Тарихы терең Ботай

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде «Археология және музей­танудың халықаралық практикасы» тақырыбы бойынша «VI Фараби оқулары шеңберінде Ботай мәдениеті және Орталық Азияның басқа да энео­литтік ескерткіштері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының секциялық отырысы өтті.

Конференцияда қазіргі заманғы археологияның теориялық және әдістемелік аспектілері қарас­ты­рылып, Ботай қонысын ха­лықаралық ғылыми зерттеудің нәтижелері талқыланды. Ботай мәде­ниетімен – дала өркениетінің матри­цасымен және оның адамзат үшін тарихи маңызымен таныстыру мақсатында өткен шараға белгілі ғалым-археологтар, этнографтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, генетиктер, биологтар, сонымен қатар Қазақстанның ғана емес, жақын және алыс шетелдердің – Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Литва, Германия және басқа да елдердің музей қызметкерлері мен ғалымдары қатысты.
Қазақстан Республикасының Орталық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай жүргізген конференцияда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология және дала өркениеттері ­институты» ҒЗИ директоры, Германия археологиялық институтының мүше-корреспонденті В.Ф.Зайберт, биология ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры М.Ж.Нұрышев, ­Эксетер университетінен – Айви Джей, Оуэнс, Элина Ананьевская, Алан К.Отрам; Вильнюс университетінен – Ингрида Чичюркайте, Элина Ананьевская, Қытайдың Хэнань университетінен – Минь Ран, ­Жаодонг Фэнг, Макс Планк атындағы адамзат тарихы туралы ғылым институтынан Чунгвон Чжон, А.Имель, Ж.Краузе сөз сөйледі. Отандық ғалымдар шетелдік әріптестеріне бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның ті­зіміне алынып, мұнда табылған ар­хеологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асқандығын, ең ­бастысы, қазақтың ежелгі халықтың бірі ретінде жылқыны бағзы з­амандарда-ақ қолға үйреткендігін айғақтайтын жәдігерлердің біз үшін құндылығы зор екендігін атап өтті.
Конференция шеңберінде Қазақстан Республикасы Орта­лық мемлекеттік музейінің архео­логиялық коллекциясы негізінде «Тарих ғылымының докторы В.Ф.Зайберттің басшылығымен 2005-2006 жылдары жасалған Солтүстік Қазақстан-Көкшетау археологиялық экспедициясының материалдары» атты көрме ұйымдастырылды.

С.ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.