Суармалы жерді игеру — халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі

d0b0d0bad0b8d0bc-d0bed180d0b4d0b0d0b1d0b0d181d18bБейбіт СЫЗДЫҚОВ, Отырар ауданының әкімі

Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар – әлемге әйгілі 20-дан астам әл-Фарабилердің киелі отаны. Шәмшідей ұлы сазгердің, Өзбекәлідей өз халқын шексіз сүйген ұлт мақтаныштарының кіндік қаны тамған жер. Бабтардың бабы Арыстанбабтай әулиенің мәңгілікке тыныстаған мекені. Талай қилы кезеңдерді бастан өткеріп, тарих пен уақыт сынына төтеп беріп, замана көшінен қалмай тіршілік жасап келе жатқан аудан халқы биыл көптеген жарқын істердің куәсі болды. Әсіресе, тәуелсіз Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, ұзақ жылдардан кейін ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтетіндігі отырарлықтардың рухын көтеріп, еңбек өрлеуіне жол ашты. Биылғы қомақты табыстарымыздың жарқын бастауына айналды.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты мен Үкіметіміздің байыпты бағдарламаларының арқасында құт дарыған Отырар өңірінде биыл көптеген игілікті істер атқарылды. 2009 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданымызда болып, барлық 42 елді мекенді аралап көріп, халықпен жүздесті, елмен пікірлесті. Онда Елбасымыздың алға қойған міндеттері мен биылғы дәстүрлі Жолдауында көрсетілген бағыт-бағдарларды негізге ала отырып, айтарлықтай мәселелер көтерілді. Отырар ауданының өзекті мәселелері және оны шешу жолдарының іс-шарасын арнайы қарап, аталмыш мәселелер аясында бірқатар ауқымды істерді қолға алдық. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың алты айында ауданымызды өркендету жөніндегі жоғарыда аталған бағдарламаларда көзделген іс-шаралардың басым көпшілігі орындалды. Әлеуметтік-экономикалық сала, егіншілік пен мал шаруашылығы, кәсіпкерлік дамып келеді. Өткен жылдың шілдесінен 2010 жылдың шілде­сіне дейінгі мерзімде ауданда көптеген игі істер атқарылып отыр. Ауданымыз республикадағы 60-тан астам аудандардың ішінен рейтингілік көрсеткіш бойынша 7-орынды иеленді. 6,5 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылды. Осы орайда айта кетерлік бір мәселе, аудан бойынша шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелерді сипатына, түрлеріне, маңыздылығына, т.б. қарай үш топқа бөліп отырмыз: бірден шешуге болатын мәселе, уақыт талап ететін мәселе, шешілуі қиын мәселе.
Бүгінгі таңда ауданда «шешілмейтін» мәселе жоқ. Сондай-ақ «бірден» шешуге болатын және «уақыт» қажет ететін 297 халыққа қажетті мәселені іріктеп алдық. Бұдан соң аталған 297 мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігіне қарай оларды екі топқа бөлдік. І топ – республикалық, облыстық дәрежеде шешуге болатын мәселе – 83, ІІ топ – аудан көлемінде шешуге болатын мәселе 214 болды. Оларға сараптамалық талдау жасайтын болсақ, республикалық, облыстық дәрежеде шешілетін мәселелер – 83, одан шешімін тапқаны 62 немесе 74,6%, қалған – 21 немесе 25,3%-ы 2011 жылдың еншісінде тұр.
Ал аудан көлемінде шешілетін 214 мәселеге келетін болсақ, бүгінгі таңда одан шешілгені – 176 немесе 82,2%. Қалған 38-і немесе 17,7%-ы 2011 жылы шешіледі деп отырмыз.
Жалпы, 297 өзекті мәселенің 2010 жылы шешімін тапқаны 238 болды немесе 80,2%-ды құрады. Қалған 59-ы немесе 19,8%-ы 2011 жылы шешімін табады деп жоспарлаудамыз.
