің сөздері, түсіндірмелері есепке алынбады. Әңгіменің беті соларға бұрыла берді. Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовке тікелей қадала сөйлеушілер табылды. Ең соңында Ж.Шаяхметов сөйледі. Ол да партия саясатының ырқынан аса алмады. 1953 жылдың 12-15 сәуірінде Ғылым академиясында өткен қазақ эпосына арналған пікірталас осы айтылғандардың жалғасы еді. Мұны Академияның сол кездегі президенті Д.Қонаев ашып, қазақ батырлық эпосы жөнінде М.Ғабдуллин, тұрмыс-салт дастандары жайлы М.Ақынжанов баяндамалар жасады. Бұл баяндамалар да қазақ эпосын қаралап, оларда қазақтың ескі феодалдық өмірін асыра мадақтау бар екенін «дәлелдегенсіп», оларды зерттеген ғалымдарды айыптауға көшті. Тағы да М.Әуезов алдыңғы нысанада тұрды. Сол кездегі сынның М.Әуезовке қадалғаны сонша, оның тіпті І-дәрежелі Сталиндік сыйлық алып, әлемнің көп тілдеріне аударылып кеткен «Абай» романы туралы қалыптасқан пікірді қайта қарау талабы да болмай қалған жоқ. «Правда» газетінде басылған (13 қаңтар 1953 жыл) П.Кузнецовтың «Сынау орнына мадақтау», «Казахстанская правдада» жарияланған « М.Әуезовтің романы туралы» редакциялық мақалалар Әуезов романының бағасын кемітуге тырысты. Алдыңғы мақала М.Әуезов пен С.Мұқанов шығармашылығы туралы зерттеу кітаптар жазған З.Кедрина мен Т.Нұртазинді сынау орнына мадақтау айтты деп кінәласа, соңғы мақала «Абай» романынан қателіктер (саяси, ұлтшылдық) іздеуге ұмтылысымен ерекшеленеді. Осындай таластар, айыптар негізінде М.Әуезов «буржуазиялық ұлтшылдық қателері үшін» уни­верситеттен, академияның Тіл және әдебиет институтынан жұмыстан шы­ға­рылды, Академия президиумының құрамынан босады.
Жазушылар одағында «Правданың» мақаласын талқылауға арналған екі жиналыс өтті. Әуелгі жиналыста Т.Жароков баяндама жасап еді, оның баяндамасы басшылықтың көңілінен шықпай (М.Әуезовті сынау орнына мақтады деп), жиналысты таратып жіберді (17 ақпан 1953). Бір жетіден кейін 23 ақпанда одақтың президиумы қайта жиналып, Ә.Жаймурзиннің баяндамасын тыңдап, мақаланы қайта талқылады. Бұл жолы Т.Жароковты қайта сөйлетіп, оның аузымен М.Әуезов пен С.Мұқановты сынатуға тырысты. Олардың кейбір қайшылықтарын айта отырып, Тәкең сөзін көбінесе Мұхтар шығармаларының сыншыларын (Т.Нұртазин, З.Кедрина, А.Нұрқатов) сынауға құрды. Сөйлеушілердің көбі солай етті. Жазушылардың «қателіктерін» көрсетпей, мадақтады деп сынады. Жазушылардың өздері де сыншыларына риза еместігін айтты. Ал мақаланың негізгі көздегені – жазушыларды сынату еді. Міне, институт бітіріп, жаңа жұмысқа іліге бастаған тұста мен көрген, куә болған Қазақстандағы әдеби-шығармашылық жағдай осындай еді. Мен солардың бәріне дерлік қатысып тыңдадым. Қасым жөніндегі бір мақаладан соң ойланып қалып, бұл науқандарға қатыспадым. Тек тыңдаушы, көз алдымнан өткізуші болдым. Көп нәрсені аңдауға, қайта ойлануға тура келді. Біздің партиялық сеніміміздің қайда алып бара жатқанын аңғарғандай едік. Оның өзі де бір мектеп болды. 