Балбал тастар, не сыр бар сенде бүккен?

Соян МЫСАҰЛЫ. 1976 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қарасты Цэнгэл ауданында дүниеге келген. Сол жерде орта мектепті бітірді. 2007 жылы ҚазМҰУ-дің радио-дикторлық курсын, 2012-2013 жылдары Моңғолия мемлекеттік университетін сырттай бітірген. Қазір аталған ауданның орталық кітапханасының меңгерушісі.
Соянның табиғаттың өзіндей таза өлеңдері бұған дейін еш жерде жарық көрмеген.
Оқырманның назарына ­алыста жүрген қандасымыздың жырларын арнайы жариялап отырмыз.

Анкета

Мен ерекше қырыс ем, қыңыр едім.
Бір қисайған жағынан тұрмайтұғын.
Өзіне әулиенің сыры мәлім,
Есімде, екі-үш күнсіз тұрмайтыным.

Ес жиған сәл ертерек, жетім едім,
Тастаған балалықтың бал күндерін.
Тірліктің қамытында кетіп едім,
Елес боп еске түсер сол күндерім.

Мор салған, үйші мінез уақыттың,
Түзетті тезіне сап, өмір мені.
Сыбаған, тірлік – әкем жылатып мың,
Асауды жуасытты, жебірледі.

Қамытын ерте кидім отбасының,
Отанға ешбір алман атқармадым.
Қамы үшін қара бастың боқ тасыдым,
Аспанда айды алам деп, от қармадым.
Оқуың орта жолда масқара етті,
Ит тірлік ерте ұстады балағымнан.
Өнердің өр кемесі тастап кетті,
Берерім қалың еді аларымнан.

Жанпоздай жалғызы едім жарлы қарттың,
Жамандық тілемейтін қасына да.
Жасымнан отын шауып, шалғы тарттым,
Менің бар-жоқ анкетам осы ғана.

Дүкен ие*

Тым қораштау тірліктің тынысында,
Еш түзету көрмеген тумысында.
«Дүкен үй» деп аталар бір үй бар-ды,
Біздің шап-шақ қораның бұрышында.

Кірмей қалса сол үйге бірнеше күн,
Атам бастай беретін бір кеселін.
Ауруы ұстап қалатын қалш-қалш етіп,
Кемпірінен басқа ешкім білмес емін.

Оятып апам мені шақыратын,
– Өшірмей көрік бас, – деп – бақыр отын,
Дүкен иесі ұстады, жыны қозып, –
деп апам күңк-күңк сөйлеп отыратын.

Өзі ғана сезетін «кәрі жынын»
Кәрі жынын басуға серігінің.
Таңмен тұрып, қарайлап қабағына,
Шоғын салып беретін көрігінің.

Нарттай жанып көріктің алауына,
Ақындай бір жармасқан қаламына.
Бар әбзелін қамдап ап, іс соғатын,
Насыбайын тастап ап танауына.

Іс соғатын, шабытпен ерекше бір,
Құлақ аспай артық сөз, кеңеске құр.
Алты айрықтан кеткен тер, рақат-ай,
Басталғандай бұл үйде бөлекше өмір.

Ұшқын атып, жанары шоқтай жанған,
Жан біткендей жүрекке соқпай қалған.
Сірі болған саусақтар іс соғады,
Күйе, күйе от та оған өтпей қалған.

Көңілінің ашылып әр құлпысы,
Іс соғады, жазылып әр қыртысы,
оты өшіп қалардай бұл ауылдың,
тағасыз-ақ қалардай бар жылқысы.

Сосын барып, жадырап сөзі мүлде,
Қан жүгіріп, жазылып әжімі де,
Сілкінеді таң асқан хас жүйріктей,
бәйге алып кеп, тер қатқан кежіміне.

Пайда үшін іс қылмаған, пендесі боп,
Көрмеген еңбегіне еш теңге сұрап.
Атанған «Дархан ата», сосын барып,
күрең шайды созады көл-көсір боп.

Жасардай көкіректе бір сілкініс,
Тыпыршиды шыға алмай жыр бұлқыныс,
Дүкен иесі ұстаған сол атамдай,
Мені-дағы буып жүр бір тылсым күш.