2010 жылдың 9 айында аудан бойынша өнім 14,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстыр­­ған­да 29,6%-ға өсті, оның ішінде ауылшаруашы­лық өнімі 1,7%-ға, өнеркәсіп 37,8%-ға өсті. Ауданда кәсіпкерлік құрылымдардың саны 3840-қа жетті. Оның ішінде шаруа қожалықтарының саны – 1427. Оларда 5080 адам жұмыспен қамтылып отыр. Үстіміздегі жылы 3636,6 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Сол сияқты 2009 жылы кәсіпкерлік салада «Максимум» ЖШС-не 161 жоба құны 263,2 млн. теңге өтініш өткізіп, 61 жоба құны 59,1 млн. теңге мақұлданып, қаржыланса, 2010 жылы «Максимум» ЖШС арқылы аудан кәсіпкерлері 102 жоба құны 88,3 млн. теңге өтініш өткізіп, 45 жоба құны 34,8 млн. теңге мақұлданып, 27 жоба құны 27.2 млн. теңге қаржыланды.
Осылайша көк байрағымыз бен Әнұранымыз көк күмбезінде еркін қалықтаған қазіргі кезде отырарлықтар да өз жетістіктерін Елбасымыздың биылғы Қазақстан халқына арнаған 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен байланыстырып, биік белестерді бағындырумен келеді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағ­да­йына талдау жасау арқылы өзекті деген мә­селелерді шешу жолдарын нақтылау және аудан экономикасының нақты секторын, өнеркәсіп және ауылшаруашылық өнімдері өндірісін дамыту бағдарламаның негізгі мақсатына айналды. Сол арқылы суармалы жерлерді игеруді халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі ретінде қарадық.Өйткені ауданда ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер 762556 гектар болса, жайылымдық жер­лер 715717 гектар, егіндік суармалы жерлер 30430 гектар. Осы егіншілік саласындағы шешімін тап­пай қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуді мамандармен, тұрғындармен ақылдаса отырып, өз бағыт-бағдарымызды айқындай түстік. Бұл салада айтылған ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмады. Мәселен, бұрынғы жүгерішілер бригадасының бригадирі, Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Бекен Төребековтің «…осы жүгеріге күллі өмірімді арнағанмын. Не қиыншылықтар­ды да көрдік. Дегенмен «Краснодар-149» атты жүгерінің сортынан жұрт 15-20 центнерге жете алмай жүргенде алғашқыда 46, кейіннен 70 центнерден өнім алдық… Ол кезде жүгері зауыты күні-түні істеп тұратын. Диқандар өнімім өтпей қалады-ау деп уайымдамайтын. Сондықтан ең бірінші зауыт салып алу керек. Ертеңгі өнімнің тағдырына сенбесе, ешқандай диқан тәуекелге бара қоймайды» деген сөзі біздерге үлкен ой салған еді.
Қазіргі таңда «Контекст» ЖШС-ның 3 қоймасын жалға алып, жөндеп, жүгері сақтау­ды ұйымдастырдық. 2010 жылы шаруаларды қолдау мақсатында 15 мың тонналық 3 қойманы коммуналдық меншікке жалға алып, шаруаның қолындағы жүгеріні кім көрінгенге арзан бағамен саттырмау үшін 19-20 теңгеден сатып алып, сақ­тап қойдық. «Максимум» аумақтық инвестиция­лық орталығынан несие алып, кептіру цехын іске қостық. Сөйтіп, шаруаның көңіл-күйін көтеріп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Бұл нысандарды жөндеу жұмыстарына «Максимум» аумақтық инвестициялық орталығынан 50 млн. теңге қаражат бөлінді. Жүгеріні сұрыптап, кептіріп өңдейтін зауытта бүгінгі таңда 100-ден аса жұмысшы еңбек етуде.
Соңғы жылдарда жұртшылық «Дала аруы» деп атап кеткен жүгері дақылын егуге үлкен бетбұрыстар жасалуда. Жасыратыны жоқ, кезінде ауданымыз жүгері егісінің көлемін 22 мың гектарға дейін жеткізіп, орта есеппен гектарына 65-70 центнерге дейін өнім алып, аудан республиканың «Құрмет кітабына» да енген. Тіпті 1981-1983 жылдары Бүкілодақтық жарыс­та ауданымыз жеңімпаз да атанған. Кейінгі жылдары түрлі жағдайларға байланысты саябырсыңқырап қалған жүгері дақылын қайта қолға алып жатуымыздың бірнеше себептері бар. Бір өзінен 17 түрлі өнім алынатын жүгерінің пайдасы түсінген жанға көл-көсір.