1952 жылы тамызда мен жұмысымды өзгерттім. Комсомолдың Орталық Комитеті мектеп оқушыларына арналған «Пионер» атты журналға редактор етіп шақырды. Менімен сөйлескен Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Сағындық Кенжебаев ой-өрісі кең, жағдайды жақсы білетін, интеллигенциямен байланысы мол, беделді азамат боп шықты. Бәрімізді біліп, жазғандарымызды оқып жүреді екен. Әдебиет мәселелері жайлы пікір алысты. Сол тұстағы ұлтшылдық іздеген науқанға сын көзімен қарайтынын жасырған жоқ. «Ұлттық интеллигенцияға бір сын болып тұр ғой» деді. Науқанды қоздырып отырған ағайындарға, арызқойлыққа наразылығын ашық айтты. «Шынын айтайын, – деді ол. – Біз бұл жұмысқа сізден бұрын Зейнолла Қабдоловты шақырып едік. Ол кісіні бекітуге Мәскеуге, ВЛКСМ Орталық Комитетіне жібергенбіз. Ол жақтан комсомолдың басшыларымен сөйлесіп, келісіп, кеткеннен кейін артынан арыз барыпты. Оны жазғандар да өзіміздің жігіттер. Оқу-педагогика баспасында редактор боп істеген жылдары Зейнолла әдебиет оқулықтарына редактор болған, оқулықтарда кеткен ұлтшылдық қателерге бұл да ортақ деп жазыпты. Арыз түскен соң Орталық Комитеттің жігіттері қонақүйден тауып алып, жағдайды түсіндіріп, бекітпей қайтарыпты. Сіздің артыңыз таза сияқты ғой, ондай арыз түсе қоймас. Біз сізді осындағы партияның Орталық Комитетінде бекітіп, Мәскеуге содан кейін жіберейік деп отырмыз». Менімен сөйлесіп болған соң Сәкең біреуге телефон соқты да: «Төке, менде Қирабаев жолдас отыр. Қазір сізге барады» деді. Сосын маған: «Сізді Орталық Комитеттің кадр жөніндегі хатшысы Шалов жолдас күтіп отыр» деп, оған баратын жолды көрсетті. Бір қабатта екен. Мен барып қабылдау бөлмесіне кіре беріп едім, бір қыз орнынан тұрып, маған: «Кіріңіз» деді. «Төке» деп сөйлескеніне қарап, мен Шаловты қазақ қой деп ойлап қалыппын. Барсам, сап-сары орыс. Менің таңырқап қалғанымды байқады ма, білмеймін, бірден қазақша сөйлеп кетті. – Жоғары шығыңыз, келіңіз! – Рақмет. Ол кісі де жақсы, жылы қабылдады.
Ашық әңгімелесіп отырып, өзінің Солтүстік Қазақстанда туып-өскенін, қазақ мектебін бітіргенін айтты. Одан кейін ІІ хатшы Николай Дыхновта, І хатшы Хиуаз ­Доспановада болдым. Содан кейін мені партияның ОК-ға, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің баспасөз жөніндегі орынбасары Байдабек Әлимановқа жіберді. Әлимановта мен бірер ай бұрын болғам. Ол кісі мені шақырып алып, «Пионер» журналының бір жылдық санын беріп, осыған пікір жазып беруімді сұраған. Онда мен оған мән бергем жоқ-ты. Бөлімнің кезекті бір тексерісі шығар деп ойлағам. Жеке бір кітапқа немесе жазушы еңбегіне байланысты пікір айтып беруді сұраған