«ЖЕРІМ!» деп соққан жүрек

Сапабек ӘСІП теледидардан сөйлеп жатыр. Сөздері өрден домалаған тастай сатұр-сұтыр етеді. Жер талан-таражының біріншісі туралы бірер сөз. Патша өкіметі 1867-1868 жылдардағы «Уақытша Ережелер» мен 1891 жылғы 25 наурыздағы «Далалық Ереже» бойынша қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялады да байырғы халықтың жерге меншік құқығын иелену, пайдалану құқығын тартып алды. Оның ең құнарлы 45 миллион десятина – 65 миллион гектарлық үлкен бөлігіне әуелі казактарды, сосын крестьяндарды қоныстандырды.

– Көремісің, әне, «бөліп ал да билей бердің» кебін осы Сапабек ағай айтпаса, кімнің батылы барады? – деп желпініп қойды көрермен маңайындағыларға. – Тыңдаңдаршы, қазір тіке шабуылын бастайды, біздің Сәкең.
Әсіпұлы мұның айтқанын айнытпай істеді. – Табиғат жағдайы – адам тіршілігіне мейлінше қолайлы, қонысқа – жайлы, шаруаға жарамды деп танылған екі аймақ осылай қолды болып кете барды.
– Қап, әттеген-ай! Сүмірейіп қалған екенбіз-ау! – деп көрермен даурығысып кетті. – Бізге не қалды сонда? Итке тастағандай етіп жырынды жерді мұралаған шығар?
Сәкең осы тілеулестерінің сөзін естіп қалғандай, қалың қасын бір керіп тастап, құптаған раймен сарнай жөнелсін: «Қазақтарды ауасы аса құрғақ, топырағы құнарсыз, нәрлі суы – қасқалдақтың қанындай, жолдың бойынан қашық резервацияларға қуып тастады…».
– Құрып қалған екенбіз ғой. Әлі соның зардабын тартып келеміз, – дей берген жылтырбас сарының пікірін Сәкең іліп әкеткендей болды. – Табиғат жағдайы адамның тіршілігіне қолайсыз, аса жайсыз, ит байласа тұрғысыз шөлейт дала, шөл дала қазақ сорлыға түпкілікті қоныс боп қалды…
Тағы, талай аза бойды қаза қыла­тын деректерді тоғытқан Сәкеңе отыр­ғандар әбден разы болып, «нағыз патриот, жершіл жүректі Әсіпұлының денсаулығы үшін» деп саусақ ұшын­дағыларын тартып кеп жіберісті.
Жарықтық, түтеленген жер туралы әңгіме қайда, көрсетілім қайда, дау қайда – сонда Сапабек Әсіп жүретінін қазақ атаулы бес саусағындай біледі. Өзге тілділер де ол кісі дегенде өзегін суырып беруге даяр. Себебі – шындық ортақ. Шындық – әділеттің қорғаны. Сәкең болса сондай парасатты шыңның басына аппақ шашын ақиқаттың туындай елестетіп, мығымдылықпен қонған екен.
Біз білетін Сәкең – аса қарапайым, ақкөңіл, турашыл да талғампаз, білікті де білімді, сирек жаратылыс иесі. Әкесі Әсіп ғасыр жасап, дүниеден озды. Өле-өлгенше таудағы саяжайды түрткілеп, күйбеңмен өтті. Нағыз саятшыл адам болыпты. Онысы баласына да жұққан. Сәкеңнің жазған аңшылық әңгімесі тамсандырады. Табиғатынан туған жерінің түтіні түзу ұшуы үшін бел жазбай еңбек еткен ол небір бастамаларымен ел аузында қалып қойды. Жанкелдин аупарткомының хатшысы болып жүргенде жартылай құмға батқан Торғай қаласын абаттандырам деп, ағаш егіп, жайқалған бау көзқұртына айналғанда, оған халық «Сапабек бағы» деп атау беріп тастаған. Ол сол аудандық газеттің редакторы ретінде небір жаңа идеялардың өркен жаюы­на үлес қосып, өзін кешегі Ахаң, Жақаңша сезініп, тіршілік тылсымына еркін еніп кете беретін. Рухани әділдікті асыл дәнекер санайтын ол халық ақыны Н.Ахметбековтың шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Елу жасқа бір сүйем қалғанда, облыстық газет редакторының орынбасарлығынан «қашып» Алматыға келіп, ғылыми атақ алды. Тұңғыш Қазақ Кеңес энциклопедиясының басшысының бірінші орынбасары болды. Торғайдың қиыр шетінде жүріп-ақ, «Еменнің жасаруы», «Ауыл перзенттері» деген қос кітап шығарды. «Топжарған», «Ақын даусы», «Ә.Жангелдин» кітаптары былайғыларына соны соқпақ салды. Аттарын атасақ-ақ өз ныспысын таныта беретіндей: «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки степи», «Қауқарсыз қазақ мәселесі». Ал осылардың ішкі қыртысын түсінбейтін несі қалды? Жер, Қазақ, Тәуелсіздік! Осы асыл ұғымдардың тұтастығын бекемдемек болған Сәкең ғой біздің!