Жүгері – мал азығы үшін дайындалатын ең құнарлы, күшті дақылдардың бірегейі. Ол, әсіресе, мал бордақылауда, құс шаруашылығын дамытуда таптырмайтын жем. Оның бойында 65-70 пайыз көмірсутегі, 7-12 пайыз ақуыз, 3-6 пайыз май бар. Биолог-зоологтардың айтуына қарағанда, құс жемінің 65-70 пайызы жүгеріден тұрмаса оның жұмыртқасы да, еті де сапасыз болатын көрінеді. Міне, жүгерінің құнды қасиеттерін ескере отырып, алдымызға нақты мақсаттар қою арқылы бірқатар жұмыстарды қолға алдық.
Алғашқы кезекте ұсақталып кеткен аг­ро­құрылымдарды ірілендіруге күш сал­дық. Мәселенки, өткен жылы 987 ұсақ ша­руа­шылықтарды 18 агроқұрылымға біріктірсек, биыл 797 шаруашылықты 13 агроқұрылымға ірілендірдік. Ірілендірудің негізгі мақсаты: жер айдаудан бастап жанар-жағар май, тыңайтқыш, субсидия, су алу, өнімді жинап алу мен сатуға дейінгі жұмыстарды орталықтандырылған жүйемен жұмыс жүргізу.
Жүгері дақылынан мол өнім алу­дың бір ұшы суландыру жүйесінде жатыр. Аудан бойынша 30430 га суғармалы жерді суаруға қажетті ұзындығы 506,5 шақырым 77 канал болған. Соның ішінде біз ең қажеттісі деп ұзындығы 400,7 шақырым 66 каналды коммуналдық меншікке алып, бюджет есебінен 650,0 млн. теңгеге жуық қаражат бөлгізіп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 40 насос қондырғысы орнатылды. Ұзындығы 71,5 шақырым канал тазаланып, 37 тоспа салынды. Бүгінде суармалы жерлерді түгендеу бойынша 30430 га жердің 19597 гектары пайдаланбай жатқаны анықтал­ды. Негізінде, суармалы жердің игерілмеуінің басты себебі жерасты ыза суларының деңге­йі тым жоғары болуынан (мәселен, барлық суармалы 30430 гектар жердің шамалы тұзданғаны 9896, 1-34 пайыз, орта тұзданғаны 4955,4-17 па­йыз, күшті тұзданғаны 3419-8 пайыз, өте күшті тұзданғаны 3285,2-11 пайызды құрап отыр) және ағын судың жетіспеуінен, су каналдарының жарамсыздығынан, жерді игеруге қажетті техникалар мен су насостарының тапшылығынан, шаруалардың айналым қаражатының болмауынан болып отыр. Соның нәтижесінде аудандағы 30430 га суармалы жердің 2009 жылы 30 пайызы игерілсе, жоғарыдағы аталған проблемаларды шешу арқылы егіс көлемін 70-80 пайызға жеткізіп, 2015 жылы 24 мың гектар жерді игеру межеленуде. Бұл дегеніміз – қосымша 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Әрине, ауылшаруашылық техникаларынсыз шаруаның тірлігі алға баспайды. Ауыл диқандарының техникаларынан 30-40 пайызының тозығы жеткендігін ескеріп, ауданнан өткен жылы шаруаларды қолдау мақсатында «Отырар» сервистік дайын­дау орталығын аштық. Ондағы мақсатымыз – ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіріп, іріленген агроқұрылымға айналдыру. Екіншіден, іріленген агроқұрылымдарға несие көздерін қарастырып, оларды жанар-жағар май, ұрық, тыңайтқыш, гербицидтермен қамтамасыз ету. Үшіншіден, жер айдау, егу, тасымалдау, тағы да басқа агротех­никалық қызметтер көрсету. Төртіншіден, өнім­дерді біріккен агроқұрылымдармен бірге сату көздерін, сақтау көздерін іздестіру. Бесіншіден, консальттік, маркетингтік және заң қызметтерін көрсету болды. Осы қызметтерді көрсету мақ­сатында 2009 жылы алғашқыда 17 млн. теңге қаржы көздерін тауып, 64 шаруа қожалығы қаржыланды. Сондай-ақ әлемдік өлшеммен өнім алу үшін АҚШ-тағы ең озық ауылшаруашылық техникаларын шығаратын «Джон-Дир» компаниясы мен «Оңтүстік» қаржы компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы 7 жылға лизингтік жолмен техникалар алуға келісімшартқа қол жеткіздік. 2009 жылы «Оңтүстік» СПК арқылы 42 млн. теңгеге әртүрлі 12 техника алсақ, биыл 298 млн. теңгеден аса қаржыға 24 түрлі жаңа техника алдық. Сондай-ақ «Агрофинанс» АҚ арқылы аудан диқандарына жоғарыда айтылған лизингтік жолмен 340,1 млн. теңгеге техникалар алу көзделуде.