өтініштерді бұрын да талай орындағаным бар. Сондай бір кезектегі шаруа ғой деп қойғам. Мен барғанда Бәкең бірден іш тартып: – Е, келдің бе? Дұрыс болды. Журнал жұмысымен таныссың, пікір жаздың, – деді. Біреулерге телефон соғып көріп еді. Ешкім табыла қоймады. Бөлім меңгерушісі іссапарда екен. Хатшылардың ешқайсысы қабылдамайтын болды. Содан барып, Байдабек: – Енді бюроға бір-ақ келесің, – деп, келетін күнім мен мезгілін айтты. ОК-ның бюросын Жұмабай Шаяхметов өзі басқарды. Істі Байдабек Әлиманов хабарлады. – Өздеріңіз білесіздер, – деді ол, – «Пионер» журналы жарты жылдай редакторсыз отыр. Комсомолдың Орталық Комитеті бұл орынға Қирабаев жолдасты ұсынып отыр. – Мен жөнінде қысқаша айтты. – Жұмыспен таныс па, оны игеріп кете ала ма? – деп сұрады біреу. – Жұмыспен таныс. Журнал жұмысы жөнінде пікір жазған, – деді Әлиманов. Басқа сұрақ болған жоқ. «Бекітілсін» деді бәрі бір ауыздан. Жұмабай Шаяхметов орнынан тұрып: – Қарағым, жас жігітсің. Жұмыс тәжірибең аз. Бастық болған соң, қызметкерлерің аз ба, көп пе, бәрі бір – ұжым басқарасың. Қарамағыңдағы адамдарға қамқор бол. Іс істете біл. Талап ет. Бірақ бастық екеніңді мінезіңмен білдіріп алма. Табыс тілеймін, – деді. Әкемдей жылы бір қамқорлықпен айтты. Партия басшысының осы қысқа сөзі менің өмір бойы есімде қалды. Менің өзім істеген ұжыммен тіл табысып кетуімнің негізі Жұмекең сияқты үлкен ағаның қамқор тілеуінде қаланғандай сезінем. Бюроға Х.Доспанова қатысқан. – Ертең Орталық Комитетке кел, Мәскеуге барасың, – деді ол. Мәскеуде мені Ғылым академиясында аспирантурада оқып жүрген Әбутәліп Жұбаев пен Бекет Амантаев күтіп алды. Бірінші рет баруым болған соң, соларға хабар бергем. Комсомолдың Орталық Комитетіне де солар ертіп барды. Онда үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қабылдады. Ресми ғана әңгіме болды. Тек «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде ешкім сөйлесті ме?» деп сұрағаны есімде. Мен бюроның бекіткенін айттым. Менің бекіп келгенім себеп болды ма, қайта ешнәрсе сұрамады. Хатшы да қабылдаған жоқ. Мен келсем, С.Кенжебаев хабарласып отыр екен. «Бекітті, ертең жұмысқа келіңіз» деді ол. Ертеңіне мені С.Кенжебаев редакцияға алып келді. Ұжымы көп адам емес екен.
Мені редактордың орынбасары әрі жауап­ты хатшы Мұхамед Нұртазин, бөлім мең­герушілері Мұқан Иманжанов пен Мұзафар Әлімбаев, тағы басқалар (техникалық қызметкерлер) қарсы алды. Мұқанды бұрыннан білем. «Социалистік Қазақстанда» жүргенде барып жүргем. Менің алғашқы мақалаларымды басқан. Денсаулығына байланысты газеттен журналға ауысқанын да білетін едім. Мұзафарға да Айқын марқұм екеуміз өлең апарғанбыз. Тек Мұхамедті бірінші рет көруім. Ол да бір жақсы журналист, аяулы азамат екен. «Лениншіл жас­тан» ауысып келіпті. Бәрі де мені риза көңілмен