/ие-адам бойында болатын бір тылсым күш, ескі наным бойынша әрбір істің бір иесі бар/
Балбал тас

Туған ауылым Аққолда биіктігі атты адаммен бірдей, қатар екі сынтас бар. Бірі – мөлдір қара, бірі – сұр тас. Ертеректе, бір топ шетел саяхатшылары кезігіп қап:
– Сондай сынтастарды зерттеп жүрміз, жақын маңда болса апаршы, – ­деген соң, сол екі тасқа ертіп апарғаным бар. Олар әртүрлі аппараттармен екі сағат астам уақыт асықпай зерттеп, зерделей келе:
– Бұл екі тастың әрқайсысының салмағы үш тоннадан артық екен, ал ұзындығы – жер бетіндегі бөлігі 2 метр 30 см, жер астына да сондай ұзындықта кірген, өте ұзын тас екен, – деді. Мен, жерге де сондай мөлшерде кірген дегенге сеніңкіремеп едім, олар:
– Аппарат солай көрсетіп тұр, егер сондай терең кірмесе бұлар мынадай бос сары топырақты жерде өз салмағымен баяғыда-ақ құлап қалар еді, – деген уәж айтты.
Сосын олар, ешбір көлік те, техника да жоқ сол заманда осыншама ұзын тас­ты қайдан тауып және қандай күшпен, қалай жеткізіп, қайтіп тұрғызды деген сауалға жауап таппай, бас шайқап, таңдай қағысып аттанып еді.
Жалпы біздің сұмын жеріндегі 70-ке жуық балбал тастардың көбісі бүлінген, сындырылған, адам тастардың біразының басы жұлынғаны өте өкінішті…

Бәсіредей, бағзы бір асылдардан,
Бізге жеткен тәберік тасың да алуан.
Күрсінеді, қобыздай уілдейді,
Сынтастарың сыр шертіп ғасырлардан.

Балбал тастар, не сыр бар сенде бүккен?
Құпияңды ашуға пенде біткен,
Тамсанады, талқандап, тәніңді ашып,
Бір көруге құмартып, пенделікпен.

Ғашықтар ма, үзілген сырлас әні?
Аңсап өткен асығын бір қосағы.
Таяу келсең тамырсыз тас тұғырға,
Әйтеуір, белгісіз бір мұң басады.
Қобыз дала уілдеп үн қосады.
Қос сынтастар – қос жүрек, мұңдасады.
Қара тасқа қашаумен жан бітіріп,
Қандай шебер ойды екен, кім жасады?
Түгесілмес төзіммен кім қашады?

Елім деумен бел шешпей неше күндер,
Еңіреумен өтпеді кеше, кімдер?
Тас мүсін боп, демалып мәңгілікке,
Жатыр ма әлде, қолбасы баһадүрлер?
Шерк тастар – шеп құрған саха сардар.
Осыншама ыждаһат, ептілікпен
қандай ұста, ал сені жасадым дер?
Қанша жылын тәрк етті хаса зергер?

Дәулетімен көрмейтін жұлдызды тең,
Болса-дағы құйма алтын, құндыз, кілем,
Қонса-дағы байлық пен бағландық,
Ұрпағы жоқ жан ба екен, ұл-қызға кем?
Бар арманын балбал ғып жасатты ма?
Кім біледі, бір ғажап, тылсым бөтен.
Бала тастар – баянсыз қыршын ба екен?
Қай қиырдан әкеліп, қандай күшпен
қандай алып өзіңді тұрғызды екен?
Қанша әскерін сен үшін қырғызды екен?

Тасқа жазған тарихын Тұран елдің,
Тастап кеткен мық тасы мұрагердің.
Өңкей алып бабалар өмір сүрген,
Өлке екенін дәлелдеп тұра бергін.
Тас жүректеу ұрпағың тас түгілі,
Басын қағып алып жүр Құлагердің.
Балбал тастың астында Бабам басы,
Артық кетсем Сен атып түрегел-гін.
Есіне сап тәубәсін, мынау, елдің!

Шөпте. Қара қос. Аққулар.
Шалқыған шанағынан шаттық лебі.
Бір көл бар Жетіөткелде, Аққу көлі,
Қоңыр ән, қоңыр кеште, қоңыр салқын,
Аққудың еш үзілмес гәккулері.

Күзгі кеш.
Қостың жаны.
Есімде анық.
Пейіштің хорларындай есіңді алып,
Аппақ боп періштелер қонар еді,
Баурымен ақ айдынның төсін жарып.