Әрине, мұның бәрі – Елбасымыз бен Үкі­метіміздің ерекше қамқорлығы мен қолдауының арқасында жүзеге асып отырған шаруалар. Бұдан бөлек шаруаларға сапалы тұқым алу мәселесін де оңтайлы шеше алдық.
Отырар ауданы бұрын тек мал, егін шаруашылығына иек артып келсе, қазіргі кезеңде аудан көлеміндегі ыстық су ұңғыларын пайдалана отырып, жылыжай шаруашылығын және емдеу, демалу орындарын дамытуды қолға алып жатырмыз. Ауданымыздағы 8 елді мекенде ыстық су көздері бар. Сол табиғи байлықтарды тиімді пайдалана отырып, оған кәсіпкерлердің назарын аударып, жаңа жұмыс көздерін ашуды жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Кәсіпкерлерге түрлі қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер алып беру үшін біраз істі қолға алдық. Мысалы, «Ырыс» МКО арқылы өткен жылы 61 азаматқа 59,0 млн. теңге несие алынса, 2010 жылдың 6 айында 102 азаматқа 88,3 млн. теңгеге жоба өткізілді, 39 азаматқа 32,0 млн. теңге несие алуға көмек беріліп отыр. Сондай-ақ «Максимум» ҚО-на 3 инвестициялық жоба өткізіліп, 77,0 млн. теңгеге қаражат алынып, ол көкөніс өңдеу, ет, қымыран цехтарына берілді. Сонымен қатар «Оңтүстік» қаржы компаниясынан 14 СТК-ға ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге 43,0 млн. теңге, «Казмикрофинанс» МКО-нан 6,9 млн. теңге, «Арнұр-Кредит» МКО-нан 9,3 млн. теңгеге несиелер алынып берілді.
Сондай-ақ суармалы жерді игеру мақсатын­да каналдарды жөндеуге, су насостарын алуға облыстық бюджеттен 2009 жылы 546,0 млн., 2010 жылы 700 млн. теңге қаражат бөлінді. Суармалы жерді игеру алдағы уақытта 8 мың гектардан 15,0 мың гектарға жеткізіледі. Әсіресе, жүгері дақылын егу қолға алынуда. 2009 жылы 1,5 мың га болса, 2010 жылы 5 мың гектарға жеткіздік. 2011 жылға 800 млн. теңге қаралып отыр, ол өз кезінде егіс көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік береді.
Биылғы жылы аудандағы ауыл шаруашылы­ғы саласына тартылған инвестиция көлемі 1246,8 млн. теңгені құрап отыр. Соның нәтижесінде әр­тараптандырылған егіс көлемін 16293 гектарға жеткіздік. Оның жоғарыда аталған 5 мың гектарға жуығына жүгері дақылы егілді. Қазір жүгерінің әр гектарынан 71,5 центнерден өнім алынуда.Оған 121-ден астам техника қатысуда. Тамшылатып суару әдісін енгізуде де өңірімізде бірқатар жұмыстар жасалды. Бұл бағытта бүгінгі таңда 750 га жерге арнайы қондырғылар орнату жоспарланып отыр. Әңгіменің басында жүгерінің қасиеті мен пайдасы жөнінде аздап тоқталған болатынмын. Дәл қазіргі уақытта отырарлық диқандар дақылды ұйымшылдықпен шашпай-төкпей жинап алудың шындап қамына кіріскен.