қабылдап, редакцияның ішкі жұмысымен, журналмен, материал жинау, дайындау, жариялау жолдарымен таныстырды. Үлкен әдеби журналда істеген тәжірибем бар ғой, өзім де аз уақытта жұмысты игере бастадым. Осы ағаларымның бәрімен де жатырқаспай, ескі таныстарша, туысып кеттім. Бір отбасының мүшелеріндей болдық. Бәріміздің бірлігімізді, тұтастығымызды ұстап тұратын ортақ кіндігіміз, ұйытқымыз Мұқан марқұм болатын. Онымен 1948 жылдан таныстығым, қарым-қатынасым, сыйластығым жөнінде естелігімде жазғам. Жақсы жазушы, адамгершілігі биік адам еді. Өз ұрпағының барлығы Мұқан алдынан тарайтын. Жазуда да, өмірде де оның кеңесін, ақылын пайдаланбайтыны болмайтын. Денсаулығын күйттеп әрі шығармашылық жұмыс істеу үшін «Пионерге» өзі сұранып келіп, ол 1952-55 жылдары менімен бірге қызмет істеді. Кейін «Пионерден» ауысып, «Социалистік Қазақстанға» кеткен кезімде де ол кісімен қарым-қатынасымды үзгем жоқ. Ағалы-інілі дос болып, сыйласып өттік. Осы достығымыздан 1958 жылы Мұқанның өлімі ғана айырды. «Пионердің» бұрынғы редакторы Төкен Әбдірахмановты қызметтен босатарда, Комсомолдың Орталық Комитеті журнал жұмысы жайлы арнайы қаулы алған. Біз енді сол «қателіктерді» қайталамау үшін жаңа шаралар қабылдау жөнінде ақылдастық. «Пионердің» әдеби-көркем, публицистикалық сыпатын сақтай отырып, оның оқырмандарының ауқымын кеңейтуге, оны пионерлерге ғана емес, жалпы кіші және ересек мектеп жасындағы балаларға арнап шығару жайын ойластық. Мәскеуде ол кезде әр жастағы балалар үшін «Веселые картинки», «Мурзилка», «Пионер», «Юность» деген журналдар шығатын. Біз негізгі бағытын пионерлерге арнағанмен, аздап басқа жастағы балалардың мүддесін қамту мәселесін қарастырдық. Оны Комсомолдың Орталық Комитетімен келістік. Журналға балаларға арналған әдеби шығармалар, мектеп пен балалар өмірі жайлы очерктер, ел мен қоғамдағы жаңалықтар, публицистика, оқушылар хаттары, балалар үшін танымдық маңызы бар басқа да материалдар берілетін болды. Мұның бәрі балалардың ой-өрісін кеңейтуге, білімін толықтыруға көмектесетіні даусыз еді. Бұл дәуірде балаларға арналған азын-аулақ шығармалар болғанымен (оны да әдебиеттің белгілі, ересек кадрлары жазатын), балалар әдебиеті деп бөліп атайтын үлкен әдебиеттің саласы болмайтын. Мұндай әдебиет 50-жылдардан жасала бастады. Балалар әдебиетін кәсіп еткен арнаулы балалар жазушылары туды. Осы процесте «Пионер» үлкен қызмет атқарды. Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Қ.Мырзалиев, Ә.Дүйсенбиев, М.Жаманбалинов, Н.Сералиев, М.Гумеров, С.Баязитов, Ж.Карбозин, Ж.Смақов, тағы басқа балалар үшін жазатын жазушылардың алғашқы туындылары «Пионер» бетінде басылды. Осы журналда поэзия бөлімін басқаратын М.Әлімбаевтың өзі де балалар үшін жақсы, тапқыр өлеңдер жазды. Ара-тұра Мұқан марқұм да жазып қоятын.