Тып-тыныш.
Мамыражай.
Салқын іңір.
Аққулар ақ айдында қалқыды кіл.
Қиқулап, бір-бірімен шапаттасса,
Дүние тылсым үнге балқыды бір.

Жетелеп ертегі әлем, елеңдетіп,
Тапқандай сылқым үннен санаң бақыт.
Талығып көз ұйқыға кетер еді,
Жыртықтан жұлдыздарды санап жатып.

Ғашық әні, асығын аңсаған үн,
Көз ұйқыда, тыңдайды жан сарайың.
Дымы қалмай, дыңғырап оянар ең,
Күндізгі күйбеңіңнен шаршағаның.

Мөлдіреп, көз жасындай айнала шық,
Болғандай жер бетіне ай да ғашық.
Алагеуім шақ туа тыншыр еді,
Аққулар таң атқанша аймаласып.

Үн тынады, төккенде таң самалын.
Бусанады буы өріп сай-саланың.
Таңмен тұрып, тірлігін жалғастырар,
Қыс азығын дайындап барша қауым.

Сырғалы көлі

Сырғалы суы сабырлы, ағады тынып,
Жарқ етіп кейде қалады шабағы шығып.
Сырғалы қыздың мұң, шерін ішіне бүгіп,
Сырғалы көлі толқиды жағаны ұрып.

Сырғалы көлі толқиды жағаны ұрып,
…Күн ауып қапты-ау, ұяға барады кіріп…
Жағасында өткен бал күндер ізім де қайым,
Бұл кезде менен қашқандай балағын түріп.

Сырғалы көлі толқымай, күрсінеді тек,
Күрсінеді де ішіне сыр бүгеді кеп.
Айтады ел аңыз – жағалап жарығын салып,
сырғасын іздеп кешқұрым
қыз жүреді, – деп.

Сырғалы көлі әйтеуір күрсінеді көп,
Күрсінеді кеп, ғашықтай бір сыңары жоқ.
Арманда кеткен жандардың жанайқайы ма,
Аңыздар солай айтады, кім біледі, тек…

Серка бауырыма

(Мен үй бетін көрмей, қаңғып кетем, үйдегі бар тірлік оның мойнында қалады. Бірақ Апам маған емес ылғи оған ұрсатын)

О, бауырым, сен аман бол, сен аман,
Сен тұрғанда мен бәрін де жеңе алам.
Жазық маңдай, жер мінезді бауырым,
Айналайын сені туған Анадан.
О, бауырым сен аман бол, сен аман!

Белің шықпай жатып әлі бесіктен,
Жан шыдамас сөздерің көп есіткен.
Сенің дарқан мінезіңнің арқасы,
Жүрсем егер салдық құрып, бөсіп мен.
Сенің арқаң әрбір сәттер кешіккен.

Мен кінәлі, барлығына мен ғана,
Болып жүрсең бар бақыттан кембаға.
Толып жүрсе көкірегіңе шер ғана,
Кешіргейсің бауырым-ау, онда да,
Мен кінәлі, барлығына мен ғана.

Барлығында кешіргейсің, кешіргін,
Естілсе егер сол баяғы кесірлі үн.
Тауқыметін тастап саған тірліктің,
Мен есірдім, Сен тұрғасын есірдім.
Артық кетсем барлығында кешіргін.

***
Жанымды менің,
жанымды менің ұқ, Адам,
Айта да алмаймын адамын деп күнәдан.
Бөлінбей қалған еншім бар,
ей, ессіз Дүние,
Алынбай кетіп барады сенде сыбағам.

Алдыңа барып арымды саған сатқам жоқ,
Аярлығыңа бас исе-дағы аспан, көк.
Сұмдығы жалқақ, шындығы
жалтақ дүниеде,
Жанымды жудым жаспен тек.

Тартады қанша тағдырдың тұщы тұз дәмі,
Тәңірдің қанша сыйы бар тартар бізге әлі.
Не айтқысы келді, несіне жүрек сыздады,
Ойланбай жүріп отызға келдік біз-дағы.

Отызға келдік, маңдайға түсті сызықтар,
Әлі де талай көретін күн бар, қызық бар.
Біреуге әке, біреудің бүгін анасы,
Кешегі күнгі сотқарларменен бұзықтар.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.