Ауданымыздағы өзіміз ұйымдастырған қой­маларға шаруалардан жүгеріні собықтай 19 теңгеден қабылдауда. Алайда кейбір пысықай алыпсатарлар жүгері бағасын төмендетуге мүдделілік танытып, диқандардың ала жаздай еткен еңбек несібесін арзан бағамен алғысы келеді. Біз алайда ондай келеңсіздікке жол бермей, шаруалардың өз өнімін лайықты бағаға сатуына, ешкімге жем болмауына бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кезінде Қызылқұм ауданында дәндік жүгеріні өндіруді арттыру жөніндегі қаулы қабылдаған кезде «Шөл далаға жүгері өсуші ме еді?» деп оған күдіктене қараушылар көп болған екен. Алайда өмір өзі дәлелдегендей, отырарлық диқандар сыннан сүрінбей өтіп, 1984 жылы Бүкілодақтық жарыста жүлдегер болған. Сол кезеңдерде еңбек майданында жарқырай көрінген Социалистік Еңбек Ері Қожамұрат Нарымбетов, Қызбала Жақсылықова, Бекен Төребеков, Ұнакүл Қанаева, Роза Есенәлиева, Әсілхан Әуелбеков, Мырзалы Жүсіпәлиев сынды аға-әпкелеріміз ауданымыздың абыройы жолында жанқиярлықпен тер төгіп, алдыңғы шептен көріне білді.
Әрине, одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Көптеген өзгерістер, қиыншылық­тар болды. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, көк бай­рағымызды көкке шалқытып, егеменді ел атандық. Талай қиыншылықтарды артқа тастаған еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Заман өзгерді. Соған байланысты көзқарастар да өзгеріп, әлгіндей қиын уақыттарда қожырап қалған жүгері өндірісін қайта қалпына келтіру жолында аянбай тер төгіп жатырмыз. Кезінде аудан даңқын аспандатқан жүгері дақылын ауданның брендіне айналдыруды алдымызға үлкен мақсат етіп қойып отырмыз.
Келешекте Отырарды жүгерінің отанына айналдырсақ деген ізгі ниетіміз бар. Жоғарыда жүгерінің қасиеті, маңыздылығы жөнінде тілге тиек еттік. Құдай қаласа, 2012 жылы ауданымызда жүгері дақылын егуді 15 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр­мыз. Бұған аудан шаруаларының тәжірибесі де, мүмкіндігі де толық жетеді. Аудандағы суар­малы жерлерді толық игерсек, 20 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылмақ. Сөз орайы келгенде, өңіріміздегі ауылшаруашылық саласының өсіп-өркендеуіне шынайы қолдау көрсетіп, әрдайым қамқор пейілін білдіріп келе жатқан облыс әкімі Асқар Исабекұлына отырарлықтардың айтар алғысы шексіз.
Негізінде, біз жүгері дақылының көлемін ғылыми негіздерге сүйене отырып арттыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы мал азығын шешіп, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін барынша төмендетуді басты назарға алдық. Әрине, диқандармен ақылдаса, ынтымақтаса тізе қосып, сауатты жұмыстар жүргізу арқылы аудан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру Елбасымыз алға қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі екендігін айқын сезінетін аудан жұртшылығы әлі де көптеген істерді қолға алып, жүзеге асыра бермек. Өңірімізде көп жылдардан бері шешімін таппаған ағын су, ауызсу проблемалары өз шешімін тапса, ауыл диқандарына кезең-кезеңімен заманауи ауылшаруашылық техникалары алынып берілуде.