Шығармашылығында негізінен жастар өмірін көтерген ол тумысы педагог, ұстаз адам еді. «Ауыл мұғалімі» деген повесін журналға бастырып, кейін кітап боларында атын «Алғашқы айлар» деп өзгертті. Мұқан мен Мұзафарды сағалап, жаңа жаза бастаған жастардың көбі осы журналға келетін. С.Жүнісов, Т.Молдағалиев, Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, М.Әбдіхалықов, З.Шүкіров, Қ.Баянбаев, Ә.Табылдиев, Ө.Жайлауов, Е.Мырзахметов, Ә.Нәбиев, К.Баялиев, З.Иманбаев, С.Алдабергенов, М.Рашев, тағы басқа авторлар алдымен осы журнал арқылы танылды. Сол арқылы үлкен әдебиетке өтті. Балалар әдебиетінің беделі көтеріле бастағанын көрген, бұрын әр тарапта қызмет етіп жүрген аға әдебиетшілердің біразы осы жанрға қарай ойысты. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Қ.Әбдіқадыров, С.Омаров кейінгі еңбектерін балалар тақырыбына арнады. Журналға қатысатын авторлар көлемі бұлармен ғана шектелмейтін. Арнайы редакцияның тапсырмасымен Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқанов өзекті тақырыпқа публицис­тикалық мақалалар жазды. Т.Жароков, Ғ.Орманов, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Қ.Жарма­ғанбетов, А.Шәмкенов, І.Мәм­бетов, Қ.Мұқышев, Қ.Боранбаев, т.б. өлеңдерін бастырды. Ғылым жаңалықтары жайлы Т.Дарханбаевтың (ол кісі редколлегия мүшесі болатын), А.Машановтың, М.Ақынжановтың мақалаларын бастық. Орыс тілінен әр саладағы қызықты еңбектер аударылып жарияланды. Берілетін материалдардың сыпатына қарай тапсырма беріп, жазуға қабілетті журналистерді көптеп тарттық. Осының бәрі мені ұжым басқаруға ғана үйретіп қойған жоқ, көтеретін мәселелерге кең көзбен қарауға, қаламымды төселдіруге тәрбиеледі. Редакторлық қызмет жауапкершілікті түсінуге жәрдем­десті. Республикадағы басқа да газет-жур­налдардың редакторларымен бірге мен де жиналыстарға, Орталық Комитеттің пленумдары мен съездеріне қатынасуға мүмкіндік алдым. Үкіметтің Орталық ауруханасына тіркелдім. Мейрамдарда трибунаға рұқсат қағаз беретін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен 50-жылдардың бас кезінде өткен таласты-даулы жиындардың, ел басшыларымен кездесулердің, партия мен комсомол ұйымдары пленумдары мен съездерінің көбіне қатыстым. Солардың ішінде 1954 жылы Ж.Шаяхметовті орнынан алып, П.Пономаренко мен Л.Брежнев келген пленумға, содан сәл кейін өткен Қазақстан Компартиясы съезіне қатысқаным есімде. Пленум Ж.Шаяхметовті І хатшылықтан босатып, бірақ бюроның құрамында қалдырды. Ол бюро мүшесі ретінде бұрын істеген жұмысы жайлы съезде баяндама жасады. Съезден соң оны Оңтүстік Қазақстан обкомына І хатшы етіп жіберді. Үлкен партиялық газет-журналдар редакторларымен бірге жүру үнемі пайдалы да бола бермейді. Солармен бірге бір рет Орталық Комитеттің бюросына түскенім де бар. Мен «Пионерге» барғаннан бірер жыл өткен соң Орталық Партия Комитетінің іс басқармасы редакциялардың гонорарды жұмсау тәртібін тексерді. Тексеру қорытындысымен алдын ала таныстыру болған жоқ. Мәселе бірден бюроға шығарылып, барлық редакторларды сонда шақырды. Іс басқармасының бастығы Артомонов хабарлама жасады. Оның айтуы бойынша, газет-журнал редакцияларының барлығы да гонорарды үнемдемейді, қалауынша «үлестіреді», редакторлардың өздері де көп гонорар алады. Мұндай кінәні алдымен партиялық журналдарға – «Коммунист Казахстана», «Қазақстан Коммунисіне» артты. Басқалардың да кінәсі азды-көпті айтылып жатты. Маған «суреттерге гонарар төлеу жүйеленбеген, редактор қандай сумма қойғысы келсе, соны қояды» деген айып тағылды. Мысалға бір-екі суретке қойылған гонарарды көрсетіп, «дүкенде ол заттар суретінен әлдеқайда арзан» деп түйді. Бюроны Орталық Комитеттің ІІ хатшысы И.