МӘРТӨКТЕГІ МЕРЕЙЛІ ІС

Еліміздің Тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі кезеңде сырттағы  ағайынның тарихи Отанына оралуы – табиғи заңдылық. Монғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстаннан және т.б. елдерден атажұртқа қандастарымыз ат басын бұрып, тұрғылықты халықтың үлес салмағын көбейтті. Мұның айқын мысалын шаңырақ көтергеніне келесі жылы 85 жыл толғалы тұрған Мәртөк ауданының тірлігінен айқын аңғаруға болады.

Солтүстігінде Ресей Федерациясы­ның Орынбор облысымен шекаралас, алты мың 605,3 шаршы шақырым аймақты алып жатқан ауданда 31 мыңнан астам адам тұрады, оның 18 мың 782-сі қазақтар, бұдан өзге орыс, украин, татар, неміс, өзге де ұлт өкілдері бар. Бір ғана Сарыжар ауылдық округіне қарасты мекендерге соңғы жиырма жылда Өзбекстан мен Түркіменстаннан қаракөз бауырларымыздан 192 отбасы көшіп келіп, қоныстанды.
Аудан жұртшылығы ынтымақ пен бірлік туын мығым ұстап, экономикада және мәдениет саласында айтарлықтай мағыналы шаруалар тындыруда. Соның нәтижесінде ауылдардың бет-бейнесі жаңаша сипат алды, осы замандық талапқа сай көркем әлеуметтік нысандар салыну үстінде.
Өткен аптаның жұмасында аудан орталығы Мәртөк ауылында жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды. Бұдан бұрын 1996 жылы іргетасы қаланып, үш жыл өткен соң пайдалануға берілген аумағы 222,2 шаршы метрлік жүз елу адамға арналған діни орталық жылдан-жылға қанатын кең ­жайып, халқы көбейе түскен өңір үшін тарлық ете бастады. Тұрғындардың осы орайдағы тілегін ескерген аудан әкімі Нұрлыбек Қалауов орталық көшелердің бірінде жаңа мешіт құрылысын қолға алды. Қалауов облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне жоғарылатылған соң әкім эстафетасын қабылдап алған Жандос Байырханов игі істі ары қарай жалғастырды.
Ғимарат алаңына жиналған үлкен-кіші әлеуметтің қуанышында шек жоқ. Алланың тілекті қабыл алғаны ғой, бірнеше күнге созылған жаңбыр сап тыйылып, күн ашылды. Отқа төзімді қызыл кірпіштен қаланған аумағы 288 шаршы метр, мұнарасымен қоса алғанда биіктігі алты метр, бір мезгілде 300 адам сапқа тұратын сәулетті рухани тәрбие ордасы ауылдың ажарын кіргізіп тұр. Айта кету керек, аудан тұрғындары, сондай-ақ осы өңірден шығып, басқа аймақтарда тірлік кешіп жатқан ағайындар бюджет қаржысына қол сұқпай, өз қалталарынан 25 миллион теңге жұмсады. Соның төрт миллионын «КокВест» ЖШС-інен кәсіпкер Владимир Проскурин өз ықыласымен берген.
Ақтөбе қалалық мешітінің азаншысы Ерухан Қамин Құран сүресінен дұға оқыды.
Діни ғимараттың ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Оңдасын ­Оразалин сөз сөйледі. Ол достық пен келісімді көрсететін жаңа нысанның адамдардың діни сауатын арттыруға, жастар бойында отансүйгіштік, ата-баба дәстүрлеріне адалдық сезімдерін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Облыс бойынша орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан еліміздің егемендігі жарияланғаннан бергі кезеңде облыс қалалары мен ауылдарда салынған мешіттердің бәрі де тұрғылықты халықтың жеке қаржысымен бой көтергенін атап көрсетті, яғни шет мемлекеттерден ешқандай инвестиция тартылған жоқ, қазіргі күнде Ислам дінін насихаттаушы діни мекемелер саны 68-ге жетті, облыс орталығында жаңадан төрт мешіт салуға жер телімі берілген.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен бас имам Төлеби Оспан жаңа мешіт кермежібін қиған соң жамағат екі қабатты нысан ішіне кіріп, тәу етті. Бұрын осы мағынадағы біраз ғимараттан көргеніміздей емес, бағаналар жоқ, бірінші қабатында – үлкен зал, екінші қабатында әйелдер намаз оқитын үлкен бөлме бар.
Салтанатты шара барысында кәсіпкерлер Зілқожа Қожаев, Ербол Үмбеталин, Болатбек Байтурлин, Мұхтар Ермұханов көп балалы аналар Г.Казиеваға, Г.Мұңалбаеваға, В.Динске, Қ.Тоқтабаеваға жеке тұрғын үйлерін жөндеу үшін 300 мың-500 мың теңге аралығында жәрдемақының сертификаттарын тапсырды.
Еңбек ардагері, ауданның сол тұстағы әкімі ретінде бастапқы мешіт құрылысының басы-қасында жүрген Серік Ботағарин тұрғындарды қуанышымен құттықтады. «Илигай» әжелер ансамблі мүшелерінің ұлттық киім киіп, шашу ұсынғаны шараны көркемдей түсті. Еңбек ардагері Кәжіп ­Бижанов бата берді. Мінәжат үйі жанында 13 шырша көшеттері отырғызылды.
Өзге өңірлерден келген қонақтарға баспадан шығарылған «Мерейлі мекен – Мәртөгім» атты түрлі-түсті кітап-альбом ескерткіш ретінде ұсынылды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.