Ауданымыздың бюджет кірісі де жыл сайын еселенуде. Қос өзеннің ортасында қоныс тепкен, тарих пен шежіреге тұнған киелі Отырар ауданы биыл өзінің 75 жылдығын, ұлы ғұлама әл-Фарабидің 1140 жылдығын, ән падишасы, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың – 80, ауданымыздың айнасы «Отырар алқабы» газетінің 75 жылдық мерейтойларын жоғары дәрежеде атап өтті. Біздің негізгі алға қойып отырған мақсатымыз – аудандағы егіс көлемін арттыру, өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту, әрбір отбасының жан басына шаққандағы табысын көбейтіп, қосымша салық түсім-көздерін еселеу. Шын мәнінде, өндірісті дамытпасақ, әлеуметтік мәселелер шешілмейді. Бюджет кірісі көбеймейді, жұмыссыздық азаймайды. Міне, осы мәселелерді бұл күнде халық та түсініп, еңбек етуге деген құлшыныстары артуда. Мемлекет үшін бұл, әрине, маңызды. Елбасымыз 2005 жылы ауданымызда болған сапарында Отырарды болашақта халықаралық туризм орталығына айналдыру және Қызылқұм массивінің 3-4-кезеңін игерудің зор маңызы жөнінде айтқан болатын. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жасалынуда.
Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыруда Үкіметіміздің 2004 жылғы 30 қыр­күйектегі «Көне Отырарды қалпына келтіру» жөніндегі №1009 қаулысының маңызы зор.
Аталмыш қаулы бойынша келешекте ауданды туристік орталыққа айналдыру үшін ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірге нақты жоба да­йындалды. Онда атап көрсетілгендей, Отырар төбе мен Арыстанбаб арасындағы 2,8 шақырым жерде жаяу жол болады. «Арыстанбаб» кесенесінің жанынан 200 орындық қонақүй, этноорталық, әл-Фараби мұражайы салынады. Туристер үшін Отырардың айналасындағы көп­теген тарихи төбелердің арасына асфальт жол төселіп, шағын автобустар жүргізіледі. Бар­лығы 4 466 703,0 теңге тұратын әрі туристерге қо­лайлы жағдай туғызатын басқа да кешенді құрылыстарды жүргізу жобасы қамтылған.
Осы жобаланған нысандардың құрылысын жүргізу мақсатында 950-1000 адам 3 жыл бойы құрылыс жұмыстарына тартылатын болады. Ал жобалар толығымен іске қосылғаннан кейін көптеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Ал Қызылқұм массивінің 3-4-кезеңін игеру жағдайына келер болсақ, бағдарлама жүзеге асса, 60 мың гектар жер суландырылады. Жүздеген шақырым электр желісі тартылып, канал, арықтар қазылады. Асфальт жолдар салынады. Үйлер, өндірістік ғимараттар тұрғызылады. Бұл жобаны іске асыруға 32,9 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Нәтижесінде игерілген тың жерден жылына кем дегенде 120 мың тонна жүгері, 100 мың тонна шөп, көкөніс, т.б. өнімдер өндіруге болады. Соның арқасында тек егін емес, мал шаруашылығы да дамиды. Бірнеше көкөніс, жүгері өңдеу зауыттары, тұрғын үйлер салынады. Мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Бір сөзбен айтқанда, өндірістік күштер қарқынды дамиды. Бұл Елбасы Жолдауы мен «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасын іске асырудың жарқын көрінісі ретінде облыс, республика экономикасына қосылған үлкен үлес болып табылады. Әсіресе, халық аузында «Ғасыр құрылысы» аталып жүрген Көксарай су реттегішінің салынyы да Отырар ауданының басты ерекшеліктерінің бірі екенін атап айтқым келеді. Елбасымыздың көрегендігімен салынып жатқан бұл «Көксарай» су реттегіші Отырар ауданының өзінде қосымша 30 мың гектар суармалы жерді игеруге, 15 мыңнан астам отбасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, ауылшаруашылық өнімдерін 2 есе арттыруға мүмкіндік бергелі тұр.
Міне, осыдан-ақ киелі Отырар өңірінің ке­лешегі жарқын, болашағы зор екендігін, суармалы жерді игеру халықтың әл-ауқатын арт­тырудың негізі екенін қапысыз аңғаруға болады. Аудан жұртшылығымен тізе қосып, бірлесе отырып, егіншілікті дамытуда, тұрмысы тө­мен отбасылардың жағдайын жақсартуда, жаңа жұмыс орнын ашуда бірқатар игілікті шаруалар тындырдық. Алдағы уақытта жүзеге асырсақ деген жоспарымыз жетерлік. Әрине, оның бәрі – ауданымыздың келешегі мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарылып жатқан толағай тірліктер.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.