Афонов басқарып еді. Ол біртіндеп редакторларды жауап беруге шақыра бастады. Екі-үш адамнан кейін: – Где товарищ Кирабаев, а ну-ка расскажите, как вы между собой распределяете гонорар, – деп қойып қалғаны. Қысылып отырғам. Мұндай талқылауға бірінші түскенім. Оның үстіне Орталық Комитеттің бюросы. Қысылғанмен жан қала ма, өзімді өзім ұстап тұрдым да, бірден Афоновтың өз сөзін өзіне қайталап: – Бізде ешқандай гонорарды бөлісу деген жоқ. Мәселе суретшілерге қаламақы төлеу жөнінде болып отыр. Мұндай талап қоярда әр басылымның өз ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Балаларға арналған журнал болған соң, біз суретті көп береміз. Оған дұрыс ақы төлемесең, суретшілер біздің тапсырмаларымызды орындамайды. Іс басқармасының келтірген мысалында ешқандай логика жоқ. Мен лампочканың суретін салдыру үшін 1 сом 50 тиын (лампочканың бағасы солай болатын) төлей алмаймын ғой. Әлде радиоқабылдағыштың суретін салған адамға 1500 сом (оның да бағасы солай болатын) төлеу керек пе екен? Біз әр суретке сіңген еңбектің мөлшерін аламыз. Мәскеуде шығатын балалар журналдарымен таныспын. Олар гонорарға бізден әлдеқайда көп төлейді, – дедім. Мен шыққанда біздің журналдың гонорар белгілеп, бухгалтерияға тапсырған номерлерін алып, кейбір бюро мүшелері күле қарап отырған сияқты еді. Сөйлеген кезде бәрі де маған назар аудара қалыпты. Алдыңғы үстелде М.Сужиков (Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы) отырған. Сол кісі менің сөзімді ықыласпен тыңдап, басын изеп, мақұлдағандай кейіп танытты. Өзім қысылып сөйлеп тұрған маған ол демеу сияқты көрінді. Содан кейін мен еркіндеу сөйлеп барып тоқтадым. Афонов мәселенің байыбына онша бара қоймаған сияқты көрінді. Ол менің сөзімді бөліп, балалар басылымдарының ерекшелігі дегенді ұстап алып, М.Горькийден бір мысалдар келтіріп, білгенсіп, бірдеңелерді айтып кетті. Менен кейін де әркімдер түсініктер берді. Ақыры «мәселе осы талқылаумен шектелсін» деген М.Сужиковтың ұсынысын қабылдаумен бітті. Іс басқармасының кейбір редакторларға сөгіс, маған ескерту беру жөніндегі ұсыныстары өтпей қалды.
П.Пономаренко мен Л.Брежнев келген жылдары жиналыстар мен кездесулер көп болды. Сол тұста өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына қатысты сайлауалды жиналыстар, депутаттыққа кандидаттармен (сол екеуімен) кездесулер өтті. Мен бірде-бірінен қалған емеспін. Жаңа келген бастықтар елге керек сөз айтады деп күтетін едік. П.Пономаренконы Қазақстан жазушыларының пленумында және съезінде тыңдадым. Ылғи жаңа сөз айта беру де қиын ғой, әуелгі сөздері қызықты, ойлы боп көрінетін еді. Кейін қайталау көбейді. 1954 жылдың аяғында қазақ драма театрында сайлаушылармен кездесуге келді. Алдында айтқан біраз әңгімелерін қайталап кеп, өзінің Ақмоладан келгенін, тың көтерілген жерлерді аралағанын айтты. Бір совхозда қонақ болғанын, үйіп асқан ет пен (қыста сойылған соғым еті болу керек) үстіне салған қазыны тураған адамның өнеріне таңырқағандық білдірді. Ет турағанда қолынан білегіне дейін аққан майды тілімен жалағанын, елдің бәрі етті қолымен жегенін атап өтті. «Осыдан кейін шай ішпей көр, – деді одан әрі. – Мен сегіз кружка шай іштім. Украинаға барып, Пономаренко сегіз кружка шай ішіпті десе, ел таңқалар еді» деп қойды. Әрине, бұл сөздерде қазақтың салт-дәстүрін күлкі етудің астары жатқаны даусыз. Қазақ шайды кружкамен бермейді, кесе, шыныаяқты атамай, оның осылай атауының өзінде кекесін жатыр еді. Осыдан кейін сырттан келген басшылардың сөзін тыңдауға ықылас та азайды. Кешікпей Пономаренко кетті. Оны шетелге елші қып жіберді. Қазақстан Компартиясының І-хатшысы болып Л.Брежнев қалды.