Бұқпантайлап бұғып жүрген Сәкең жоқ. Ұлт мүддесіне қатысты, әсіресе жер мәселесі десе, жүрегінде қайралған қылышын қынабынан суырып алады. Небір айбарлы мінберлерден ойын ашық көсілтеді. Қаламсабын ешкім тартып алмайды. Қатты қысып ұстаған. Жалтақтықтан ада, тура жазады. Өзінің мықты бір аттандағыш тетігі, құралы бар – «Жер және қазақ тағдыры». Жазушылар комиссиясының төрағасы да болған. Осы атаудың өзіне ырық бермей, сауысқанша сақтанып, «…қазақ тағдырын» «…халық тағдыры» деп, жұм­сартып ен тағып, Сәкеңнің адуын екпінін тежегісі келгендер ұшыраспай қалмады. Ондай қыстырылма қарсы­ластарын жолай қағып тастау Сәкеңе түк емес еді. «Жер туралы» Заң қабыл­данарда бір топ жазушылардың серкесі болып анығын, ашығын айтып, жазды. Парламенттен бастап баратын жеріне барды. Бірақ жерді сатпау жөніндегі пікірлеріне түсініп, тұшынып қарағандар да болды, үркіп, үрейленгендер неше сан. Қарызға шығарылған кітаптарын арқалап небір билік баспалдақтарымен қолтаяғына сүйеніп көтерілгенде, қалжыңға басып, «Мына кітаптарымды оқығанда­рыңа коньяк құямын» деп «ынталандырып» та көрген. Сатылмай қалса да, көз жүгіртіп оқып, жер маңызын түсінсе деген іңкәрлік қой.
«Жер туралы» Заңға қарсылық білдірген бір мақаласына назар аударалықшы: «…екіншіден, «Жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен жеке меншікке беру, ақы төлеу арқылы жүргізіледі» (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зардабы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауыл мен селоларда тұрғындар былай тұрсын, қаладағы қалталылар жапа-тармағай резервацияларының тұрғындары бұрынғыша өздерінің маңдайына жазылған шөл және шөлейт аймақтарда о дүниедегі тамұқ азабын тірідей тартқан күйінде қала беретін болады. Жаңа заң жобасын жасаушылар мұны білмейді дейсіз бе?». Сәкең, сонымен бірге Жер ­туралы Заң жобасына санақта бар санатта жоқ шөл және шөлейт дала «Қазақстан жерінің құрамында» (алтыншы бап) енбей қалғандықтан тұрған жерінің шаруаға жарамсыз, қонысқа қолайсыздығына, яғни сапасының төмендігіне байланысты оның есесін толтыру үшін тұрғындарға берілетін жерлер мен төлемақылар туралы да ештеңе айтылмаған. Мысалы, өркениетті елдерде, солардың бірі – АҚШ-тағы үндістер резервациялары тұрғындарына округтік, штаттық, федералдық бюджеттен олардың табыстарының 250-300 проценті мөлшерінде қосымша төлемақы беріліп тұрады…» деп әділдіктің үстемдік құруы үшін жанайқайын салады.
Жер туралы, оның қазақ игілігіне шындап айналдырудың амалдары туралы тұшымды еңбектерімен жүйелі көрініп жүрген қаламгерді жер киесі желеп-жебеп жүргендей әсер қалдырады. Осыдан біраз жыл бұрын баяғы «жер дауымен» Астанаға келіп, ұнжырғасы түсінкіреп Алматыға аттанып бара жатқан Сәкеңнен «жетпіс жасқа да келіп қалыпсыз, не дайындығыңыз бар?» деп сыр тартқанымда, ол кісі: «Жер сатылмаса менің тойым әне, сол!» деген еді болдыруды білмейтін асау жүрегін асқақтатып тұрып. – Мен кіммін? Ұлт тағдырын ойламаса Абай кім болар еді?». Ал ойланбай көріңіз. Ол жалпы той жөнінде айтса, тымырайып қалады, іле жер жөнінде емеурін білдірсең ғана жабылып кеткен қабағын жайлап аша бастайды. «Қаламгерлік мақсатым – қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу» деген сөзді жазғанда Сәкең жүрегіне жұмыр жерді сыйдырып алып соның бар тауқымет-мұңын шемішкеше шаққаннан соң иіні түсіп, ыза-кекпен жан сырын ақтарғаны сезіліп тұр.
Жер жайы ғана ма, күйзеле жазып, түгесе айта алмай жүргені. Жерге қатыстының, фәнидегі барша тіршіліктің олқы тұстарын жіпке тізіп, ақ тайлағын бұйдалап бақыртқандай жан дәрменмен баяндап жүр. Біреу естиді, біреу құлағынан асырады. Үнсіз қалуды күнә көреді. Тоқпақтай бергенді жөн санайды. Мінберлерден тау суындай тасқындаған сел-сөзін тыңдаған шығарсыз: «…менің мақ­сатым, қазақтың отаршылдық жылдары кеткен есесін, яғни оның патша үкіметі озбырлықпен тартып алған ең құнарлы 45 миллион десятина жерін, Кеңес өкіметі ­жылдарында, яғни тың игеру жылдарында кеткен 25 миллион десятина жерін қазақтың өзіне қайтару!». Радиодан да сампылдап жатады: «…туберкулезбен ауыратындардың 90 пайызы – қазақтар. Себебі кейбір ауылдардағы қазақ отбасының тұрмысы нашар.Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүреді. Кейбірінің тамағы мен киімінің өзі тапшы, мұң. Дәрігерлік көмектің саны мен сапасы құлдырап кеткен». Теледидардан көрсеңіз, Сәкең қолын сермеп, бейнебір әр көкірекке пайдалы кеңесті жиып бергендей боп, өзіңді ұялта қызартып, төкпелейді: «…кешегі кеңестік заманда аспаннан «ақша жауып» тұрғанның өзінде көздерін аша алмаған, бүгінде нарықтың темірдей қатты тәртібіне шыдай алмай, көше қашып тоз-тоз боп кеткен, төрт аяғына бірдей қан түсіп, есеңгіреп қалған 72 аудан тағдырына әлі де алаңдаушылықпен қарамаса болмайды». БАҚ біткенде сыпыра шығып жататын мақалалары мен көсемсөздеріне тіл, дін, білім, саясат мәселелерін ежіктеп жазады. Мақтауға – сараң, кемшілікті қақыратып жатады. «Олқылықты ғана омырады» деп кейбір шенеуніктер өкпе қылады. Қыла берсін дегендей, Сәкең өршелене түседі. Екінің бірі мадаққа үйір, көңілге қараса, көшелі елдің бұл нәубетімен кім бетпе-бет алыспақ. «Мен алысамын, ертеңім көркем болсын деп кім көрінгенмен жағаласып жүргенім – сол!» дейтін Сәкеңнің бетін қайтару қиын. Баспалар қарызға шығарып беріп, сайдағы санын түгендей алмай, аузын құр шөппен сүртіп қала беретін Сәкеңнің қайбір кітабын ашып қалыңызшы: жерден бастап, егіншілік және малшылық, өндірген өнімді тұтынушыларға жеткізу азабы, еңбекке ақы төлемі, техникалық жарақтану жайы, кадрлар даярлаудың берекесіздігі, т.б. өзекті өртеген проблемалар андағайлап тұрады. Оқисыз. Сенесіз. Кінә кімнен дейсіз. Бар бәлені басқаға жапқыңыз келеді. Бірақ қарақшыдай болып желкеңізден төніп тұрған кітап сөзі «өзің де ойлан, сенің де дұрыс ісің қажет» дегендей, тұқыртып, жан теріңді сылып алады. Сөз құдіреті – осы-ау! Сәкең жүрегі мен қаламы ұшындағы тамшылап тұрған осы қасиетін орынды пайдаланады екен. Сәкеңнен қаймықтыратын да, Сәкеңді сыйлататын да осы дү­ниелер екеніне шүбәсіз сенесіз. Қаһа­­рынан иментетін батыр емес қой, түсіне кірмеген жайт, тек қазағын сөз қадірін білуге иліктіріп, ойлантпаса да жетеді оған.