Мен «Пионерде» істеп жүргенде Қазақ­стан Комсомолының екі съезі (1953 – VІ съезд, 1954 – VІІ съезд) өтті. Оларда Орталық Комитеттің мүшесі болып сайландым. 1954 жылғы Алматы облыстық Комсомол конференциясында обком мүшелігіне өттім. Сол жылдары Қазақстан Компартиясының да екі съезі өтті. Бірі – 1952 жылғы қыркүйекте Ж.Шаяхметовтің кезінде өткен VІ съезд, екіншісі жоғарыда айтылған Ж.Шаяхметовті босатып, П.Пономаренко сайланған VІІ съезд (1954). Осы съездерге де қатысып, тыңдадым. Шығармашылық ізденістеріме де осы жылдар жаңа серпін берді. 1951 жылы Оқу министрлігінің шақыруымен мектеп оқулықтарын жазуға қатыстым. Оқулығымыз 1952 жылы басылып шықты. Кандидаттық диссертациямды жылжыта бастадым. Әдеби сынға белсенді араласып, мақалалар жаздым. 1952-1955 жылдары әдебиеттің даму процесі мен жеке шығармаларға, авторларға арналған алпыс­тан аса мақала жариялаппын. Сыншылық еңбегім көзге ілігіп, одақ басшылығы тарапынан көңіл білдіріле бастады. 1952 жылы Жазушылар одағына мүше болдым. А.Нұрқатов екеуміздің одаққа мүше болуымызға аға жазушылардың (М.Әуезовтің) ықыласы жайлы бұрын да жазғам. Осы ықылас 1954 жылы менің Қазақстан жазушылары одағы­ның съезінде балалар әдебиеті жөнінде сөз сөй­леуіме (әуелде қосымша баяндама ретінде дайындалған), Жазушылардың Одақтық екінші съезіне делегат болып сайлануыма себеп болды.
Бұл оқиғалар менің өмірімде айрықша із қалдырды. Бұл кезде мен Қазақстан жазушылары ортасында болып, біраз бой үйретіп қалғам. Әдебиет баспасында, «Әдебиет және искусство» журналында қызмет істеп, одақтың ішкі жұмыстарына араласып, басшылардың тапсырмаларын орындап үйренгем. Съезд жұмысын дайындау ісіне қатыстым. Балалар журналының редакторы болып, осы саладағы әдебиеттің жай-күйі жайында ой қорыта бастағанымды ескеріп, одақ маған съезде балалар әдебиеті жайлы қосымша баяндама жасауды тапсырды. Мен дайындаған баяндама нұсқасын Одақтың басшылары мен Орталық партия комитетінің қызметкерлері (бөлім меңгерушісінің орынбасары Ісламжан Құнанбаев) оқып шықты. Бірақ съезд басталар алдында басшылық қосымша баяндамалар көбейіп кетті деп, проза, поэзия, драматургия сияқты негізгі үш жанрдың дамуына арналған баяндамаларды қалдырып, қалғанын жарыссөз есебінде оқу қажет деп шешті. Мен алдыңғылардың бірі болып балалар әдебиетінің дамуы, жай-күйі жайлы сөйлеп шықтым. Кейін бұл сөзім (толығырақ, баяндама күйіндегі нұсқасы) «Әдебиет және искусство» журналының 1954 жылғы 12-санында басылды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.