Тұлғалар пікір айтқанда, әркімнің ісі мен азаматтығын өлшеп-пішіп, әнтек баспауға тырысқан ғой. Соның мысалын Сәкең туралы ой­ларға да қатысты бағамдауға болады. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай түйіндейді: «Қазақстан жазушылар одағының 1995 жылы құрылған «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясы, оның төрағасы, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер Сапабек Әсіпұлы шөлейтті, шөлді аймақтар тұрғындарын «Тантал азабынан» (Тантал – ежелгі грек философиясының кейіпкері, жас­тайынан жақсылыққа жаны қас, жамандыққа құмар, сол үшін бас құдай Зевс оның жазасы – мәңгілік шөл азабы мен аштық азабын тартуға бұйырған. «Тантал азабы» деген ұғым содан қалған) құтқарудың тағы бір шарты – мүгедектер жағдайына ерекше назар аударып, зейнетақыларын бір жарым, екі есеге өсіру қажет деп санап, ол жөнінде арнайы мәселе көтеріп, дабыл қағып жүр. Көсемсөздің асқан шебері Сарбас Ақтаев болса: «Жырларын жатқа айтқанда ақындардың өздері ұмытып кеткен өлең жолдарын еске алып таңырқағаннан аузын ашып, көзін жұмады. Қаламгер атау­лыны да бөле жармай, жасының да, жасамысының да жазғандарын қалт жібермей, оның бәрінің де алған белесі, шыққан биігін барлап, ой безбеніне сала отырады» деп Сәкеңнің өнегелі қырларын дөп басады. Ал жорналшы Адольф Арцишевскийдің таңқалысы алабөтен: «Его последнюю, пока третью книгу «Танталовы муки степи» из трилогии «Трагедия казахов» держишь в руках как взрывное устроиство. Да и сам он словно бы начинен динамитом».
Сәкең – қазақтың біртуар зиялылары туралы портреттік көсемсөздер, эсселер жазған айтулы қаламгер, балалық шағының көркем суретін салған талантты жазушы, өзіндік қолтаңбасы айқындалған ғалым. Ол кіндік қаны тамған жері – Қостанай облысы Амангелді ауданы өңірінің табиғаты мен тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін қалам құрғатпай жырлап келе жатқан қарасөздің майталманы еді. Жер ­туралы ­айтса күллі қазағының жайын ­ойлап, қабырғасы қайысқанын осы мақаланың өзегіне алып отырмыз ғой. Бүгінгі қазақ зиялыларының селдіреп, сирексіген сапында бірнеше буын жорналшылардың ұстазы, ақылшысы – біздің Сапабек ағамыздың жүргенін мақтан тұтушы едік-ау!.. Еңсегей бойымен, мейірімді жүзімен, тұңғиық ойлы көзімен, тіліп түсер сөзімен… сахараның сәні ақбөкендей бүйірленіп алып жөнелетін еді. «Жер, жер!» деп шыға келгенде төбе шаш тік тұрып, жон арқа мұздап кететін. Еске Ғабит Мүсіреповтің: «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес, ол – халқының бірінші жауы» деп қатты да қақыратып айтқан сөзі түседі сондайда. Сәкеңнің азаматтылығына тәнтілігіміз бұрынғыдан да күшейе түсер, енді…
Өз білігімізше, Сапабек Әсіпті өзге­лерден даралай түсетін бірер тоқтам жасамақпыз. Ол – ұлтжандыдан гөрі, әсіре ұлтшыл адам, жержандыдан гөрі, әсіре жершіл тұлға, жершілдігі қушиған тар, өзінен әрі аспайтын топшыл мүдде күйттеуші емес, Жер-жаһанның тамыршысы, жоқшысы. Дәйім, үмітпен тепкіленіп соққан ыстық Жүрегі тоқтаса да, рухымен халық намысын қайрар берері анық!..

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.